Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығының
аясында Маңғыстау облысының әкімдігі, Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма
театрының ұйымдастыруымен «Әбіш әлемі» атты Бірінші республикалық театр
фестивалі өтіп жатыр. Аталмыш фестивальде еліміздің әртүрлі аймағынан келген
театрлар бақ сынауда. Атап айтсақ, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік
академиялық драма театры Уильям
Шекспирдің «Лир патша» (ауд. Әбіш Кекілбаев) трагедиясын, Т.Ахтанов атындағы
Ақтөбе облыстық драма театры Әбіш Кекілбаевтың «Ханша-дария хикаясы» драмасын,
Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры Сартай Жүсіптің «Адам болып өтейін» драмасын,
С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры Әбіш
Кекілбаевтың «Махаббат мұнарасы» дала балладасын, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау
облыстық музыкалық драма театры Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» драмасын көрермен назарына ұсынады.
Фестивальдің арнайы қонақтары Ноғай
мемлекеттік драма театры (Дағыстан республикасы, Ресей) Гарсиа Лорканың «Суьйим эм кыянат» (Дом
Бернарды Альбы) драмасын сахналап
халықтың ыстық ықыласына бөленсе, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік
академиялық қазақ музыкалық драма театры алдағы күндері Роза Мұқанованың
«Сарра» драмасын сахналамақ.
Ал, өнерпаздардың өнерін бағалайтын қазылар алқасы КСРО және Қазақстанның халық
әртісі Асанәлі Әшімов, сондай-ақ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, аталмыш театрдың директоры
Нұрнияз Мұханов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Жазушы» баспасының
директоры Есенғали Раушанов, театртанушы, өнертану кандидаты Бақыт Нұрпейіс
және актер, Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Нұркен Өтеуілов.