Ермұрат Зейіпханұлы көпшілік қауымға композитор ретінде "Көк тудың желбірегені" әнімен танымал болғанымен, қазақ өнері мен әдебиетіне әнші, актер, ақын ретінде көп еңбек сіңірген талан иесі еді. Өмірден ерте озған дарынды азамат, көзі тірі болса, ердің жасы елуге келер еді.
Елім деп өткен азаматын елі сыйлап, Ермұрат Зейіпханұлының шығармашылығымен көмкерілген концерттік кеш өткізгелі отыр. Кеш 7-желтоқсан, сағат 18:00-де М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді.
Кеште: Еркін Шүкіман, Тілеулес Құрманғали, Талғат Күзембаев, Болат Бөкенов, Дәлел Уәш, Тілеубек Қожан, Сәкен Қалымов, Жеңіс Ысқақов, Ақбота Керімбекова, Гауһар Қаспақова, Нұрлан Албан, Шәба Әденқұлқызы, Ибрагим Ескендір, т.б. дәстүрлі, опера және эстрада әншілері композитордың таңдаулы әндерін орындайды.
Ермұрат Зейіпханұлы – 1966 жылы 30 жетоқсанда ҚХР-дың Іле аймағы Күнес ауданында дүниеге келген. 1985-89 жылдары Іле облыстық көркемөнер колледжінде вокал бойынша бітірген. 1991 жылы қазанда Атамекенге оралып, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында актерлік мамандығында оқиды. Содан кейін Абай атындағы опера және балет театрында, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер ретінде қабылданып, сан түрлі образдарды сомдаған. 2000 жылдан өмірінің соңына дейін ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамбльінде негізгі әнші әрі фольклор бөлімінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. Сонымен қатар, Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының мәдени орталығын басқарды. Алматы қалалақы Қыздар педагогикалық институтында сабақ берді. «Көк тудың желбірегені», «Күнес-ай», «Дүниеғапыл», «Тәңірім-Тәңіртауым», «Сәбилер-ай», «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан», «Кенесары», «Шырын-ай», «Жанар қыз» секілді 70-ке жуық әннің авторы. Оның «Өзіңе арнадыс», «Бұ дүние», «Үшбуырыл» атты жыр жинақтары, «Сыбызғы сарыны» атты прозалық кітабы жарық көрген. 1993 жылы 14 наурыз Алматы қаласында өткен сазгерлер мен әншілердің республикалық «Үкілі үміт» байқауында бас жүлдені, 1994 жылы Алматы қаласында өткен Күләш Байсейітова атындағы 5-республикалық әншілер конкурсының лауреаты, 1999 жылы 13 қарашада Алматыда Әсет Бейсеуов атындағы «Армандастар» атты республикалық байқаудың лауреаты және 1-жүлдесін, 2001 жылы қарашада «Жұлдыз» журналының Артығали Ыбыраев атындағы жыр мүшайрасының арнайы жүлдесін, 2004 жылы республикалық «Еділ-Жайық» атты авторлық кешке қатысып, жоғары алғыс құрметін, 2005 жылы 28 қыркүйекте дүниежүзі қазақтарының 3-құрылтайына арналған халықаралық жыр мүшайрасының жүлдегері қатарлы сыйлықтарды еншілеген. Қорғаныс министрлігі Орталық ансамбльіндегі қажырлы еңбегі үшін майор атағын алған. Қр Мәдениет қайраткері.
2011 жылы маусымда Қытайдың Үрімжі қаласында өмірден озды.