Мақала
ЖАНТӨРИНШЕ ЖАҢҒЫРҒАН ТЕАТР
Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрына 20 жыл
Бөлім: Театр
Датасы: 13.11.2023
Авторы: Лаура Көшкенбаева
Мақала
ЖАНТӨРИНШЕ ЖАҢҒЫРҒАН ТЕАТР
Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрына 20 жыл
Бөлім: Театр
Датасы: 13.11.2023
Авторы: Лаура Көшкенбаева
ЖАНТӨРИНШЕ ЖАҢҒЫРҒАН ТЕАТР

        Театр – мәдениет мешіті. Расында да театр адам жанын анық көрсете алатын қызықты әлем. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының қалыптасуы мен дамуының өзіне тән дара жолы, өз шығармашылық әлемі бар. Маңғыстау өңірінің алғашқы кәсіби драма театрына биыл 20 жыл толды. Артта қалған жылдар аз да емес, көп те емес. Бұл нағыз жалындап тұрған жастық шақпен тең кезең. «Жиырма деген жасыңыз, ағып жатқан бұлақтай», - деп қазақтың ұлы Бұқар жырауы айтқандай, театрдың өткен жылдарында жастыққа тән жігер мен ізденімпаздық, мөлдіреген тазалық пен қажыр-қайраттың  қолтаңбасы сайрап жатыр.

     2001 жылдың қыркүйегінде Ақтауда Қазақстан жастарының І конгресі өтті. Өздерін толғандыратын мәселелерді көтеріп, форумға қатысушылар назарына ұсынып жатқан  жастардың бірі, өз кезегінде өлкемізде театр жоқтығын алға тартып, кәсіби театр ашу жөнінде ұсыныс білдіреді. Форумға қатысып отырған тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл ұсынысқа бірден қолдау жасап, сол кездегі облыс әкімі Ләззат Қиыновқа мәселені шешуді шұғыл қолға алуға  тапсырма берген болатын.

         Сөйтіп 2003 жылдың 21 наурызында маңғыстаулық көрермен асыға күткен облыстық музыкалық драма театры қазақ сахнасының абызы Асанәлі Әшімов бастаған республиканың көптеген өнер қайраткерлерінің қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Театрдың  екі залының шымылдығы бір мезгілде түріліп, көрермендерге Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» (режиссері Р.Машурова) және Тәкен Әліпбаевтің «Томирис» (режиссері Г.Мирғалиева) туындылары көрсетіліп, бекзат өнермен көзайым еткенін еске ала кетсек артық болмас.

    20 жылдық тарихы бар жас театрдың репертуарын саралайтын болсақ оның әрқилы жанр мен тақырыптардағы қойылымдарды қамтығанын көресіз. Жантөрин театры алғашқы сәттен өзінің сара жолын, алған бағытын айқындап алғандай. Ол – Қазақстан театрлары ішіндегі жас театрлар қатарына жататын, өзіндік ерекшелігін қалыптастырған театр. Ол ерекшелікті репертуар түзуінен, жалпы жанрлық таңдауынан, айрықша ұстанымынан айқын аңғаруға болады. Бастысы Жантөрин театры эксперименталдық спектакльдерге, жанр түрлілігін меңгеруге батыл баратындығын байқатады.

      Уақыт талабына сай бізге сахналық мәнердің жаңа формаларын игеру қажет екені сөзсіз. Қоғам қандай болса, театрдың да соған лайықты түрленіп отыруы заңдылық. Театр бүгінгі қоғам талабына сай болмаған жағдайда оның артта қалып қояры хақ. Жантөрин театрының ұжымы үнемі сахнадан бүгінгі күн мәселелерін көтеретін, қазіргі кезеңдегі, заманауи үлгідегі дүниелерді көрсетуге, жаңаша көзқараста ұсынуға баса назар аударып келеді. Сахналанған қойылымдар қай тақырыпта, қай жанрда болмасын осы күнмен үндестігі – театр қойылымдарының ерекшелігін танытатыны анық. Оған дәлел театрдың шығармашылық дамуындағы қарымды әрі өрелі қызметі.

        Сахналық өнерге енді аяқ басқан жас театр ә дегеннен 2003 жылы Алматы қаласында Н.Сацтың туғанына 100 жыл толуына орай өткен  Республикалық жастар мен балаларға арналған қойылымдар фестиваліне Т.Әліпбаевтің «Томирис» (реж: Г.Мирғалиева) драмасы бойынша қойылған спектаклімен қатысып, «Тұсау кесер» номинациясы бойынша лауреат атанып, театр актрисасы Наремгенова Айгүл «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша марапатталған болатын.

        Сол жылы Орал қаласында  өткен Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған ХІ Республикалық театрлар фестивалінде Б.Беделханұлының «Махамбет» поэтикалық драмасымен өнер көрсетіп, қойылым режиссері Гүлсина Мирғалиева «Режиссерлік ізденісі үшін» номинациясы бойынша лауреат атанды.

        Ізінше қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 38-ші қара сөзінің негізінде қойылған «38 немесе Қарақұрт» атты эклектикалық жанрда режиссер Гүлсина Мирғалиева қойған спектакль театр сыншылары мен өнер қайраткерлерінің жоғары бағаларына ие болды. Осылайша еңбек жолын тегеурінді шығармашылық қарыммен бастаған жас ұжым өздерінің бет-бейнесін, бағытын таныта бастады.

        Театр іргесін қалаудан бастап оған  20 жылға жуық уақыт бойы басшылық еткен белгілі мәдениет қайраткері Нұрнияз Мұханұлының шығармашылық ұжымының бағытын екшеп, дұрыс бағдар берген тұлға болғанын мойындаймыз. Ал Гүлсина Мирғалиева өткен жылдар ішінде театр жұмысын биік белестерге көтерген режиссер. Осы жылдар бойы көркемдік жетекші, бас режиссер болып қызмет етіп, енді міне театр директоры қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Гүлсина Мирғалиеваның көбіне дайын драматургиялық материалдан гөрі, күрделі әрі қызықты прозалық шығармаларды таңдап, инсценировкаға баруының өзін қайраткерге тән батылдық деп қабылдаймыз. Ол Жантөрин театрының репертуарлық саясатын өте сауатты құруымен танылған тұлға. Спектакльдің көркемдік деңгейі тікелей режиссерге байланысты. Тіпті актер мүмкіндігін де режиссердің ашатыны баршамызға белгілі. Бұл театрда қойылған спектакльдерге ортақ тағы бір ерекшелік – ол қойылымның режиссерлік соны шешімде, режиссерлік айрықша пайымда ұсынылуында. Спектакльдерге тән ортақ белгі – сахналық ойды жеткізудің айрықша жанрда, жаңаша стильде, бөлек қалыпта берілуінде. Темпо-ритмі қарқынды дамитын әрекетке құрылуы да спектакльдің ұтымды шығуының дәлелі десе болады. Мәселен, театрдың 20 жылдық тарихында өзінің кәсіби ұстанымы мен шығармашылық әлеуетін нық сеніммен паш етіп келген Г.Мирғалиева өзінің ой-тұжырымын жеткізуде көбіне иллюстрация, коллаж әдісінде, яғни стиль жағынан қарама-қарсы өзгеше режиссуралық шешімде береді. Ол бір туындыда бірнеше шығарманың әралуан элементтерін қолдана отырып шебер үйлестіріп, ұсына алады. Дегенмен Мирғалиева Гүлсина сияқты есімі өнер әлеміне танымал шығармашылық иесінің режиссер – тұлға ретінде жұмыстарына баға берумен қатар шығармашылық жан-дүниесін ұғу оңайға соқпайды. Осы жолы режиссураның хас шеберінің шығармашылық сапасына талдау жасауға қадам басып, оның өнердегі тағдырына тереңдей түскіміз келді.

       Ол қазақтан шыққан әйел режиссерлердің бірегейі. Жұмат Шанин, Асқар Тоқпанов, Жақып Омаров, Маман Байсеркеұлы, Әзірбайжан Мәмбетов сынды майталман режиссерлердің ізін қуған, осы топтың кәсібилігі деңгейінде жауап бере алатындай шеберлігі бар, ер мінезді, батылдығы басым режиссер екендігіне ешкім шүбә келтірмес. Бұл – тегеурінді Маман Байсеркеұлы мектебі, Маман аға дәрісі арқылы бойға сіңірген. Ұлағатты ұстаздан еншілеген байлығы – таза тағылымы, берік ұстанымы мен қасиетті қағидасы.

       Бұл өнер ордасында актерлер ойынындағы бүкіл процесті, әсіресе физикалық және психологиялық пластиканы меңгеруіне көңіл бөлінеді. Қойылымдарда ансамбльдік кернеуі мықты сақталады. Актерлік шеберлікке жіті мән беріледі.

         Бұған дейін бұл театр ұжымының шығармашылығы хақында көптеген жұмыстар жарияланып келді. Осы жолы ұжымның соңғы бес жыл бойындағы шығармашылығына талдау жасап көретін болсақ 2019 жылдың ақпан айында режиссер Г.Мирғалиева австриялық белгілі жазушы Стефан Цвейгтің «Қорқыныш» («Страх») новелласының негізінде «Сатқындық» («Измена») деген атпен орыс тіліндегі сахналық нұсқасын көрермен назарына ұсынды. Қойылымда автордың әлемге кең тараған шығармасының біріндегі ерлі-зайыптылар арасындағы сатқындық тақырыбы көтеріледі. Цвейг адамның ішкі жан-дүниесіндегі қалтарысты өз басыңнан өткергендей күй кешкізуге шебер жазушы. Мұнда табысты, беделді адвокатқа күйеуге шығып, екі балалы болған, өмірде өз орнын тапқан жас әйелдің басынан кешкен әсерлі оқиғасы бейнеленеді. Бірқалыпты, шалқып өмір сүруден мезі болған әйелдің өз басына тілеп алған қорқыныш, мазасыздық, белгісіздіктің үрейіне тұншыққан сезім пернелері ашылады. Ішкі иірімдерімен еліктіріп әкететін қойылымда өзінің бірқалыпты өмірінің бір мезетте қорқыныш, үрейге айналғандағы әйелдің драматизмге толы күйі, содан шығар жол табудағы сезім арпалысының куәсі боласың. Иренаның өне бойын қорқыныш пен үрей билеп алған. Біртіндеп оның осындай халін, жай-күйін өз басыңнан өтіп жатқандай сезіне бастайсың.

       Ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас, отбасында кездесетін сатқындық, опасыздық, сенімсіздік, сыр-құпияның ашылу қаупі, қорқыныш – бәрі де өмірде кездесетін жайттар. Күйеуінің аялы алақанында еркелігін көтере алмаған әйел бейнесін театрымыздың орыс тілді көрермендерінің талғамына сай өнер көрсетіп жүрген актриса Федоренко Марина өте сәтті сомдап шықты. Моноспектакль жанрының қиындығына қарамастан актриса осындай күйді басынан кешкен әйелдің ішкі  жан дүниесін сезіндіретін оқиғаны көрерменге ұғынықты, шынайы етіп жеткізіп береді.

        Прозаны драмаға бейімдеп, инсценировкасын жасаған да актриса М.Федоренконың өзі Цвейгтің әйел психологиясын терең сезініп, өте жақсы білетіндігін алға тартып, ашып берді. Сондықтан болар оның моноспектакльдегі әйел бейнесі нанымды жасалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген рольдерінің біріне айналды.

    Осы жылдың 10 наурызында театрда Г.Гориннің «Геростратты ұмыту» атты пьесасы Қ.Төлеуішовтің аудармасымен «Атың өшсін,...» деген атпен қойылды. Спектакль театр актерлерінің грим бөлмесінен басталады. Сахнадағы тор – актерлер ойынына қолайлы ойластырылып, бірнеше роль атқарып тұрады. Қойылымда танымал болуға асыққан Геростраттың есімі аталмайды. Герострат образын жасаған актер Тілеу Тоқтамұрат спектакль басынан аяғына дейін темпо-ритм қарқынын ұстап тұрады. Спектакльдегі мизансценалар даңққа ұмтылған басты кейіпкердің іс-әрекеті арқылы мән-мағынамен түзілген.

"Атың өшсін,..." спектаклі

        Қойылымдағы кейіпкер Крисипп – ерекше жасалған, өте қызықты типаж болып есте қалды. Актер Бекен Еркебұланның кейіптеуіндегі Крисиптің әр қимылы, іс әрекеті, сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, гримі мен киім үлгісі – бәрі де образды ашуға бағытталған және орынды табылған әдіс-тәсілдермен көмкеріліпті. «Атың шықпаса жер өрте», - деген сөздің де осы кейіпкер аузымен айтылуы бекер емес-ті.

        Спектакльдің бүгінгі күнмен байланысын актер Рамазан Ақтаев Тиссаферн образы арқылы әдемі жеткізеді. Хайре сөзіне мән берер болсақ, ешқашан өзінің өзектілігін жоймайтын атақ, даңқ мәселесі алға тартылған. Рамазан – Тиссаферн Клементинаның сатқындығы мен опасыздығын білген сахнадағы әсерлі ойынымен есте қалды.

        Мұнда режиссер Г.Мирғалиева тарапынан шығармадан қарқынды әрекетке құрылған дүние жасауға деген ұмтылысы өте ұтымды жасалды. Гротеск элементтері де байқалады. Яғни, комедиялық әдісті тарихқа жақындату, өткен мен бүгінді шендестіру арқылы жеткізуге талпынған. Оған спектакльдегі кеше мен бүгіннің өріле дамуы дәлел. Бейнені ашуда шарттылыққа, асыра сілтеу мен карикатураға сүйене отырып, спектакльге сатиралық екпін түсірілген. Мұны спектакльді трагифарс жанрында белгілеуі айқындай түскен.

        Мектеп кезеңі – ең ғажап шақ. Алғашқы ғашықтық сезімі де  мектеп қабырғасында жүргенде оянады. Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» атты комедиясы бізді сол бір албырт шаққа, алғашқы вальс пен сол кезде бастан кешкен мұңаю мен қуану сияқты естен кетпес нәзік сезімдерге қайта оралтады. Махаббат сезімін бастан кешкен жасөспірімнің қуанышы мен шаттығын, мұңы мен сырын ашатын спектакль Жантөрин театрының сахнасында Г.Мирғалиеваның режиссурасымен 2019 жылдың көктемінде көрерменге ұсынылды. Мұнда адамға ерекше нұр сыйлайтын құштарлық секілді ізгі сезімдер бар. Бозбаланың ғашық жүрегіне жыр болып құйылған қызықты да құпиялы махаббаттың таусылмас сырлы шежіресі күлкіге кенелтетін шытырман оқиғаға ұласады. Пәк сезімді, мектеп өміріндегі риясыз махаббатты оятатын ғаламат күшті күлкілі жағдайлар мен жеңіл әзіл арқылы көрсететін қойылым оқиғасы сол бір балауса шақты еріксіз еске түсіреді. Алғашқы сезім, алғашқы махаббат қана адам жүрегінде мәңгі сақталары шындық.

"Алғашқы махаббат" спектаклі

     Режиссер сахнадағы махаббат атмосферасына көңіл аударуымен қоса, көрерменге сол шаққа саяхат жасауына мүмкіндік береді. Оқиға тізбегінде талас-тартысы мен шиеленіске құрылған философиялық дүниені қоюмен салыстырғанда, құрылымы жағынан жеңіл комедия жанрындағы шығарманы қоюдың өз алдына қиындықтары бар. Сахнада суреттелген махаббат оқиғасын кеңейте отырып, режиссер көріністерді өзінің ой-тұжырымы бойынша көңіл көтеретін би сахналарымен толықтырады. Жалпы бұл жастарға арналған қойылым болғаннан кейін негізгі екпін жастарға қойылған. Спектакль темпо-ритмі өте қарқынды дамиды. Қойылымның ұтымды жағы, режиссер комедияны толассыз әрекетке, тартымды билерге құруы сәтті шықты.

        Осы жылы сахналанған Г.Мирғалиеваның тағы бір күрделі қойылымы Әбіш Кекілбайұлының «Күй» повесі және «Аңыздың ақыры» романының желісімен жасалды. Спектакльдің премьерасы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған І халықаралық «Әбіш әлемі» театр фестивалінде алғаш көрсетілген болатын. Қойылымда ұлы мәртебелі өнердің адам санасын оята алатын құдіреті, оның көзқарасын өзгерте алатын күш-қуаты ашылады. Оқиға ықылым замандардан Маңғыстау өлкесін мекен еткен көршілес екі ел арасындағы өзара өшпенділік, дау мен кекшілдікті баяндайтын аңыз аясында өрбиді. Жауласқан екі елдің арасында зорлық-зомбылық дәуірлеген заманда қатігездіктің қара тасын жарып шыққан өнер гүлдерінің сұлулығы мен сыршылдығы, нәзіктігі мен өміршеңдігі, мейірімділігі мен қайсарлығы жан-жүректі еріксіз баурап, адамгершілікті әлемге жол нұсқайтын спектакль.

        Қойылым иллюстрация жанрында ұсынылды. Басты кейіпкердің бірі, қолбасшы Әмір Темірді актер Рамазан Ақтаев сәтті сомдап шықты. Ол жасаған образ кенеп тоқығандай материалдан құрастырумен өнер сұлулығын тудырған бейне болды. Рамазан Ақтаевтың рольді дамыту логикасы оның кейіпкерінің мінезін толық ашып берді. Актер өз жұмыстарында образ жасаудағы жолын көбінесе сыртқы сипатынан бастайды. Рамазан театрдағы психологиялық бағыттағы актерлердің көшбасшысы. Ол әртүрлі тарихи дәуірлердегі кейіпкерлерге өз болмысын, өзіндік ақыл-ойын, актерлік техникасын шебер сала білетін сахнагер. Оның өзіндік образ трактовкасы бар. «Күй» Әбіш Кекілбайұлы шығармаларына негізделе отырып, сәтті жасалған спектакльдердің бірі болып қала бермек.

        Ұлы Отан соғысы кезіндегі ел басына түскен ащы шындықты шынайы қалпында жайып салған Ә.Кекілбайұлының «Бір шөкім бұлт» хикаяты негізінде қойылған моноспектакльдің эпикалық танымы тіпті өзгеше. Соғыс, дала, мал баққан үйлер, соғыс зардабынан ерлерінен айырылған, бірі әкесі мен баласын соғысқа берген жесір әйелдер тағдыры. Солардың басына түскен қайғының қара бұлты. Бәрі де көрерменін тебірентпей қоймайды. Осындай қиындыққа жасымаған рухы биік, ары таза қазақ әйелі Аққаймақтың ер тұлғалы бейнесін танытады.

"Бір шөкім бұлт" спектаклі

        Спектакльде Айнұр Әбенова және Сағадат Сейтқожаева жасаған образға келсек, екі актрисаның да түр-тұлғасы, бет-әлпеті, даусы да кейіпкер бейнесіне жарасымды, үйлесімді болып тұр. Актрисалардың бейне жасауға деген ұмтылысын, моноспектакль сынды қиын жанрды меңгерудегі талпынысын қолдаймыз.

         Чехов драматург ретінде сол замандағы водевильді өзгертіп, драманың жаңа түрін жасаған жазушы. Водевиль – Чеховтың драматургиялық шығармашылығының ажырамас бөлігі. Оның водевильдерінің ерекшелігі – олардың оқиғасы дамып жатқан әрекетке емес, керісінше, кейіпкерлер жиналған әрекетке негізделмеуінде. Осындай драмалық әрекеттің түрленуін біз оның «Мерейтой» («Юбилей») және «Ұсыныс» («Предложение») атты водевильдерінен жасалған «Тамаша адамдар» («Чудесные люди») атты спектаклінен көре аламыз.

"Тамаша адамдар" спекаклі

        Режиссер Г.Мирғалиева жұмысындағы Чеховтың әзіл-қалжың, мінез-құлыққа құрылған комедияларында әзіл де, мысқыл да, сарказм да бар. Спектакльде водевильдің және абсурдистік балаганның элементтері бар. Өйткені мұнда актерлік ойынның асыра сілтеушілік мәнері байқалады. Қойылымда Чехов атмосферасын жасауға деген талпыныс байқалып тұр. Актерлік ойын, режиссерлік мизансценалар, костюмдер, грим, дыбыс эффектілері мен музыка арқылы Чехов кейіпкерлерінің әлемі жасалды. Чехов мысал келтіру арқылы ешкімді үйретіп, ешкімге ақыл айтпайды. Оның шығармаларында өсиет, өнеге де жоқ. Чеховта тек адамдар ғана бар. Сондықтан бұл комедиясында Чехов тақырыптарының өзектілігі сақталған. Спектакльде өмір шынайылығы айқын, боямасыз бейнеленеді.

        Сүндет Сәрсеннің орындауындағы Чубуков болашақ күйеу баласы мен қызының арасында туындаған дауды тоқтатудың орнына отқа май құйып, жағдайды одан әрі ушықтырып жібереді. Актер ойыны кейіпкерінің мінезін дөп басып көрсетуімен қызықты болды.

       Мерчуткинаның бейнесі жойып жіберетіндей жойқын күш пен ақымақтықтың символы іспеттес. Ол ашуланшақ, сыртқы әлемге кері әсер ететін асау мінезді әйел. Ақымақ бола тұра Мерчуткина өз мақсатына жету жолында қайтпас қайсар мінез таныта білетін адам. Қайрат Еркебаев әйел ролінде ойнауға батылдық танытып, өз кейіпкеріне тән мінез ерекшелігін жақсы ұғынған. «Чудесные люди» комедиясы өз көрермені бар, театрдағы үлкен сұранысқа ие спектакльге айналды.

     Театр тарихында ерекше есте қалған 18-ші театр маусымы 2020 жылдың қараша айында ашылды. Тұтастай әлемді жайлап, ел басына түскен нәубеттің  кесірінен ұзақ уақыт бойы көрерменнен қол үзгелі бері заманауи бағытты ұстанып, жаңа формат – қашықтан жүздесіп, экран арқылы дидарласудың мүмкіндіктерін де меңгердік. Өрелі көрерменге есігімізді айқара ашып, киелі сахна төрінде кездесудің де сәті түсті. Десек те, ұзақ үзілістен кейін жаңа театр маусымында көрісуді театр ұжымы да, патша көңіл көрермен де асыға күтіп, үлкен сағынышпен жетті.

       Осы маусымдағы алғашқы премьера да көрерменін көп күттірмей қарашаның 13 жұлдызында тұсаукесері өтті. Премьералық қойылымның авторы испан драматургы Феликс Лопе де Вега Карпио Шекспирдің замандасы болған. Лопе де Вега әртүрлі жанрда қалам тербеген жазушы. Оның поэзия мен драматургиядағы дарыны жастайынан айқындала бастап, 11 жасынан бері 2000-дай пьеса жазған драматург. «Шөп қорыған ит» комедиясын 1949 жылы Қ.Тоғызақов қазақ тіліне аударып, пьеса 1961 жылы Қазақ академиялық драма театрында «Қызғаныштан махаббат» деген атпен қойылған еді.

"Шөп қорыған ит" спектаклі

     Жантөриндіктердің қойылымындағы өзіне, не өзгеге қимайтын қызғаншақ әйел, шөп қорыған ит – ол басты кейіпкер Диана. Қосалқы рольдердегі актерлердің ойынындағы асыра сілтеу – водевиль мюзиклінің аясында дамиды. Актерлер  жасаған асыра сілтеу образды тамаша аша түскен. Пьеса режиссер оқылымында өзгеше шықты. Спектакльдің музыкалық шешілуі – театрдың бағытын бағдарлайтын репертуарға лайықты болды.

        Басты кейіпкер графиня Диана роліндегі актриса Алия Бисенбиева ойынында бейне аясын ашатын ой да, болмыс та, тәкаппар әйелге тән мінез де, ерекше шарм мен грация да бар. Бастысы, сахнада ең қажетті партнерлік қабысу мен серіктесін сезіну бар.

        Еркебұлан Бекен ойнаған Теодоро ролінің өсу, өзгеру деңгейі қарқынды дамиды. Актерде қызуқандылық бар. Теодороның: «Махаббат та тең адамды талғайды», деген сөздері спектакльдің негізгі ойын айқындай түсетін тұжырым.  Актердің нақ осы сөздерді айрықша екпінмен, нақышына келтіре айтуды талап етеді. Еркебұлан Бекен өз шығармашылығына үлкен жауапкершілікпен қарайтын актер. Үнемі еңбектеніп, ізденіс үстінде жүреді. Спектакльдің көркемдік деңгейі, тұтастығы маңызды деп жатамыз, алайда спектакль актердің шебер ойынымен құнды. Алғашқы премьерадан бастап Теодоро ролінде ойнап жүрген Еркебұлан Бекеннің жасаған образы айтуға тұрарлық деңгейде болды. Актер ойынында партнерлік сезіну болғандықтан, сахнадан махаббатты, актерлік шебер ойынды көрдік.

        Тристан ролі «Тарантелла» әуеніне салынған жанды дауыста орындалатын әнге қойылған. Сүндет Сәрсен еркін ойнайды. Оның ойынында спектакль жанрына лайықты жеңіл комедиялық импровизация, тапқырлық бар. Ал екінші құрамдағы актер Бағлан Игдирбайдың әні мен биі көңілді әрі жеңіл орындау болды.

        Пьесадағы Марсела мен спектакльдегі Марсела арасында айырмашылық көп. Пьесадағы Марселаны аяйсың, ол өте мұңды кейіпкер. Спектакльде Марселаны ойнаған актриса Лашын Жұмақан оны қызуқанды, өз махаббаты үшін күресе білетін, мақсатына берік, қайсар қыз етіп көрсетіп, қойылым темпо-ритміне қарқын қосуымен тартымды болып шыққан.

        Граф Лудовико роліндегі Айдос Тастаев пен қызметшісі Камилоның роліндегі Азамат Жарылқасын екеуі әдемі тандем құрды. Актер Айдос сахнада өзін еркін сезінеді, өзінің мақсаты, ойы бар ойынымен тәнті етті.

         Рэп бағытындағы мәнерді ұстанған Маркиз Рикардо бейнесі спектакльге заманауи үн берудің айқын көрінісі. Бұл рольдегі Наурызбек Құдайбергенов және Нұрлыбек Жұмабаев, екі актер де өз образын ашуда бар шеберлігін ортаға салды. Жантілеу Бақтияров ойынындағы Федерико жігерсіз, ұяң мінезді графты көрсеткен болса, ішкі мәдениеті қалыптасқан, өз роліне үлкен дайындықпен келетін актер Рамазан Ақтаев граф Федерико бейнесін жасауда итальян тілінде ән айтуы кейіпкердің паң, кербез мінез ерекшелігін аша түсетін орынды табылған әдіс болды. Мажордомы Отавьо бейнесін жасаған актер Ақылбек Мысабаев ролінің шеңбері айқын. Спектакльдің негізгі идеясын түсініп, комедиялық реңк берудегі мақсаты нақты екендігін байқатты.

     Шебер қолданылған импровизациясымен қызықтырып, спектакльдің негізгі идеясын түсініп, мақсаты айқын образдың бірі Қайрат Еркебаев жасаған Фабьо – қойылымға жеңіл комедиялық бояу берудегі орынды табылған әдіс-тәсәлдерімен спектакльге өз үлесін қосты.

   Спектакльдегі әндер де оқиғаға лайықты атмосфера беріп тұр. Қойылымның пластикалық шешімі, декорациясы, киім үлгілері де заманауи бағытта шешілгені ұтымды жасалған көркемдік идеяны ашып тұрған дүниелер болып табылады. Серік Сариевтің хореографиялық шешімдері, жанды дауыстағы әндер, ансамбльдің түзілуі қойылымның тартымдылығын арттыра түскен. Режиссерлік шешімдерді әрекетпен, символикамен көрсетуде көркем әдістер қолданылады. Осындай интерпретацияда ұсынылған қойылымды көрермен өте жақсы қабылдады. Спектакль репертуарға жетпей тұрған музыкалық жанрмен толықты.

    Премьерасы 2020 жылы өткен М.Мағауиннің «Әйел махаббаты» атты әңгімесі бойынша қойылған спектакльді алғаш көргенде бірден баурап алмағаны рас. Бұл шығарма жалпы қазақ театр кеңістігінде жаңа, тың дүние екендігін ескерген жөн. Әлия Исаева қазақ сахна өнерінің айдынына енді қосылған жас режиссер. Оның М.Мағауиндей алып жазушының шығармасына бет бұрып, прозалық шығармадан сахналық нұсқасын жасауын құптаймыз. Ә.Исаеваның спектакль инсценировкасын да өзі жасауы зор жетістік, мол тәжірибе. Көрермен залындағы атмосфераға қарап, спектакльді жастар өте жақсы қабылдағанын көрдік. Ал М.Мағауин әңгімесін оқығандағы әсер мен қойылымды көргеннен кейінгі әсерді салыстыратын болсақ, спектакль мүлдем басқаша сезімдер туғызды. Маған жетіспегені – басты кейіпкерлер Төлеген мен Зия арасындағы шынайы махаббат, аяушылық, өкініш сезімдері. Дегенмен менің өзіндік қабылдауымды кемшілік деп санамаған жөн. Спектакльдің бағасын көрерменнің қошеметінен байқадық. Режиссердің шығарманы өзіндік оқылымын қадағалар болсақ көзге ілігер ұтымды тұстары бар. Спектакльдің пластикалық шешімі бойынша кейіпкерлердің мінез ерекшелігі мен өзара қарым-қатынасын көрсету үшін табылған сахнадағы жоғарыдан төмен қарай алып жатқан ақ ленталардың атқарар ролі үлкен. Бұл басты кейіпкер Зия роліндегі Ұлдана Құдайбергенованың махаббатынан айырылғандағы ішкі арпалысын, жан қиналысын көрсетудегі көркем режиссерлік шешімі. Сахнаның дәл ортасына орналасқан конструкция бірнеше роль атқарып тұр. Бұл да режиссер мен суретшінің ұтымды табылған шешімдерінің бірі десек болады. Мизансценалары режиссердің ой-тұжырымын айқындап тұрғаны байқалды.

       Барлық актерлердің атын атап өтуге тұратындай образдар жасалды. Жас актерлердің еңбегі көрінді. Басты кейіпкер Төлеген роліндегі құлаққа жағымды даусымен ерекшеленген актер Нұржан Қасымов пен екінші құрамдағы актер Нұрсұлтан Жексембаев басты кейіпкер Төлегеннің жан-дүниесін ашуға, көңіл-күй тебіренісін беруге тырысты. Әсіресе сүйіктісі Зияға арнап жазған хатын оқу сахнасы сәтті шықты. Зия ролінде ойнаған актриса Ұлдана Құдайбергенованың бұл жұмысын табысты шыққан рольдерінің бірі деген дұрыс. Ол сахнада кейіпкерінің сезімін көрерменге қажетті деңгейде жеткізіп, спектакль бойына шеберлігі мен күш-жігерін салғаны көрініп тұр.

        Сахналық костюм суретшісі Мадина Қосмағанбетованың жұмысы да қойылым атмосферасына лайықты, кейіпкерлердің мінез ерекшеліктерін айқындауға бағытталыпты. Қойылым финалындағы Зияның костюмі кейіпкер мінезін ашатын есте қаларлықтай жарқын түсте шешілуі де эстетикалық айрықша әсер беріп тұр.

   Спектакльдің музыкалық көркемделуі ерекше атап айтуды талап етеді. Өйткені, бұл қойылымда орындалған әндер театрдың дыбыс беру цехының меңгерушісі Қайрат Ақтаевтың осы спектакльге арнайы жазған музыкалық туындылары болып табылады. Театр актерлері Н.Қасымов, Н.Жексембаев, Ұ.Құдайбергенованың орындауындағы жан тебірентер әндер спектакльдің жастар арасындағы айрықша ықыласы мен жақсы қабылдауының дәлелі болды. Арнайы шығарылған әндер спектакльдің ұтымды тұсын, эмоционалдық қабылдауы  мен өзгешелігін арттыра түскені анық.

    Абайды жаңаша тануға деген ұмтылыс жылдар бойы ұлғаймаса кеміген емес. Жантөрин театры ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында театрдың арнайы тапсырысы бойынша жазылған ҚР Мемлекеттік  сыйлығының иегері, белгілі ақын Есенғали Раушановтың «Құнанбай мен Абай» пьесасын сахналады. Өздеріңіз білетіндей М.Әуезовтей сөз зергерінің «Абай жолы» роман-эпопеясының кеңес цензурасына ілігіп, сынға түсіп, кеңінен талқыланып, кеңес идеологиясын насихаттамады деген айып тағылумен көп жері қысқарды, өзгерді. Құнанбаймен қоса тағы бірқатар кейіпкерлердің образы бұрмаланып, қасақана өзгеріске ұшырағаны баршамызға аян. Сондықтан бүгінгі таңда театрдың Құнанбай бейнесіне, Абай екеуінің арасындағы қарым-қатынасына деген көзқарасы, режиссерлік трактовкасы өзгеше, шынайылыққа жақындатылуы құптарлық жайт деп есептейміз. Қойылымда ел басқарған Құнанбай мен ақын Абай арасындағы бұл дүниеде  ашылмаған қарым-қатынастың қатпарлары ашылып, айтылмаған  сырлары айтылады.

"Құнанбай мен Абай" спектаклі

       Байыппен басталатын спектакль байсалды, ұстамды ойынмен жалғасады. Хор, актерлердің сахнадағы жүріс-тұрысы, мизансценалар – бәрі де бір жүйені, бір темпті құрап тұр. Спектакльдегі басты кейіпкерлердің сайлау, ел билеу сынды мәселелер төңірегінде қозғаған ойлары бүгінгі таңда да өзінің өзектілігін жоймағаны, әлі де көкейкесті екендігін ұғындырады.

      Сырласу жанрындағы қойылымда Абай образын театр актерлері Сүндет Сәрсен және Абзал Ратбек сомдады. Екі актер де Құнанбай мен Абай арасындағы қарым-қатынасына деген өзіндік көзқарасын тереңінен жеткізуге тырысады. Актер Абзал Ратбек қазақ халқының ой-өріс биігінен дараланған білімді, зиялы Абай – тұлға қырынан көрсетеді. Абзал Абай әлеміне өз дүниетанымымен, айрықша болмысымен барған. Актер жүректен шыққан, ешкімге ұқсамайтын бейне жасап, өзінше бөлек ой түйеді. Абайдың даналық мұрасын, әкесі Құнанбаймен тіл табысу тұстарын ұрпаққа зор мағынаға толы күйінде жетуіне үлес қосуымен бағалы.

        Станиславский ілімімен айтқанда, кейіпкер әлеміне актер өзінің сезім дүниесімен, өзіндік болмысымен баруы қажет. Актер әдеттегі өз қалпына ұқсамаған кезде, құбыла түскенде, жүректен шығарғанда ғана ол ешкімге ұқсамайтын бейне жасайды. Сол іспетті актер Медғат Өмірәлиев те режиссер түйіндеуінен бөлек өзіндік парасат-парқымен келетін интеллектуалды актер.

        Спектакль режиссері Г.Мирғалиеваның пайымдауы бойынша Құнанбайдың ағаш отырғызу сахнасы терең ойға бағытталған мән-мағынасы терең көрініс. Оны әркім өзінше топшылауы мүмкін. Мұны режиссер тарапынан табылған ұтымды шешімдердің бірі деуге болады. Абайды соққыға жығатын сахна спектакльге ерекше әсер беріп, кейіннен оны қолдаушы халықтың Абаймен сахна ортасындағы ойлы мизансценаға ұласуы да режиссер тарапынан табылған сәтті тұжырымының бірі. Сырласу жанрындағы қойылымның өне бойынан қоюшы режиссері Г.Мирғалиеваның өзіне тән жаңашылдығы көрінеді. Абайдың даналық мұрасы ұрпақтан ұрпаққа сырға толы күйінде жалғаса бермек. Осылайша, Жантөрин театры Абай жылының қорытындысында көрерменге тың тынысты, терең ойлы, көркем  кескінді сахналық туындысын тарту ете отырып, өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты.

    Азаптан құтылудың дара жолы өлім деп түйген, басқа амалы қалмаған жанның күйін көрсететін А.Островскийдің «Найзағай» атты классикалық шығармасы бойынша қойылған осы аттас спектаклі «Найзағайдан» жасырынатын жері қалмаған кейіпкер образының сырларын ашады. Спектакль басталысымен жан азабына ұшыраған әйелді көреміз. Қойылым компоненттері – музыкасы, декорациясы, жарық беру бәрі де режиссердің ойын ашуға бағытталған. Бұл жас режиссер Дина Жұмабаеваның режиссурасымен театрымызға енген жаңа леп, өте әсерлі, ойлы, тың формада ұсынылған спектакль болды.

"Найзағай" спектаклі

        «Найзағай» – еркіндікті аңсап, бостандыққа ұмтылу мен қорлыққа төзе алмаушылық һақында. Кейбір жандар ақиқаттан безінудің жалғыз жолы өлім деп түйеді. Демек, қорлықтан құтылудың басқа амалы қалмады. «Найзағайдан» жасырынатын жер жоқ.

     Оқиға көне қаланың өміріне негізделген. Спектакльден біз қатал өмір салтын ұстанған қала тұрғындарының әдет-ғұрыптары мен заңдары туралы білеміз. Оқиға заңсыздық пен озбырлыққа негізделген ережелерді ұстанатын Кабановтардың отбасы төңірегінде өрбиді. Осы отбасының өмір салты арқылы қазіргі таңда да кездесетін адам өміріндегі қаталдықты көресің.

        Островский мәңгілік типаждарды шебер жасайтын жазушы. Автор бізге өміріміз, эмоцияларымыз, қайғы-қасіретіміз бен проблемаларымыз туралы айтқысы келді. Бірнеше ғасыр өтсе де мұндай маңызды тақырыптардың әлі де барын түсінесің. Біздің ортақ тұстарымыз болғанымен әр адам басына төнген проблемаларды өне бойынан өткізу арқылы қабылдайды, болмаса оларды айналып өтуге тырысады. Осылайша Екатеринаның мысалы арқылы біз бойымыздағы қарсылықты сезінеміз. Басты кейіпкерді мысалға келтіре отырып, автор өтірік айтудың ауырлығы мен ащы екендігін көрсетеді. Катерина өзін махаббат үшін емес, өтірігі үшін кінәлайды. Әбден жүйкесі тозып, өзін жегідей жеген ол өз өмірін ғана емес, күйеуінің де өмірін құрдымға кетіреді. Мұны оның іс-әрекетінен емес, сатқындықтан кейінгі салдар нәтижесінде көреміз.

       Спектакльде актриса Ұлдана Құдайбергенова Катеринаның уайым-қайғысы мен жан-дүниесіндегі күйзелісті асқан сезімталдықпен жеткізеді. Адамдарды құрдымға кетіретін махаббат емес, өтірік екендігін ұғындырады. Актриса Катеринаның бостандыққа ұмтылатындығын, еркіндікті сүйетіндігін, табиғаттың сұлулығына құмарлығын, ешқандай қорлық-зорлыққа көнбейтін қайсар мінезін көрсетуге тырысты. Оның Катеринасы іштей терең, сырттай сұлу, мінезі сабырлы, қимыл-қозғалыстары сыпайы да, сараң. Оның өткір және ойлы көзқарастарынан, нәзік түр-тұрпатынан ақыл-парасаты, адамгершілігі, рухани байлығы өзгеше көзге түседі. Катеринаның еркіндікке құмар болмысын актриса психологиялық шындықпен ашып береді.

        Катеринаның жұбайы Тихон жүрегі жұмсақ мейірімді болғанымен, өзінің ерік-жігерінен мүлдем айырылған адам. Анасы оған ойына келгенін жасайды. Ол өз әйелін қатты сүйеді. Анасы үйреткендей онымен дөрекі, қатал бола алмайды. Тихон Бористей арсыз адаммен салыстырғанда әлдеқайда ақылды әрі адамгершілігі бар жігіт. Катерина Тихонды аяйды. Актер Абзал Ратбек басты рольдердің бірі Кабанов Тихонның бейнесін бірегейлігін арттыруымен көрсете алды десек артық айтпағанымыз. Қатаң әдет-ғұрыптар, заңдар, ережелерге төтеп беруде, махаббаты жолында құрбан болған Тихон – Абзал бүкіл спектакль бойындағы қайшылықтарды трагедиялық желіде жеткізуде жеңіске жетті деп қабылдауға болады. 2021 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры ұйымдастырып, өткізген ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Әшірбек Сығай атындағы «Сын – Шын болсын...» атты республикалық театр фестивалінде А.Островскийдің «Найзағай» спектакліндегі Тихон ролі үшін Абзал Ратбек «Үздік актер» номинациясымен марапатталды.

        Кабанова сияқты озбыр, қатал, рақымсыз әрі өте дөрекі әйелдің ролінде актриса Майра Бақбердиева ойнайды. Кабаниханың пікірінше әйелі күйеуіне бағынып, аяғына жығылып, оның бұйрықтарын бұлжытпай орындап, алдап, одан өз ойлары мен сезімін жасыруға міндетті. М.Бақбердиева сұсты бет-әлпетімен, зілді сөздерімен, өткір көзқарасымен баласының бойындағы ерік-жігерді басып-жаншып тастауын көрерменге әдемі жеткізіп береді.

           Режиссер спектакльдегі сахналарды әсерлі жеткізу үшін ортада орналастырылған бассейнді қолданады. Дина Жұмабаеваның ой-тұжырымындағы су арқылы шешілген спектакль Жантөрин театрының репертуарына тіпті ерекше сүрлеуімен, жаңаша лебімен, режиссерлік тың шешімдерімен қойылған драмасы найзағайша жарқ етіп енді.

"Бернарда Альбаның үйі" спектаклі

           Испан драматургы Федерико Гарсиа Лорканың пьесасы желісімен қойылған «Бернарда Альбаның үйі» - бұл алғаш көргенде түсінбей, ойыңды жинақтай алмай дал қылатын спектакль. Алайда уақыт өте спектакльді қайталап көрген сайын оның өн бойындағы сырды, құпияны ұққандай, ол саған керемет әсер сыйлап, көргің келе беретін жағдайға тап боласың. Әр көрген сайын сені мұхит түбінде жатқан маржандай тарта түседі. Өзінің тереңде жатқан құпия сырын енді ғана аңғартқандай бір ерекше күйге бөлейді. Осы сәтте қойылым режиссері Сергей Потаповтың асқан шеберлігін, қарым-қабілетін байқайсың. Бір қарағанда ауыр әрі түсініксіз спектакль сені өзіне тарта бастайтын ғаламдық қасиеті барын ұққандай боласың. 13 саны төңірегіндегі тылсым сиқырға толы 13 әйел кейіпкері бар спектакльдегі ансамбль кернеуі мықты. 2022 жылы сәуір айында Ақтөбе қаласында өткен Халықаралық V «BALAUSA» эксперименталды қойылымдар фестивалінде театр актрисасы Алия Бисенбиева Бернарда ролі үшін «Үздік әйел адам ролі» номинациясымен марапатталған болатын. Сөзсіз бұл драма Жантөрин театрының биік деңгейлі дүниесінің бірегейі болып қалмақ.

          Қазақ балалар әдебиетінің озық туындыларының бірі саналатын «Менің атым – Қожа» повесі 1957 жылы жазылып, 1963 жылы «Қазақфильм» студиясы осы кітап бойынша жазылған киносценарийді экранға шығарды. Театрымыздың сахнасына шыққан спектакльді «Балалар жылында» жас көрермендерге ұсынылған құнды дүние деп білеміз.

        Батыстың дүниелеріне мойын бұрып бара жатқан заманда балаларымызды қазақ кейіпкерлерімен қызықтыру басты мақсат болды. Бұл жас ұрпақты өзін-өзі тануға, бағалай білуге, ақыл мен адамгершілікке баулитын спектакль. Бала өміріндегі қуанышты сәттерге қуануды, барды қанағат тұтуды түсінеді. Бақытты болудың, өмірдің әр сәтін қадірлей білудің мәнін түсіндіреді. Жақсы мен жаманды ажырата білуге, кейіпкерлер бойындағы жақсы қасиеттерді үлгі етуге үндейді. Балаға өз өміріне сын көзбен қарауға, өзгенің пікірін тыңдап, оған өз көзқарасын қосуға, шыншылдыққа, әділдікке үйретеді. Жан дүниесін тәрбиелейді. Балалық шақ – бақытты сәт, бақытты күндер ұғымын кеңейтеді, барлық бала бақытты болуға лайықты екеніне көз жеткізетін туынды. Қазақ баласын ұлттық рухта тәрбиелейтін шығармалардың орны ерекше. Спектакльден классикалық шығарманың өзгеше оқылымын көрдік. Классика болса да, өзіндік жаңашылдығын аңғардық. Қойылым режиссері Фархад Молдағалидің ерекше интерпретациясы, айрықша трактовкасы көрініп тұр. Спектакльдің көркемдік тұтастығы, көркемдік сапасы жоғары.

"Менің атым Қожа" спектаклі

        Актердің ойынынан бала жанын терең зерттеу байқалуы тиіс. Жасандылықтан аулақ нанымды, шынайы кейіптеу болуы керек. Қожа роліндегі Еркебұлан Бекен ойынынан бала мінезін табу жолында көп ізденгені көрінеді. Нәтижеге қол жеткізу үшін образбен егжей-тегжейлі жұмыс жасаған.

        Спектакльде ойнаған басқа актерлер Жанар роліндегі Мәншүк Жайлыбаеваның, Миллат роліндегі Майра Бақбердиеваның, Қаратай роліндегі Медғат Өмірәлиевтің, Майқанова роліндегі Жазира Жексембаеваның, әжесі – Анар Бейсенбинаның, Әубәкір қария – Айдос Тастаевтың, Жантас – Ақылбек Мысабаевтың роль шығарудағы, бейне жасаудағы жетістіктерін атауға тұрарлық ойын болды.  2022 жылы Театр Сыншылары Бірлестігінің жүлдесімен осы қойылымдағы Миллат ролі үшін театр актрисасы Майра Бақбердиева «Екінші пландағы жыл актрисасы» номинациясымен марапатталды. Бұл театр тарихында алар орны ерекше, ғұмыры ұзақ спектакль болсын деп тілейміз.

       Спектакль – бір сәттік өнер. Мәселен нақ бүгін көрсетілген спектакль ертең дәл сол күйде қайталанбайды. Бүгінгі қойылымдағы ойын актердің сол сәттегі көңіл-күйіне тікелей байланысты. Көрермен болып сахнадағы ойын үстіндегі актерлермен бірге күлеміз. Жыласа бірге жылаймыз. Бүкіл эмоцияны бірге кешеміз. Сол сәтпен өмір сүреміз. Актерлермен бір толқында боламыз. Тек спектакльдегі актерлер ойынында сезім бар болған жағдайда ғана.

        2022 жылдың 2 маусым күні Виктор Легентовтың Эдит Пиафтың өмірінен көріністер бойынша орыс тілінде қойылған «La mom Piaf» спектаклінің премьерасы өтті. Автор шығарманы Эдит Пиафтың «Менің өмірім» және «Сәттілік  балында» атты естелік кітаптары негізінде жазды. Актерлік шеберлік пен әнші өмірінің шынайылығы көрерменді бей-жай қалдырмайды. Расында, оның қысқа әрі жарқын өмірінде тек – Музыка мен Махаббат қана бар еді.

        Эдит Пиаф шығармашылығын өте жақсы көремін. Сондықтан спектакльді зор қызығушылықпен тамашаладым. Спектакль өте жағымды әсер қалдырды. Қойылымдағы басты рольді сомдаған актриса бүкіл сахнаны алып тұрды. Ол ұлы әншінің өмірін бір деммен кереметтей етіп ойнап берді. Бұл кішкентай әйелдің «кішкентай торғай» іспетті өмір сүргеніне сенесің. Қайталанбас Эдитті ойнаған Эльмира Керімбаева өте сүйкімді образ жасады. Мен спектакльден алған әсерімді бекіту үшін Пиафтың әндерін қайта тыңдадым. Бұл Пиафтың қиындыққа толы өмірі туралы қойылым. Музыка жеткілікті болды. Спектакльдегі атмосфера және Пиафтың өмірі қалай құрылғаны ұнады. Қойылымда Эдит Пиаф тарихы, трагедиясы мен бақытты сәттері баяндалады. Сахнадан әлемді таңқалдырған әнші Эдитті көрдік. Шынайы, парасатты, әуезді ойын болды. Актриса Эльмира Керімбаева бүтіндей сахна кеңістігін әйгілі Эдит Пиаф образымен, Эдиттің құлағымызға сіңген әндерімен толтырды. Ол кейіпкерінің көңілді сәттерін де әдемі ашып, ерекше атмосфера жасай алды. Сүюді және сүйікті болуды армандаған Эдит Пиафтың өміріндегі құмарлық, мұң, трагедия, үмітсіздік, махаббат пен музыканы Эльмира көрерменге асқан нанымдылықпен жеткізді. Мықты әрі шынайы актерлік жұмыс болды.

        Спектакльдің пластикалық шешімін француздық колоритпен, париждік шарммен, эмоциялық энергетикасын жоғары көркемдік деңгейде үйлесімді шешкен хореограф Серік Сариевтің жұмысы да мақтауға тұрарлық.

        Театрымыздың грим суретшісі Алтыбаева Жанар жасаған грим тек Эдитке тән келбетті барынша шынайы жасауымен ұнамды шықты. Ансамбльдік айқын көрініс тапты. Спектакль режиссері Ольга Луцива ұйғарымы бойынша бірнеше роль атқарған мимдер басты кейіпкерге көмекші ретінде көрінді.

        Нағыз еңбекқор актриса Эльмираның Эдит образының портреттік бейнесін шебер жасағаны – роль сомдаудағы кезекті ірі жеңісі деп білеміз. Бар жүгі бір актрисаға артылған моноспектакльге татитын қойылымның және мұнтаздай ойынның жүрегімізден айрықша орын алғаны үшін риза болғанымыз шын. Спектакль үлкен, теңдесі жоқ рахат сыйлады. Меніңше көрермен де риза болды.

      Премьерасы 2022 жылдың 8 маусым күні өткен Иран-Ғайыптың шығармасы бойынша қойылған «Естайдың Қорланы» спектаклін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров арнайы шақырумен келіп қойды. Қорлан сұлуды әнге қосқан ақын, қазақтың алақанға салып әлпештеген серісі, әнші перзенті Естайды білмейтін қазақ жоқ. Дүлдүл, сал-серілердің соңғы тұяғы Естайдың аты аталғанда Қорлан сұлу мен «Құсни Қорлан» әні ойға оралады. Естай мен Қорлан ұлы сезім махаббаттың символына айналған тұлғалар. Сахналық туындыға бір-біріне қосыла алмай арманда өткен қос ғашықтың кіршіксіз махаббаты арқау болған. Көрермен назарына ұсынылған қойылымдағы басты кейіпкер Естай ролін бұған дейін «Нұрлан мен Мұрат» дуэтінің және «Каспий» тобының экс әншісі, 2022 жылдан бастап Жантөрин театрының актері Мұрат Қожа сомдап шықты.

"Қорғансыздың күні" спектаклі

        2022 жылы қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналып, «Қорғансыздың күні», «Жетім» және «Кім кінәлі?» әңгімелерінің желісімен қойылған драма кішкентай адам тағдыры, оның ішкі жалғыздығы мен трагедиясы туралы. Мұнда жетімдік тақырыбы бар қасіретімен ашылып көрсетіледі. Жетім балаға рақымсыздық жасаған тас бауыр жауыз адамдардың пасық әрекеттерін, азап шеккен қарапайым, дәрменсіз жанның панасыз, аянышты халін, қыршыннан қиылған бейкүнә, таза жүректі жас баланың қайғылы өлімге ұшырағанын көресіз. Азған озбырлықты бақыт, жан рахаты деп түсінген тас жүрек адамдардың жауыздығы алдында ары тапталып, шарасыз болса да жанын пәк қалпында сақтаған Ғазиза, Қасым, Көркемнің («Кім кінәлі?» әңгімесінің басты кейіпкері Ғазиза спектакльде Көркем  есіміне ауыстырылды) өмірге дәрменсіздігін, қарсы тұрар қауқары жоқ бейшаралығын көріп, жан жүрегіңмен аяйсың. Қойылымда зұлымдықтың қанды құрсауының тұтқыны болған, қайғы мен қасіреттің ауыр жүгін арқалай алмай қиылған бейкүнә, пәк жандардың зарлы, мұңды тағдырлары көз алдыңызға келеді. Бүгінгі күнде де бар қорғансыздар жайы көрерменді бала жанының ізгілік әлеміне жетелеп, өзіндік ой түюіне мүмкіндік береді.

        2023 жылдың 9-15 қазан аралығында Қызылжар қаласында Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХІХ Республикалық фестивалінде театр актрисасы, Мәдениет саласының үздігі Анар Бейсенбина Ғазизаның әжесі ролі үшін «Екінші пландағы үздік әйел адам ролі» номинациясы бойынша жеңіске жетті.

       Қойылым режиссері Г.Мирғалиева автор жеткізген қазақ әйелінің аянышты тағдыры жайына көңіл бөледі. Жетім күйін көрсеткісі келген. Спектакльден анаға деген құрметті байқауға болады. Өмір шындығын əсерлі ойынмен жеткізуге талпынады. Сезім шынайылығы арқылы көрсетілген көріністің сахнада эмоциялық әсері жоғары болағаны сөзсіз. Бұл тілі көркем, көлемді, кесек спектакль болып шықты. Қорғансыз, жетім, көкірегі мұңға толы жазықсыз құрбан кейіпкерлердің тағдыры бұлай болып қала бермейтініне үлкен үмітпен қарағымыз келеді.

      2023 жылдың 2 сәуірінде Людмила Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» («Дорогая Елена Сергеевна») атты пьесасы бойынша орыс тіліндегі спектакль театр актрисасы Федоренко Маринаның Бенефисіне арналып қойылған болатын. Басты рольді Марина Федоренко сомдап шықты.

"Қымбатты Елена Сергеевна" спектаклі

        Қойылымда алдымен бәрі жақсы көрінеді. Бірақ оқиға барысында оқушылардың басты мақсаты сейфтің кілті екендігі белгілі болады. Ляля, Паша, Витя және Володя жай ғана бейкүнә балалар емес, әркімнің бұл істе өз таңдауы бар. Кешкі уақытта мұғалімнің үйіне келген оқу бітіруші балалардың жат қылығы қай көрерменді болмасын толғандырмай қоймасы анық.

        Кезінде Л.Разумовская жазған пьеса үлкен наразылық туғызып, сахнада көрсетуге тыйым салынған. Бірақ соған қарамастан эстондықтар Таллиндегі Жастар театрында алғаш рет қойып, пьесаның да автордың да дебюті өтеді. Виктор Розов «Әдеби газет» («Литературная газета») беттерінде пьесаны жақтап мақала жазған күннен бастап бұл шығарма жан-жақта жаппай қойыла бастайды. 1988 жылы Эльдар Рязанов пьеса бойынша фильм түсіреді.

          Жантөрин театрының бастапқы жылдарында сахнамызда Разумовскаяның пьесасы бойынша қойылған «Топырақсыз бақ» («Сад без земли») спектаклі жүретін. «Қымбатты Елена Сергеевна» спектаклі Германияның 100-ден аса театрында қойылса, әлем бойынша 1000-нан астам рет қойылған.

        Мектептегі кезең әр адам басынан өтеді. Бірімізде жақсы сәттерімен есте қалса, бірімізде керісінше жаман сәттерімен есте қалуы мүмкін. Балалар біздің болашағымыз. Үмітіміз. Сеніміміз. Сол себепті де жасөспірімдер жайын қозғайтын тақырып қай уақытта да өзекті. Бала тәрбиесі әр адамды толғандырады. Спектакль жақсылық пен жамандық, ақ пен қара һақында. Бұл туынды көкейкесті мәселені көтеруімен құнды.

        2023 жылы театр сахнасында тұсаукесері өткен Ермек Аманшаевтың инсценировкасындағы Франц Кафканың «Құбылу» әңгімесінің желісімен қойылған пластикалық драма Дина Жұмабаеваның режиссурасымен ұсынылды. Сахнадан трансформацияға ұшыраған адамды көресіз. Бұл спектакль – ойын, зерттеу, эксперимент. Қойылым Грегор Замза есімді жігіттің метаморфозының себебін іздеуге бағытталған. Оның трансформацияға ұшырауына кім кінәлі? Мұндай құбылу кім үшін? Басты кейіпкер үшін немесе оның отбасы үшін бе? Неліктен Грегор Замза өлімге душар болды? Біздің кез-келгеніміз бір күні оянып, жәндікке айналып кетуіміз мүмкін бе деген көптеген сұрақтар мазалайды.

"Құбылу" спектаклі

        Бір күні таңертең мазасыз ұйқыдан оянған Грегор Замза өз төсегінде қорқынышты жәндікке айналғанын анықтайды. Франц Кафканың күрделі әрі шиеленісті новелласының желісі бойынша Ермек Аманшаев жасаған инсценировка осылай басталып, көрерменді әрқилы ойларға жетелейді. Кейіпкердің «құбылу» себептері ашылмайды. Спектакльден Грегордың құбылуының отбасына қаншалықты ауыр әсер еткенін, күннен күнге өзін жоғалта бастаған жігіттің өліміне кім кінәлі деген сұрақтарға жауап іздейсіз. Бұл қойылымды тәрбиелік мәні бар миф ретінде де қабылдауға болады. Оқиғаны әр адам әртүрлі топшылай алады. Өйткені автор нақты себептерін жазып, түсіндірмейді. Мына заманда адамдар бір-бірін түсінуден қалған. Өзге тұрмақ өз отбасы да теріс айналады. Қойылым түсіністікке, адамдыққа мәжбүр болған адамның халін көрсетеді.

        Грегор анасы, әкесі және қарындасынан тұратын отбасын асырауға мәжбүр. Қызығы жәндікке айналғанын анықтаған жігіт өзінің жаңа келбетіне таң қалмайды. Керісінше трансформацияға ұшыраған жігіт ақша таба алмайтынына қынжылады. Отбасының тағдырына алаңдайды. Әкесі мен анасын ренжітпеуді, пойызға кешікпеуді ойлайды. Бірақ отбасы Грегордан бас тартып, психологиялық өзгеріске ұшырап, құбылып шыға келеді. Бұдан біз жәндіктердің адамнан жоғары қасиетке ие болатынына көз жеткіземіз. Кафка сияқты классик жазушының шығармасы арқылы театр ұжымы өз көрерменіне үлкен өзгерістерге ұласатын дүние ұсынғанын көрдік. 2023 жылдың 29 қыркүйек-4 қазан аралығында Талдықорған қаласында өткен Қазақстанның халық артисі Бикен Римованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «BIKEN» І халықаралық театр фестивалінде театрдың жас актері Рысқұл Жанғазы Грегор ролі үшін «Үздік ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталды.

      Жантөрин театры Маңғыстау өнерінің шоқ жұлдызындай. Өңірдің түрлі деңгейдегі мәдени іс-шараларының барлығына дерлік араласып, ұйымдастырып, өткізіп жүрген ұжымдардың бірегейі. Театр ұжымы өте тату бір команда іспетті. Мұндағы атмосфера да, қонақжайлық, кішіпейілдік, бір-біріне деген құрмет, сый, мәдениеттілік және ауызбіршілік – бір отбасындай жұмыла жұмыс жасауы үлкен жауапкершіліктен туған өнерге деген құрметінен болса керек. Алматы мен Астана сияқты мәдени ортада орналасқан театрларды шалғайда жатқан облыстық театрлардан бөлектемей, тең өлшемде қарайтын кез жетті. Сондықтан Жантөрин театры тек Маңғыстау өлкесінің ғана емес, кең байтақ Қазақстан атты егемен елдің театр өнерін әлемге паш етіп жүрген өнерлі ұжым. Жантөрин театрының алар асуы, биік белесі әлі алда деп сенеміз.