Солтүстік Қазақстан облысы Ақкөл ауылының (15 мамыр 1951) тумасы. 1967 жылы Петропавл қаласындағы В.И. Ленин атындағы орта мектеп - интернатты аяқтаған. 1970 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне түсіп, 1975 жылы тәмамдаған соң осы оқу орнында оқытушылық қызмет атқарды. 2000 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түсті. 1986 жылдан СССР Суретшілер Одағы және Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі. 2014 жылдан бастап ҚР Суретшілер Одағының басқару мүшесі, 2015 жылдан бастап ҚР-ның Суретшілер одағының «Кескіндеме» секциясының төрағасы. 1976 жылдан бастап Республикалық, Бүкілодақтық және халықаралық көрмелердің белсенді қатысушысы.
«Қазақстан Республикасының білім үздігі» Төсбелгісімен (2000 жыл), «Ы. Алтынсарин» (2011 жыл), ҚР Суретшілер Одағы «Құрмет» (2013жыл), ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы» (2008 жыл), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Құрмет грамотасы» (2013), ҚР Суретшілер Одағының «Құрмет грамотасы», Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет қайраткері» (2015 жыл) атағымен марапатталған. Суретші болып қалыптасу да алдын ала ойластырылмаған әдемі тарих пен қызықты естеліктерге толы.
Палата айналасындағы әлем
Әкесі баласын кішкентайынан сурет салуға баулыды. Серікбай Мүбәракұлы ауыр жағдайға тап болып, бірнеше жыл бойы (4-9 жылдай) гипске таңылып жатқан кезде, әкесінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Балықшы» шипажайына жылына екі рет келіп (жиі келуге мүмкіндік болмады әрі бұл ауыр жылдар еді) қуантып кететінін және төсекте танылып жатқан баласына сыйлық ретінде доп, садақ ойыншықтары мен «Искусство» маркасының түрлі-түсті қарындашын әкелетінін еске алады.
Жаз айлары болатын. Әкесі кеткен бойда әлгі доп өзенге ағып кетті. Садақ пен оның жебесін де жанындағыдар әкеліп беруден шаршады ма, ол ойыншық та көпке бармады. Ал қарындаштар оған ұзақ жылдар бойы қажетіне жарады.
Шипажайда алғашқы суреттерін сала бастады. Барлық суреттер натурамен салынған. Ол кереуетке таңылып және отыруға рұқсат етілмейтін «жататын және жүретін» науқас балалар. Сурет салуда натюрморт пен табиғаттың тамаша көрінісін көз алдына елестетпей-ақ өзін сынап көрді. Ол шипажайда алғаш рет Құдайдың атын естіді. Тіл алмағаны үшін күтушілердің құдаймен қорқытқанына қарамастан, ол көз алдында қатал ағаны елестетіп, Құдайдың суретін сала бастады (күледі).
Уақыт өте келе, яғни тоғыз жылдан соң оған төсектен тұруға рұқсат берілді. Төсектің жанында бар болғаны бес минут тұрғанның өзі толқынысқа толы сәттер еді. Оның өзге науқас балалардан бұрын басын көтеріп, аяқтан тұрғанының өзі үлкен бақыт емес пе?! Бірде шипажай қызметкері бас дәрігердің жерлеу рәсіміне кеткен күні ол өз еркімен тұруға тырысты. Тіпті, төсектен тұратын күнді күтпей, секіргісі кеп кететін. Әрине, оған тұруға болмайтындықтан, құлап жарақаттанып қалды. Оның иегінде қалып қойған тыртық сол сәтті есіне түсіреді. Ал жүруді үйренген кезде айналада одан бақытты адам қалмағандай сезілді. Міне, оған осылайша өз палатасының айналасындағы өмірді көру бұйырған екен.
Патша
Шипажайда ересек науқастар орын жетіспегендіктен ұзын дәлізде жататын. Олар жүретін балаларды шақырып, ананы-мынаны әкелуге жұмсайтын. Ал сондай көмек көрсеткен балаларға тәтті беріп, риза қылатын. Ұлдар арасында ең мықтыны жасырын түрде Патша сайлау жайы сөз болды. Мұның не екенін өзім де білмедім. Бұндай атақ тек кімнің ата-анасы жиі келіп, түрлі тәттілер әкеледі, міне соған ғана берілетін. Әсіресе, ересек науқастар арасында абырой-бедел жинауға таласу сияқты стандарттардың болуы өте күлкілі еді. Сондай кезде Патша болмағаным үшін қатты қапаланатын едім. Бұдан кейін тәтті жеу үшін төсекте жатқан сырқаттардың өтінішін орындап, көмектесуге кірістім. Өте мазасыз көмекші болғаным соншалықты, науқас жандардың мазасын қашырдым. Жинаған кәмпиттерімді балаларға тарататынмын. Осындай әдіспен оларды сатып алатынмын. Сөйтіп, көп ұзамай мені де Патша сайлады! Атаққа осылайша жеттім», – деп өткенде күлімсірей еске алады шебер.
Зообақ
Көп ұзамай оған аулаға шығуға рұқсат берді. Бірде ол біраз жол жүріп қойғанын білмей қалып, көпірден өтіп, кенеттен бір сарайға көзі түседі. Ол саңылаудан қараса, шошқалар жүр екен. «Бұл мен үшін алғашқы сүйікті зообақ болатын. Себебі бұған дейін мұндай жануарды көрген емес едім. Сөйтіп, палатадан шығып кетіп, зообаққа аңдардың суретін салу үшін жиі баратынмын. Біраз уақыт өткен соң ферманы да көрдім. Ондағы жұмысшылармен дос боп алдым. Олар мені сүтке тойдыратын. Сөйтіп, уақыттың қалай өткенін білмей қалатын едім. Себебі барар-келер жолда қарсы алдымнан не шықса, бәрін жинай бердім. Әр шөпті теріп, жапырақтар мен тастарды қолыммен ұстап, зерттейтінмін. Міне, қоршаған ортадағы құбылыстарды өздігімше зерттеуге тура келді», – деп еске алады С.Әлжанов.
Корсет
Шипажайдан шығып, үйге қайтар кезде дәрігерлер бір, бір жарым жыл корсетті шешпеу керектігін қатты ескертті. Бұл өзі мықты материалдан жасалған,қалталары бар, түрлі-түсті конструкция болатын. Соның әлгі қалтасы бағалы заттар салатын сандық іспеттес еді. Оған қарындаштарын, суреттерін, басқа да ұсақ-түйек нәрселерлі салып қоятын. Өкініштісі, ол корсетті ауыл балаларымен бірге өзенге суға шомылуға барғанда жоғалтып алды. Бәлкім, біреуге кішкентай «жылжымалы мұражай» ұнаған шығар, кім білсін?! Бірақ сол сәтте баланың көңіл-күйі түсіп, қатты қапаланды.
Ойын картасы
Ол үшін жалаңаш әйелдің суреттері бар ойын картасы үлкен жаңалық сияқты көрінді. «Әлдекім маған осы картаны салып жіберіпті. Соған қарап өзімше бір фигура шығарғандай болдым. Бірқатар сәтті көшірмеден кейін, тапсырыстар да түсе бастады», – деп күледі Серікбай аға. Бұл ол үшін алғашқы сурет мектебі болды. Одан кейін бар өнерін мектептегі қабырға газетіне салды. Жасөспірім кезіндегі мамандық таңдауға байланысты бір оқиғасы еске түсіп отыр. Ол Петропавлда мектепте оқып жүріп, теміржолшылардың Мәдениет үйіндегі сурет салу студиясына қатысатын. Бірақ оған геометриялық фигуралар, куб, конус салу аса ұнамайтын еді. Өйткені, ол бұл деңгейден әлдеқашан өтіп, адамның фигурасын салатын жағдайға жеткен. Алайда, сабаққа көңілі толмаған ол екі аптадан кейін мүлдем бармай қояды.
«Ал мен теңізші болғым келді…»
Бұл кішкентай тарихты айналып өтуге болмас. Ол жасөспірім кезінде көршінің ауласындағы жіптен кәдімгі ақ-көк түсті жолағы бар флот жейдесін алып кетеді. Оны киім ішінен тығып киіп алып, клубтағы балаларға мақтанады. Бұл өте қиын жылдар еді. Тек теңізшілер ғана киетін мұндай жейдеге қол жеткізу мүмкін емес еді. Серікбай ағаның айтуынша, бұл орындалмайтын армандай көрінетін. «Әлбетте, көп ұзамай ұрлықтың беті ашылып қалды. Бірақ жейденің иесі оны сыйға тартқан кезде, менен бақытты жан болған жоқ!», – дейді аға.
Чапаев атындағы совхоз
«Біздің Чапаев атындағы совхозда тарихи оқиға болды. Бізге 1969 жылы малшаруашылық жөнінде тәжірибе алмасу үшін американдықтар келетін болды. Соған орай бөлімшеге совхоз директоры, әкемнің жауынгерлік жолдасы, отбасылық досымыз, керемет кісі Бекузаров Руслан Қанболатұлы арнайы келді. Отбасындағы мәселелерге үнемі әкем жауап беретін, ал бірақ ұлы онша бас қатыра бермейтін еді. Өзімді бір жерге жұмысқа орналастыру жөнінде өтініш жасадым. Сталин мен Ленинді салатынымды айттым. Сөйтіп, директордың қызығушылығы оянды ма, мені шақырып алды да Василий Чапаевтың портретін салуымды сұрады. Мен ол кезде суретті кенепке тегістеп салу жөнінде толыққанды ештеңе білмейтін едім. Тек көшіріп салуды ғана білетінмін. Әрине, біршама ұқсастық болды», – деп күледі суретші. Шетелдіктер Чапаевтың портретіне ұзақ қарады. Директор оларды арнайы қабылдап болған соң, портрет салушыға сөгіс беріп, меселін қайтарып тастады. Ал бұл жағдай Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түсуге себеп болды. Руслан Қанболатұлының өзі жас жігітті суретшілік оқуға жіберіп тұрып, бірақ «бітіріп келген соң совхозда жұмыс істейсің» деген шарт қойды.
Көркемсурет училищесі
Серікбай Әлжанов тыным таппай жұмыс істеуінің арқасында тәжірибелі оқытушыға айналды. О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде (бұрынғы Гоголь атындағы АХУ) талантты жастарға сурет пен кескіндеме өнерінің қыр-сырын үйретіп, тәрбиелеп келеді.
Алматыға қайта оралуым да жеке оқиға мен тарихи әңгіменің арқауына айналды деп күлімдей еске алады суретші. Училищені бітірер сәтте оны Мәскеудегі В.Суриков атындағы (ММАКИ) көркем институтына жібереді. Алайда, оның үйіне «ақша салып жібересіз бе?» деп жазған хатына әкесі: «Балам үйге қайт. Сенен басқа оқитын балам бар. Министр болмай-ақ қой...» деген жауап келеді. Содан кейін ол аз уақытқа өз туған совхозына оралады. Көп ұзамай Алматыдан Көркемсурет училищесінің директоры А.Қ.Жұбановтың өтініші бойынша Білім министрі К.Нәрібаевтың қолы қойылған шақырту келді. «Курс жетекшісі марқұм Сутюшева Нэлли Сагитовна үнемі қамымды ойлап жүретін. Менің училищеде оқытушы болып істегенімді қалады. Шынымды айтсам, сол кісі менің болашақ оқытушы болып қалыптасып, қызмет атқаруыма ықпал етті. Осылайша сүйікті орныма қайта оралдым», – деп еске алады суретші. Сол кезде портретшінің елге оралуынан ерекше үміт күткен совхоз директорының қалай ренжігенін түсінуге болатын шығар.
Шығармашылығы
Суретші өзінің шығармашылық жолында әріптестері тарапынан жылы пікірлерге ие болды. Отандық және шетелдік кітаптар мен журналдардан, каталогтар мен альбомдардан С.Әлжановтың шеберлігіне тәнті болған мәтін жолдары мен тақырыптық картиналарына талдау, сыни пікір жазған түрлі мақалаларды кездестіресің. Бұлардың бәрі көрермен мен оқырманның бейжай қарамағанын аңғартады.
Суретшінің бағдарламалық шығармаларының арасында көрерменнің ерекше қызығушылығын тудырған жеке жұмыстары да бар. Олардың ішінде «Әке», «Туған үйімде», «Тойға дайындық» (бәрі 1980 жылдыкі), «Балалық шағымның терезесі» (1998), «Ұлы Қазақстан мұраларынан» (2000), «16 желтоқсан», «90 жылдардағы Қазақстан» (2010), «Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлудың қоштасуы» (2012), «Жер тозағы» (2013), «Шығарып салу» (2014), «Мәңгілік ел» және т.б. атауға болады.
С.Әлжановтың тақырыптық шығармаларындағы негізгі ұстаным – кескіндеме өнерінің тілін көрсету, адамның әрекетін ашу, біздің әлемнің «лас» қорқынышқа саналы түрде тереңдеп бара жатқанын көрсету. «Жер тозағы» аталуының өзі Жасыл әлемнің өткен тарихына деген үрей туғызады. Жер өртеніп, азап тартуда. Қанды қайнатқан тозақ оты мыңдаған жылдардан кейін түнектен тасқындай көтеріліп, бейкүнә немесе жазықсыз адамдарды жалмауын қоймады. «Күнәһарды» өлім шынжырлай сүйресе де, өлім сонда да тынши алмайды. Сол баяғы кезекті қанның төгілуін күтіп, күзетте тұрғандай.
Әрбір алынған тарихи сюжет – ретроспектива. Бұл хрониканың кадрлары ешқашан сарқылмайды. Олар этнографтың емес нағыз суретшінің фактологиялық материалы іспеттес. Бүкіл Галактика от құрсауында қалғанда әлемді, адамзатты құтқару құтқару мүмкін емес. Сондықтан да кенепте шарасыздық пен амалсыздық, өлім мен соғыс бейнеленбеген жер жоқ.
«Тозақ» пен «16 желтоқсан» жұмысы бір-бірімен үндесетіндей. Қайғылы 1986 жыл. Қыс. Желтоқан. Алматы алаңы. Алаңға жиналғандар милицияның құрсауынан сытылып шыққысы келеді. Шерушілердің қатарында ерлер де, әйелдер де бар. Автор сол күнгі оқиғаның куәгері ретінде әдейілеп өз картинасын салады.
Адам тағдырының күрделі де қиын жылдарын баяндайтын тағы бір картинасы – «90-жылдардағы Қазақстан» (2010) деп аталды. Мұнда текке кеткен уақыт, шарасыз және әбігер уақыт сыры ашылады.
Бірақ суретші «жауыздықты» ысырып, құтқару Орбитасына шығып кетеді. Дегенмен өмірде «Мәңгілік елдің» өз орны бар. Өзіне-өзі қарсы шығып, жасампаз «Мәңгілік» ел кенебін (2015) өмірге әкелді.
С.Әлжанов өзін халқының өткен тарихынсыз, тарихи дастандарсыз, фольклорсыз елестете алмайды. «Жайлауда» (1993), «Әуен» (1997), «Ғасыр тұңғиығында» (2009), «Жолдағы көш» (2006), «Қозы-Көрпеш пен Баян-сұлудың қоштасуы» (2012) атты ғашықтарға арналған жұмысы туындыларының көшбасында тұр.
«Қазақстанның асыл мұралары» (2000 ж) атты кескіндемелік полотносы жерден дәнді біртіндеп жинап, біріктіргендей әсер қалдырады. Алты бөлікке бөлінген картинаның әрқайсысында қандай да бір тарихи уақыттың көрінісі орын алып, өткен ғасырлардағы археологиялық артефактілер мен белгілер, қазақ халқының тұрмыс салт-дәстүрлері толық қамтылған.
Көрермендер кең далада өмір сүрген халықтың шығу тегі, түп-тамыры мен ерекшелігіе, сондай-ақ өнерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады. Тіпті, кескіндеме, бейнелеу калейдоскобынан домбыра, садақ, жебе, қалқан сияқты қазақтың ұлттық өнімдерін де табады. Олар осыншама мұраның қазақтың кең даласына тиесілі екендігіне күмән туғызбайды. Бүгінде әрбір белгінің ақпараттануы алдымыздан жазира даланың кітап парақтарын ашқандай болады. Кәдімгі қазақтың жүзге жуық түрлі-түсті материалдар қиындысынан тігетін құрағы дерсің. Олар ежелгі белгілерді, ортағасырлық сюжеттерді көз алдыңа әкеледі.
Бүгінде шебердің қоржынында әртүрлі жанр мен түрден, сериядан тұратын 300-ден астам туынды бар деп есептеледі. Сондықтан да суретші ебін тауып табиғатқа, туған жеріне, еліміздің шалғайдағы аймақтарына немесе шетелге шыға қалса, мұндай сұлулықты кескіндеме бейне ретінде кенепке түсіретін. Атап айтқанда, «Пейзаж» (1975), «Таутүрген көрінісі», «Таутүрген өзені» (екі картина да 1989 ж жазылған), «Екпіндідегі пленэр» (1992), «Шортандыдағы қайыңды орман» (1993), «Найзағай» (1998), «Ыстықкөл көлі» (серияъ 2000 жылы басталып 2004 жылға жалғасты), «Қар жауып тұр» (2008), «Байсейіт төңірегі» сериясы (2001), «Қысқы орман», «Алтын күз» (2000), «Жаркент өңірі» (2010) және тағы басқалары.
Суретшінің әрбір картинасында басты кейіпкерлердің әрекет ету орны өзгерсе де, қашан да түзу әрі сымбатты өсіп жатқан ағаштарды, кенеп бетіндегі үнсіз аққан кішкене өзендерді, көгілдір аспанға көтерілуге дәрменсіз «сиқырлы» құстарды, ағаштардың арасынан қараңдаған жабайы орман аңдарын, табиғат тыныштығын бұза алмайтын нөсер мен желді асқан шеберлікпен бере білген. Тіпті, драмалық мазмұндағы («Қанды шығыс» сериясы, 2004-2005) шығармасында оқиғаның шықтығына қарамастан, автор уақытты бір сәтке тоқтатып қойғандай әсер аласыз. Айналадағы кеңістікте уақытша болса да тыныштық орнағандай сезіледі. Көрерменге қарапайым ғана әдіспен жасыл әлем планетасының – ғарыш сияқты кемелдігін тамашалауға мүмкіндік береді.
С.Әлжановтың этюдтарын аяқталған кескіндемелік жұмыстармен қатар қоюға болады. Дәл осы жұмыстарына автор соңғы нүктесін қойып, қанағаттанды деуге болмайды. Оның тамаша табиғат ауылына қайта-қайта келе беретіні осыны білдірсе керек. Мәселен, «Шортандыдағы қайыңды орман» (1993ж.) туындысын алайық. Мұнда құпияға толы табиғат пен шынайы адамзат арасында шекара бар. Қоршаудан сыртқа бір қадам жасасаңыз, мүлгіген қалың орман патшалығына енуіңіз мүмкін. Ал бұл «шекараны» суретші өзінше ойлап тапты. Бірінші жоспарға ағаш қоршауды салып, қарағайлы орманның құпиясын, «қыстың түсін» тереңдете суреттеудің нәтижесінде көрерменге терең ой салады. Шын мәнінде, мүлдем бейтаныс ормандағы патшалыққа баруға кімнің дәті жетеді?
Міне, біз бұл жерден шананың жаңа салған іздерін көреміз. Адамның көңілінде ерекше жайлылық орын алып, жаман ойлар өзінен өзі ұмытыла береді. Суретте ирелеңдеген жолдың сызықтарына назар аударсақ, бұл жол картина жазықтығын екіге бөледі. Ол тура ортасына орналасқан. Мұндай әдіс кескіндеме кенебіне графикалық сипат енгізеді. Композиция, түс, түстердің өзгеріп отыруы реалистік бейнелеудің заңдылықтарына негізделген.
Бәлкім, күндердің бір күнінде ол әу баста көргендегі бастапқы орнына келетін шығар. Картинадағы көріністер көрерменді баурап алады. Ешкімнің қолы тимеген тап-таза қарларды, аспанмен таласып бой түзеген ағаштарды емін-еркін бақылауға болады. Табиғаттың шегі жоқ, болуы да мүмкін емес. Табиғат өмір бойы қозғалыста, ағады, өседі, өледі және қайтадан өмірге келеді.
С.Әлжановтың творчествосында «өміршеңдіктің» барлық түрі бар. Геологтар мен бағдарлаушыларға, саяхатшылар-этнографтарға, әлемді аралаушы суретшілерге жергілікті жердің суреттері мен фауналарды зерттеу үшін құжаттар қаншалықты қажет болса, бүгінде бұлар С. Әлжанов творчествосында да соншалықты маңызды рөл атқарады. Ол жер бетіндегі ең нәзік, жұмбақ жәндік-көбелектердің өміріне қатты қызықты. Сондықтан оның қолынан «Көбелектің махаббаты 1» (1986), «Көбелектің махаббаты 2» (1999), «Терезедегі өмір», «Көбелектер биі» (2001), «Тауыс құстары» (2010) атты лирикалық туындылар өмірге келді. Осы жұмыстардың жалғасы және көптеген шығармалардың қайтарымды нүктесі ретінде «Терезедегі өмір» сериясын айтуға болады. Әрбір аты аталған жұмыста негізгі әрекет терезенің алдында өтеді. Автор «жасандылық» дүниені табиғаттың табиғилығымен байланыстырғысы келеді. Интерьердің ішіне көбелектерді қамай отырып, оларға жарықты өзі береді. Бізге белгілі көрініс бойынша, көбелек жарық шамға ұмтыла ұшқанда күйіп, жерге құлауы тиіс сияқты. Бірақ С. Әлжанов картинасында тыныштық пен сабырлылық басым болғандықтан, мұндайға жол берілмейді. Оның картиналарында ешкім зардап шекпейді.
Серікбай Мүбаракұлының шеберханасында осы іспеттес бірнеше жұмыстар бар. Олардың ішіндегі жеке эскиздер («Алтын орда», «Алаш») логикалық тұрғыда шыңына жеткен. Суретші өзінің жоспарлары жайлы үлкен құлшыныспен айтады.
С.Әлжановтың бойынан кескіндеме талантынан бөлек, жазушылық қырды да байқауға болады. Оның плэнерге бақылауға барған сәттеріндегі жазбаларынан романтикалық болмысты аңғарасыз. Оның қылқаламға, қалам мен қағазға деген махаббаты көрермен арасында диалог жасауға мүмкіндік туғызды. Бұл диалогта ойдан қосылған ештеңе жоқ, бұл өнердегі адамдардың еркіндігі мен өнерге деген махаббатының диалогы.