Бүгін «Еуразия» кинофестивалінің негізгі конкурсына қатысатын фильмдердің көрсетілімдері басталды. Кинофестивальдің қазылар алқасының құрамына атақты кинематографистер кірді. Негізгі конкурстың қазылар алқасын бұл жылы FIPRESCI Бас хатшысы Клаус Эдер (Германия) басқарады. Фильмдерге баға беретін қазылар алқасының құрамында кинотанушы және мәдениеттанушы Кирилл Разлогов, белгілі режиссер және сценарист Русудан Глурджидзе (Грузия), режиссер Эльчин Мусаоглу (Әзірбайжан), Канн кинофестивалінің лауреаты Малилік Сүлейман Сиссе, отандық режиссер Талғат Теменов және жас кинотанушы Александра Поршнева кірді.
Фестивальдің алғашқы күні негізгі конкурсқа қатысатын 13 фильмнің 3-і киносүйер қауымға ұсынылды. Олар: «Кентавр» (Қырғызстан), «Тыныштық дауысы» (Үндістан) және «Ақымақ құс» (Қытай). Әр көрсетілімнің соңында көрермендер фильм авторларына өз сауалдарын қойып, ойларымен бөлісуге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, бүгіннен бастап қысқаметрлі фильмдер конкурсының көрсетілімі басталды. Конкурсқа қатысатын 30 фильмнің 6-ы отандық туындылар. Атап айтсақ, Дархан Төлегеновтың «Маршрут», Жаннар Шураеваның «Ақырғы теңізге», Айгүл Ақсамбиеваның «Саз–махаббат», Джулия Ғанидың «Көңілдес», Сәбит Әбдидің «Ғайша» және Мейіржан Сандыбайдың «Ит» анимациялық фильмі.
Көрсетілімдер Астана қаласындағы Chaplin Cinemas (Mega Silk Way) кинотеатрында өтіп жатыр.