Мақала / #студентСөзі
«Қатерлі 12 минут»
Бөлім: Театр
Датасы: 15.02.2024
Авторы: Перизат Карибаева
Мақала
«Қатерлі 12 минут»
Бөлім: Театр
Датасы: 15.02.2024
Авторы: Перизат Карибаева
«Қатерлі 12 минут»

Қазіргі уақытта кітап оқимын деген оқырманға шығарма таңдауы мол болса, театрға барамын деген көрерменге де арналған өнер ордасының репертуары сан алуан.  Соңғы жылдары талай ғасырлар жемісіне айналған классикалық дүниелердің сәтті қойылуына куә болып жүрміз. Осы тұста театр сыншысы Әшірбек Сығайдың мына пікірі еске түседі: «Классика деген – мәңгiлiк тағдыр тапқан, мәңгiлiк тарих тапқан рухани дүние». Расымен де, соңғы жылдары сахнамыздан қазақ және әлем классиктерінің дүниесін жиі тамашалаймыз. Әлем классиктерінің ашқан екі түрлі мектебі бар. Атақты драматург Уильям Шекспир драматургия негіздерін қалаушы ал, орыс жазушысы Антон Чехов адам жанын зерттеуші. Жазушы А. Чеховтің шығармашылығында атақты 4 пьеса бар. Олар «Шағала», «Шие бағы», «Үш апалы-сіңілі», «Ваня ағай». Бүгінгі күні «Шағала» пьесасы еліміздің түкпір-түкпірінде қойылды. Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, Ақмола облыстық орыс драма театрында және Республикалық мемлекеттік академиялық Корей театрында сахналанды. Әр театр шағаланың мұңын өзінше тарқатты. Бүгінгі сөз қозғағалы отырған Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында 1-2 ақпан күндері премьерасы өткен «Шағала» бұрынғылардан өзгерек. Күні кеше режиссер Әлібек Өмірбектің бастауымен қойылған Треплевтің ертегісі ертең де жалғаса бермек. Бірақ ол көрермен көңілінен сәуле оята алады ма? Әлде тарихта бар деректер сахнада сайрап қана қалады ма? Ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін салушылардың бірі Жұмат Шанин деп талай ұлықтасақ та, оның сол уақыттардағы мәдени күресі ел жадында сақталмады.

А. Чеховтың «Шағала» пьесасының желісімен басталған аталмыш спектакльде әдеткі формада беріліп келген шағала бейнесі басқаша кескінделді. Атауы «12 минут (Треплев ертегісі)» деп аталғанымен, мазмұны ұлттық театрымыздың негізін қалаушы қазақ зиялыларымыз жайында болды. Режиссер «12 минут (Треплев ертегісі)» деп атай отырып, негізгі мақсаты – қазақ зиялыларының қилы тағдырынан сыр шерту болды. 1936 жылы 17-27 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өткен Онкүндік қазақ әдебиеті мен өнерін әлемдік деңгейге көтерген және барлық рухани қуаты мен болмысын танытқан тарихи оқиға болды. Мәскеу сахнасында «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» опералары қойылды. Алайда аталмыш тарихи оқиға өнер иелерінің тағдырына балта шапты.

А. Чеховтің «Шағала» пьесасының желісі бойынша, жас жазушы Треплевтің қойылымын оның анасы актриса Ирина Николаевна соңына дейін көрмей, тоқтатып тастайды. Оқырман мен көрерменді ойға салатын осы сәт. Треплев не жайлы айтқысы келді? Оның әлемге деген өзгеше көзқарасы мен албырт жастықтан туған шығармаларының ішінде қазақ зиялылары жайында сөз болушы ма еді?!  Негізгі оқиғаға арқау болған Треплев ертегісі мен қатерлі  12 минут бір-бірімен осы қойылымда ұштасады.

Елестетіңізші, шымылдық ашылғанда, қарапайым шай ішкен актерлер, кейіннен қазақ зиялыларының «Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі он күндігі» мәдени іс-шарасына бармауына өтініп, поезд артынан шырылдап жүрген кейіпкер... Алғашқы минуттан-ақ бабымен ішілген шайдың қандай болатындығы жөнінде талас-тартыстан туған сахна бүгінгі ұрпақтың жеңіл сөз, ұсақ әрекетке бейім екендігін бір сыбап өтті. Әрі қарай оқиға легін пойыздың ысқырық дауысы бұзып, төбемізден зулай жөнелді. Шағаланың сюжеті бұрылған жерден Треплев ертегісі бастау алады. Кейіпкер Треплев: «Шағаланы қоя тұрыңдар, одан да қазақ театр тарихын бір жаңғыртыңдар!» деп тіл қатқандай. Актерлердің декорацияны әрлі-берлі тасып «бұл пальма» немесе «бұл шағала» деп  шегелеп айтуы көрерменге әр детальдан терең мағына іздемеуін меңзетті. Жалпысы 17 актерден тұратын спектакльде шағаланың төрт кейіпкері бар. Негізгі «12 минут» тарихи оқиғасын аша түскен кейіпкерлер: қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шанин, актриса Жанбике Шанина, атақты әнші Әміре Қашаубаев, әнші-композитор Иса Байзақов,  актерлік өнер негізін қалаушылардың бірі Елубай Өмірзақов, әйгілі әнші Күләш Байсейітова.

Ерекше көзге түсіп, Сталин образын әдеткі жиынтық кескіннен тысқары бейнелей алған жас актер Ернұр Аралтаевтың ойыны бірден есте қалды. Поезд соңынан итше үруі оның зұлым кейіпкер ретіндегі  бар болмысын көрсетіп тұрды. Режиссер Ә. Өмірбектің белгілі шартты түрде текстке жүгінбеуі, сюжеттерінің әр түрлілігі, көп сөзсіз нақты қимылды кейіпкерлері, көрерменді сахнадан өзін көруіне мүмкіндік беретіндігін әр спектакльден аңғарып келеміз.

Жұмат Шаниннің жиынтық образы өте момын, көнбіс адам кейпінде суреттелген. Асылхан Разиевтің ойнауында Жұмат кейіпкерінің өмірден талай өкінішпен өтсе де, рухының мықтылығы есте қалады. 1938 жылы ет-сүйегін жақыны таппастай қорлықпен өлтірілген Жұматтың көмусіз қалған денесі спектакльде өзгеше шешімін табады. Қазақ театрының бастауы болған Ж. Шанинді қойылымда басқаша жерлеп бүгінгі ұрпағы тарихи тұлғасын ұмытпайтынын көрсетті.

Ал соңғы минуттарда көрермен назарын аудартқан кейіпкер Күләш. Оның тістеніп тұрып айтқан монологы жүрекке жетпей қоймайды. Қанша жерден еңсесі түссе де, болашақтан үміт үзбеген қалпын көреміз. Тағы бір көзге түскен актер – «Ешқашан да тарихымда даламның, кешегідей бұрыс кету болмаған!», - деп ақын Шынболат Ділдебаевтың термесін жырлаған Өркен Ахмет болды. Сахнадағы оқиғалар шарықтау шегіне жетер тұсында осы терме арқылы ащы шындықты тағы жырлады.

Сюжеттің басты кейіпкері Жұмат Шанин. Афишаға назар аударсақ Ж. Шаниннен бөлек шағала бейнесі, Сталиннің жартылай салынған портреті және театр реформаторы К.С. Станиславскийдің де кескінін көреміз. Қолдарында қазақи оюлы кесе, артқы фонында жаюлы кілем. Спектакльде кілемге шағаланы іліп, қазақ сахнасында Чехов шығармасының ойналғанын көрсетеді. Ал, К.С. Станиславский бейнесі Ж. Шанинге деген сенімді білдіреді. Бұл сенім тек тұңғыш режиссерімізге ғана емес оның ұрпағына да артқан үміт еді. Ұлттық ән-күйлер мен тұрмыс-салттық, этнографиялық бояуына, сахналық реквизитке, декорация мен костюмге ерекше ден қойылған, қазақтың айтысы мен ұлттық биін енгізген Жұмат Шанин жетекшілік еткен қойылымға Станиславский риза болып, таң қалған. Қазақ өнерінің ғажайып туындысына басын шайқап, «Сіз үшін халқыңыз мақтанатын болады» деген екен. Осы сенімді қазірге ұрпақ ақтай алдық па?

Спектакль де тек сюжет пен актерлық ойыннан ғана емес, декорациядан да жаңаша көзқарас, ерекше стиль байқаймыз. Қоюшы суретші Әлібек Өмірбек және Ботагөз Ахметова символизммен жақсы жұмыс жасаған. Шымылдық ашылғанда пайда болған үлкен ыдыс-аяқ пен кішкене поезд спектакльдің концепциясын құрап тұр. Біз бүгінгі ірі шындықты білсек те кешегі ұлы тұлғаларымыз жайлы деректі кішкене поездбен бірге алысқа жөнелтіп жібергендей әсер берді. Кейінгі сахналарының бірінде Сталиннің көзіне жас алып, театр құрамына түгелдей төсбелгі таратқанында Жұмат Шанинге жетпей қалды. Режиссерге төсбелгінің жетпеуі оққа байлаған он екі минутқа қатысы бар еді. Спектакль бастала салысымен өзіне назар аудартқан авансценадағы қызыл кірпішті декорация. Аталмыш декорация тек спектальдің аяғында ғана пайдаланылды. Әрбір кірпішін өзім қаладым деген Сталиннің шақыртуымен авансценаға келген қазақ зиялылары қанша тырыссада медальдарымен бірге біртіндеп құлай берді. Сталин бастаған соқыр саясаттың тарихи тұлғаларымызға келгенде тар жол тайғақ кешуге айналғанын осы декорацияның пайдалануымен байқаймыз. Ату жазасына кесуші мен оны орындаушының бас киіміне дейін ойластырылған. Актердің маскасында ұлы көшпелілер даласына тиесілі балбал тастардың бейнесі кескінделген.

Қорытындылай келе айтарымыз, спектакльдің негізгі ойы өз мәресіне жетіп,  ұлттық театр тарихы тағы бір еске түсірілді. А. Чехов адам жанын зерттеуші екендігін ескерсек бұл жолы бізді «Шағала» кейіпкері Треплевтің емес, Жұмат Шаниннің тағдырына үңілте алды. Неліктен Треплев пен Шанин? Себебі оларды біріктіретін күш –жаңашылдыққа деген ұмтылыс. Театр өнерін өзгеше дамытуға деген құлшыныс. Поезда орын алған сәбиінің шетінеп кетуі, Жанбикенің тұншыққан жан айқайы, қатерлі 12 минут... Небәрі 12 минут адам тағдырын шешті дегенді еске алсақ жаныңыз түршігеді.

Қазақ сахнасында тағы бір кезекті театрда қойылған «Шағала» бұрынғыдан өзгерек кейіпке енді. Қазақ театр тарихының қойнауында қалып қойған деректерді алып шыққан қоюшы режиссер және де Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ұжымына алғысымыз шексіз. Ұлт театрының негізін қалаушыларының есімдерін еске салып, ұлықтап жүрген өнер майталмандарына алдағы уақытта сәтті қойылымдарының көп болуына тілектеспіз.