Жобаның мақсаты – Қазақстанда мұқият сақталып, музей байлығының ажырамас бөлігін айналған, Тәуелсіздікке дейінгі өткен ғасыр кезеңіндегі армян бейнелеу өнері мұрасының бір бөлігін жұршылық назарына ұсыну.
«Менің Армениям» көрмесі армян суретшілерінің классикадан қазіргі заманға дейінгі түрлі тарихи кезеңді көрсететін туындыларының басын біріктірді. Олардың көпшілігі өз елдерінен тыс жерлерде кеңінен танымал.
Өзінің шығармашылығын теңіздегі табиғат апаттарының бүкіл эмоциялық көріністерін бейнелеуге арнаған, шыққан тегі армян, маринист-суретші Иван Айвазовскийдің даңқы әлемдік деңгейге жетті. Вардгес Суреньянц – өз шығармашылығында Батыс Еуропа, орыс және ұлттық көркемсурет мектептерінің дәстүрлерін біріктірген армян кескіндемесіндегі тарихи жанрдың негізін салған суретші. Көп адамдарда Армения туралы ұғым Мартирос Сарьянның туындыларының әсерімен қалыптасты. Ол өзінің кенептерінде бірнеше ондаған жылдарға қағидадай болған елінің танымал бейнесін жасап шығарды. Оның кескіндемесінің сыртқы декоративтілігінің астарында қашан да құбылыстың мәнін немесе адам образын терең түсіну бар. Акоп Акопян, керісінше, өз Отанын табиғатының қатаңдығын білдіретін қатаң графикалық формалардан, ұстамды түстік үйлесімдерден көретін. Бітімі бөлек көрнекті армян суретші әйелдерінің бірі Мариам Асламазян натюрморттарын талғаммен, бейнелі етіп, батыл жағындылармен жазды. Армян өнерінің классигі Александр Бажбеук-Меликянның қызы Лавиния Бажбеук-Меликян армян шаруа әйелдерінің ерекше таза жүректі және мейірімге толы образдарын сомдады.
1970-1980-жылдардағы суретшілер заман мәселелеріне өз көзқарастарын бекітті. Осы кездегі өнер стиль бірлігінің жоқтығымен, сұлулық жайлы ойдың сан алуандығымен, халықтық сана-сезімнің рухани-эстетикалық құндылықтарына тереңінен үңіліуімен, дәстүрлі қол өнерге әуестігімен сипатталады. Сюжеттің әлуметтік шиеленістен кетуі байқалады. Екінші жағынан, әлемдік мәдени мұраны ұғыну процесі жүріп жатады. Өнер философиялық парасатқа ие бола бастайды. Тұжырымдаманың осы саласында Саркис Мурадян, Григор Агасян, Эдмонд Закаряндар қалам тартып, туындыларын жазды.
Шағын болғанымен, жарны мен шығармашылық тұлғалығы жағынан, сюжеттік және колористік шешімі бойынша сан алуан көрме шағын экспозициялық кеңістікте Арменияның көп қырлы бейнесін жасайды, осы елдің табиғатының қайталанбас сұлулығын, армян халқының еңбексүйгіштігі мен рухани қасиетін, армян суретшілерінің халық дәстүрлеріне беріктігі мен бүгінгі күнгі жаңашылдық идеяларға ашықтығын көрсетеді.
Галина Сырлыбаева
көрме жетекшісі