«Оралман» фильмі «Ақ Ілбіріс» фестивалінде екі жүлдеге қол жеткізді

«Оралман» көркем фильмі Бішкекте өткен «Ақ Ілбіріс» ұлттық киножүлдесінің екі марапатына қол жеткізді. Фильм «Орталық Азияның үздік фильмі» жүлдесімен, ал картинада басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда «Орталық Азияның үздік актері» жүлдесімен марапатталды.
«Оралман» фильмі «Ақ Ілбіріс» фестивалінде екі жүлдеге қол жеткізді

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген аталмыш фильм туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды. Режиссері – Сәбит Құрманбеков.

Естеріңізге сала кетсек, «Оралман» көркем фильмі Иранның астанасы Тегеранда өткен  35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалі мен XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алған болатын.  Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда қыркүйек айында Татарстанда өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ, картина Италияда өткен ХХ Халықаралық «Religion Today» кинофестивалінде «Үздік фильм» номинациясында жеңіске жетіп, тәуелсіз SIGNIS қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденді. Одан бөлек, Германияда өткен 66-шы Халықаралық Мангейм-Хайдельберг кинофестивалінде «Оралман» фильмі үздік жетістіктері үшін арнайы жүлдемен марапатталды. Ақпан айында аталған кинотуынды Непалда өткен 22-ші халықаралық кинофестивальде «Шетелдің үздік фильмі» жүлдесін иемденген болатын.

Мамыр айының соңында «Оралман» фильмі Австрияда өтетін халықаралық кинофестивальде көрсетілетін болады.

Сонымен қатар «Ақ Ілбіріс» киножүлдесінің «Әлемдік кинематографқа сіңірген еңбегі үшін» мәртебелі жүлдесі Қазақстанның халық артисі, танымал актер Нұржұман Ықтымбаевқа табысталды.

2012 жылы Қырғызстанның танымал кинематографистері ұйымдастырған «Ақ Ілбіріс» атты тұңғыш ұлттық киножүлдесі  өткен жылдың үздік фильмдерін анықтайтын елеулі іс-шара. Киножүлде Қырғызстанның кинематографистер одағы, «Айтыш» қоғамдық ұйымы және Қырғызстан Республикасының кино дамыту қоры қолдауымен өтеді. «Орталық Азияның үздік фильмі»  номинациясы 2010 жылы алғаш табысталған болатын.

Былтыр ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Новый мир» ЖШС-нің қатысуымен түсірілген «Анаға апарар жол» фильмі де «Орталық Азияның үздік фильмі» киножүлдесімен марапатталған еді.

Айта кетсек, қырғыздың режиссері Ақтан Арыс Құбат түсірген «Кентавр» фильмі «Ақ Ілбіріс -2018»  ұлттың жүлдесінің бас жүлдесін жеңіп алды.

Фильм жайлы: Фильм ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қызыл әскердің жендеттерінен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған  қазақ отбасы туралы. Бас кейіпкер Базарбай қарттың бір қызы мен ұлы сол жақта дүниеге келеді. Балалары есейіп, отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл жергілікті пуштун ұлтынан келіншек алады. Ал қызы ауған жігітіне тұрмысқа шығады.  Сапарқұл соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Жылдар өтеді. Базарбайдың отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квота алады. Барлығы жолға жиналады. Таулы қышлақтан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді.

Өндіруші: Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ,  «Қадам» ЖШС (кинокомпания) қатысуымен
Жанры: әлеуметтік драма
Режиссері: Сәбит Құрманбеков
Сценарий авторы: Нұрлан Санжар, Сәбит Құрманбековтің қатысуымен
Қоюшы операторы: Марс Умаров
Қоюшы суретшісі: Рустам Одинаев
Композиторы: Айдос Сағат