Жаңарған нұсқадағы «Қарагөз» трагедиясында көрініс тапқан режиссерлік шешімдер
Қазақ режиссура өнерінде өзгеше стилімен танылып жүрген жас талант Фархад Молдағалидің шығармашылығын атап өтуге болады. Ол Т.Қ. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Өнер иесі алғашқы еңбек жолын Петропавл қаласындағы С. Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрынан бастады. Оның қойылымдары халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты атағына ие болған. Қазіргі таңда Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етеді. Сахнагердің «Қарагөз»,«Құлагер»,«Махаббат қызық мол жылдар» қойылымдары әлі күнге дейін аншлагпен жүріп, көпшілік жастардың жүрегінен орын алып отырған сәтті туындылар. Аталмыш тұлғаның тағы бір ерекшелігі қазақ театр өнеріне алғаш болып саунд-драма жанрын алып келуі деп білеміз.
Ф.Молдағалидің М.Әуезовтің «Қарагөз» пьесасын сахналау барысында да осы саундраманың негізін көреміз. Аталмыш спектакль бірнеше жылдар бұрын С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрында сахналанған. Басты рөлдегі актерлермен мен режиссердің Алматы қаласына көшуі себебімен қойылым тоқтатылды. Бірақ өнер иесі жүрегінен шыққан сәтті туынды қайта көрерменмен қауышуы керек деген ойға келеді. Оның бұл ойына сол жылдары театрдың жетекшісі қызметінде болған Азамат Сатыбалдыұлының қалауы да себеп болған. Ф. Молдағали бұл шешімге келудің алдында ұзақ ойланғанын айтады. Дегенмен көрермен көзайымына айналған қойылым өзгеріссіз, сол қалпында Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қайта қойылды. Көрерменге заманауи бағытта ұсынылған спектакльде декорациясы жоқ, режиссер бос кеңістікті ғана пайдаланған. Сахнаның екі жағындағы екі микрофонда жаңғырған дыбыспен айтылатын халық сөзі (Сырым мен Қарагөз туралы ауыл әйелдерінің өсек-сөзі) тым жаңғырып шығады. Режиссер Сырым мен Қарагөздің махаббатына қарсы шыққан Мөржан, Жарылғап, Жабай, Ақбалалардың Сырымға айтатын қарғыс сөздерін диалогпен емес, топтасқан күйде аяқ дыбыстарының біркелді ритмінде жеткізеді. Яғни, ол өзінің сахналық-көркемдік тәсілін сөзден гөрі әрекетке және қатты дыбыстарға негіздеген. Қарагөздің бірыңғай,қарапайым үлгідегі қара түсті көйлегі оның ішіндегі бос көңілі мен алай-дүлей сезімі, бойындағы үрейінен сыр шертеді. Сондай-ақ режиссер Наршаны алдынғы планға шығарып, басты кейіпкер Сырымды екінші орынға қояды. Яғни сахна шымылдығы ашылған тұста Нарша мен Қарагөздің биіне куә боламыз. Дәл осылай қойылым соңына дейін қыздың қасынан табылып, қиындықтың астында қалған кінәсіз жанның қайғысын бірге кешеді. Шын ғашық деп танитын Сырымды аз көріністерден байқаймыз. Демек режиссер Наршаның тазалығын, Қарагөзге деген адалдығын, шын махаббатын көрсетіп, ақтағысы келді деген ойға келеміз. Бұл сахнагердің шығармаға қарсы шығып, Сырымды жаман көрсеткісі келгендігі емес. Тек қойылымға жаңа леп бере отырып, кейіпкерлердің өзгеше қырларын ашып көрсетуді мақсат еткенін алға тартамыз. Сөзімізге тиек ретінде наршаны ойнаған Нұржан Асылханның сөзін келтіреміз:«Нарша сияқты жақсы көріп, адал болатын адамды біздің қоғамда кездестірмедім. Жастар қазір кенже қалған салт-дәстүрімізді, азаматтық деңгейді, борышты және махаббатты осы қойылымнан көрсе деймін. Бұрынырақ сахналанғанда Қарагөз бен Сырымның махаббаты алға шығатын. Ал мұнда режиссер туындының астарын түсіне отырып, Наршаның болмысын ашты. Осы жағынан режиссерлық шешім ұтымды болды деп ойлаймын». Ал актерлік құрамның осы ойынға үйлесімді таңдалуы жемісті орындалып, спектакльдің идеясын ашуға ықпал етті. Мысалы біз білетін ғашық Сырымды Мақсат Рахмет режиссердің трактовкасына сай суық мінезді, сүйгеніне барар жолда әлде неден аяқ тартатын немесе алаңдаулы күйдегі рөлін сәтті алып шыққанын аңғарамыз. Ф. Молдағали жаңа қырын танытқысы келген кейіпкердің рөлінде ойнаған Нұржан Асылхан бұл жолы актерлік қабілетімен көзге түсті. Өнерпаз жаны таза, сезімі шынайы, ғашығына деген ынтық жанның күйін көрерменге әсерлі жеткізе отырып, Қарагөздің жағдайы өзегін өртеген жігіттің кейпін шын сезінгенін көреміз. Спектакльге арқау болған Мая Исмаилованың орындауындағы ноғайдың «Не қалды?» деген әні шығарманың мазмұнымен жарасымдылық тапты. Қойылымды жетіген мен домбыраның, даңғараның дыбысы сүйемелдеуі трагедиялық атмосфераны сезінуге әсер берді. Өнер иесі өзінің кезекті сұхбатында қойылымды жаңашаламай, тек классик Мұхтар Әуезовтың шығарма астарына жасырып қойған мәнін түсініп, соны алға тартқанын айтқан. Осы негізде жазушы-драматург Әлібек Байбол режиссер жайлы:«Мәселен, саунд драма рухында қойылым қойып жүрген Фархат Молдағалидың аяқ алысы сүйсіндіреді. Бұған – «Қарагөз», «Құлагер», «Солдат күнделігінен» қойылымдары айғақ.» деген пікірде. Нұр-Сұлтан қаласында өткен VI «Самғау» халықаралық театр фестивалінде «Қарагөз» спектаклі үшін «Үздік режиссер» жүлдесін алуымен қатар, бұдан да бөлек көп жетістікке жеткен Ф. Молдағалидің режиссурасының қазақ театр өнерінде өзіндік қолтаңбасы мен орны бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Өнер иесіне тек шығармашылық табыс пен шабыт тілей отырып, алдағы уақытта тың өзгерістер мен жаңалықтарды әкелетініне сенім білдіреміз.
Т. Жүргенов ат. ҚазҰӨА,
«Театртану» мамандығының
2 курс студенті
Мақпал Абдужаббарова
«Болмаған балалық шақ» спектаклі жайлы
Режиссер Фархат Молдағалидің кезекті туындыларының бірі «Болмаған балалық шақ». Қойылым автор Ақберен Елгезектің балалық шағынан сыр шертіп қана қоймай көрермен жүрегін де елжіретіп, жүректеріне жылулық ұялатады. Балалық кезеңге бір сәт сапар шектіртеді. Әрбіріміздің күліп еске алатын балалық шағымыздың сәттерін толтыратын ол—жақындарымыз. Сол жұлулық сыйлайтын адамдарыңнан айырылу бала жүрегіне ауыр тиетіні мәлім. Оған дәлел Ақоштың (Нариман Елубай) әкесінен, ағасынан айырылуы, анасының екінші рет күйеуге шығу қатты соққы болып тиеді. Жалғыз әпкесінің де оқуға кетуі оны жалғысыратады. Осы тұста Н.Елубайдың бала ролін айрықша айта кету керек. Ол жас баланың жан тебіренісін, ішкі күйзелісін шынайылықпен көрсете білді. Бастан аяқ спектакльді алып шығатын болғандықтан оның көңіл-күйі мен әр бір қимылы өзімен бірге көрерменді еліктіріп жылатып, күлдіріп отырды. Шығармадағы кішкентай баланы ересек актердің ойнауы жетім баланың ерте есейгендігін көрсетеді.
Қиын-қыстау кезде жанынан табылған Олешка (Ұлжан Оразаева) досы оны жабырқатпай ойыншықтарымен де бірге бөліседі. Ұ.Оразаева ойыны бұл жолы ерекше көзге түсті. Нәзік кейіптегі қызды ойын баласы ретінде көру көрерменді тамсандырып, таңғалдырмай қоймайды.
Апасы (Т.Сұлтанбердиевк) Ақоштың жабырқағанын көріп анасына (Нұргүл Мыңғатова) өз қолына алуын айтады. Анасының жанына барғанымен өгей әкесінің кесірінен ол жерде де жан тыныштығын таппайды. Алайда, шығармадағыдай қатал өгей әкені сахнадан көрмейміз. Оның өзі Қалаң ролін Р.Ахметов ақтап шыққандай. Себебі, өмірімізде кездесетін әр бір адам бізге сынақ ретінде келеді. Қалаңның балаға күн бермеуінің өзі Ақоштың Орынғали атасының қолына баруына, бөтеннің жауыздығынан сақтауға септігін тигізеді. Қаншама қиындық көрседе мойымай, түбі жақсылық болатындығына сенген бала Ақбергеннің қайсарлығы мен төзімділігі кімге болмаса да күш- қуат береді. Соңында әкеге арнап айтылатын монологының өзі әкенің бала өмірінде алатын орнын, әкенің мейірімділігі бәрібір өзгеше екендігін көрсетеді. Сол себепті қолымызда барды қадірлеп қадір қасиетіне жете білуіміз керек. Кейде ата-ана бауыр еттерін қиып тастап жетім етіп кете барады, ал ол баланың күнәсі қандай ойланбайды. Баласын сағынбайтын ана болғанмен, анасын сағынбайтын бала болмайды емес пе.
Қойылым шығарманың ең әсерлі тұстарынан құралып барынша ықшамдалған. Ұзартылған сәттерді режиссер барынша қысқартып, сахна барысында оларды баяндама арқылы жеткізген. Көбіне жетім баланың бастан кешкен ауыр тағдырын бейнелеуде көп декорацияны қолданбай, актерлық ойын арқылы ашқан.
Сахнаға шыққанына көп болмасада көрерменнің көзайымына айналып үлгерген спектакль қазіргі таңда аншлагпен өтуде. Сәтті қойылымға келушілер балалық шақтарын сағынып еске алып, ой алуға келеді. Жүректеріне жылулық ұялаттырып, қатыгездік атаулысын жойдырады.
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
«Театртану» БББ 2 курс студенті
Нисангалиева Алима Серикқызы