Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚР Мәдениет және Спорт Министрлігі отандық көркемсурет майталмандарымен қоса, әлем елдерінен 20 суретшінің қатысуымен «Нұр келбетті Астана» атты Халықаралық көркемсурет көрмесін ұйымдастырмақ. Іс-шараға Түркия, Жапония, Франция, Бразилия, Үндістан, Ұлыбритания, Италия, АҚШ сынды шет елдерден үздік суретшілер арнайы шақырылады.
Аталмыш көрме аясында шет елдерден келген атақты суретшілермен қоса отандық қылқалам шеберлеріне көктем мен жаз мезгілдерінің жаймашуақ күндерінде, жеке қалаулары бойынша Астана қаласының көрікті жерлерін, үйлесім тапқан архитектуралық ансамбльдерін, өнер, білім және мәдениет ошақтарын, елорда тұрғындарының отбасылық демалыс орындарын, қалалық саябақ, гүлзар, субұрқақтарын немесе өзге де көрінісі ғажап табиғат аясын бейнелеуге мүмкіндік беріледі. Халықаралық деңгейде өткізілгелі отырған көрмеге Отандық қылқалам шеберлерімен қатар көркемсурет өнеріне жақын оқу орындарының тәлімгерлері де ат салысып, іс-шараның ұйымдастырылуына өз үлестерін қоспақ.
Көркемсурет көрмесі – мәдени шара, ол шетелдік, ұлттық бейнелеу өнерінің туындыларын көпшілік назарына ұсынып, өнер саласының даму деңгейі, бағыт-бағдары жайлы мамандардың, өнертанушылар мен шеберлердің пікірлесуіне мүмкіндік береді.
Көрме мақсаты – елорда қонақтарын оның 20 жылдық тариxымен, тариxи-мәдени кереметтерімен, қонақжай xалқымен таныстыру. Көрме Астана қаласы, ҚР Ұлттық музейінде ұйымдастырылады және көркемсурет туындылары іс-шара соңында Ұлттық музей қорына табысталады. Ендеше, елорда тұрғындары мен қонақтарын, көркемсурет шеберлігін ерекше бағалайтын өнерсүйер қауымды бас қаланың ғажап бейнелерін тамашалауға шақырамыз!