Ұлттық бірегейліктің айрықша белгілерін әрқашан әлемдік кеңістікте көрсететін дүние ол, әрине - өнер болмақ. Өнер салт-дәстүрлердің, әдет-ғұрыптардың ерекшеліктерін анықтайтын күшке ие. Ал сол ұлттық колорит пен тарихты көрсету қазақ бейнелеу өнері үшін маңызды болып есептеледі. Себебі, бейнелеу өнерінің ұлттық кәсіби деңгейі, яғни қазақ суретшілерінің шығармалары қазақ болмысы мен ұлттық нақыштың тарих беттерінде мәңгі айна болып қалатынын көрсетеді. Ұлттық құндылықтар туралы айтқанда, біз бәрімізге қатысты үлкен жауапкершілікті көреміз. Өйткені, ұлттық өнер мен ұлттық құндылық кез-келген халықтың ерекшелігін көрсетеді. Ал сол ерекшелікті анықтау үшін бірінші кезекте қазақ бейнелеу өнеріне жүгінсек болады. Себебі, бейнелеу өнеріне қатысты “Өнер мәдениетінің айнасы” деген пікір бекер айтылмаса керек.
Сіз бен бізге өткен тарихи жол - өнер жолын түсінуге және бағалауға деген ұмтылыс әр кез болсын қызық болып келеді. Олай деу себебіміз, қандай идеялар болмасын, сезімдер мен дүниетанымдық принциптер өнердің көркем кейіпкерлерінде, әсіресе дәуірлердің басында, мәдени кезеңдерде ерекше орын алатындығын түсінуге деген ұмтылыс жеңіп отыратын сияқты. Сондықтан, ХХІ ғасырдың табалдырығын аттай отырып, өткен ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында Қазақстанның көркем өнеріне не әкелгені, оған біздің қандай үлесіміз бар екендігі туралы ойланудан жалықпаймыз. Өткен ғасырда түрлі инновациялармен қатар тәуелсіз мәдени феномен ретінде ұлттық кәсіби өнер қалыптасып, өмірден өз орнын тапты. Бүгінгі қазақ бейнелеу өнерін түсіну үшін өткенге көз жүгіртуіміз керек, себебі, кеше мен бүгін әрқашан байланысты.
Қазақстан бейнелеу өнерінің негізін салушыларының классикалық нысандары сол заманға сай этнографияға - киіз үйге, далаға, жайлауға, тұлпарға, халық мерекесіне қызығушылық танытқан еді. Ш. Сариев пен А.Садыханов сияқты суретшілер қазақи колорит пен пластика негізінде, жеке құбылыс арқылы тұрақты болмыс санаттарының тиімділігін көрсетті. 1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың ортасындағы ресми сынның көзқарастарына қарамастан, өздерінің бейнесін қазақи рух пен сезімтал көріністе сақтап қалды. Сол кезеңнің суретшілері ұлттық өнерге жақындататын осы стильдік ерекше бейнелеу құралдарын баса көрсете білгендіктен, біз олардың ұлттық болмыстың мүмкіндіктерін ашуға, тереңдетуге деген ұмтылысын көреміз. Бұл құбылысты ұлттық мұра, дәстүрлі өнер негізінде пайда болған ішкі түйсіктің серпілісі деп атауға болады. Картиналардан ұлттық сипат композицияның монументалдылығында, оның бірлігінде, байсалдылығы мен жинақылығында, түстердің экспрессивтілігі мен сәнділігінде көрсетіп отырғанын аңғаруға болады. Осылай біз қазіргі заман өкілдеріне керек ең маңызды факторды көрсеткенін көреміз.
Келесі кезең - 90-шы жылдардағы қазақ өнерінің дарабоз суретшілері Ә.Қастеев пен А. Исмаилов шығармашылығындағы алғашқы қадамдары осы өнердің көркемдік процестерге ықпалын тигізіп, содан кейін X. Наурызбаев, М. Кенбаев, С.Мамбеев, Қ.Телжанов, Г.Исмайлова, С.Айтбаев, Т.Тоғысбаев және басқа да көптеген суретшілердің өнерінде қазақ кескіндемесіне кірген рухани басымдықтар стильдік көрсетілімдердің ең бай қырларының арасында сирек тұрақтылыққа қол жеткізгендіктерін айта аламыз. Бұл суретшілер шығармашылығындағы дала кеңдігі, жасампаз қазақ рухының асқақтығы сезіліп отырады. Шығармалардан қазақтың еркіндігінің иісі сол кезеңнің қиындығына қарамастан қазақ өнерін дамытудағы күштің барын сездіртеді. Сол себепті олар салып кеткен сара жолды жалғастырушылар еңбегі мен ізденістері әрқашан еркіндікпен аңқып тұратын болды.
Бұл дара тұлғалар ізін жалғастырушы жас буын өкілдері қазақ бейнелеу өнеріне жаңа толқын мен леп әкеліп жатқандары белгілі. Бірақ жаңа мен ескіні біріктіретін дүние ол әрине - ұлттық болмыс, ұлттық түс пен бояу болып отыр. ХХ ғасырдағы қазақ мәдениетінің басты тәжірибесі - балғындық пен ашықтық. Мұның айқын көріністерінің бірі - республикада «contopire art», яғни қазіргі заманғы өнердің тез және табиғи пайда болуы дәлел. Қазақстанның бүгінгі өнері бұл бағытпен шектелмейді, ол сан алуан және әр түрлі стильдік бағыттар мен әр түрлі шығармашылық ерекшеліктерден тұрады. Дәстүрлі халық шығармашылығы өзінің келбетін өзгерте отырып, қазіргі жастардың көркемдік ізденістерінде ерекше сапаға ие болады. Дәстүрлі әдістер өзгерді, жаңа сипаттағы өнімдер пайда болды. Қазіргі кезеңде Қазақстанның әрбір буыны бүкіл әлемнің өнері мен мәдениетіне өзінің баға жетпес жарқын үлесін қосуда. «Ою» галереясы осы шеберлерді, олардың ерекшеліктері мен үлгілерін танымал етуге үлкен үлес қосады. 1990 жылдардан бастап көшпелі мәдениетке деген қызығушылықтың жаңа толқыны қайтадан пайда болды және тіпті күшейе түсті. Суретшілер тобының интеллектуалды ізденістері ежелгі тарихтың элементтері мен артефакттарын дәстүрлі мәдениетін зерттеу деңгейіне көтерілді. Бұл суретшілер А. Дүзелханов, Ж.Қайранбаев, М.Қасқақ, Д. Қасымов болған еді. Олар дәстүрлі мәдениеттің тамырынан, шығу тегінен шыққан тақырыптар мен суреттерге алаңдады, кейде кейбір шығармалар олардың сюжеті мен түсінігі бойынша жалпылау, түсіну және терудің философиялық деңгейіне жақындады. Олардың еңбектері ойдың тереңдігі мен кеңдігімен, мазмұндық және түрлік нақтылығымен сипатталды.
1990-2000 жылдардағы өнер туындыларын шындық пен дәлдікке дағдыланған адамдар көркем шығармаларды түсініксіз және мағынасыз түрде қалыпты қабылдай алмады. Тұрақты классикалық өнерден бас тартып, оған қарама-қарсы жарнамалық көрмелер өтті. Бұл өз кезегінде қоғамға үнсіз үндеу болды. Салмақсыз нүкте, суретшілердің басым көпшілігі кенепке салған сызық терең мазмұны бар композициялық идеяларымен таң қалдырды. Уақыт ағымындағы өзгерістер халық арасында бірден таралмады, халықтың үнсіздігі суретшілерді тұншықтырды. Алайда, суретшілер үнсіздікке қарсы сөйлемейтін, бірақ сурет тілінде, яғни символдық-концептуалды тәсіл, инсталляция, поп-арт, перфоманс немесе қазіргі заманғы өнер деп аталатын стильде жаңа бағытта өнер туындыларын таратты. Кенептегі тақырыптар өзгерген жоқ, қайта жаңа тақырыптар пайда болды. Алайда, суретшілер тақырыптарды басқа стильде ұсынуды жөн көрді.
Бүгінгі таңда Қазақстан өнерінде дамып келе жатқан көптеген стильдік ағымдар ашық заманауи қоғам мәдениетінің бағдарлары болып табылады. Стилистикалық әртүрлілік жаңа уақыт тарихында өз ізін қалдырды. Олар «Қазіргі заманғы өнер» деп аталады. Әрине, барлық айырмашылықтарға қарамастан, эстетика тұрғысынан олар белгілі бір ішкі туыстыққа ие. Қазіргі қоғамда арнайы стандарттар жоқ, әр топтың өзіндік құндылықтары, тілі мен стилі бар. Осы жаңа кезеңде бейнелеу өнері өзіндік үлгілі нәтижелерге қол жеткізді. Оның таза концептуалды үлгілерімен және үйлесімді маңызды қоғамдық резонанс тудырып қана қоймай, бізді қызықтыратын мәселелер үшін маңызды теориялық тұжырымдамалармен бөлісетін туындылар дүниеге келе бастады.
Тәуелсіз тарихы бар бейнелеу өнері жаңа көзқарастар мен зерттеулерді қажет етеді. Алайда, ширек ғасырдан астам уақыт билік еткен кеңес дәуірінен мұраға қалған ұлттық бейнелеу өнерінің жетістіктері қазіргі қылқалам шеберлерінің шығармашылығы негізінде анықталатынын және дараланатындығын ұмытпауымыз қажет. 2000-жылдардан кейінгі суретшілердің еңбектерін қарастыратын болсақ, жаңа тақырыптар мен жаңа толғаныстар сезіледі. Мысалы, О.Қабоке, Б.Сейсенханұлы, А.Нұрғожаев, Р.Слекенов, Д.Усенбаев, М.Сағындықова тағы басқа да суретшілер тізімін жалғастыруға болады. Бұл суретшілер шығармашылығы өте қызық, тіпті кімді болса да, еліктіріп әкетеді. Мысалы, жас буын өкілдерінің картина салудағы еркіндігі, қылқалам ұстаудағы шеберлігі, әр қайсынынң өзіндік стилі бәрі де өте тартымды. Тақырып таңдаудағы суретшілер жетістігін де атап өтуге болады. Себебі, суретшілер бұрыңғы кеңестік кезеңнің канондарынан бас тартып, еркін тақырыптарда өз шеберліктерін арттырып отыр. Бұл дегеніміз қазақ бейнелеу өнерінің еркін шабысының көрінісі десек қателеспейтін секілдіміз.
Қазіргі кезеңде жоғарыда аталған суретшілер қорында, шет ел төрінде жасалған көрмелер тізімі бар. Олар әлемдік аренада қазақ өнерінің ұлттық көрінісін паш етті. Бұл - қазақ бейнелеу өнерінің тоқтаусыз даму үстінде екендігін көрсетеді. Қазақстан бейнелеу өнерінің сан қырлы сипаты, зерттеу объектісінің ауқымдылығы-жаңадан дамып келе жатқан жас мемлекет үшін айрықша құбылыс.
ХХ ғасырдағы Қазақстанның бейнелеу өнері парасатты және рухани кемелденген түрінде бірнеше мыңжылдыққа жетті. Осы мәдениетке тән негізгі жалпы адамзаттық құндылықтарды қазіргі заманғы суретшілер өз шығармаларында этика және әлемдік өнердегі жаңа бағыттар арқылы, ХХ ғасырдың философиясы мен мәдениетіндегі ірі ағымдар арқылы ашады. Нәтижесінде, бір ғасыр бұрын инновация негізінде пайда болған қазіргі қазақ өнері өзінің рухани ерекшеліктерін жоғалтпады және сәйкесінше өнердің қайталанбас пластикалық тілін қалыптастырды.
Классикалық академиялық өнер халық тарихының өзіндік шежіресін жасайды және Қазақстан өнерінде ең маңызды орын алады. Тарихи және мифологиялық сюжеттер, көшпенділер өмірінен алынған үзінділер, дала және тау пейзаждары генетикалық жадыны бейнелеп жаңғыртуға, болмыстың мызғымас санаттарын ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Суреттердің байлығы, олардың мифологиялық мәні, дәстүрлі мәдениетті тарату талаптарына жауап беретін және бейнелеу өнері арқылы ашуға мүмкіндік беретін ғасырлар бойғы дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың тәжірибесі болып отыр. Қазақстанның бейнелеу өнері бірнеше мыңжылдықтың басынан бастап өз тарихын қалыптастырғанын көреміз.
Қорыта келе, шығармашылық жоспарды жүзеге асыру процесі ұлттық көркемдік форма мен ондағы кеңістіктің құрылымын ерекше орындау болып табылады. Суретшілер шығармашылығындағы принциптердің бірі - ұлттық философиялық ұғым, эстетикалық түсінік және дүниетаным. Өнер күрделі және кең ұғым. Дүниетанымның нақтылығы, өзгеруі, адамдардың мәңгілік мұраты мен мұңы, үміт дүниесі, ондағы ұрпақтар сабақтастығы... Міне, осының бәрі кенеп бетіне суретшінің жүрегінен зерделеніп бейнеленеді. Сонау 1980-1990-шы жылдардан басталған Қазақстан бейнелеу өнерінде ұлттық тарих пен қазіргі кезеңнің өзара байланысын айқындайтын проблемаларға, сондай-ақ, жалпы адамзаттың рухани мәдени мұрасына және өз халқының дәстүрлеріне құрмет сезімін тәрбиелейтін құбылыстарға негізделуі бостан бос емес.
Тарих әрқашан шектеусіз уақыт. Тарих - алтын сағат, сара жол, қайталанбас сәт. Әрбір кезең біз үшін, өскелең ұрпақ үшін маңызды әрі тым құнды болады. Суретшілер қауымы сол тарихты жандандырып, әр кезеңде, әр түрлі бағытта тарихи ескерткіштер тұрғызды, кенепте олардың таңғажайып, ерекше силуэттерін, портреттерін түсірді. Сол себепті, жоғарыда аталған әр кезең суретшілерін байланыстыратын сәт - ұлттық бейне болды. Бүгінгі күні Қазақстан бейнелеу өнерінің өзекті мәселелесі - Ұлттық құндылықты жоймай, келер ұрпаққа табыстау екендігін айтқымыз келеді.