Трагедияда көтерілетін әйел тағдыры, махаббат тауқыметі, соның салдарынан туған кек мәселесі – қай қоғамның болмасын ішкі дертіндей. Өз отбасына сатқындық жасаған Ясондай адамға, ер-азаматқа сену мүмкін бе. Әлде селт еткен сезімі үшін өз туғанына опасыздық көрсеткен Медеяның жантүршігерлік іс-әрекетінен безінген Ясонның осалдығы – жаңа жерде (Коринф патшалығы), «таза беттен» жаңаша өмір жолын бастауға деген соңғы талпынысы ма... Осылайша, мифтің ішкі астары, күрделі оқиғаны жеткізудегі екі деңгейлігі режиссерлерге әрқилы ой айтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сондықтан әр суреткер өз оқиғасын көріп, бірі Медеяны құптаса, бірі Ясонды қолдап жатады.
Дәл үстіміздегі жылы Медея туралы аңыз бойынша қойылған төрт спектакльдің куәсі болдық. Үшеуі драмалық, ал біреуі қуыршақтармен сахналанған әр елдің спектакльдері болғанымен де барлығының айтар ойы ортақ. Делірек айтсақ, бүгінгі қоғамдағы әйел мәселесі, қоршаған ортаның адам тағдырына деген үстірт пікірі жайында. Соңғы жылдары нәзік жандылар арасында жиі болып жатқан «баласын құрбандыққа шалу» мәселесіне режиссерлер «Медея» аңызы арқылы бұқараның көңілін аудартқысы келгендей.
Жуықта Алматы мемлекеттік қуыршақ театры көпшілік назарына Айдын Салбанның режиссерлігімен қойылған «Медеяны» ұсынды. Еліміздің жас буын режиссерлері қатарында ізденістерімен көзге түсіп жүрген А.Салбанның қолтаңбасы толықтай қалыптасып үлгермегенімен, ерекше театрлық метафораларға құштарлығы, айрықша формаға талпынысы байқалып жүр. «Медея» трагедиясына да режиссер тың шешімдерімен келген. Спектакльде ол «театрдағы театр», «қатыгездік театры», «саундрама», «ирониялық шеттеу» («отстранение»), т.б. режиссерлік тәсілдерін тиімді тоқайластырған. Трагедияның ішкі мазмұнын ашуға бағытталған сыртқы форманың ұтымды табылғаны режиссер шешеімдерінің ретімен оқылып жатқанымен байланыстыруға болады.
Спектакль экспозициясы трагедияның негізгі тақырыбы отбасылық өмір жайында екенінен хабар береді. «Сендерге әрдайым орын бар, ақ отау төріне қоныңдар» – деп келетін қалың бұқараға кеңінен танымал әннің әуенімен бір-бірімен сүйісіп табысқан, кейбірі мәжбүрлікпен жұптасқан жандардың басқосуы көрсетіледі. Бұл жас жұбайлардың арасында әлі де қоғамымызда ашық айтыла бермейтін біржақты махаббат өкілдері де бар. Режиссер отбасылық қатынасты екі басына неке жүзігі байланған жіптерді (леска) қолдану арқылы жеткізеді. Бейвербалды тәсілде ойналған экспозиция сәл созылыңқырап кеткені болмаса, негізгі оқиғаның мәнін ашуға арналған. Ары қарай режиссер А.Салбан спектакльдегі «ойын ережесін» қызықты ете түседі. Қойылымның нарративтік негізін өзгерту мақсатында «театрдағы театр» тәсілін қолданады. Яғни, сахнада Олимп құдайлары Зевс, Гера, Аид, Афродита, Эррида, т.б. арасындағы қарым-қатынасы, тіршілігі суреттеледі. Бұл көріністе ежелгі грек мифтерінде көп айтылатын Құдайлардың шат-шадыманға толы салтанатты өмірі ғана емес, өзара кикілжіңге толы ымырасыздығы да жеткізіледі. Ақыры, сөз таластырудан жалыққан олар спектакль ойнауды жөн санады. «Адамның тағдыры Құдайлардың қолында» деген ежелгі гректердің сенімдерінен бастау алған спектакльдің сыртқы формасы пьесаның мазмұнына кереғар емес. «Ирониялық шеттеу» әдісі арқылы режиссер спектакль идеясын гректердің дүниетанымының аясында шешкенімен сахнадағы ойыннан бүгінгі күннің кейіпкерлерін көреміз. Пьесаның құлаш-құлаш мәтінін тыңдап, қабылдау қазіргі көрерменге сынақ іспетті. Сол себепті де режиссер пьесаны қысқартып, оны іс-қимылмен көмкерудің жолы ретінде Құдайлар өмірін бейвербалды әркетпен толықтырған.
Ал, жалпы спектакль пьесаның негізгі желісіне сүйеніп, Медеяның әйелдік қалпын, ой-тебіреністерін жеткізуге арналады. Медея роліндегі актриса А.Байырбекова өз кейіпкерінің басына түскен трагедияны бояуын қалыңдатып, психологиялық тереңдікпен жеткізеді. Қуыршақ жүргізудің де қыр-сырын еркін меңгергені әбден байқалып тұр. Медеяның буырқанған махаббат сезіміне толы толғанысы салқынқанды Ясонның (актер Р.Абу) жүрегіне әсер берме алмады. Актер Р.Абу орындауындағы Ясон бейнесі аса ұстамды. Актер кейіпкерін қасаң, сараң ойын өрнегімен кескіндеген.
Оқиғаның әлеуметтік астары сюжетке әркез араласып отыратын «халық үнімен» ашыла түседі. Антика театрындағы грек хорын еске салатын «халық өкілдері» Медеяның «намысын жанып», қауесет жеткізіп, «түймедейді түйедей етіп» көрінуіне ат салысады. Әлеуметтік желілердің қызметін, қоғамдық ой тудырудың тетіктерін астарлап жеткізген бұл көріністердің де айтар ойы салмақты.
Оқиғаның шарықтау шегінде орын алатын кек сахнасын режиссер «қатыгездік театр» тәсілімен шешеді. Креонт патша мен оның сүйікті қызы ажал құшты, бұл көріністі А.Салбан қуыршақтарды сындыру, қирату арқылы жеткізіп, жарқын театрлық тілде (натуралды емес) жүзеге асырылған шешім көрерменнің эмоциясына емес, санасына әсер бергені анық.
Спектакльдің семантикалық жүйесінде сахна ортасында орын тепкен ванна – отбасылық өмірдің белгісі, су тіршілік көзі, от – Медея мен Ясон арасындағы ымырасыз келіссөздің белгісі, ал оқиға финалына қарай ваннадан Аид (жер астындағы өлі жандарының патшасы) алып шығатын қос қарбыз – махаббат жемісі, яғни сәби-перзент екенін жеткізетін айшықты белгілер. Олардың бәрі өз кезегінде көрерменді философиялық топшылауларға жетелеп отырды. Оқиға финалында Медеяның өз балаларын өлтіруге итермелеген Аидтің (актер Ш.Құлназаров) қарбызды қысым көрсету арқылы жарғызуы – режиссердің жантүршігерлік қылмысты Медея мәжбүрліктен жасаған деген ойға жетелейді. Ал спектакльдің соңғы нүктесінде Аидтің өз бауырларына жарылған қарбызды жегізуі – ойыннан от шыққанын жеткізді.
Спектакльде кеткен кем-кетік, әттеген-айларда жоқ емес. Темпо-ритмнің баяулығы, қуыршақтарды жүргізу тәсілдеріндегі кемшіліктер, актерлердің сахнада тіршілік ету жолдарының (актерлік стилистикасының) әр түрлі болуы уақыт өте орнына келетіні сөзсіз. Ең бастысы, спектакльдің өзгелерге ұқсамайтын сахналық кескіні бар, идеясы да бұрынғы сүрлеулерді қайталамайды.
Осылайша, көнеден тамыр тартқан аңыз оқиғасы бүгінгілік астарға ие болып, өзіндік жаңа шешімдерімен жұртшылыққа жол тартты. Қойылымның өз көрермені, жанкүйерлері болары сөзсіз.