Қуыршақ театры бала жүрегі ұмтылатын мейірбандылық пен ғажайып әлемнің бейнесі іспетті. Эмоционалдық әсер беру тұрғысынан өзгелерге қарағанда ерекше орын алатын өнердің бір түрі – қуыршақ театры. Көрермендердің ең нәзігі – балалар. Ендеше баламен максималды тұрғыда таза әрі шынайы болған жөн. Қуыршақ театры бала тәрбиесі мен психологиясының жетілуінде қаншалықты әсер ете алады? Оның мақсаты тек кішкентай көрерменнің көңілін көтеру ме?. Ойнай отырып – тәрбиелеу, баланың эстетикалық талғамын жоғарылатып, қоғамдағы белсенділігін арттыруға мүмкіншілік жасау. Міне, мектеп жасындағы көрерменнің мінезі осыны талап етеді. Бұл тұста Мемлеттік Қуыршақ Театры өз алдына қойған мақсатын айқындап алғаны сөзсіз. Себебі театр репертуары «Ана-Жер ана», «Алтын Адам» сынды партиоттық рух беретін, «Қаңбақ шал», «Құлыншақ пен Бөлтірік» сияқты баланың ізгілікке деген ұмтылысын оятатын, және одан өзге өзекті тақырыптарды көтеретін алуан түрлі спектакльдерге бай. Театр ұжымы да кішкентай көрермендерінің көңілін тауып, олардың театр өнеріне деген ықыласын арттыру жолында барлық жағдайды жасап жатыр.
Баланың кіршіксіз таза көңіліне сызат түсірмей, оларға сиқырлы ойыншық әлеміндегі жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен жанашырлықтың ара жігін ажыратуға септігін тигізіп, қиялын қанаттандыратын тәсілдердің тиімдісі осы. Қойылым кезінде балалар кейіпкерлердің ойынын бақылап, орын алып жатқан оқиғаға бейсаналы тұрғыда жанашырлық білдіреді, артын болжайды. Алайда ол театрда мектеп қабырғасындағы тапсырмалардан біршама күрделі жұмыс атқарып отырғанын өзі байқамауы мүмкін. Себебі мектепте оқытушы ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып отырса, театрда кішкентай көрермен оны өзі бақылап, кімнің жақтасы болатынын, неліктен қаһарман қиын жағдайға түскенін, одан шығу амалдарын ойлай отыра, өзіне өмірлік сабақ алады, ой түйеді.
Әрбір бүлдіршін өзінің сүйікті ойыншығына жан біткенін, оның статикалық қалыптан өзгеріп, қозғалысқа енуін, өзімен сырласуын қалайды. Қуыршақ театрындағы түрлі қойылымдардың куәсі болған балақай бірер сәтке болсын қиялының мүмкіндігін сынап көреді. Ғылыми мәліметтерге де сүйенетін болсақ психологиялық коррекциялау кезінде, баланың ақыл-есін анықтауда психологтар қолғап қуыршақтардың көмегіне жүгінетіні дәлелденген. Әр түрлі мінезді қуыршақтарды көрген бала зұлымдық пен мейірімділіктің, өтірік пен шындықтың, қорқақтық пен батырлықтың, ақымақтық пен ақылдылықтың ара-жігін айырып, өзінің мінезін қалыптастырады. Қуыршақ театрын келген көрермен ең алдымен ертегімен, оның кейіпкерлерімен ұшырасады. Ал ертегі баланың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілікті оятудың таптырмас тәсілі. Ондағы кейіпкерлердің рухы, күш-жігері мен өмірге деген көзқарасы, мінсіздікке деген қалтқысыз шынайы ықыласы тек Отаны мен туған жеріне деген махаббатын, ізгілікке деген ұмтылысын шыңдап қоймай, баланың сөздік қорын кеңейтіп, тіл тазалығын, сөйлеу сапасын жақсартады.
Қазіргі таңдағы күйбең тіршілік пен тұрмыстық мәселелердің кесірінен, көптеген ата-аналар балаларының өміріндегі маңызды кезеңдерден қалыс қалып жатады. Тіпті ертегі тыңдамай өскен бүлдіршіндер қаншама. Әр отбасы театрға аптасына бір мәрте баруды дәстүрге айналдырса, баланың ішкі жан-дүниесі, рухани болмысы мен ақыл-ой жетіліп, жасөспірім шағында кездесетін келеңсіздіктерді алдын алған болар еді.
Қуыршақ театры көңіл көтеру алаңы емес, ол бала тәрбиелеудегі таптырмас әдіс-тәсілдердің жиынтығы, шығармашылық шыңдалу жолындағы баспалдақтың алғашқы сатысы, логикалық ойлау қабілеттің дамитын ортасы, әрі бала жүрегін жақсылыққа жақындататын жер деп қарасақ, онда бесігімізді қазірден түзеткен болар едік.