Спектакльдің қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Әлімбек Оразбеков. XXVII маусымын бастайтын Қаллеки театрының өнер сүйер қауымды «АБАЙ» трагедиясымен қарсы алуы дәстүрге айналған. Туындының алғашқы болып сахна шымылдығын түріп, көрерменге жол тартуының ерекшелігі мен себептері де бар. Өнер ошағына есімі берілген Қалибек Қуанышбаев шығармашылығындағы шоқтығы биік рөл дәл осы Абай рөлі еді. Театр сахнасындағы «Абай» трагедиясынан қос Абайдың бейнесін көре аласыздар. Аға Абай бейнесін – Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов сомдаса, жас Абайды – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов ойнайды.
Өткен XXVI маусым жетістіктеріне келетін болсақ, көрермендер назарына жаңа спектакльдердің премьералары ұсынылып, репертуардағы бірнеше қойылымдар театр фестивальдерінде қалың қауым - сарапшылар мен белгілі мамандардың жоғары бағасын алды. Театр ұжымы XXVІ маусым аясында көрермендер назарына ұсынған ПРЕМЬЕРАЛАР:
- «Ер Төстік» \халық ертегісі\ Режиссері: Болат Ұзақов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
- «Әміре» \драма\ Авторы: Р.Отарбаев, Режиссері: Нұрлан Жұманиязов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.
- «Күлшеқыз» \ертегі\ Авторы: Е.Шварц Режиссері: Жұлдызбек Жұманбай.
- «Қорғансыздың күні» \драма\ Авторы: М.Әуезов, Режиссері: Әлімбек Оразбеков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.
- «Қызыл орамалды шынарым» \лирикалық драма\ Авторы: Ш.Айтматов, Режиссері: Талғат Теменов, Қазақстанның Халық артисі.
- «Зере» \драма\ Авторы: Ұ.Есдәулет, Режиссері: Нұрқанат Жақыпбай, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.
Гастрольдік сапар!
2017 жылдың 17-23 сәуір аралығында Атырау қаласында бір апта уақыт гастрольдік сапар барысында қойылымдарды ұсынып, атыраулық көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Театр фестивальдері:
Қазан айында Талдықорған қаласында өткен "Қазақстан - Еуразия жүрегі" атты VI Орта Азия мемлекеттері театрларының Халықаралық фестивалінде театр «ШИЕ» (Авт: А.Чехов, Реж: С.Потапов) комедиясымен қатысып, «ГРАН-ПРИ» жүлдесін ұтып алды;
Желтоқсан айында Ақтау қаласында өткен «Әбіш әлемі» І Республикалық театр Фестиваліне «Сарра» \Авт: Р.Мұқанова, Реж: Г.Мерғалиева\ драмасымен қонақ ретінде қатысты.
Наурыз айында Челябі қаласында (Ресей) CHELoBEK ТЕАТРА» V Халықаралық кіші форм театр фестивалінде «ШИЕ» \Авт: А.Чехов, Реж: С.Потапов\ спектаклін ұсынды.
Маусым айында Татарстан Республикасының Қазан қаласында өткен Түркі халықтарының XIII «НАУРЫЗ» Халықаралық театр фестиваліне А.Чеховтің «ШИЕ» комедиясымен қатысып, театр сарапшыларының жоғарғы бағасын алды.
Маусым айында Ә.Мәмбетовтің 85 жылдық мерейтойына арналған «Сахнадан сәлем» V Халықаралық театр фестиваліне «Қараш-Қараш» \Авт: М.Әуезов, Реж: Ә.Оразбеков\ әлеуметтік драмасымен қатысты.
Маусым айында Астана қаласында өткен А.Әшімовтің 80 жылдығына арналған І Дүниежүзілік «Астана» театр фестиваліне «Қорғансыздың күні» \Авт: М.Әуезов, Реж: Ә.Оразбеков\ драмасымен қатысып, шетелдік мамандардан жинақталған сарапшылар алқасының жоғары бағасын алды.
Шілде айында Қазақстан ұлттық театрларының IV республикалық Фестиваліне шетелден келген келген қонақтар: ағылшын театр режиссері Давид Попава, профессор, филологиялық ғылымдардың докторы, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық комитеттің төрағасы Рахима Абдувалиева мен тәуелсіз сыншы әрі психолог Сара Коплейге арнайы сұраныс бойынша Т.Теменовтің «Аққудың көз жасы» спектаклі ұсынылды. Спектакль Лондон сахнасына шақырту алды.
Қыркүйек айында Астана қаласында ұйымдастырылған Көрнекті сыншы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор – Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХV Республикалық фестиваліне театр «Аққудың көз жасы...» лирикалық драмасымен қатысты.
XXVI маусым театр артистеріміз үшін де марапатқа толы жыл болды.
Әспетова Гүлжаһан Жарылқасынқызы Меркі ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
Сырым Әбдіқадырұлы Қашқабаев Мәдениет және өнер саласындағы жоғарғы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығын иеленді.
Талғат Досымғалиұлы Теменов ТМД елдерінің мәдени ынтымақтастығы Кеңесінің алғыс хатымен марапатталды;
Жанат Аңсабайқызы Чайкина «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің атынан ҚР «Еңбек ардагері» медалімен және арнайы «Құрмет» грамотасымен марапатталды;
Актриса Алтынай Нөгербек А.Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильміндегі Мариям рөлі үшін: Киноматография саласындағы Ұлттық «Тұлпар» сыйлығы – «Үздік әйел бейнесі» номинациясын иеленді; Ялтада өткен «Евразийский мост» кинофестивалінде «Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесіне ие болды;
Айман Аймағамбет, Айнұр Бермұхамбетова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды;
Актер Жасұлан Ерболат «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының иегері атанды;
«Парасат» орденімен Лейло Бекназар-Ханинга марапатталды;
Тәуелсіздің 25 жылдығына орай «Қазақ үні» газеті мен «Қазақ үні» ұлттық порталының «Жыл адамы-2016», «Жыл режиссері» болып Талғат Теменов атанды.
«ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалін Болат Ұзақов, Қ.Қыстықбаев, Т.Теменов, А.Жұмашев, С.Қашқабаев, А.Қойшыбекова иеленді.
Мәскеуде өткен Халықаралық «Останкино» кино және телевидение фестивалінде «Фотограф» атты қысқаметрлі фильмдегі рөлі үшін «Үздік ер адам бейнесі» номинациясында Заңғар Әбенов марапатталды. Режиссері: Ш.Қуанали.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атынан «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін труппа меңгерушісі - Ләззат Омарова және суретші - Берік Бурбаев иеленді.
Актер Мұсаев Жәнібек ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының бұйрығымен Қазақстан Республикасы құқық қорғау әскеріне 25 жыл» төсбелгімен марапатталды.
27-наурыз Халықаралық театр күніне орай Астана қаласы әкімі Ә.Исекешевтің «Алғыс хатымен» артистер Ақмарал Танабаева, Касымова Жанар, Жанат Оспанов марапатталды.
Меценат Бекзат Алтынбеков тағайындаған актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері «Кеңесбай Нұрланов» атындағы қаржылай сыйлық актриса Ақмарал Танабаеваға және актер Әлімов Дастанға бұйырды.
«САХНАГЕР-2017» Тұңғыш ұлттық сыйлығы: «Сахналық ғұмыр» аталымы бойынша – Қазақстанның Халық артистері - Талғат Теменов, Гүлжаһан Әспетова ие болды;
«Үздік дыбыс режиссері» аталымы бойынша – Ләззат Қыстықбаева; «Үміт» аталымы бойынша – Әбілмансұр Серіков марапатталды.
Алтынгүл Серкебаева, Айшолпан Ибраева - «Мәдениет және спортминистрі» Арыстанбек Мұхамедиұлының арнайы дипломымен марапатталды.
Мəдениет жəне өнер саласы қызметкерлері күні мерекесінде Қаллеки театрының артистері - Түймехан Атымтаева, Бақыт Исабекова, Гүлбаршын Қылышбай, Күлия Қожахметова, Зибагүл Карина еліміздің мəдениеті мен өнерінің дамуына қосып келе жатқан орасан зор еңбегі үшін Астана қаласы əкімі Əсет Исекешев атынан алғыс хатпен марапатталды.
Аманжол Молдахмет, Асқат Сұлтан - Мəдениет, мұрағаттар жəне құжаттама басқармасының басшысы Болат Мажағұлов атынан алғыс хатқа ие болды.
Болат Ұзақов ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдық мерейтойына арналған төсбелгі иесі атанды.
Жаңа ХХVIІ театр маусымы да театр репертуарын тың туындылармен толықтырып, қазақ театр өнеріне өз жаңалықтарын әкелуге дайын.
Қараша айында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Жанат Хаджиевке арналған аймақтық фестиваль аясында Жезқазған қаласының көрермендері назарына «Күн сәулесі түспеген» психологиялық драмасын ұсынуды жоспарлап отыр. Театр ұжымы алдағы жаңа маусымда аптаның сейсенбі мен жексенбі күндері аралығында көрермендер назарына күнделікті қойылымдарды ұсынады.