Мақала
"Қыз Жібек" лиро-эпосының заманауи интерпретацияда сахналануы
"Қыз Жібек" лиро-эпостық дастаны - Төлеген мен Қыз Жібектің адал махаббатын әспеттеген қазақтың жақұт жырларының бірі. Қаншама ғасыр ел жадында сақталған жырдың 16 нұсқасы белгілі. Әлі күнге дейін өзектігін жоғалтпай келе жатқан туынды Нұр-Сұлтан қаласындағы Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында сахналанды.
Бөлім: Театр
Датасы: 07.04.2020
Авторы: Ләззат Алпысбаева
Мақала
"Қыз Жібек" лиро-эпосының заманауи интерпретацияда сахналануы
"Қыз Жібек" лиро-эпостық дастаны - Төлеген мен Қыз Жібектің адал махаббатын әспеттеген қазақтың жақұт жырларының бірі. Қаншама ғасыр ел жадында сақталған жырдың 16 нұсқасы белгілі. Әлі күнге дейін өзектігін жоғалтпай келе жатқан туынды Нұр-Сұлтан қаласындағы Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында сахналанды.
Бөлім: Театр
Датасы: 07.04.2020
Авторы: Ләззат Алпысбаева
"Қыз Жібек" лиро-эпосының заманауи интерпретацияда сахналануы

Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында елімізге белгілі зерттеуші, қазақ фольклорын насихаттаушы ақын - Жүсіпбек қожа Шайхисламұлының “Қыз Жібек” жыры қойылды. Бүгінгі күнге дейінгі сахналанып келе жатқан Қыз Жібектерден ерекшелігі – спектакльдің аталмыш жыршының ақ өлеңімен жазылған дастаны бойынша сахна көруі болды. Ақын ауызекі айтылып жүрген аңызды жырға айналдыруы арқылы «Қыз Жібек» туындысы дүниеге келген: «Жүсiпбек академик М.Әуезовпен 1927 жылы кездескенде: «жырды Ақшәмшiдегi бiр жыраудан жазып алғандығын айтқан» [1, 194]. Айта кетерлік, автордың бұл шығармасы бірнеше мәрте жарық көрген. Соңғы нұсқаның өзінде Жүсіпбек қожа дастанды қайта жазып шыққанының себебін былайша түсіндіреді:

«Басында менен жайылды,
Қисса болып бұл Жібек.
Басы-соңына қарасам,
Бәрі шала сөзінің,
Еңіреп жылап жүр жүдеп.
Басында менен шыққанда
Тыңдаған адам жылаған,
Сүйейін мұны бір демеп» [2, 84].

Қиссада кейіпкерлердің мінездері айқындалған, шығарманың соңы да бұрыңғы нұсқаларынан ерекше, сонымен қоса ақ өлеңмен тамаша сипатталған қыз бейнелері, көріністер де шығармашылық жас ұжымға дұрыс әрі ұтымды таңдалған нұсқа деп санаймыз. Дастанның өткір де шебер тілі, тамаша әдеби теңеулер мен әсірелеуді қолдануы актерлерге бейнені терең түсінуіне көмекші болғаны анық. Дастан Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббат жырын баян етеді, драмаға сәйкес кейіпкерлер арасындағы қақтығыстар да, тіпті қазақ пен қалмақ арасындағы өзара тартыстар да қиссада көрініс тапқан. Жырды шамамен XVI-ХVІІ ғасырға жатқызуға болады. Себебі қалмақ елінің өмір сүруі, сонымен қоса жырда ислам дінімен қоса, пірлерге табыну элементтері де кездеседі.

Қойылымның режиссері – Дина Құнанбай. Режиссер спектакльді дәстүрлі стильден алшақтап, заманауи интерпретацияда сахналауды мақсат тұтқанын бірден байқаймыз. Пролог 2 жыршының (Айбол Шәкіржанов және Нұржігіт Муслимов) асық ойнауы арқылы дастанды баян етуінен басталады. Шымылдық ашылғаннан сахнада үлкен алтыбақанды көреміз. Спектакльдің суретшісі Айнұр Есболатовамен бірігіп жасалған декорацияға режиссер үлкен метафоралық мән береді. Бірде ол Қыз Жібектің қыл үстінде тұрған тағдыры, біресе өмірдің өткінші екенін білдіретін философиялық ой болса, бірде көңіл қосқан екі ғашықтың отауы сынды мағынада қолданылған. Жалпы, спектакль декорациясы минимализмге құрылған, аталмыш алтыбақаннан басқа күбі, жігіттер ұстаған ағаш болмаса, айтарлықтай артық нәрсе сахнада жоқ. Ол актерлердің қимылына, әрекеттеріне бір жағынан өте қолайлы жасалынған.
Спектакль белгілі бір формаға құрылғандықтан, кейіпкерлер кейде дастанды айтып отырған жыршыға да айналып кетеді. «Артық туған» Төлегенді атағанда, алтыбақанды тербету арқылы бас кейіпкерге акцент берілген. Келесі сахнада анасымен қоштасу сәтіндегі Қамқаның (Ажар Шәкіржанова) орамалын тартып, ары-бері жұлқылауы арқылы режиссер өмір бойы ата-анадан жырақ кетіп көрмеген жас Төлегеннің өз-өзімен арпалысуын көрсетеді, ал орамалдан босап шығуы өз ойына ерік беріп, кетуге нақты шешім қабылдағанын білдіреді. Алтыбақан үстіндегі жігіттердің әрекеттері, Қамқа мен қыздардың күбі пісуі уақыттың өткенін көрсетеді.

Спектакльдегі барлық актерлердің костюмдерінің бірдей болуы арқылы режиссер кейіпкерлерді нақты бөлмей, монументалдықтан қашып, жалпы адам ретінде, бас кейіпкерлердің сезімін қарапайым адам басынан өтетін оқиғалар арқылы көрсетуді мақсат еткен. Қыз Жібек пен Төлегеннің де басқаларынан ерекшеленбеуімен кейіпкерлердің жан дүниесін, ішкі психикалық хал-күйін көбінесе би қимылдары арқылы көрсеткен. Қойылымның хореографиясын Алматы қаласы корей театрының хореографы Анна Цой қойды. Оның Дина Құнанбай екеуінің бірігіп жасалған жұмысынан бір-бірін ұғына алған мықты тандемдік еңбекті байқадық. Төлегеннің Қыз Жібекті тағатсыздана іздеп, тапқанша дамыл таппаған күйін көрсететін сахна өте әсерлі қойылған. Әрбір қыздың мерейін өсіріп, алтыбақанда екі жыршының (Айбол Шәкіржанов пен Бағлан Иманғазинов) сипаттауымен сәйкес қойылған би қимылдарына үміттене күтіп отырған көрерменнен тек «Жібек емес!»,- деген сөзден кейін ғана демін тартып, келесі қыз сол шығар деген жанған үміт пен қызығушылықты байқаймыз. Әр қыздың сұлулығын бейнелеген сөздердің сахнадағы би қозғалыстарымен үйлесім тауып, қойылымның көркемдігін асыра түскен. Актерлердің ішкі хал-күйін, сол сәттегі сезімін бүгінде би элементтері арқылы көрсетуі құптарлық. Себебі сахнада сөзден гөрі әрекетке көшкен актердің ойыны ұтымды әрі дұрыс екені анық: «Сахна алаңында әрекетке бару керек. Актер өнері мен драма өнерінің тірегі-белсенділік пен әрекет» [3]. Әзер дегенде сұлудың көшіне жеткен сахнада актерлердің костюмдерін Қыз Жібектің (Аида Жанзакова) үстіне іліп, актрисаның алдыға қарап, барлық киімдерді лақтырып, жүзін көрсеткен эффекті сахнада ғана көрермен бас кейіпкерді бейнелеген актрисамен, Қыз Жібекпен танысады. Келесі көріністе бикешті Төлегенге жеңгетай болып таныстырған Қаршыға (Әли Жарасұлы), Қыз Жібек (Аида Жанзакова) және Төлегенді (Әли Бидахмет) көреміз. Қай уақытта да екі жастың қосылуына себеп болар адамдардың болғанын, қазақ халқындағы жеңгетайлық ахуалын осы көріністен аңғарамыз. Спектакльде режиссер басқа кейіпкерлерден гөрі нақты Қыз Жібек пен Төлегеннің ғана сезімдерін, махаббатын ашуға акцент жасағаны байқалады.

Қос ғашықтың алғаш кездескен сахнасында Жібек өте паң, бейтаныс жігіттің өжеттігіне қарсы жауап бере алатын, нағыз өз елінің сұлуы екенін аңғартатын мінез көрсетеді. Ал, өз елінде патшамен тең көріп, еш қыздың теріс жауабын алып көрмеген Төлегеннің ашу шақырып, тойтарыс бере алған қыздың өжет мінезіне таң қалатынын байқаймыз.

Қаршығаның Төлегенмен әрі Қыз Жібекпен сөйлесіп, екі ғашықты кезіктіретін сахнада алтыбақанда өзі тұрып, екі жақта бас кейіпкерлердің тұруы - ұтымды шешілген мизансцена. Бекежан, Төлеген, Базарбай кездесетін сахнада Қыз Жібектің келіп отырып, алтыбақанда тербетілуі, оның тағдырының шешіліп жатқандығын, қыл үстінде тұрғанын білдіреді. Қыз Жібектің Төлегенмен кездесуге шыққан сахнада алдымен Бекежанның кездесуі арқылы Бекежанның Қыз Жібекке деген сезімін, оған қатысты құрған жоспары барын білдіртеді. Осы сахнада режиссер жарықпен жақсы жұмыс жасаған. Тек Қыз Жібекке түсірілген жарық арқылы, актрисаға құрылған би арқылы сүйіктісіне қамдана шығып, жеткенше асыққан Қыз Жібектің сезімін жеткізуге тырысқан. Осы арқылы режиссер өз сезімін ашық білдіре алатын, өз махаббатынан қорықпай, батыл қадамға бара алатын қыз мінезін байқатады. Жалпы, спектакльде көбінесе хореограф модерн негізіне сүйенген контембери биін қолданып, дастанды заманауи бағытқа жақындатады. Екі ғашықтың көңілдері қосылған сахнаны да би қимылдары арқылы шешкен. Сүйгендердің көңіл қосқан сахнамен қатар ашуға берілген, не істерін білмей, тіпті жер тырмалауға дейін барған, ашынған Бекежанды көреміз. Бұл дегеніміз паралель Бекежанның үмітінің сөнуін, үлкен мақсаты жолындағы Жібектің қолына түсе қоймағандықтан, қиналысқа түсіп, жоспарының күл-талқан болғанын байқаймыз. Дастан бойынша қойылғандықтан, қойылымда режиссер Бекежанның сезімін, кек алуын, ашуын шартты түрде көрсетеді.

Қыз Жібектің түсінде мистикалық сарын байқалады. Шашын жалбырата жіберген қыздардың қорқынышты музыкамен жасаған би қимылдары, күбіні піскенде судың шашылуы қауіптің жақындағанын, пуанты киген Жібектің ары-бері жүруі, жерде жатып, бір орында жүгіруі қорқынышты түстен қаша алмағанын көрсетеді. Түсінен шошып ояна сала Жібектің жеңгесі Дүрияны (Еңілік Айымғазы) Төлегенге жіберген тұсы алда келе жатқан кесірдің жақындағанынан хабар береді. Төлегеннің өз еліне жолға шығарда ғашықтардың бір-біріне деген ынтызар сезімін екеуінің қосылып, жанындағылардың қайта-қайта екеуін бір-бірінен айыруынан байқаймыз. Базарбай ауылындағы сахнадағы әкесі мен ұлының сөзге келіспей, Төлегеннің Базарбайға қарсы шығып, сөз қайтаруынан Төлегеннің өз дегенін істететін, аздап еркелік, қызба мінезді екені байқалады. Дегенмен, осы бір тұста Базарбайдың теріс бата беруінің себебін одан сайын аша түскен жөн болар еді деп санаймыз. Бұл «егер де» бұл жағдай орын алмаса, трагедияның да болмауы ықтимал еді деген ойды тереңдете түсер еді.

Төлегеннің түс көруінде С.Сейфулиннің «Аққудың айырылуы» поэмасын режиссер ұтымды қолданған деп ұйғаруға болады. Себебі шығармада аққудың сыңарының өлуі оның шын өмірдегі өлімінің жақындағанын білдіреді. Осы екі шығарманың үйлесімі жақсы табылған: Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббатын бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын қос аққудың өміріне балап, көркем тұрғыда екеуінің сүйіспеншілігін одан әрі көтере білді. Алдағы өлімін көрсе де, «Алланың келсе әмірі, үйде болса өлемін»,-деп тағдыры не жазса да қалыңдығына кетуге шешім қабылдаған Төлегеннің анасымен қоштасар сахнада қатты қиналысқа түсуі, тіпті жылауы әкесінің берген теріс батасының әсері әрі қиын жолға жалғыз шығып бара жатқандағы күйі екені анық.
Біз білетін «Қыз Жібек» шығармасында, киносында болсын ғашықтардың негізгі жауы Бекежан деп біліп келдік. Ал, Жүсіпбек қожа Төлегеннің бір ғана емес, тіпті алпыс жауы болған деп көрсетеді. Яғни, Қособаның көлінде Төлегенді тек Бекежан ғана емес, ол бастап келген Жібектен дәмелі алпыс жігіттің де болғаны айтылады. Тек Төлегенді жеңген, оны өлтірген оқ Бекежанға тиесілі еді. Осынау қорқынышты әрі қатыгез өлімді хореограф төбелес қимылдарымен шешеді. Бекежанға лағынет айтып, бетіне түкіретін сахнадағы актрисалар жыр арқылы Төлегенді мадақтап, артында қалған туғандарының өкінішін жеткізеді. Сол тұстағы Бекежанның Жібек берген белдікпен өзін қамшылауы, өз-өзіне зиян тигізуі, шыңғырып-айқайлауы арқылы режиссер Бекежанның іштей толық сынуын, мақсатына жету жолында бір қыздың кедергі болуын, қызға қолы жетпеуін көтере алмауын көрсеткісі келген.

Төлегеннің өлген жерінде жоғарыдан топырақ шашылып, оның қайта орынынан Сансызбай болып тірілуін көреміз. Бұл сахна арқылы режиссердің адамның топырақтан жаратылып, топыраққа көмілетінін жеткізгісі келген ойын байқаймыз. Ағасының өлімін естіп, жоқтап отырған Сансызбай мен арьерсценада тойы өткелі отырған Жібектің жеңгесіне жылап, қиналғанын тіпті ән арқылы беретін сахнада қатар болып жатқан іс-әрекеттерден алда қайын іні мен жеңгесінің кездесер тұсының жақындағанын байқауға болады. Бұл жерде де жеңгетай рөлін, Төлеген басшы болып келеді деп ескерткен Шеге (Ерасыл Ахан) атқарып, екеуінің кездесуіне себепші болады. Сансызбай Жібекті көргенде пышақ алып, өлтіруге ұмтылғанынан ағасының өліміне себепкер жанға деген кек ниетін байқаймыз. Сансызбай әрі Төлеген рөлін бірдей бейнелеген Әли Бидахметте кейіпкер арасындағы айырмашылықты ұстай алды ма деген сауал туындайтыны рас. Төлеген – қызба мінезді, от секілді алып-ұшып тұрған, өзіне сенімді, іс-әрекетке бірден кірісіп кететін жігіт болса, Сансызбай – байсалды, әр ісін ойлап барып қана жасай алатын, мінезі жайсаң, ағасын өлтірген қылмыскерлерді жазалау үшін барын салуға тырысқан, қамқор жігіт боп бейнеленді.

Пышақты көрсе де, өлімге де көнген, тіпті соны қалаған жеңгесінің мүшкіл халін көрген Сансызбай оны кешіріп, өзіне жар етеді. Спектакль соңындағы алтыбақанда тербеліп тұрған Қыз Жібек пен Сансызбайды әр кейіпкердің бір-бірлеп қосылып тербетуі, жырға қатысқан барша актерлердің екі жастың қосылуына себепші болған жандарды көреміз. Эпилогта автордың (Айбол Шәкіржанов) сөзімен аяқтауы спектакльдің тұстастығын сақтап, бүтін етуге ықпал етеді.

Елордалық Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театры репертуарына енген «Қыз Жібек» лиро-эпосы труппа үшін сәтті сахналанған туынды деп есептейміз. Себебі жырдың тілі, таңдалған актерлік құрам, би сахналарын қойған хореограф, дастанға жаңа серпін беріп, сахналық оқылым сыйлаған режиссердің жұмысы көңіл қуантарлық. Бұл қойылым қазақтың танымал туындыларын жаңа заманауи үлгіде сахналауға болатынын тағы бір дәлелдеді. Спектакль ашық сахналардан, эмоциялық сахналардан тұрғандықтан, қалыптасып қалған Қыз Жібек пен Төлеген бейнелерін мүлде басқа қырынан байқаймыз. Фольклор дегенмен, осындай форматта сахналанған қойылымдарды қабылдау қажет деп санаймыз. Аталмыш қойылымдағы хореографиялық, режиссерлік шешімдер кейіпкерлердің ішкі күйін, сезімін ашуға бағытталған. Классикалық дүние ешқашан өзектілігін жоймақ емес, аталмыш қойылымның шешімі, қойылу стилінің ерекшелігімен құнды болып қалмақ: «Классикалық репертуардың мәңгі таусылмас зәру проблемалары күн тәртібінен ешуақытта түскен емес» [4, 246].

«Қыз Жібек» лиро-эпосында Қыз Жібек пен Төлегеннің сезімдерін тереңнен ұғынуға, олардың бастан кешірген махаббат жырында кездескен кедергілерді жақыннан көруге, кейіпкерлердің ішкі күйін, жан тебіреністерін, сүйіспеншіліктеріне бұрыңғыдан тереңірек үңілуге мүмкіндік туады. Екі ғашықтың қосылуына кедергі болған Бекежан ба, әлде Базарбайдың ұлына берген теріс батасы ма, мүмкін мүлде басқа себеп екенін көрерменге өз пайымдары бойынша топшылауға ой салады. Тек екі ғашықтың ғана емес, сонымен қоса қойылымда ырымдар, салт-дәстүр, саяси мәселелер де қозғалады. Спектакльдің басты жеңісі – танымалы дастанға жаңа бағыт, жаңа көзқарас сыйлауы деп білеміз. Ел ішінде сахна көруге сұралып тұрған алтын жауһарларымыз көп. Оған тіршілік беріп, өмір сыйлайтын, өзіндік көзқарас пен ой қосатын талантты режиссерлеріміз, кейіпкерлерді кескіндейтін талантты жастарымыз көбейе, қазақ театр өнерінің дамуына өзіндік үлес қосар еді деп түйіндейміз.

Қолданылған материалдар:

1. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы: 1948.-1-т., 194-б.
2. Бабалар сөзі. Әдебиет және өнер институты- Астана : Фолиант, 2009. Ғашықтық жырлар– 456 б.
3. www.uniface.kz «К.С.Станиславский этикасының негіздері».
4. Сығай Ә. Толғам, Алматы, «Парасат» журналы, 2004 ж, 392 бет