Алматыда Қазақ театр өнеріне арналған кітаптардың тұсаукесері өтеді

27 наурыз күні сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапхананың Нәзира Дәулетова атындағы залында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты біргелікте аталмыш Институт ғалымдарының бүгінгі қазақ театр өнеріне арналған 5 жаңа кітабының тұсаукесері өтеді.
Алматыда Қазақ театр өнеріне арналған кітаптардың тұсаукесері өтеді

27-наурыз Халықаралық
театр күні. Еліміздің 60-тан аса театр ұжымдары арнайы дайындалып, өздерінің
кәсіби мерекесі қарсаңында жыл бойы жасаған жемісті еңбектерімен есеп беріп
жатады. Бұл
Елбасының биылғы Жолдауы мен «Рухани жаңғыру»
бағдарламасындағы белгіленген игі шаруалармен үндесіп, еліміздің рухани-мәдени
тұрғыдан түлеуіне өз септігін тигізетін дәстүрлі іс-шараға айналды.

Мемлекеттік маңызы бар осындай
іс-шараға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдарыны да
айтары бар. Институтымыздың Театр және кино бөлімі осы бағытта іргелі
зерттеулерімен ерекшеленді. Бүгінгі қазақ театры мен оның бағыт-бағдарын,
өзекті мәселелерін 2015-2017 жж. аралығында зерттеп жазған 5 ұжымдық
монографиясы ҚР БҒМ Ғылым комитеті қаржыландыруымен іргелі және қолданбалы  ғылыми-зерттеу жобалары аясында дайындалып
баспадан шықты. Кітап авторлары республикадағы белгілі театр, музыка саласының
зерттеуші мамандар. Бұл кітаптар бүгінгі театртану ғылымына қосылған қажетті
зерттеулер болуымен бірге қазақ театр өнерін зерттейтін мамандарға,
мәдениеттанушыларға, арнайы орта және жоғары өнер оқу орындарының студенттеріне,
театр өнері мен мәдениетінің тарихына қызығушылық танытатын жалпы жұртшылыққа
арналған.

Кітаптар туралы қысқа ақпарат:

1. «Искусство казахов в аспекте общетюркских культурных традиций». Ұжымдық монография. –Алматы: ЖШС «Print Express баспасы және полиграфиясы», 2017. – 418 б. Жауапты редакторы өнертану кандидаты Жұмасейітова Г.Т.

Бұл ұжымдық монографияда қазақтардың бейнелеу, музыка және театр өнерінде көркем бейнелер мен символдардың даралығы мен әмбебаптық дәстүр жалғастығы, көркемөнердегі жалпытүркілік ортақ әлемінің көркем келбеті, бірлігі мен өзіндік ерекшеліктері айқындалды.

2. «Қазақ сахнасының шеберлері: Шығармашылық портреттер». - Алматы: ЖШС «Print Express баспасы және полиграфиясы», 2017. – 324 б. илл. Жауапты редакторы өнертану кандидаты Мұқан А.О.

Бұл кітапта қазақ мәдениетінің маңызды саласы театр және кино өнеріндегі танымал тұлғаларының өнері жан-жақты зерделеніп, олардың отандық мәдениеттегі алатын орны, өзіндік суреткерлік ерекшелігі ашып көрсетіледі. Көрерменнің көңілін жаулаған талантты актерлер мен режиссерлердің шығармашылығын дәріптеп ұрпақ жадында сақтауға ықпал ету бұл кітаптың басты мақсаты.

3. «ХХІ ғасырдағы қазақ театры: дәстр және инновация». Ұжымдық монография. – Алматы; Принт-экспрес. 2017 ж. 340 бет. қосымша, кестелер, илл. Жауапты редакторы өнертану кандидаты Мұқан А.О.

ХХІ ғасырдағы Қазақстан театрларындағы жүзеге асып жатқан инновациялық жобалар, сахна өнерінің бүгінгі келбетін ашатын стилистикалық даму бағыт-бағдары мен ерекшеліктері, жетістіктерін әлемдік өркениетке жанасатын көркемдік келбеті қарастырылады. Тәуелсіз Қазақстанның театр сахналарында соны әлемдік озық тәжірибені енгізген сахналық қойылымдары, көрерменнің көңілінен шыққан драма, қуыршақ, опера және балет өнеріндегі инновациялық ізденістер сарапталады.

4. «Мүмкіндігі шектеулі жандар шығармашылығындағы өнердің ролі мен орны». (Алматы: ЖШС «Print Express баспасы және полиграфиясы»,Ұжымдық моногрфия. – Алматы, 2017. –194 б. Жауапты редакторы өнертану кандидаты Еркебай А.С.

«Мүмкіндігі шектеулі жандар шығармашылығындағы өнердің ролі мен орны» ұжымдық монографиясы Қазақстан өнеріндегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шығармашылығына арналған. Бұл тақырып бұрын мүлдем қарастырылмаған тың зерттеу нысаны ретінде құнды. Мүмкіндігі шектеулі болса да қоғамда тең құқылы әрекет етуге, шығармашылықпен айналысуға толыққанды мүмкіндікке ие жандардың жетістіктері, өзіндік өзекті проблемаларына да назар аудартады.

5. «Қазақстанның заманауи театр үдерісіндегі Фестивалдің халықаралық байланыс ретіндегі рөлі». – Ұжымдық монография. – Алматы, баспасы “Print-Express”, 2017. – 350 б. Жауапты редакторы өнертану кандидаты Еркебай А.С.

«Қазақстанның заманауи театр үдерісіндегі Фестивалдің халықаралық байланыс ретіндегі рөлі» ұжымдық монографиясы қазақ театрын шетелдерге танытатын, сахна өнерінің дамуына ерекше үлес қосатын халықаралық, республикалық деңгейдегі театр фестивальдерінің тарихы мен қалыптасуын, басты тенденциялары мен ізденіс жолдарын, бағыт-бағдары мен театр өнерін дамытуға тигізетін әсерін айқындауға арналған.