Мақала
«Таңсұлу» жаңашылдықпен жаңалық ашқан қойылым
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында режиссер Алма Кәкішованың жетегімен сахналанып келе жатқан «Таңсұлу» спектакліне көзқарас
Бөлім: Театр
Датасы: 15.05.2017
Авторы: Дидар Мұрат
Мақала
«Таңсұлу» жаңашылдықпен жаңалық ашқан қойылым
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында режиссер Алма Кәкішованың жетегімен сахналанып келе жатқан «Таңсұлу» спектакліне көзқарас
Бөлім: Театр
Датасы: 15.05.2017
Авторы: Дидар Мұрат
«Таңсұлу» жаңашылдықпен жаңалық ашқан қойылым

Он сегізінші ғасырдағы қазақ өмірін суреттейтін Ғарифолла Есімнің қаламынан туған бұл туынды Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының репертуарынан табылып, біраздан бері қойылып келе жатыр. Өз аудиториясын тапқан бұл спектакльдің қоюшы - режиссері бәрімізге белгілі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері – Алма Кәкішова. Бұл спектакльден барлық дерлік мелодрамаға арқау болатын махаббат үшбұрышын көреміз. Жоңғар мен қазақ батырының ортасында қалған қазақ сұлуы. Осы үштікті түрлі элементтермен көркемдеп, көрермен түйсігіне нәзік еткізетін махаббат баяндамасы. Небәрі бір жарым сағат ішінде ауқымды екі бірдей мәселені бір-бірімен байланыстыра білген режиссер шеберлігі. Аталмыш мәселелердің бірі жаугершілік замандағы қазақ-жоңғар қарым-қатынасы болса, ал екіншісі жоғарыда айтып өткен махаббат тақырыбы. Ғарифолла Есім атамыздың бұл пьесасын оқу барысында оқырман түйсігіне дұрыс жетпей қалатын кейбір шикі тұстарын аңғардық. Мұндай көлемді тарихи туынды үшін 20 беттен тұратын пьеса аздық етеді. Әр сахна арасындағы, қазіргі кәсіби тілмен айтсақ, «переходтардың» байланысуы қиындау. Бірақ, мұндай байланысты өз көзімен елестете алмаған оқырманға Алма апайымыз жеткілікті деңгейде байланыстырып берді. Режиссер спектакль басынан-ақ балалық шақ пен бойжеткен тұсын қысқа ғана екі көрініспен жеткізуі арқылы залда отырған көрермендерін баурап алды. Әдетте, тарихи туындыны тамашалауға барғанымызда көне сөздерді түсінуіміз үшін миымызды біраз іске қосып ойымызды шатастыратын едік. Ал, бұл спектакльде ондай әсерде болмадық. Себебі, пьеса көркем әрі түсінікті тілде жазылған. Ең бірінші кезекте сол қуантады. Бұл қойылымда қазіргі кезеңде де өзекті болып саналатын мәселелерді байқаймыз. Мәселен, бала тәрбиесі, жат жұртқа жар болып кетіп жатқан қазақ қыздары. Қу тірліктің соңына түсіп, ақша табу мәселесін бірінші кезекте алға тартатын ата-аналардың қазіргі күнде бала тәрбиесіне деген салғырттығы артып барады. Балаларын кекшілдікке емес, көпшілдікке баулитын, рухын асқақтатып мотивация беретін жалғыз басты ананың іс-әрекетін көргенде, көрермен болып келіп отырған ата-аналар кем дегенде бір тағылым алып кетері анық.

Тарихи шығарманы қазіргі заман талабына сай етіп қоюға тырысқаны бірден байқалады. Әр тұстан түрлі-түсті жарықтар қойып, үлкен экран арқылы түсінікті көрсеткен. 3D графиканың көмегіне алғаш жүгінген бұл спектакль өз үйлесімін таба білді. Би, соғыс, түс сахналарында алыстан сурет болып түсірілген жарық – көрерменді барынша сол оқиғаның ішіне кіргізіп алды. Ширақ қимылдап, бір-бірін ыммен түсінетін актерлердің ойыны және сайыс сахналары көркем бейнеленген. Декорация мәселесіне келсек, қазақы нақыштағы көптеген оюларды көреміз. Ол – қазақ халқының тамырын, өзіндік қалыптастырған ұлттық дәстүрінің бар екенін айқындап тұр. Және де айта кететін жайт, спектакльде режиссердің өзі қосқан, пьесада жоқ көріністерді де тамашаладық. Негізінен, пьеса шебер жазылып, спектаклі жоғары деңгейде қойылды деген қорытынды ой түйдік. Осындай рухымызды асқақтата түсетін туындылар көп болғай!