Мақала
«Сырымды» сомдаған сұңғыла актер
Қалдырмай ескерусіз бір ісін де, Талантты бағалаңдар тірісінде! Кейде біз ондайлардың жасы түгіл, Келеміз қадірлемей ірісін де!
Бөлім: Театр
Датасы: 18.08.2018
Авторы: Самал Әбуов
Мақала
«Сырымды» сомдаған сұңғыла актер
Қалдырмай ескерусіз бір ісін де, Талантты бағалаңдар тірісінде! Кейде біз ондайлардың жасы түгіл, Келеміз қадірлемей ірісін де!
Бөлім: Театр
Датасы: 18.08.2018
Авторы: Самал Әбуов
«Сырымды»  сомдаған сұңғыла актер

1995 жыл. Орал қаласындағы Некрасов көшесі 30/1-дегі студенттік жатақхана. Өмірдің ең керемет, ең шуақты сәті. Жан-жақтан домбырамен аспандатып шырқаған ән, әуендер келеді құлаққа. Арасында дәлізде театр әртістерімен кездесіп амандасып қалсақ, соның өзін мәртебе көретінбіз. Бірде ұзын бойлы, қайратты, жауырынды, тіп-тік, қара шаштары шалқасынан қайырылған, қолында домбырасы бар қапсағай денелі ағамыз жоғары қабаттан түсіп келеді екен. Әдеттегідей «Ассалаумағалейкум!» деп амандастым. Менен «қайда оқисың?» деп сұрады. Мен театр мамандығында білім алып жүргенімді айттым. Ағамыз: – Менің бөлмеме барайық, біздің ізбасарымыз екенсің сен тыңда, мен саған керемет ән шырқап берейін, – деді. Тап-тұйнақтай етіп жиналған шағын бөлме, төрде суретін қойып қойған, көзім әуенді күйтабаққа түсті. Граммофон күйтабағы қалай шыққанын бәрін айтып, домбырасын қолына алып, шертіп-шертіп жіберді де, табиғи дауысымен жырына басты. Міне, театр тарланы Темірболат Бисенұлы Есенғалиев ағамызбен таныстығым осылай басталды.

Т. Есенғалиев

Арада біраз жылдар өтті. Ағамызды көрмегелі көп болды. Жақында ұялы телефон арқылы хабарластым. Елді сағынған ағамыз, сұрақтарын жаудырып жатыр. Кәсіби маман, театр ақсақалымен әңгіме барысында:

– Аға, өнерге қалай келдіңіз? – деп бастадым.

Жетпісті алқымдап қалған Темірболат ағамыз әңгімені әріден өрбітті:

– Мен 1950 жылы 15 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы, Ленин атындағы колхозда, қазіргі Қайыңды ауылында дүниеге келдім. Ауылда өзі әнші, күйші Жақсығали деген ағамыз болды, сол кісіден домбыра тартуды, ән айтуды үйрендім. Мектептегі мәдени шаралардан қалмайтынмын, үнемі концерттерде ән айтамын. Ол кезде ауылға театрлар гастрольдік сапармен жиі келетін. Міне, сол кезден бастап, менің актерлік өнерге деген қызығушылығым арта түсті. Мектеп бітірісімен 1968 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде Халық театрының режиссері бөлімінде оқып, 1971 жылы бітіріп шықтым. Содан елге келіп Қазталов аудандық халықтық театрында режиссер болып жұмыс жасадым. Жергілікті өнерсүйер қауымға Ғ. Мүсірепов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясын қойдым. Дегенмен әр адамның арманы тез орындалмайды, бірте-бірте орындалады ғой. Мен үлкен қалада оқуды мақсат еттім. 1972 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының актерлық бөліміне оқуға тапсырдым. Оқуға талантты режиссер, профессор Асқар Тоқпанов, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкеева, сынның хас шебері Әшірбек Сығай, профессор Рабиға Қаныбаева қабылдады.

Шығармашылық емтиханның бәрінен де сүрінбей өтіп, КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Х. Бөкеева шеберханасынан білім алып, 1976 жылы бітіріп шықтым. Алғашқы еңбек жолымды жолдамамен Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрынан бастадым. Ең алғаш А. Балақаевтың «Аңыратпашы анаңды» спектаклінде Піруә рөлінде ойнадым. Қоюшы режиссері – Мұхтар Қамбаров. Содан бері үлкенді-кішілі алпысқа жуық образдарды сомдадым. Атап айтар болсам, Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» – Қодар, Ғ. Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты» (тарихи драма) – Ақан, С. Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» драмасында – Шоқан, М. Әуезов «Еңлiк-Кебек» – Кебек, Ғ. Мүсірепов «Қыз Жібек» – Бекежан, Ж. Шанин «Арқалық батыр» тарихи драмасында – Арқалық батыр, т.б. көптеген рөлдерді сомдадым. Байқап отырсаң, көбіне басты рөлдерді сомдау маған жүктелді. Мен жалпы Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры, Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай музыкалық драма театры, Түркістан қаласының сазды-драма театры, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрларында жұмыс жасадым.

– Орал театрына қалай келдіңіз, аға?

– Орал театрына қалай келгенімді айта кетейін. Бір күні 1993 жылы талантты режиссер Жамбылбек Есенбеков звондады: «Ай, Темірболат қайдасың? Біз сенің туған өлкеңнен театр ашайын деп жатырмыз, еліңде Сырымның рөлін ойнауға кел» деп шақырды. Бұл мен үшін күтпеген ұсыныс, үлкен қуанышты хабар болды. Біраз ойланып қалдым. Өйткені Ж. Шанин театры – менің төл театрым. Өмірім, өнерім бар қызығым осында өтті. Қазақ халқында «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деген сөз бар, мен баруға бел буып, билет алып, қолыма домбырамды алып пойызға отырдым. Қыркүйек айында Орал қаласындағы темір жол бекетінен құшағын айқара ашып, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амантай Сұлтанғалиев, құрақ ұшып қуанып Жамбылбек Есенбеков қарсылап алып жатаханаға орналастырды. Бұл жерде айта кететіні мені шақыртуға ұсыныс білдірген профессор Х. Бөкеева апамыздың төл шәкірті, тума талант, марқұм Тельман Имашев екен. Біз үш ай дайындалдық. Театрдың тұсаукесер қойылымы 1993 жылы 16 желтоқсанда М. Әуезовтың «Қарагөз» (реж. Ж.Есенбеков) трагедиясымен ашылды. Тұсаукесерге білікті режиссер Райымбек Сейітметов пен қарымды қаламгер Баққожа Мұқай келді. Сонда Райымбектің айтатыны, «шашасына шаң жұқпас дүлділім-ай, ән айтқанда жүректі елжіреттің-ау… Келер деп қуанышпен демеу қылам, Бір сенің тілегіңде зар еңіреймін. Қаракөз қалды-ау кейін, О, шіркін, уайым жеймін!» деп шырқағаныңда көзімізге жас үйірдің деп арқамнан қағып қойып еді, жарықтық! Екі жылдан соң Ж. Шанин театры Арқалық батыр қойылымымен Алматыға баруына байланысты, режиссер Әскер Құлданов қоймастан қайта шақырды. Орал облысының әкімі беріп тұрған үйді тастап кете бардым. Арман алысқа жетелейді демекші, менің арманым Махамбет образын сомдау еді. Өйткені Махамбет өлеңдерін, жырларын жастайымнан жаттап өстім. БҚО театры екінші рет мені тағы шақырды. Ол 2003 жылы Орал қаласында М. Өтемісұлының 200 жылдығына орай ЮНЕСКО көлемінде өткізілген театр фестивалі өтетін болып, И. Ғайыптың «Махамбет» трагедиялық спектаклінде Исатай – Еділ Рамазанов, мен Махамбеттің образын сомдадым, бірінші орын жүлдені иелендік.

Менің үлкен арманым сол кезде орындалды. Қайта барып Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында біраз жыл еңбек етіп, 2013 жылы зейнеткерлік жасқа шықтым. Жеңгең кітапханашы Гүлсара Байғабылова еңбек демалысында. Замзәгүл, Ақмарал атты екі қызымызбен, Жанарыс деген ұлым және Айнұр деген келінім бар. Алты немере, екі шөбере тәрбиелеп отырмыз, – деп сөзін аяқтады, театр тарланы Темірболат Бисенұлы Есенғалиев ағамыз.

Эх, өмір-ай, театр өмірі бәрі-бәрі менің көз алдымда ғой. …Тұлға! …Бірақ ешқандай атағы жоқ, алуға да құштар да емес. Бұйырып жатса берілер. «Ең бастысы – отбасымыз, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын», – дейді ағамыз. Өмірін өнерге арнаған нағыз талант иелері атақсыз қалуы мен үшін жұмбақ… Темірболат ағамыздың ұстазы Хадиша Бөкеева апамыздың сүйіп оқитын өлеңі:

Қалдырмай ескерусіз бір ісін де,

Талантты бағалаңдар тірісінде!

Кейде біз ондайлардың жасы түгіл,

Келеміз қадірлемей ірісін де! – деп келетін өлеңі осындайда ойға оралады.