Мақала / #студентСөзі
Жас талант – Шехназа Қызыханова
Жастар театры – бұл қазақ театр өнерін заман талабына сай әрқилы етіп өңдеп, театр сүйер қауымға сапалы туындыларын ұсынып келе жатқан жас театр
Бөлім: Театр
Датасы: 16.02.2019
Авторы: Рухия Baqytbek
Мақала
Жас талант – Шехназа Қызыханова
Жастар театры – бұл қазақ театр өнерін заман талабына сай әрқилы етіп өңдеп, театр сүйер қауымға сапалы туындыларын ұсынып келе жатқан жас театр
Бөлім: Театр
Датасы: 16.02.2019
Авторы: Рухия Baqytbek
Жас талант – Шехназа Қызыханова

11 жыл аралығында қаншама жетістіктерге жеткен (Қазақстанның халық артісі Р.Сейтметовтың 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVI Республикалық фестивалінде «Жібек» қойылымымен Гран-при иеленеді. «Асауға тұсау» комедиясы үшін театрдың көркемдік жетекшісі, әрі бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай «Үздік режиссер» атағын алған болатын) театрдың актерлері талантты жастардан құралған. Сол дарынды жастар арасында өзінің ерекше пластикасымен, актерлік шеберлігімен, еңбекқорлығы, рөлге деген жоғары ізденімпаздығымен танылып келе жатқан жас талант – Шехназа Қызыханова.

Ол 1994 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ата-анасы әлі оқуын бітірмеген студенттер болғандықтан, нағашы атасының қолында өсіп, қазақы тәрбие алады. Отбасының тұңғыш ерке қызы болған Шехназа Қызыханова балалық шағы Қызылорда мен Алматы қалаларына кезек қатынаумен ерекше есінде қалғанын айтады. Туған жері әсем қала Алматы болғанымен, өзін Қызылорданың қызымын деп санайтын ол орта мектептің 9 шы сыныбын бітіргеннен кейін, арман қуып Алматыға келеді. Бала кезінен өнер жолына аңсары ауған жас түлек Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер колледжіне емтихан тапсырып, бірден оқуға қабылданады.

Кезінде өнер жолынанда болсын деп сол жылдардағы әйгілі «Азия дауысы» жобасының қатысушысы, өзбекстандық әнші Шехназа Шедумердің есімін өз немересіне қойған атасы мамандық таңдау кезінде өнер жолын құп көрмейді. Анасы да қыз баласы үшін ауыр мамандық екенін, ол салада жол көрсетер адам жоқ, ең дұрысы дәрігер мамандығын таңдауын талап етеді. Алайда театр артисі болсам деген бала арманы оған отбасын көндіріп, жақындарының ақ батасымен өнер атты үлкен мұхитқа сүңгуіне себепші болады.

2012 жылы Жастар театры Алматыға гастрольдік сапармен барғанда, театрдың ірге тасын қалаған алтын құрам артистері ішінде: Дәурен Сергазин, Әділ Ахметов, Айнур Рахипова сынды танымал театр және кино артистерінің өнерлеріне іштей ғашық болып, олардың сахнадағы ойындарына пародия жасап театрға деген қызығушылығы күннен күнге арта береді.

Колледж деканы Гүлдана Сапарғалиева бастаған Есім Жүкенұлы, Гульвира Саймасаева, Гүлбану Байзакова, белгілі режиссер Гульнар Аманжанова сынды педагогтардан тәлім алып, академияға келген соң Нұрқанат аға бастаған мықты ұстаздардың шеберлік сабақтарын алып, өз-өзін сахнаға бейімдейді. Колледж бітіргеннен кейін жас мамандардың әрқайсысы өз армандарымен жан-жаққа кетпек болады, бірі Москва, бірі шетел деп жүргенде Шехназа Қызыханова Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсуді, басқа емес тек қана Нұрқанат Жақыпбай шеберханасында дәріс алуды қатты армандайды. Алайда, сол уақыттарда драма театр артистері мамандығының 2 курс оқитын студенттері бар бұл кісінің тағы бір жүктеме алуы мүмкін емес жағдай еді.

2015 жылы Өнер академиясы ректорының бұйрығымен жаңа мамандық ашылып, жетекші ретінде Нұрғанат Жақыпбайды тағайындайды. Осылайша профессор, театр режиссері Нұрқанат Жақыпбай екі курсты қатар алып жүріп, өзі негізін қалаған Жастар театрына талантты өнерпаздарды жинай бастайды. Шехназа, 3-ші курсқа өтіп, «Жастар театрында жұмыс жасай аламын ба?» деген оймен жүрген кезінде ұстаздары Татарстанда өтетін фестивальге қатысатын Жастар театрымен бірге бір сахнада өнер көрсететіндерін айтады. Оқуларын бітірмеген студенттер үшін үлкен сахнада кезінде өздері армандаған кәсіби өнер адамдарымен бір қойылымда ойнау үлкен жетістік еді. Шехназа Қызыханованың Жастар театрына жұмысқа келуіне де осы жағдай себепкер болып, бір топтағы 15 студент бірден жұмысқа қабылданады.

Осылайша Республикалық деңгейдегі үлкен театр ұжымына қосылған Шехназа Қызыханова өз арманына қол жеткізеді. Театр репертуарындағы көптеген спектакльдерде көпшілік сахнада ойнай жүріп, өзінің ерекше пластикасы, әуезді үнімен көрермендерді баурап алды. Өнер жолындағы ауыз толтырып айтарлықтай үлкен рөлі «Рухани жаңғыру» аясында Астананың 20 жылдығына орай ағымдағы жылдың сәуір айында жаңаша бағытта ұсынылған Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» мюзикліндегі Дүрия рөлі. Бұл шығарманы режиссер осыдан бірнеше жыл бұрын Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер ака­­демиясындағы өзінің шебер­ханасындағы студенттерге дип­ломдық жұмыс ретінде берген. Кейіннен мюзиклді жетілдіреді, алайда премьерасы белгілі себептермен шегеріліп келген болатын. Мюзиклде Төлегеннің әкесі Базарбай мен анасы Қамқа, жыр­дағы өзге де бірқатар үйреншікті кейіпкерлер жоқ. Оқиға нақты Мейірғат Амангелдин мен Назерке Серікболова сомдаған Төлеген және Жібектің айналасында өрбиді. Бас кейіпкерлермен қатар Бекежан мен Шеге және Жібектің құрбысы Дүрия сияқты жастарды ғана қатыстырады. Бас-аяғы осы 4-5 кейіпкер шығарманың жүгін көтерді.

Жалпы «Қыз Жібек» спектакльінің басқа театр қойылымдарынан ерекшелігі туралы айтар болсақ, табиғатынан ізденімпаз режиссер бұл қойылымына да сұлулық пен тазалықты негізгі тірек еткен. Ғасырды ғасырға жалғаған жауһар жырдың Жастар театры сахнасында жандану мен тіл қату әдісі де, «сөйлеу» қалыбы да өзгеше. Евгений Брусиловскийдің заманауи үнде жаңаша өңделген классикалық музыкасы көрерменін формалық, идеялық һәм көркемдік ерекшелігімен баурайды. Қазақтың байырғы салты – бастаңғы стилінде өрбитін мюзиклде негізінен жастардың сыры мен мұңы, арманы мен мұраты, ең бастысы, кіршіксіз махаббаты алға шығады. Ғажайып музыка тілі арқылы сезім күйін шертер қойылым көрерменін бей-жай қалдырмайды. Жібек рөліндегі – Назерке Серікболова, Төлеген – Мейірғат Амангелдин, Дүрия – Шехназа Қызыханова, Бекежан – Бекжан Керімбаев, Шеге – Нұрлыбек Төлегеннің вокалдық мүмкіндігі театр сүйер қауымға естен кетпес әсер сыйлады.

Актриса осы спектакльде басқа емес, дәл осы Дүрия рөліне бекітілетінін іштей сезген екен. Себебі, университет қабырғасына жүргенде ұстазы Н.Жақыпбай «Сен Дүрия боласың!», - деп кесіп айтқан екен. Әлбетте, әрбір өнер адамының қалайтыны басты рөл ғой, бірақ Жастар театрының сахналауындағы «Қыз Жібек» жоғарыда айтып кеткеніміздей мүлдем басқаша форматта. Спектакльдегі негізгі кейіпкер етіп Шехназа Қызыханованың кейіпкері – Дүрия етіп алынған. Шымылдық ашылғаннан финалға дейін оқиғаның өрбуіне ат салысып, әр мизансценаның басы-қасында болады. Актриса үшін бұл рөлді кескіндеу оңайға соқпайды. Біріншіден, жоғары деңгейдегі вокалдық дайындық. Екіншіден, пластика, Үшіншіден, шынайы ойын мен артистің ішкі органикасы сияқты бір қатар ауыр дайындық кезеңдерінен өтіп, жанашыр құрбы әрі қызуқанды Дүрия рөлін жақсы бейнелеп шығады.

Ағымдағы жылдың тамыз айында Мәдениет журналына шыққан театр сыншысы Нартай Ескендировтың зерттеу-мақаласында Шехназа туралы: «Қойылымда Қыз Жібектен бұрын Дүрияның – Шехназа Қызыханованың бейнесі бірінші орынға шығып кеткен. Актриса әр мизансценамен нақты жұмыс жасағанымен қатар, сөздері анық әрі қойылым барысында кейіпкерінің өсу эволюциясы айқын көрінеді. Ол жастар ойынын әзіл-қалжыңымен қыздырып, көңілдерін көтереді. Дүрия Бекежанның дауылпазын әзіл ойыны арқылы алдап, өзіне алып алатын мизансценалары арқылы Бекежанның аңғал екенін байқатады. Дүрия спектакльдің басынан аяғына дейін Жібектің жан дүниесін жақсы түсінгендіктен оған жаны ашиды. Ол нағыз достың қандай болуы керек екенін көрсеткен. Өскелең ұрпаққа: «Жан достар қандай болуы керек?» деген сұрағына жауап алады. Оның актерлік ойыны көркем тұрғыда жан-жақты ашылған әрі қимыл-қозғалысы ширақ. Ш.Қызыханова болашағынан үлкен үміт күттіретін дарынды актриса» деп баға берген болатын.

Шехназа Қызыханова үшін кішкентай рөл деген жоқ. Берілген рөлді барынша іздену – оның артистік өнерінің ерекшелігі дер болсақ, көпшілік сахнадағы шағын рөлдерінен сәтті бейне жасаудағы шеберлігі – оның өзге өнер иелерінен артықшылығы. Кейбір актрисалар мән бере бермейтін сахналық, көзге көріне бермейтін штрихтерді тауып алып, өз кейіпкерлеріне үйлесімді пайдалану осы шығармашылық адамының бойынан табылып жатады. Театр репертуарында ол ойнаған басты рөлдер аз дегенмен, ауқымды сахна реквизиттерімен, қазақы колоритке бай костюмдерімен ерекше атмосфера туғызатын «Нартәуекел» қаһармандық драмасындағы Топыштың жас кезін суреттейтін рөлде ойнауы режиссер тарапынан жас актрисаға арналған басты рөлдердің алдағы уақытта көп болатынын білдірсе керек. Себебі, осы «Нартәуекел» драмасындағы өнер көрсететін Топыштың (Айнур Рахипова) жас кезін кескіндеуі жас актриса үшін үлкен жетістік.

Театр саласында әзірге өз биігінде бағаланып келе жатқан жас актрисаның өнері тек сахнамен шектелмейді. Шетелдік кинолар мен машақаты мол мультфильмдерді қазақ тілінде сөйлетуде Шехназа Қызыханованың атқарып жүрген еңбегі зор. Кейіпкерімен бірге күліп, бірге жылап жүріп дауысын сан түрлі өзгертіп жұмыс жасайтын дубляж атты мехнаты мол саланың мамандарының бірі болып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды.

Шехназа Қызыханова әйгілі «Disney», «Marvel»киностудиялары түсірген бір қатар туындылар қазақ тіліне аударылғанда басты рөлдегі кейіпкерлерге өз дауысын берген. Біріне кастинг арқылы өтсе, енді бірде дубляж режиссерлері өздері шақырған. Бәрімізге танымал «Дисней» студиясы түсірген «Күлшеқыз» ертегісі – оның дубляж саласында жасаған алғашқы қадамы. Мередит Квиллді қазақша сөйлету арқылы «Галактика сақшылары 2» туындысында еңбек етті. Тимур Бекмамбетовтың «Время первых»/«Алғашқылар дәуірі» фильмі мен 2016 жылы фильм прокатқа шыққан «Моана» мультфильмінде де табысты жұмыс жасайды.

Қанша жанына жақыны, жанды өнер «театр» дегенмен де, актерді қалың көрерменге таныстырушы да, тарихқа мәңгілік қалдырушы – таспа өнері. Шехназа Қызыханованың кино әлеміне әлі жолы түспеді, себеп – режиссерлер тарапынан лайықты рөлге ұсыныстың жоғында. Актрисаның армандайтын рөлдері – әйгілі қазақ қыздары Мәншүк пен Әлияның бейнелерін кескіндеу.

Артистің шығармашылық келбеті оның басты не қосалқы рөлді бейнелеуімен немесе олардың санымен бағаланбайды. Керісінше сол рөлдердің кесектігімен дараланбақ. Қилы жолы көп комедия және драма жанрына атын қалдыру кез келген сахна адамының маңдайына жазылмаған бақыт іспеттес. Қазақ театрының дамуына үлес қосқан талантты актрисаларымызға Рымкеш Омарханова, Гүлнар Жақыпова, Гүлжан Әспетова сынды суреткерлер қатарынан орын тебер Шехназа Қызыхановаға бұйырған рөлдердің саны мен қоса ерекшелігі де өсе бермек.