Мақала
Өлкенің тарихи-тағлымы
(Төле би ауданының тарихи-мәдени мұралары желісінен)
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 26.05.2020
Авторы: Нұрлан Сұлтанбеков
Мақала
Өлкенің тарихи-тағлымы
(Төле би ауданының тарихи-мәдени мұралары желісінен)
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 26.05.2020
Авторы: Нұрлан Сұлтанбеков
Өлкенің тарихи-тағлымы

Өлкенің тарихи-мәденитінің қалыптасуы – өтпелі кезеңнің рухани бітімі, дүниетаным айнасы. Тарих – бұл өтпелі кезең, уақыт. Сол өтпелі кезеңде ғасырлық құпияның бет парағы ашылып, кейбір тұстары анықталмай жатқаны тағы бар. Дегенмен, қазақ тарихын жалпы қарағанда, ондағы мәдени құндылықтары бағзы замандағы тіршілік болмысы, одан туған наным-сенім, қалыптасқан мәдениеті ұлтымыздың тарихи-тағлымы.

Тарихты танып-білуде орыс ғалымы, тарихшы Г.М. Иванов тарих туралы мынадай түсінік береді: «белгілі бір тарихи кезең жайлы түсінік қалыптастыратын жекелеген тарихи фактілер мен болған оқиғалар және тарихи үрдістен көрініс беретін материалдық мәдениет заттары мен құжаттар жиынтығы» [1]. Бұл тұжырымға толықтай келісеміз. Дегенмен, тарих пен археологиялық зерттеу жұмысы бір-бірімен тығыз байланыста. Негізінде әр кезеңдегі тарихшылар жазып кеткен жылнамалары, қазбадан табылған заттай мәдениет көздері және сол жылнамалар арқылы өтпелі кезеңде өмір сүрген тайпалардың мәдениеттін танып біліп, сосын этнографиялық талдауға сүйенеміз.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстан территориясында қола дәуірінен қалыптасып, ортағасырда өркендеген мәденеиттің сипатын археологиялық қазба іс-шаралары мен тарихи зерттеулердің нәтижесінде отандық тарихтың бетті ашылды. Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдени мұра» (2004 жылы жарлығы) бағдарламасында: «... бүгінгі таңда біздің төл мәдениетіміздің міндеттерін өзіміз айқындай алатын мүмкіндігіміз бар. Оны шешуі мәдени санаткерлеріміздің еншісінде екенін атап көрсетті. Қазақ мәдениетінің үш мың жылдық тарихы ұрпақтарға жалғастық пен сабақтастық арқылы жетіп отыр. Мәдениеттің басты таратушылары болған көшпелі ата-бабаларымыз рухани қазынаны ең биік құндылыққа қоя алғандықтан және өздері сол рухани құндылықты бойына жинақтай да білді. Қазіргі бізге жеткен ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптардың қайсысын алып қарасақ та осыны аңғарамыз. Кешеге дейін өткеніміз бен бүгінгіміз жалғастырған жібі үзілмей, ұрпақ пен ұрпақты байланыстырып келеді. Мәдениетіміз тірі, оған серпін мен ырғық керек. Ғасырлар бойы екшеленген мұраларды бір сәт те естен шығармаған абзал...» – деген [2, 122], ал 2018 жылы Елбасы «Ұлы дала жеті қыры» мақаласында ұлттық қасиетімізді жан-жақты негіздей отырып Мемлекеттік болашақты қарастыру, ондағы қоғамдық сананы модернизациялауды айқындай айтып былай дейді: «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», «...., кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді...» [3]. Әрине ұлттың қанат жайып өркендеуі көне тарихымыздың құндылығында жатыр. Өтпелі кезеңнің бүгінгі ақиқат санатында археологиялық және тарихи зерттеу ісінде тарихтың шындық нысаналары ашылып, парақтарды қайта жазуға тура келді. Бүгінде өзекті мәселе, ол отандық мәдени мұраның материалдық және рухани құндылықтарын ғылыми тұрғыда жүйелеу және мейлінше дәріптеу мақсаты негізделеді.

Отандық тарихты зерттеу мәселесінде мәдени ошақтардың маңыздылығы мен мәнін ашуға бірқатар деректерге сүйеніп, оны жүйелі ғылыми тұрғыда қарастырдық. Мақаланың басты зерттеудегі нысанасы Қазақстанның оңтүстік аймағындағы Түркістан облысы, Төле би ауданының тарихи-мәдени мұраларының ерекшелігі. Өткен сарынның материалдық мұралары бүгінгінің ақиқаты екенін дәлелдейтін тарихта белгіленген тарихи-мәдени қасиетті орындар жетерлік.

Өлкеміздің жер бедері таулы, дөңесті жазықта, ең биік жері – Сайрам шыңы, шығысында Талас Алатауы, Майдантал жотасы, оңтүстік-шығысында Өгем, Қаржантау, оңтүстік-батысы Қазығұрт тау сілемдерінің бөктерінде орналасқан. Сондай-ақ Ақсу, Сайрамсу, Бадам, өзендері ағып өтетін Төле би жері – ата тарихымыздың куәсі, елдігіміздің тұмары, өркениетіміздің жәдігер мұраларымызға өте бай өлке. Аудан аумағында Сарқырам, Ханарық, Сұлтанрабат, Тасарық, Тайғана, Ленгер, Қарақия, Қаратөбе, Кеңесарық, Керегетас, Қасқасу, Диханкөл, Ұзынарық, Зертас Балдыберген, Әңгірата, Ынтымақ, Керегетас, Ақбастау, Екпінді және т.б. [4]. Өлкеде 100-ден астам археологиялық, архитектуралық және тарихи ескерткіштер орны белгіленген. Тарихи деректерде Сақ дәуірінің қорғандары, орта ғасырлық қалашықтардың орындары, қарауыл төбелер, обалар, сондай-ақ халық арасында аты аңызға айналған тарихи маңызы бар әулиелер мекенжайлары есепке алынған.

Аудандық елді мекенде табылған мәдени ошақтар ашық аспан астындағы мұражайына айналып отыр. Ғажап дүние тылсымына куә боларыңыз хақ. Айталық,  аңызға айналған «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» әулиелер туралы тарихи мәліметтерде, ауыз екі әңгімелерде айтылатын әрқилы аңыз-әпсәналардің бірінде – көне наным-сенім бойынша көзге көрінбейтін қырық нөкері бар Ғайып Ерен – «рух» десе, кей деректерде Қазығұрт тауы баурайындағы, қазіргі Әңгірата ауылына жақын тұста орналасқан тасқа түнеп, соны мекенжай еткен әулиелер деген қағида бар. Сонымен қатар, бұл әулиелерді Қазығұрттың басына тоқтаған Нұх пайғамбардың кемесімен де байланыстырады. Жергілікті халық қырық кісіні ғайыптан пайда болған әулиелер деп атаған-ды [5]. Ғайып Ерен Қырық Шілтен тауы халық ауыз әдебиеттерінде, батырлар жырында, көптеген діни кітаптарда адамдарға септігі тиген, тылсым күш иесі ретінде сипатталады.

Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулелер тауы. credit

Ендігі жерде көне көз қариялардың айтуынша, төрт тараптағы мұсылман жұртына белгілі әулиелер есебінде де негізделген. Табиғат аясындағы таудың шығысынан – құлақ, оңтүстігінен – өңеш, солтүстігінен – көз атты бұлақтың ағысының өзі ғажап. Әліде зерттеулер жүргізуді қажет ететтін осындай тылсым дүниенің сыры кімді де болса еліктіреді. Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиелер туралы әпсаналарды жинаған – Құралбек Ергөбек, Ереген Ағыбайұлы, Өмір Шыныбекұлы, Берікбай Сағындықұлы сияқты әдебиетшілер, тарихшылардың еңбектерінде айтылады. Бірақ тарихқа нақтылық пен сараптамалық қағида қажет. Дегенмен ауыз екі айтылған аңыз әңгімелер тарихтың бір құрамдас бөлігі. Уақыт өткен сайын аңыздың бұрмаламалары да қисынға келмей жататыны тағы бар. Бұл бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Айтылған немесе көрген көз қариялардың ауыз екі айтқан әңгімелерін жүйелеп, нақты фактілермен және оны қазақ жеріндегі сонау тас ғасырынан бастап қалыптасқан мәдениет негіздерімен салыстырмалы сараптаулар қажет ететінін ұғынуымыз керек. Өйткені Оңтүстік Қазақстанның өңірі ғажап қазыналар мекені. Жаратқанның мейірім шапағатты түскен өңір десекте болады. Тау, тау шатқалдары, және оның баурайында тұнып жатқан құпияға толы тылсым құдіреті болжаммен қайыру аздық етеді.

Өңірдің қазыналы аймағының біріне айналған Өгем шатқалы сұлу табиғатымен көрікті. Түлкібас, Төле би, Қазғұрт ауданын қамтитын мәдени орын Сайрам-Өгем  қазіргі мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.

Сайрам-Өгем. Мақпал өзені. credit

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «экологиялық ағарту және туризм» бөлімінің бастығы Мұратхан Бердалиев: «Аңызға толы Өгем шатқалы қойнауында алты табиғи ескерткіш бар. Сонымен қатар зерттеліп белгіленбеген жартас таңбалы суреттері де бар» -дейді.

Сұлу табиғаттың баурайында қола дәуіріне жататын тарихи-мәдениеттің желісі мен нақтылығы Сазан-Ата, Тоғытба, Сусіңген өзенінің жартасындағы таңбалы тас (петроглиф) суреттерде жатыр. Нақты мәліметтің жоқтың қасы. Бұл жергілікті елдің және жан-жақтан келген туристердің айтуында ғана белгілі [6]. Олардың әр қайсысы табиғат құбылыс болмысымен және аңыздар тепе-теңдік маңызына айналған дүние.

Халықтың ұрпақтар сабақтастығында жалғасқан аңыздың бірі – Қырық қыз тас мүсіні. Өзіндік ерекше тарихымен белгіл Қырық қыздың Қазғұрт  аймағында екі тас мүсін ескерткіш бар. Біріншісі, Тұрбат ауылының   солтүстік-шығысындағы Аққұм өзенінің бастау алар жеріндегі сарқырама жардың қасында, ал екіншісі – Өгем қойнауында.

Қырық қыз тау мүсіні. Өгем шатқалы

Бұл кереметтің табиғат жаратылысынан пайда болған ба, әлде аңыз-әңгімелердің желісіндеме шындық. Ел аузында жүрген әрқилы әпсана аңыздың бірінде – алаңсыз серуен құрған қырық қыздың елді мекеніне жаудың тұтқиылдан тап берген кезде қыздардың «Е, Құдайым елімді жерімді жау қолына таптатқанша бізді және жауды тасқа айналдыр» -деп жалбарынғаннан жау қаратасқа, ал қыздар қайталанбас ерекше тас мүсінге айналған екен, ендігісінде ұзату той үстінде жаудың шабуыл жасап мал-мүлкін талап, қырық қызды тұтқынға алып елдеріне әкетіп бара жатқанда қыздардың құдайға жалбарынып тас қылуын сұранған тілегін қабыл еткен деседі. Тас болған қырық қыздардан алшақтау жерде жеке тұрған тас мүсін бар. Ол елдің айтуынша күйеу жігіттің бейнесі, ал кейбіреулері топ қыздың ішінде ақсақ қыздың болғанын айтады. Табиғатпен үндескен қырық қыздың сұлбасы әсем көрінеді. Өгем шатқалындағы есілген самалмен тербелген тас мүсіндерден бүрмелі қос етек көйлек, үкілі кәмшәт бөрік киген қыздардың кейіпі көз алдыңа елестейді. Тас мүсіндерге қарап төнген қауіптің ызғарын сезінбейсің. Қарап тұрсаң әрқайсысы жеке бір туынды. Мұны табиғат жаратылысының бір құдіретіме дерсің.

Оңтүстік Қазақстан жерінде Сайрам-Өгем ұлттық қорының аумағындағы жүргізілген археологиялық қазба іс-шарасында Қаңлы тайпасының мәдениетіне тиесілі жәдігерлер табылған. Осы өңірде 2016 жылы қазба жұмысын жүргізген Қазақстан археологі, тарих ғылымының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Александр Николаевич Подушкин бастаған топ Сайрам-Өгем өзенінің бойындағы «Үш бас төбе қалашығын»  ашты.

Үш бас төбе қалашығы. Археологиялық қазба. credit

Біздің дәуірге дейінгі ІІ ғасырды қамтитын қалашықта табылған жәдігерлер: тас диірмені, қыш құмыралар, тиындер, әртүрлі металлдан жасалған (орақ, жебе, шылбырлар) бұйымдар. Археологтың тұжырымдауынша қаңлы мемлекетінің мәдениетіне жататын бұл жәдігерлердің сипаты мал-егін шаруашылықпен айналысқанын, сонымен қатар қыш өңдеу кәсібінің жақсы дамығанын айтады [7]. Тарихи деректерде қазақ халқының құрамына енген ірі тайпалардың бірі – қаңлылар. Қытай жазба деректерінде «Кангюйлар» деп аталса, ал парсы және үнді діни кітаптары «Авеста» мен «Махабхарата» кангха болып кездеседі. Түркі руналық жазушыларында Кангю-тарбанд деген кенттің (қаланың) аты бар. Қаңлылардың негізгі кәсібі егіншілік мал шаруашылығы, сонымен қатар қолөнер, сауда және ақша айналым кәсібі дамыды. Тұрғын үйлерінде дән, астық, бақша дақылдарын сақтайтын қыш хұмдар, құлақты құмыралар, көзелер (сурет-7).

Ал  бүйені шар тәрізді, мойыны ұзын, аузы тарлау ангобталған қыш ыдыстар жасады. Қолданыс құралдарын тас, металл, мал сүйігінен дайындаған. Қаңлы бірлестік тайпасы табиғаттың тылсым құбылысының құдіретіне, ата-баба аруағына табынды. Сонымен қатар жұлдыздар арқылы түрлі болжамдар жасап отырған. Б.з.б. І ғасырда қаңлы бірлестігі ыдырады. Бірақ тарихта қаңлы тайпасы мемлекеттік дережеге дейін көтерілген бірлестік болып саналады.

Төле би ауданыны қарасты тағы бір тарихи-мәдениет ошағы Леңгір қаласы кешегі тоғыз жолдың торабын түйістірген Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи жер. Сол кезде қаланың географиялық орналасу жағдайы ежелден-ақ әлеуметтік-сауда қарым қатынасын дамытуға аса қолайлы орын болған. Ортағасырдағы ірі саяси әкімшілік, сауда орталығы Исфиджаб қаласымен іргелес орналасуы, Ұлы Жібек Жолы бойындағы қоныс-бекініс орны болғанын дәлелдейді. Қаланың оңтүстігіндегі Бадам өзені жағасындағы алып Қарауылтөбемен, көне Сұлтан рабат елді мекенімен іргелес болуы оның тек сауда орталығы ғана емес, әскери стратегиялық маңызы бар қала болды. Осы тұрғыда VІ-ХII ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда қалаларында сауда мен қолөнердің, дін мен мәдениеттің тірегіне айналған Исфиджаб қала туралы айтпаса болмас. Түркістанға қарасты Исфиджаб (Сайрам) қаласы цитадель (орталығы), медина (шахристан) және рабадтан (қаланың тұрғындарының орналасқан жері) тұрды. Мединаның: Нуджакент, Фархана, Савакрасы және Бұқара төрт қақпасы және базар орны болғанын 1923 жылдары П.П. Иванов, 1925 жылдары М.Е. Массон, 1947 жылдары Н. Бернштамтың археологиялық қазбада жүргізген деректерінде дәлелденген.

Исфиджаб қаласы. Орта ғасыр. credit

Ал, кейін ХХІ ғасыр, яғни, осы күнде жүргізілген тоғыз шақты қазба іс шарасы қайта жүргізілді. Зерттеу барысында Исфиджаб қаласы антикалық дәуірде пайда болып, Ұлы Жібек жолындағы саяси, экономикалық және мәдени орталық болғаны деген дәлел тарихта тұжырымдалған. Сонымен қатар, бұл шахардан белгілі ұлы тұлғалардың шыққаны тарихтан белгілі. Оның шекарасы солтүстік-батыста Сауранға дейін, ал шығыста Талас аймағына дейін созылған қаланы 990 жылы Исфиджаб Қарахан мемлекетінің қарамағына енді. Осы кезде ислам діні қабылданған болатын [8]. Сонымен қатар, Қарахан дәуірі кезінде өнеркәсіп, сауда және дін мәдениеті еркше орында тұрды. Сайрам қаласындағы рабатта өнер кәсіптің барлық түрлері жақсы дамыды. Рабаттағы өнер кәсіпен айналысатын тұрғындар күнделікті қолданысқа қажетті ыдыстар, тұтқасыз және тұтқалы үлкен, аузы кең хұмдар жасаған. Сонымен қатар, экспорттқа кететін сәнді көркемделген қыш бұйымдар сауда көзі болды. Хұмдардың әдетігідей өрнексіз сазбалшықтың өз түсінде күйдіріп өндірді. Технологиялық сипатын қарайтын болсақ, алғашқы қола дәуірінде қалыптасқан тарамыс саздан пішінге қарай орап қабырғасын көтеру әдісімен сомдаған. Содан кейін, сырты-ішін қоймалжыңмен сылап отырған. Бұл әдісті хұм ыдысының сыртындағы қаланған тарамыстың ізі байқалады.

Қыш құмыра. Исфиджаб қаласы. Орта ғасыр

Исфиджаб қаласында қам және күйдірілген тас қыштар дайындалды. Бұл өнеркәсіп сәулет өнерінің едәуір өркендеген тұсын байқаймыз. Ғимараттардың, діни құрылыстардың, моншалардың ішкі-сыртқы жағы ою-өрнектер салынған тақтайша кірпіштер және шыны құйылған арнайы плиталармен безендірілді. Ғасырлар бойы сақталған декорлы келбет сол дәуірдің өнерінің қаншалықты дәреже болғанын, бүгінде өңіріміздегі мешіттер, кесенелер әулиелердің мекенжайының сырт келбетінен көре аламыз.

Қорытындылай келгенде өлкеміздің ашақ аспан мұражайлар, кесенелер және әулие мекенжайлар халықаралық ұйым ЮНЕСКО қорына тарихи-мәдени мұралары ретінде еніп отыр. Ұрпақтар сабақтастығында мәні жоғалмаған ұлттық тарих пен мәдениет ғылыми тұрғыда зерттеліп жүйеленуі тиіс деп ойлаймын. Өлкенің тарихы мен мәдени тағлымдарының болжам ретінде айтылып та, жазылып та келеді. Бүгінде жаһандану заманында тарихи жәдігерлер мен құжаттардың сақталуын қамтамасыз етумен қатар, оны қалың көпшілікке жүйеленген тарихи нақтылығымен таныту және халық игілігіне айналдыру маңызды.

Қолданылған материалдар:

  1. Иванов Г.М. Исторический источник и историческое познание. Томск, 1973, – 250 б.
  2. Н.Ә. Назарбаев. Тарих толқынында. Алматы: Атамұра, 2003. Назарбаев Н. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама болуы тиіс Егемен Қазақстан. 2003. 29 қараша.
  3. sputniknews.kz
  4. wikipedia.org
  5. ult.kz
  6. otyrar.kz
  7. otyrar.kz
  8. wikipedia.org
  9. Подушкин Н.П.,Очерки по истории и культуре Казахстана. Алматы, Казакпарат, 2003.
  10. Археология Казахстана Алматы, 2006.