2020 жылы премьерасы қойылған «Құлагер» спектаклі күні бүгінге дейін көптеген бәйгелерде бақ сынап жүр. Өзбекстан мемлекетінде ұйымдастырылған бірнеше театр фестивальдерінде жүлделі орынға ие болды. Атына заты сай қойылымның ендігі шабар тұсы әлемнің үздіктерін анықтайтын А. Чехов атындағы XVI халықаралық театр фестивалі.
Міне биыл үшінші жылға аяқ басып келе жатқан туындының көрсетілімі үнемі лық толы залда өтеді. Әр кез көрерменнің көзайымынан айырылмай, кез-келгенінің бойын рухтандырмай қоймайды. «Қазақ-ол Құлагер. Біз Құлагер образы арқылы қазақтың шын жүйріктерін көрсеткіміз келді. Қазақ пен жылқы – егіз, екеуі ажырамастай бір ұғым. Құлагер – сталиндік террордан зардап шеккен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Міржақып Дулатов сияқты тарихи тұлғалардың символы» - дейді спектакль режиссері Фархад Молдағали. Қойылымның негізгі мақсаты – кеңес одағы кезеңіндегі еркіндікке ұмтылған дүйім бір ұлттың трагедиясын жеткізу. Қыршын кеткен саңлақтарымызды сахнаға шығару арқылы тарихты жаңғырту. Жас суретшінің қай қойылымын алып қарасақ та оның өз жұртына деген махаббаты айқын байқалады. Ол қолданатын элементтер мен метафоралардан қазақ елінің иісі аңқып тұратыны бар.
Театр ол бүгінгі күннің айнасы болуы керек. Ал аталмыш қойылым өзінің кем-кетіктеріне қарамастан қазақ театр өнерінің заманауи үлгісіне айнала білді. Оның дәлелі кешегі талай тұлғалар шыққан Моссовет театрының сахнасында салтанат құруы. Айрықша жоғарғы критерийлерді ұстанатын арнайы экспорттық комиссияның бұл спектакльді таңдауы тегін емес. Дегенмен мұндай дәрежеге қол жеткізу үшін екі ел арасындағы қақтығыстың да септігі тигенін жасырмаймыз. Соғыс әрқашанда адамзат баласына жақсылық сыйлаған емес. Ол тек саясатқа тиісіп қана қоймай, барша мемлекеттің ішкі және сыртқы мәселелеріне шығын келтіреді. Соның ішінде мәдениет саласын да айналып өтпеді. Көптеген шекаралар жабылып, байланыстар үзілуінің салдары фестиваль ауқымының тарылуына әкеліп соқты. Мысалға бұрындары Франция, Италия, Испания, Финляндия секілді еуропа елдерінің қатысумен өтетін болса, биылғы бағдарламада олардың біреуі де бой көрсетпеді.
Осылайша бір саяси оқиға қазақ өркениетінің тарихына айналар сәтке мүмкіндік туғызды. Десек те этникалық болмысымызды аша түсетін, наным-сенімдеріміз бен салт-дәстүрімізді дәріптейтін қойылымның жоғарыда атап өткен фестивальге қатысуы қазақ театры үшін үлкен жетістік. 100 жылға жуық тарихы бар төл өнеріміздің шарықтап келе жатқанына ішіміздің жылитыны анық.