Мақала
«Мен заманымның куәгерімін» – Қазақстан жас суретшілерінің шығармашылығына көзқарас
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 15.11.2017
Авторы: Гульнар Жуваниязова
Мақала
«Мен заманымның куәгерімін» – Қазақстан жас суретшілерінің шығармашылығына көзқарас
Қазақстан заманауи бейнелеу өнері – ой санаңды сан тарапқа жетелейді. Бірақ «заманауи өнер» – дегеніз не, оны қалай түсінуге болады, қандай бағытта? көкейіңде сан сұрақ ұялайды. Меніңше, бұл сұрақтарға дөп басып жауап беру мүмкін емес. Олай болса, өнер стильдердің қалыптасу тарихын қайта парақтап, сұрақтарға жауап іздеп көрелік
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 15.11.2017
Авторы: Гульнар Жуваниязова
«Мен заманымның куәгерімін» – Қазақстан жас суретшілерінің шығармашылығына көзқарас
«100х100 Мен заманымның куәгерімін» көрмесі

Мәңгілік жалғасқан өнер, бүгінгі суретшілердің шығармаларында өзіндік ерекше нәтижесімен танылуда. Суретшілер қай ғасырда өмір сүрмесін заманына қарай ағымдық жаңашылдыққа әрдайым ұмтылады. Дегенмен заманды өзгертетін адам. Уақыт пен кезеңнің қозғалысы жаңашыл жаңғырыққа толы екеніне біздер бүгінде куәміз. Кенеп бетіндегі әрбір сызық заманның толқыны десек, соның жаршысы суретші.

Ал, суретші деген кім? Суретшi – жаңалықтың, сонылықтың үлгiсi. Ол жыршы. Сондай-ақ, уақыт пен кеңістік болмысын уағыздаушы. Заман ағымына қарай суретшi ненi болса да жаңа беттен бастайды емес пе. Ол – абсолюттiк жаңалықты жасаушы десек қате болмас. Мiне, суретшілер өнердiң басталу қайнар көзiн зерттеп көнеге, қарапайым дүниеге жан бітірушілер. Сондықтан суретшілер өз заманының куәгері ретінде ой-түйсіктерін көрермендеріне дер кезінде жеткізуге ұмтылады.

Осы тұрғыда зерттеудегі ғылыми мақаланың басты мақсаты Қазақстан заманауи бейнелеу өнерінде суретшілердің шығармашылығының негіз бен бағыттық ұстамдылығының маңызын ашуда елімізде өткен көрмелерге сүйендік.

Қазақстанның аймағында күнсайын аталып өтетін көрмелердің әрбірі жариялайтын жаңалығымен маңызды. Егер де, біздер Қазақстан тәуелсіздік ел болған уақыттан қарасақ, мәселен, 1990-2017 жылдар аралығында өткен «Шығысқа саяхат», «Үлестен құр қалғандардың обсерваториясы», «Шымкенттік трансавангард «Жолайрық», «Алуан-Алуан», «Көксерек», «Мың ой», «Із», «Неге олай болмасқа», «Арт сапар», «25х25», «Мың бояу», «Тәуелсіздік тынысы», «Біздің дәуір», «Жаңа ұрпақ», «100х100 Мен заманымның куәгерімін», «Мен осылай көремін» және т.б. көрмелерде суретшілер композициялық туындыларында шыншыл мен ғажайыпты, өткен мен болашақты, бүгін мен ертеңді сеніммен ортаға салды да, салып келеді. Мұнда суретшілер көпшіліктің ішінде булығып жатқан толқынның сыртқа шығуына септігін тигізді. Аталған әрбір көрмедегі туындылар көрермендерді селт еткізбей қоймады. Терең ойға жетеледі. Түсініксіз жайлар орын алды. Сенім мен күдік туғызатын көріністер тарихты қайта парақтауға себеп туғызды. Бұл не?-деген сұрақтар көпшілікке маза бермеді. Суретшілердің кенебіндегі бейнелер, белгі, сызықтар немесе сол образдағы іс - әрекеттер басқа әлемге енгендей әсер қалдырды. Тек ғылыми зерттеу мақалаларда, кітаптарда репродукция ретінде және оқып зердеңді ашуға болатын түпнұсқалар – кескіндеме, графикалық, мүсін, қолданбалы саласында бір-бірін қайталамайтын ерекше композициялық идеядағы өнертуындылар жаңғырды. Суретшілер эмоционалды серпілістерін бірден жайып салды. Бірақ, оны көздің қиығымен қарап қана қабылдау немесе байыбына бармай әлдебір тұжырым жасау мүмкін емес еді. Суретшілер (классикалық өнер) бір қалыпты ырғақта үн қатқан болмысты өнердегі актуалды мәселеге айналдырды.

Бұл мәселені терең түсіну үшін кешегі өткен ғасырдың өнер тарихына бет бұрмай тұжырымдау мүмкін емес деп ойлаймын. Айталық, ХХ ғасырдың 1950-1980 жылдар аралығындағы «кеңестік өнері» деп аталатын шығармашылық туындыларда суретшілер сол заманның рухын бейнелей ұлттық мәнер мен форманы негіздеді. Соцреалистік жүйедегі тақырыпты туындыларда шынайылық әуендеді. Сол ХХ ғасырдың бірнеше онжылдықты қамтитын кәсіби бейнелеу өнерінде мәнерлік өзгеріс болғанмен тұрақты тақырып, яғни заман жаңалығы, бейбіт өмір мен жарқын болашаққа, туған жер рухына бағышталды. Сонымен қатар, бейнелеу формасында сол дәуірдің қол жеткізген жетістіктерін анық та нық сенімділікті көрсету мен халықты жаңа белестерге ынталандыру ұраны айқылдалды. Бұл фактілер кеңестік өнерді зерттеген (Сарықұлова Г.А. Қазақ ССР-нің өнері. –Ленинград, Аврора 1972, Очерки истории изобразительного искусства Казахстана. –Алма-Ата, «Наука» КазССР 1977, Мастера изобразительного искусства Казахстана. –Алма-Ата, Наука 1984,Қазақстан өнері.–Алматы, Өнер 1987, Советтік Қазақстанның бейнелеу өнері. –Алматы, Өнер 1990, Есмаханов А. Қазақстанның қазіргі бейнелеу өнері 60-90 жылдар. –Алматы, «Дидар» 1990, Қазақстан бейнелеу өнері. ХХ ғасыр. –Алматы, 2001, Ергалиева Р.А. Этнокультурные традиции в современном искусстве Казахстана. –Алматы 2002, История Искусство Казахстана. /со автор. А.Галымжанова, Б.Барманкулова, К. Муратаев и т.д. Алматы 2006, Ергалиева Р.А. Искусство XX века и традиционное мировозрение. –Алматы 2007, Қазақстан бейнелеу өнері. –Москва, Галарт 2013, Қазақ өнері. –Алматы, Елнұр 2013 V-томдық, және т.б) өнертанушылардың монографияларында, альбом мақалаларында нақты айтылды. Дегенмен, кейбіріміз сол фактілердің тікелей куәгері болдық.

Ал, бүгінгі заманауи өнерде өткен дәуірдің сарынын, келешектің ақиқатын тұтастай жүрекке жеткізіп сендіру процесі 1990-2000 жылдары басталды. Шынайылық пен нақтылыққа көзі үйренген халық түсініксіз әрі мәнсіз фигуративті бейнедегі көркем туындыларды әдеттегідей қабылдау мүмкін болмады. Тұрақты классикалық өнерден бас тартып, оған қарама-қайшы акциялық көрмелер орын алды. Ол кезеңде, бұл серпіліс қоғамға айтылған үнсіз үндеу еді. Суретшілердің басым көпшілігі кенепке түсірген мәнсіз нүкте, сызықтардан мазмұны терең композициялық идеялары таң қалдырды. Заман ағымындағы өзгерімдерге куә болсақта, мойындаудан үнсіз бас тарттық. Халықтың үнсіздігі суретшілерді тұншықтырды. Дегенмен, суретшілер үнсіздікке қарсы сөйлемейтін, бірақ бейнелеу тілімен үн қататын жаңа бағытта, яғни символикалық-концептуалды тәсіл, инсталляция, перфоменс, поп-арт, контемпорари-арт немесе актуальды өнер деп аталатын стильде өнер туындыларын тарту етті. Мұнда көз үйренген болмыс пен тылсым қарама-қайшылық әсерді туғызды. Өйткені, тақырып өзгермеді, қайта жаңа тақырыптар орын алды, сол тақырыптарды (көне мәдениет, тарих, миф, туған жер, өмір-тіршілік) өзгеше мәнерде танытуды жөн санады. Бұл көрініске көрермендердің бірте-бірте қызығушылықтары артты. Мұндай серпілістерді күн сайын көруге асықты. Бейнелеу өнеріндегі реалистік тұрақтылық ерекше динамикалық қозғалысқа өзгергені жас суретшілерді де баурап алды. Жаңа буын өнер иелерін дүниенің тылмыс құпиясы, архетип, шаманизмдік және архаикалық мәдениеті қайта жаңғырту, сонымен қатар оның мәнін түсіну қызықтырды. Суретшілерді еліктірген көне мәдениет басты шығармашылық негіздеріне айнала бастады.

Жалпы қарағанда еркін тақырыпта өтіп жатқан көрмелердің негізгі мақсаты Қазақстан заманауи бейнелеу өнерінің бүгінде келбеті қандай, не өзгерді деген өзекті мәселе бірінші орында тұр. Суретшілердің топтасқан көрмелерде сол ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. 1970 жылдары аралығында батыс еуропада қалыптасқан романтизм, символизм, импрессионизм, пуантализм, постимпрессионизм, экспрессионизм, модернизм, авангардизм, фовизм, примитивизм, пуризм, сюрреализм, метафизикалық, абстракционизм, ташизм, оп-арт, поп-арт, минимализм, гиперреализ немесе фотореализм, натурализм, концептуализм, постмодернизм, трансавангард, абстракті, экспрессионизм, акционизм, конструктивизм бағыттарындағы шығармашылық туындыларын көреміз. Заманауи қоғамда тұрақтылық жоқ, әрбір суретші өз құндылықтарын қалыптасқан бағытқа сүйене тілі мен стилін тұжырымдады. Осы тұста суретші Ғани Маданов «...әлем бізге бүтіндей емес бөлшектер арқылы беріледі, оны жинақтап ой-тұжырымымызбен дүние шығарамыз»- дейді. Оның бұл ойын құптауға болады. Шын мәнінде суретшілердің туындысындағы түп нұсқадағы көріністер әсерлендірілген формада беріледі. Осыдан барып суретшілер қандайда архайкалық немесе архетипті тақырыпта келген негізді осы шақтың тіршілігімен байланыстыра шынайылығын жеткізу үшін мазмұнды ашатын бағыттарға сүйенетінін байқаймыз.

Егер де, осы заманғы көзқараспен қарағанда суретшілер абстрактті ойларын реалистік шешімде берген болса, онда композициялық идеясын жеткізу мүмкіндігі сезілмейді. Өйткені, қазір абстрактілік заман. Сондықтан, ой еркіндігін реалистік формада жеткізу және оны қабылдау қиынға соғады. Реализм – ол бейнелеу өнерінде көргенді сол қалпында мәнерлеп жазу. Ал, бүгінгі уақытта қандай тақырыпта болмасын тылсым дүниенің болмысын формалар арқылы жеткізу мүмкін емес жағдайды суретшілер өз заманының куәгері ретінде креативті ойларын концептуальды шешуге бағыт алды. Бұл, бір жағынан бейнелеу өнеріндегі плюралистік кезең. Демократиялық қоғамның саясаты өз бағытында, ал өнердегі демократия саясаты әрқырлы және аралас-құралас. Айталық көрмедегі суретшілердің топтасқан немесе жеке шығармашылығында байқалатын ырғақтар әрқилы, сонымен қатар бір туындысында бірнеше бағытта шешілген композициялық ырықты танимыз. Осы мәселеде 2016 жылы өткен «100х100 Мен заманымның куәгерімін» көрмесінің мақсаты мен суретшілердің шығармашы ығын талдап, дәлел іздейік. Қазақстанның әрбір аймағынан қатысқан суретшілер «Мен заманымның куәгерімін» дей отыра қоғамда, қоршаған ортада болып жатқан жағдайларды мейлінше түсіндіруге тырысты. Мұнда жаңа буын суретшілердің көне мәдениет тарихы, философия, психология бүгінгі өмірмен байланысты екенін дәлелдеген әрбірінің көзқарасы, қарама-қайшылығы, шыншылдығы көрінді. Ең бастысы, бүгінгі қазақ көркемөнерінде жас буынның ұлттық рухы, ой өрісі биік, өзіндік даралық дағдысы мен білікті шеберлігі және қойылған міндетке жауапкершілігі бар екендігіне көзіміз жетті.

Қоршаған ортаның тепе-теңдік үйлесімділгін ұлттық формада айқындалуын суретшілер жан дүниесінен өткізуге мәжбүр болды. Көрмеде аңыз бен көне тіршілік тылсымы, бүгінгі қала мен дала өмір тынысы, оның атмосферасы сияқты тақырыптық композиция «100х100» форматта туындалды. Бұл көрменің ұстанған мақсаты бір метр де метр көлемдегі форматқа берілген тақырып бойынша өздерінің креативті ойларын бүкпесіз көрсету шарт болды. Сол шартты Қазақстанның әр аймағынан көрмеге қатысқан 39 суретші өз потенциалдарын көрсетті. Әрбір композициялық идея санадан тыс дүние құрайтын бөлшектердің ішкі үндестігімен берілген. Айталық, «100х100 Мен заманымның куәгерімін» атты көрмеде суретшілер пейзаж, натюрморт, портрет жанрындағы кескіндеме, графика қолданбалы өнер саласында шығармашылық мәнерлерінің ерекшеліктерін, креативті ойларын сан алуан бағытта танытты.

Алмас Нұрқожин «Бабалар ізімен»

Көрмедегі жас суретшілердің шығармашылығына талдау жасар болсақ, суретші Алмас Нұрқожиннің «Жолаушы», «Бабалар ізімен», «Аманат» жұмыстарының композициялық идеясы кең ауқымды. Материализм бағытында салынған бұл туындыларда қазақ халқының болмысы меңзелген. Мәселен, суретшінің «Аманат» туындысында мотоциклдегі адам бар дүниесін арқасына артып көпірдің жол бойында келе жатқан сюжеттік композицияда киізге ала арқанмен байланған қазақ киіз үйдің шаңырағы, керегелері, уықтары және жиһаздары формалық тұрғыда емес анық берген. Туындыдағы кейіпкердің іс- әрекетін динамикалық қимыл қозғалыста шынайы берген. Сырт көзге иллюзионистік шындық ретінде көрінгенмен, бұл композициялық идея шынайы тіршіліктің күйіне әбден жанасады. Қазақ халқының өзіндік болмысы мен менталитетінде «аманат» қасиетті іс болып есептеледі. Ел ішінде айтылатын «Аманаты жоқ пақыр болма» -деген сөз қанаттары бекер айтылмағанды. Аманат – ұрпаққа артылатын міндет. Ол әрдайым ұрпақ сабақтастығымен жалғасатын ел, жер, ұлт аманаты. Ұмытылмайтын өмір тынысы. Соны суретші қылқалам серпілісімен тамаша сезіндірген. Сюжеттік композициядағы түсті бояулардың динамикалық үйлесімділігінен көрінетін, бірақ шындықтардың көрінбейтін визуалды реализмі қиялдың күшімен көруге болатын тақырып. Кешегі мен бүгінгі, ертеңгі ақиқаттың шындығына сендіретін жұмыс.

Алмас Нұрқожин «Аманат»

Суретшілердің бейнелейін деген құбылыс неғұрлым өткір болса, олардың бет бұрған формасы соғұрлым абстракциялық реализмге жақын, әрі мәдениеттің тарихи пласттарына терең үңілуге жетелейді. Суретшілер шығармашылық тынысында әлде бір тұжырымға қол жеткізу үшін әрдайым ізденісте жүреді. Бұл, қай ғасыр болмасын суретшілердің өнер жолы. Осы тұста өнертанушы Е.С. Громов «Художественный образ рождается в сложном процессе творчества, в процессе отбора и осмысления с определенных мировоззренческих позиций жизненных впечатлений и наблюдений» <<...>>, только тогда становится фактом настоящего искусства, когда оно преломлено через индивидуальное характеры и жизненные ситуации» -деген түсінік береді [1. 25-30 б.].

Бақыт Сейсенханұлы «Үміт»

Сан түрлі көзқараста шешілген тақырыпты көрмеде шығармашылық формалар кездейсоқ әрекеттің нәтижесі емес, ол бейнелеудегі логикалық тіл десек қате болмас. Өзінің ерекше туындысымен ерекшеленген суретшінің бірі Бақыт Сейсенханұлы. Оның «Үміт», «Ұя» атты туындылары композициялық идеясымен сана сезіміңді бір шексіз әлемге жетелейді. Мағынасы терең, мазмұны ауқымды бұл жұмыстар бүгінде болып жатқан кейбір жайттарды қайта сезінуге жетелейді. Соның куәгері ретінде шындық ащы болса да кенеп бетіне суреттеген автор өз ойын былай жеткізеді – «...қазақ мәдениетін, дүниетанымын, жалпы қазіргі өмірді осы композицияларда қазақтың түсінігіндегі бейнелер арқылы жылқы, домбыра болсын, сол элементтерден күй-жайын көрсеткім келді». «Үміт» туындысында ескегі жоқ үрмелі қайықтың үстінде еріктеулі ақбоз ат, мойнына құтқару қамытын киген жас жігіт және қазақтың қара домбырасы сюжеттік көзқараста ауыр қабылданады. Мұнда әрбір адамның басына түскен ауыртпашылық қамыттай оралып тұрғанын айқындалса, бір жағынан сол тығырықтан шығар үміттің лебі сезілетінін еріктеулі жылқының образымен жіктезген. О заманнан қазақ не көрмеді, бірақ сабырлық пен саналы үміттің арқасында бүгінде тәуелсіз елі болып отырғанымызды да сездіретін жұмыс. Ұлттық рухқа тұнып тұрған жүмыстың бірі. Осы сезімді суретші бояу алысынан да меңзейді. Күңгіттеу, бірақ артынан күн нұры шуағын шашып мың бояуға боялатын аспан, ұшы құйыры жоқ теңіздің беті енді сабасына түскен ырғағын көк, ақ, көгілдір, қызыл түстердің өз ара үндестігінен үміттің шырағы сөнбейтінін білдірген.

Бақыт Сейсенханұлы «Ұя»

Суретшінің шындықтың көре алмайтын тұстарын визуалды тұрғыда бетке шығару шеберлігін ерекшелейді. Бақыт шығармашылық туындыларын ой елегінен өткізе отырып, сұрыпталған идеяларын кенеп бетіне материализм және абстракті-реализмде шешкен. Сонымен қатар «өмірден түңілме, бір үміт шырағы барына сен» - дегендей суретші «Ұя» туындысында осы қағиданы жүрегіңе жеткізе кенеп бетіне суреттеген. Сюжеттік композицияда ен далада қалған қазақтың қара киіз үйінің топтамасынан ажыраған сықырлауық есігі, оның маңында сурет салып отырған суретшінің бейнесі, есік маңдайына ұя салып балапандарын қанаттандырып отырған қарлығаш, құлазыған даланың аспанмен тірескен шексіздік – қазақ халқының қаншама өткен тарихи сарынның үні естілетіндей. Ал сурешінің бейнесі сол өткен сарын мен бүгінгі ақиқаттың арасын қосатын жыршы ретінде берілген. Туындылардың композициялық тұжырымын өмір сүріп жатқан және тірі емес әлемнің метафизикалық жағынынан қарастырған. Сондықтан, суретші сюжетте берілген жансыз бен жанды дүние өз әлемінде тіршілік құпиясы бар екенін дәлелдеді.

Лара Керешова «Жаңа. Жас»

Кеңістік пен уақыт аралығын бойлай түскен адам өмір тіршілігін әңгімелейтін суретші Лара Керешованың «Жаңа. Жас» графикалық туындысы таным принципінде шешілген. Философиялық ұғымда суреттелген бұл композициялық идея ұрпақтар сабақтастығының тең тенденциясын түсіндірген. Графикалық жұмыста әртүрлі ұлттың портретті шеңбердің айналасына бейнеленген. Ал, сол шеңбердің ішінде туылмаған нәрестенің бейнесі. Шеңбердің бетінде ерсілі-қарсылы тізбектелген антропологиялық өрнек айналыс қозғалысты айқындап тұр. Әрбір портрет анық және эмоциялық сипатта салынған. Сондай- ақ әрбір ұлттың өзіне тән бет-бейнесі, рухани бітімі, дүниетаным айнасы айқындалған. Егер де сюжетке қарай «сюрреализм» - деп тұжырымдауымызға әбден болады. Сюрреализм нақты, бейсаналық, армандардың шегінен тыс өмір туралы идеяны білдіреді. Сонымен қатар, саналы ойдан мағына береді. Міне, суретші Лара сюжеттің мақсатын шынайылық пен шындықтың арасындағы мағынаны тұжырымдайды.

Сондай-ақ, көрмеде Дәуренбек Бекназаров «FM», Зарина Ниязов «Картина 2», Жансая Кикібайқызы «Отбасы» және т.б. жас суретшілер тақырыпқа байланысты өзінің идеялық шығармаларын шынайы өмір-тіршілікпен іспеттестіре өз заманының куәгері екендерін туындыларынан танытты. Көрмеде қаламгерлер өз алдына ұлттық идеалдарды, сана принциптері мен адам өмірінің критерилерін қайта қалпына келтіруді негізгі міндеттері етіп қойған сынды, және бұл мәдениет реконструкциясын жүргізу олардың қолынан келді деуге болады. Ұлттық сана принциптерінің реконструкциясы кескіндеме кенептерінде бүгін немесе сол сәтте болып жатқан көріністерді реализм мен абстарактты бағытта баян етеді. Суретшілердің шығармашылық тәжірбиесімен ізденістеріне және Қазақстан бейнелеу өнеріндегі жалпы кезеңдік өзгеріс бағытына өнер зерттеуші Р. Ә. Ерғалиева мынадай түсінік береді: «...в творческой практике художников разных поколений традиционные ценности, критерии и идеалы были трансформированы, интерпритированы и адаптированы к новым формам художественного самовыражения. Постоянный духовный диалог с принципами миропонимания и мировидения предков, ведомый казахским искусством, сформировал уникальный феномен казахского изобразительного искусство» [2. 89 б.]. Қандайда бір тақырыптың мазмұнын ашуда немесе көрермендеріне жеткізуде рухани дүниетанымдылықтың түсінікті бейнеленуі үшін өнер иелері әрдайым ұлттық философияға және ұлттық психологияға бет бұрады. Осыдан олардың қолтаңбалық ерекшелігі, шығармашылық бағыт ұстамдылығы және композициялық мазмұндық мәні терең ұғымда сауатты сомдауына септігі тигені шығармаларынан көреміз. Өйткені, бұл ілімсіз мәдени-тарихымызды түсіп ұғыну мүмкін емес деп ойлайлым. Сонымен қатар, өнердегі белгіленген бағыттардың өзі осы ілімнің тұжырымдауынан туындағанын да білеміз. Уақыт ырғағында өнер философия мен психология ілімімен тығыз байланыстығын бейнелеу өнерінде нақты дәлелденді. Жаңа ғасыр адамға жаңа ойлауды, тарихқа деген жаңа көзқарасты тудырады. Өткен ғасыр мен қазіргі заманауи дәуірдің ағымын айқындайтын, осы дәуірде орын алған терең өзгерістер мен құбылыстар ұрпақтың санасына терең және тез еніп, жаңа шындыққа көзқарастары өзгеріп жатқанына біздер бүгінде куәміз.

Қолданылған материалдар:

  1. Громов Е.С. Мировоззрение, мастерство поиск в творчестве художника. - М., «Советскийй художник» 1965, с. 20
  2. Ергалиева Р.А. Искусство XX века и традиционное мировозрение. с.23-27
  3. Сарықұлова Г.А. Қазақ ССР-нің өнері. –Ленинград, Аврора 1972,
  4. Очерки истории изобразительного искусства Казахстана. –Алма Ата, «Наука» КазССР 1977,
  5. Мастера изобразительного искусства Казахстана. –Алма-Ата, Наука 1984,
  6. Қазақстан өнері.–Алматы, Өнер 1987, Советтік Қазақстанның бейнелеу өнері. –Алматы, Өнер 1990,
  7. Есмаханов А. Қазақстанның қазіргі бейнелеу өнері 60-90 жылдар. –Алматы, «Дидар» 1990,
  8. Қазақстан бейнелеу өнері. ХХ ғасыр. –Алматы, 2001,
  9. Ергалиева Р.А. Этнокультурные традиции в современном искусстве Казахстана. –Алматы 2002,
  10. История Искусство Казахстана. / со автор. А.Галымжанова, Б.Барманкулова, К. Муратаев и т.д. –Алматы 2006,
  11. Қазақстан бейнелеу өнері. –Москва, Галарт 2013,
  12. Қазақ өнері. –Алматы, Елнұр 2013 V-томдық