Ағымдағы жылдың 22-ші шілдесінде қазақ кино өнерінің тарихында ойып орын алатын айтулы іс-шараның ашылу салтаныты өтті. Бұл – ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі.
1998 жылы құрылған «Еуразия» кинофестивалі жоғары дәрежелі кинобайқаулардың қатарында кіретін ірі жобалардың бірі болып саналады. 2016-2017 жылдар аралығындағы үздік фильмдерді қалың көрермен қауымға ұсынып отырған Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі «Бес құрлық» балалар фильмдерінің конкурсын жариялап отыр. Фестивальде 296 фильм көрсетіліп, оның 101-і негізгі бағдарламаға енгізілген.
Кинофорумның құрметті қонағы ретінде әлемдік дәрежедегі Николас Кейдж, Эдриен Броуди, Джон Малкович қатарлы актерлер шақырылған. Сонымен қатар, қазақ кино өнеріне үлкен үлес қосқан киногерлер мен актерлер қызыл кілемнің ажарын ашты.
Фестиваль Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзімен бастау алып, концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты. Концерт барысында бойыңды асқақ рухқа толтыратын қазақтың күйлері орындалып, шет елдік қонақтарды біршама ерекше әсерлі көңіл-күйге қалдырғанын жасыра алмаймыз. Сөз кезегі әлемдік деңгейдегі актер Эдриен Броудиге берілген сәтте, қос қолымен домбыраның тартылуын бейнелі түрде көрсетіп: «Еш уақытта да тамыры тереңде жатқан мәдениетіңізден ажырамауыңызды тілеймін. Қазіргі жылдам өзгермелі заманда өмір сүріп жатқандықтан, уақыт өте келе бір-бірімізге ұқсап кететініміз бар. Алайда, сіздерді өзгелерден ерекшелеп тұратын мәдениеттен қол үзіп қалмауларыңызды өтіне сұраймын» дейді, концерттен алған әсерімен бөлісіп. Сонымен қатар, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, «Дарын» сыйлығының иегері, танымал әнші Димаш Құдайберген, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсаходжаева өнер көрсетті.
Қорыта келе, «Астана ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесінің аясында ұйымдастырылып отырған «Еуразия» кинофестивалінің ашылу салтанатына байланысты өткізілген концерттік кеш өте жоғарғы деңгейде жүргізілгенін айта кеткіміз келеді. Концерт соңында қазақ кино өнерінің алтын қорына енген Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмі қазақ тілінде көрсетілді.