Мақала
Сахна шебері – Бибігүл
Бөлім: Театр
Датасы: 12.08.2020
Авторы: Әлия Шақуова
Мақала
Сахна шебері – Бибігүл
Бөлім: Театр
Датасы: 12.08.2020
Авторы: Әлия Шақуова
Сахна шебері – Бибігүл

Театр – ең алдымен жан қозғап, жүрек толқытар, кісі санасына ой салып сәуле түсірер эстетикалық, этикалық нәзік сезім себелер сиқырлы өнер ордасы. Көрермен қауымға берер мәдени, рухани көмегі адам баласына сыйлар жарқын өнегесі, шынайы сыры, адасқан жанға ұқтырар, ұғындырар және оны тығырықтан тартып шығарар ғаламат күші бар философиялық күрделі ұғым. Ол әрдайым биік те адал сезімдерді насихаттаған дәуір шежіресі. Осындай сиқырлы өнер ордасында, өңіріміздегі өнер ордаларының бірі Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының негізін қалаушылардың бірі, дарынды сахна шебері – Исалиева Бибігүл Мақсотқызы.

Бибігүл Мақсотқызы – 1967 жылы Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы (қазіргі Теректі ауданы) Аңқаты ауылында дүниеге келген. Бала күнінен өнерге жаны құштар Бибігүл ауылдық мектептің ауласын концерт залына айналдырып отыратын. Күнде кешкісін, сиырын сауып, қойын қамаған ауыл тұрғындары есік алдына жайғасып, ән тыңдайтын. Мектеп ауласынан жаңғыра шыққан нәзік дауысқа еріксіз сүйсінетін. Аңқаты орта мектебінің ұстаздары Бибігүлдің әдебиетке, өнерге, тіпті тарихқа ынталы болуына зор ықпал етті. Әсіресе, құрметті ұстазы Сағидолла ағайдың еңбегі зор болды. Магнитафон таспасынан, грамафоннан «Айман-Шолпан», «Қыз-Жібек», «Айша бибі» қисса-дастандарын тыңдатқан кезде, бала көңіл Айша бибі мазарын көруді армандайды. Сағидолла ағайының Ақсақ Темір Қарахан туралы әсерлі әңгімелері: “Қожа Ахмет Яссауи мазарын салған сәулетші Әмір Темір жорықтан келгесін өзі қояды деп бір тасын салмапты. Сол тас әлі қойылмаған күйінде бос орны тұр” – дейтін, бұл жерді де көру қиялы жүйрік жанның арманына айналды. Мектеп бітіргеннен кейін әсем қала Алматыны бетке алған арманшыл қыз екі бірдей ілгері оқу орынын бітіріп шықты. Оның бірі – Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық «Опера және балет» театрының жанындағы вокалдық-театрлық студиясы (1985-1987 ж.ж.), екіншісі – Алматы Қыздар педагогикалық институтын (1987-1992 ж.ж.) «музыка мұғалімі» және «вокал классының оқытушысы» мамандықтары бойынша. Студент шағында «Айгүл», «Ұлар» фольклорлық ансамбльдеріне мүше бола жүріп, алыс-жақын жерлерге сапар шекті. Алтай өлкесіндегі 2700 метр биіктікте орналасқан ауылға барғандары, 17 қыз Қалмақияның қазақ ауылдарын аралағандары әлі есінде. Актрисаның басты ерекшеліктерінің бірі – денсаулық жағдайына байланысты кедергілер болып қалмаса, театр ұжымымен гастрольдік сапарға шығудан еш бас тартпайтындығында. Осы қасиетінің арқасында 1998 жылы театр ұжымымен Таразға барған сапарында өзі көруді арман еткен Айша бибі мазарына тағызым еткен.

Бибігүл Мақсотқызы 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасының қатысушысы. Тарихи оқиғаның куәгері осы бір күндер туралы айтқанды ұната бермейді. Кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген ниетте қолқа салып сауал жолдаған журналисттерге берген жауаптары газет беттерінде жарық көрді. Ауылға демалысқа келген кезінде әкесі одан «Алаңға шықтың ба?» деп сұраған. Ол күмілжіңкіреп, «шықтым» деп айтып алып, «енді ұрсатын болар» деп қорқып отырған. Бірақ 17 жасында сұранып, соғысқа атанған, 1949 жылға дейін Кеңес үкіметін жапондардан қорғауға атсалысқан әкесінің «Мен болсам да, осы балдағыммен алаңға барар едім» деген қолдау сөзі әлі күнге дейін оған күш-қуат береді.

1993 жылдан Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында табан аудармастан қызметін атқарып келе жатыр және театрдың негізін қалаушылардың бірі.

Сахна шебері театрда 80-нен астам рөл сомдаған. Рөлдерінің 50-ден астамы қазақ және шетел драматургтерінің классикалық шығармаларының бас кейіпкерлері. Оның ішінде М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» комедиясында – Айман, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» – Таңқа бике, В.Дельмардың «Баянсыз бақ» драмасында – Ана, А.Камюдің «Калигула» трагедиясында – Цезония, А.Цагарелидің «Ханума» сазды комедиясында – Ханума, С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» мұңды драмасында – Зияда, Ш.Башбековтың «Шойын қатын» комедиясында – Шойын қатын, С.Ахмадтың «Супер келін» мұңды комедиясында – Фармон бибі, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» этно-символикалық драмасында – Қамқа, У.Шекспирдің «Ромео және Джульетта» трагедиясында – Леди Капулетти, Эврипидтің «Троя арулары» трагедиясында – Гекуба, С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» драмасында – Фарида, Ә.Оразбеков «Бір түп алма ағашы» драмасында – Әлия, т.б.

«Актер – сахнаның ақыны. Сегіз қырлы бір сырлы адам жанының инженері, өмірдің сырын ашып, адамның мінез құлқын шешуші, ой-санасын оятушы, жаһан дүниенің саяхатшысы. Актерлік мамандық – өлгеніңше өзімен-өзі тынбай әркет жасап, үйренуден жалықпайтын еңбекқорлық қасиетті талап ететін беймаза мамандық» – деп, профессор А.Тоқпанов бекер айтпаса керек. Кейіпкер болмысын жасау үшін актер көп кезеңнен өтеді. Бірінші – кейіпкерін терең зерттеу, екінші – қасиеттерді өз бойына сіңіру, үшінші – сол бейненің нақ өзіне айналу. Осы үш кезеңді түгелдей актриса бастан кешіріп, әрқашан да естен шығармай, іс жүзінде, шығармашылық тәжірбиеде қолдануды мақсат етеді. Осы мақсатта жұмыс істейтін сахнагер Ә.Мәмбетов атындағы Қазақстан драма театрларының ХХ республикалық фестивалінде «Қыз Жібек» қойылымындағы Қамқаның рөлі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесін (2013) жеңіп алған болатын.

Бибігүл өнерінің тағы бір ерекшелігі – кейіпкер психологиясының, небір сиқырлы жақтарын дөп басып, оның дәуір үніне бағындыра біледі. Әр спектакль сайын жаңа бояулар тауып өз рөлдеріне өзгерістер енгізіп отырады. Ол өзінің эмоциялық байлығы мен психологиялық тереңдігімен кез-келген драмалық, комедиялық, трагедиялық кейіпкерлерді, өмірге жалындата ойнай білетін алымды актриса. Кез-келген рөлдің, қат-қабат сырына терең үңілетін Бибігүл Исалиева әртүрлі кейіпкерлердің сыралғы мінезін бір-біріне ұқсатпай, шатастырмай, даралай ойнайтын талант иесі.

Актриса өзінің табиғи дарынының қадыр-қасиетін, күш-қуатын мүмкіндік болашағын терең ұғып, қастерлеп, бағалап, шыңдап, өрістете білді. Киелі өнер – актерлік талантының жолына барлық қажыр-қайратын тұтас жұмсауының нәтижесінде, 2011 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталып. 2013 жылдың 9 желтоқсанында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

Театр репертуарына тек жергілікті жазушылардың қолжазбалары ғана емес, сонымен қатар өзге ұлт драматургтерінің де пьесалары енетіні түсінікті дағды. Яғни, сол авторлар мезгеген кейіпкерлердің мінез-құлықтары, ерекше бітімдері бір-бірінен алшақтық танытса да, кейбір актерлеріміз бір сарынмен жұмыс жасап жұртшылықты жалықтырып жататыны бар. Яғни, шеберлік әлпеттерінде бұрынғы жасаған бейнелеріне ұқсас бір сарындылықтырының байқалып қалып отыратындығы жасырын емес. Эврипидтің «Троя арулары» трагедиясында – Гекуба рөлін сомдауда Б.Исалиев оның ішкі дүниесін, жан тегершіктерін терең ашып, өзінің табиғи тума талантының арқасында сахналық ұмытылмас кесек бейне жасады. Өзге ұлт драматургтерінің шығармаларындағы күрделі сахналық образдарды жасап, олардың психилогиялық толғаныстарымен әлеуметтік ішкі қайшылықтарын көркемдік өлшеммен, өзіндік суреткерлік қиялымен келісті шешімдер тауып отырады. Осының нәтижесінде 2015 жылы Керчь қаласында өткен «Боспорские Агоны» атты ХVІІ Халықаралық театрлар фестивалінде Эврипидтің «Троя арулары» трагедиясымен қатысып «Ең үздік әйел образы» жүлдесін жеңіп алды. Бұл жерде ресейдің танымал актерлері В.Голобородько, В.Ливанов, В.Лановой сынды кино және театр саңлақтары актрисаның өнеріне жоғары баға берді. Актриса бұл жеңісін өзі жете алмаған өнердің биік шыңынан қызының жететінен сенім білдіріп, тілекші болып отыратын Анасына арнады. Аталмыш қойылыммен театр ұжымы 2016 жылы Македония мемлекетінде өткен «Стоби-16» XV халықаралық антикалық қойылымдар фестиваліне қатысты бұл жолыда «Ең үздік әйел образы» жүлдесін жеңіп алды.

Өнер саласында жүрген қай маман иесі болса да үнемі ізденіс өсу үстінде жүретіні ақиқат. Б.Исалиева кино әлемінде де өзіндік орыны бар актриса. Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған «Қарыздар ұрпақтан», «Қараторғай» әнімен көркемдеп, «Матай аңыздың басы» / продюссері Мұрат Жәкібаевтың, режиссері Лев Вахитов/, «Күләш», «Егер Бөкей болмаса?» деректі фильмдеріне түсіп, дубляж жасаған.

Біз сөз етіп отырған сахан шебері – Бибігүл Исалиева ең бастысы өзінің табиғи таланты арқылы рөлдерін жоғары дәрежеде сомдай алады, рөлге дайындылу кезінде адал тер төгеді. Актер мінез өзгешелігі, ұстамдылығы мен тынғылықтылығы, әдептілігі мен тәртібі, өзіне тарта білу қасиеттерімен ерекшеленеді.