Мақала / #студентСөзі
Мәдениеттер тоғысы мен өнердің жаңа көкжиектері
Бөлім: Театр
Датасы: 15.10.2024
Авторы: Ақжүніс Әшім
Мақала
Мәдениеттер тоғысы мен өнердің жаңа көкжиектері
Бөлім: Театр
Датасы: 15.10.2024
Авторы: Ақжүніс Әшім
Мәдениеттер тоғысы мен өнердің жаңа көкжиектері

Театрлар фестивалі – бұл бір сахнада әртүрлі дәстүрлер мен мәдениеттердің тоғысуы, сондай-ақ жаңа шығармашылық бағыттар мен идеялардың туындауына жол ашатын мүмкіндік. Мұндай дүбірлі додалар тек ең үздіктерді анықтап қана қоймайды, сонымен қатар театрлардың өзара бірлесуіне, театр ұжымдарының сыншылармен бірге жұмыла әрекет етіп, өнердің дамуына ықпал етеді. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде «Ертіс-Баян» І Республикалық театрлар фестивалін айтсақ болады.

Фестивальдің шымылдығын ашқан Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының «Ричард ІІІ» қойылымына қарап, соңы да солай болар деген үмітіміз болған. Алайда рухани «аш» күйде кері қайтуға тура келді...

Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында Данияр Базарқұлов сахналаған туындының негізгі атауы «Күйеу бала».  Ал, оны «Қазақтың тойы бітпесін» деп өзгертудің қандай қажеттілігі туындағанын байқай алмадық. Сонымен бірге режиссер драматургтың айтар ойын, идеясын көркемдік тәсілдер мен актерлік шынайы ойындар арқылы ашып бере алмады. Негізінен Жәнібек Әлікеннің бұл пьесасында өзге ұлттарға ұзатылып жатқан қазақ қыздарының тағдыры, дүмше молдалар мен үлкеннің сөзіне құлақ аспайтын жастардың белең алуы сияқты тағы да басқа мәселелер орын алған. Мұның идеясы өзекті болғанымен, автор өзінің осы туындысында қоғамдағы көптеген мәселелердің басын біріктіргені байқалады. Алайда олар шашыраңқы болып кеткен.

"Қазақтың тойы бітпесін"

Қойылымда жігіт басының не үшін жүргені түсініксіз. Яғни, актерға қоюшы тарапынан нақты трактовка берілмеген немесе орындаушы мүлдем ізденбеген. Автор бұл жігітке басты кейіпкер Розаның сөздері арқылы мінездеме жасаған. Оның сөзінше, Нұрболат қызға қол жүгірткісі келіпті. Қисынға келсек, мұндай пасық адамның қызға аяқ астынан жанашырлық таныта қалуы мүмкін емес. Ал, рольдегі Қанат Дәулеттің ойынынан қызға деген шын жаны ашитын адамның кейпін көреміз, яғни актерлік трактовкада ол жағымды кейіпкер болып шыққан.

Жалпы өзге де роль орындаушылардың ойынынан сахнаның сойылын соққан адамды өкінішке қарай көре алмадық. Қыз бен әке арасындағы махаббат, Розаның ішкі толғаныстары бұл қойылымда жоқ. Режиссер пьесадағы халықтың сөзін үш өсекшінің аузына салып бергенімен актерлік ансамбль шынайы жеткізе алмады. Актерлердің өз рольдерін  толық түсінбеуінің нәтижесіне сахнада көрерменге тек сайқымазақ ретінде көрінді.

Әрбір сахналық қойылымда қаһарманның мінезін ашуға, оның әлеуметтік орнын анықтауға, негізгі ұстанымына жауап беретін компоненттің бірі – костюм. Ол актерлер мен орындаушыларға кейіпкердің образын ашуға және белгілі бір атмосфераны жеткізуге көмектеседі. «Қазақтың тойы бітпесін» спектаклінде режиссер осы кейіпкерлер костюмдеріне де назар аудара қоймаған. Қойылымның киім үлгілері көрер көзге эстетикалық ләззат сыйлай алмады. Құдды әртүрлі қойылымдардан құрап алғандай әсер тудырды. Қытайлық күйеу Қуан мен Розаның өн бойына назар салғанда үстіндегі костюмдері мектеп формасы секілді сезім қалдырды.

Спектакльдің тағы бір түсініксіз тұсы – Қуан мен Нұрболаттың сахнасы. Жігітбасына қытай күйеу дәрілік зат жасау мақсатында шөптің тамырын үлкен көлемдегі ақшаға сатып алатынын жеткізеді. Осы тұста бастапқыда келіспей тұрған жігітбасы, яғни Нұрболат аяқ астынан неге келісім бергенін  анық жеткізе алмады. Осы жерде сахналық оқиға желісінде даму болмады. Дегенмен оның мағынасы өте тереңде еді. Мысалы, шығармада берілген шөпті тамырымен алар болса ол ендігіде өспейді де, көктемейді де. Соның нәтижесінде қуаңшылық болуы да мүмкін. Бұл жерде шөпті басқа да мағынасында қабылдай аламыз. Яғни, мұнда бүтін бір ұлтты түп-тамырымен жою, ұлттық құндылықтарынан айыру деген астар жатыр. Осы терең ойды режиссер актерлердің сәтсіз ойынының нәтижесінде  халыққа ашып көрсете алмады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, фестивальдің шымылдығын ашқан «Ричард ІІІ» қойылымы екіұдай сезімге қалдырады. Себебі, басты қаһарманның ролін ойнаған Бауыржан Манатбектің  жасаған образы махаббатқа, өзгелердің өзіне деген ықыласына аш адамның айқын дәлелі.

"Ричард ІІІ" спектаклі

«Ричард III» – Уильям Шекспирдің ең әйгілі тарихи драмаларының бірі. Бұл пьеса Англияның XV ғасырдағы тарихындағы шын мәнінде болған ІІІ Ричардтың билікке келуін және құлауын баяндайды. Осыны өзінің шығармасына алған У.Шекспирдің драмасы басты кейіпкерді қатыгез, айлакер, өз мақсатына жету үшін ештеңеден тайынбайтын жауыз  ретінде суреттейді. Ол билікке жету үшін кісі өлтіруден, сатқындықтан және алдаудан қорықпайды. Ал, Б.Манатбектің ойынынан мұндай Ричардты мүлдем  көре алмайсыз. Жүрек түкпіріндегі жақсылықты, адалдықты актердің жалынды көздерінен, түрлі эмоцияларынан байқауға болады. Әйткенмен, бастапқы сахналарда  актер қойылым ішінде «өмір» сүре алмағанымен кейінгі көріністерде оның кейіпкер мінезін беруге тырысқанын аңғардық.

Спектакльдің өзге де детальдарының ішінде ең ұтымды шешімдердің бірі сахналық костюм болды. Режиссер әрі костюм эскизін сызған С.Левицкий күңгірт түсті киімдер арқылы тақырыпты аша алған. Бірақ спектакльде көңілге қонымсыз болғаны –  бассейннің ішінде ойын көрсеткен актерлердің киімдерінің судан құрғақ күйінде шығуы болды.

Фестиваль аясында қалың көпшілікке ұсынылған «Абай айтқан Еңлік - Кебек», «Ақан сері туралы аңыз», «Қазақтың тойы бітпесін», «Тартюф» қойылымдары өте сәтсіз дүниелер болды. Оған себеп, режиссерлердің қойылыммен толық жұмыс жасамағаны, актерлік ойындардың әлсіздігі және ізденістің жоқтығы.

Осы жерде айта кететін ой – қазылар алқасының тарапынан елеусіз қалып, ешқандай жүлдеге ілінбеген Азамат Нигмановтың «Сәке-Мәке» қойылымы расында қалың көпшіліктің ықыласына бөленген еді. Оның бұған дейін сахналаған «Ұждан» спектакліне кей тұстары ұқсас болғанымен, айтар ойы көрермендердің өн бойына жан бітіріп, оянуына ықпал етеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, оның жанында көркемдік деңгейі төмен болған Жұлдызбек Жұманбайдың «Абай айтқан Еңлік – Кебек» спектаклі не себепті «Үздік ансамбль» номинациясын еншілегенін түсінбедік. Бұл шығарма Еңлік пен Кебек туралы Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағауия Абайұлы, Мұхтар Әуезовтің жазбаларынан құрастырылған. Бірақ байырғыларынан мән-мағынасы жағынан еш айырмасы жоқ. Спектакльдегі ең басты есте қалатыны – екі ғашықтың бізге таныс оқиғасы мен ән ғана. Қоюшының өзіндік шешімдері жоқ, тіпті әннің өзін ол театрдың музыкалық мәртебесін, деңгейін көрсету мақсатында ғана қолданған секілді. Қысқаша айтқанда, «сөзі мен әні көп театрландырылған музыкалық көрініс» болып қалған бұл туындының өнер сайысына тап болғанына таң қалдық. Жыл сайын өтетін Республикалық фестивальдерде қойылымдар сарапшылардың  талқылауына түсіп,  мамандар ұсынған қойылымдар ғана сайысқа жіберілуі  тиіс. Бірақ, біз куә болған бәсекеде көркемдік ерекшелігі жоқ қойылымдардың көрсетілуі көкейде үлкен сұрақ белгісін тудырады. Егер бұдан әрі фестивальдерде іріктеу осы деңгейде өтетін болса, бәсекенің де ешқандай мағынасы қалмайтыны  анық.