Мақала
Қазақ графикасының хас шебері
Евгений Сидоркин (1930-1982) – ҚазКСР Халық суретшісі, ҚазКСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 23.04.2018
Авторы: Самал Мамытова
Мақала
Қазақ графикасының хас шебері
Евгений Сидоркин (1930-1982) – ҚазКСР Халық суретшісі, ҚазКСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 23.04.2018
Авторы: Самал Мамытова
Қазақ графикасының хас шебері

Сидоркин Е.М. Алпамыс. «Алпамыс батыр» эпосына иллюстрациялар топтамасынан. 1976. Қағаз, автолитография

Қазақстан графикасы жайлы сөз қозғағанда алғашқылардың бірі болып Е.Сидоркиннің туындылары көз алдымызға келетіні сөзсіз. Суретшінің шығармашылық мұрасы - қазақтың ұлттық өнері мен дәстүрін, тарихы мен әдебиетін терең зерттеп, тағылым алуының көрінісі. Ол еліміздің ертедегі және жаңа тарихын бейнелеуде шалқыған шабытының қайнар көзін халық аңызынан, көркем әдебиеттен алды. Нәтижесінде қазақ халқының өзіндік мәдениеті Сидоркин өнерінің ажырамас негізіне айналды.

Сидоркин Евгений Матвеевич 1930 жылы 9 мамырда Киров облысы Лебяжье селосында дүниеге келген. 1951 жылы Қазан көркемсурет училищесін бітірді. 1951-1952 Латыш КСР КА-сында оқыды. 1957 жылы И.Е. Репин ат. Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын тәмамдайды. Атаулы оқу орнын бітіргеннен кейін суретші Алматыға келіп, өзінің шығармашылық жолын тікелей Қазақстан өнерімен байланыстырады.

Сидоркин Е.М. «Қазақ эпосы» иллюстрациялары топтамасынан. 1962. Б., линогравюра

Қазақстандағы оның алғашқы жұмысы 1958 жылы орындалған «Көңілді алдаушылар» атты акварельдер топтамалары. Бұл туындылар халық ертегілері негізінде жасалды. Оның басты кейіпкерлері – есімдері аңызға айналған дала данышпандары Алдаркөсе мен Тазша бала, Жиренше шешен. Осы бір қуақы, бірақ адал жандардың ертегілерде үнемі жолы болады. Сидоркин шығармасындағы өзінің шұрық тесік тонын айқара ашып тұрған Алдаркөсенің тапқыр да айлакер жүзінде қаншалықты сенім бар десеңізші. Оның жанындағы салтанатпен сәнді киінген бай мүсәпірлеу көрінеді. Кейінірек суретші осы топтаманы түсті автолитография тәсілінде екінші рет орындайды.

Сидоркин Е.М. М. Әуезовтің «Абай жолы» романына иллюстрациялар. 1970. Қағаз, автолитография

1960 жылы суретші М.Әуезовтің шоқтығы биік «Абай жолы» шығармасын көркемдеуге ақ-қара линогравюраны таңдайды, арада он жыл өткеннен кейін 1970 жылы екінші рет автолитография тәсілінде орындап шығады. Өз дәуірінің энциклопедиясы аталған осы үлкен эпопеядағы ең басты оқиғаларды қамтуға тырысады. Роман бірнеше рет оқылып, Абай, Тоғжан, Құнанбайлардың немесе өзге де бас кейіпкерлердің портерттері суреттелген жолдар ерекше назарға алынып, парасат пен философияға толы болмыс-бітіміндегі қайталанбас образдары сомдалған. Сонымен қатар Сидоркин романның аса маңызды тұстарын таңдап алып («Базар», «Аналар», «Әбіш бейітінің басында», «Жұт»), шығарма оқиғасының және тұлғалардың эмоциялық тереңдігін көз алдымызға елестете алатындай керемет айқындады.

Сидоркин Е.М. «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырына иллюстрация. Баян Сұлу. 1959. Қағаш, гуашь

Сидоркиннің линогравюра тәсілінде орындалған келесі үлкен туындысы «Қазақ эпосы» иллюстрациялары - біртұтас декоративті мәнерде шешілген. Аталмыш жұмысында суретші халық эпосындағы қаһарман батырлар мен кербез сұлулар сынды өлмес кейіпкерлерді жаңғыртты. «Қазақ эпосына» арналған кітап безендірулер мен мазмұнды иллюстрациялар ақ сызықтармен нақтыланған қара сұлба арқылы берілген. Бұл декоративті мәнерді суретші келесі топтамаларында дамыта түседі. Кәсіби шеберлігін арттырып, композициялық құрылымды күрделендіре келе 1963 жылы «Қазақтың ұлттық ойындары» автолитографиялар топтамасы (Көкпар, Бәйге, Қыз қуу, Бүркітпен аңға шығу) орындайды. «Көкпар» парағында ойынның композициясы қызықты шешім тапқан. Мұндағы ойын динамикалық шеңбер пішінде, стилизацияланған жұмыр шешімде берілген. Ондағы үш салт атты шеңбер құрып, орталық бөлікке көкпар тоқты малын орналастырады. Композиция үздіксіз қозғалыста. Салт атты бейнелер жеңіл, иілген пішінде және аттарының қимыл-қозғалыста күрделі ракурстармен айқындалған. Көріністен көкпар ойынының жойқын күшін сезінуге болады.

Сидоркин Е.М. Ару. «Сәкен Сейфуллинді оқығанда» топтамасынан. 1964. Қағаз, автолитография

1964 жылы суретші «Сәкен Сейфуллинді оқығанда» автолитографиялар топтамасын орындайды. Өлең жолдары негізінде кейіпкерлердің психологиялық көңіл-күйін айқындайтын «1918 жыл», «Жоқтау», «Бесік жыры», «Шопандар», «Сұлу» парақтары дүниеге келді. Әрбір парақ ақ пен қараның контрасты үйлесіміне негізделген сұлба мәнерінде шешіліп, адамдар бейнесін ауқымды етіп көрсетеді . Бұл топтамасы үшін Сидоркин Лейпциг қаласында өткен Халықаралық кітап өнері көрмесінде алтын медальмен марапатталады.

Суретшінің шығармашылық өркендеу жолының негізгі кезеңдері «Дала аңызы» триптихы (1970), «Ғасырлар қойнауынан» топтамасы (1972), М.Е.Салтыков-Щедриннің «Бір қаланың тарихы» кітабына иллюстрация (1975), Ф. Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль» (1979), «Қазақстан жерінде» (1981) топтамаларында жалғасын табады.

Сидоркин Е.М. Жекпе-жек. «Ғасырлар қойнауынан» топтамасынан. 1972.

Қылқалам шебері Е.Сидоркиннің теңдесіз жұмыстары оның үлкен талантын көрсетеді. Автор қиялының байлығы, жан-жақтылығы, кәсіби шеберлігі мен қайталанбас шешімдері оның графикалық парақтарынан айқын байқалады. Суретшінің артына қалдырған жауһар қолтумалары Қазақстан өнерінің алтын қазынасына айналып, қосқан елеулі үлес болып табылады.

Марапаттары:

1957 жыл - Лейпциг қаласында социалистік мемлекеттер арасында өткен Халықаралық кітап өнері көрмесінің қола медаль иегері («Қазақ эпосы» кітабына иллюстрациялар топтамасы үшін);

1965 жыл - Лейпцигте өткен «Бес құрлық графикасы» Халықаралық көрмесінің алтын медаль иегері («Сәкен Сейфуллинді оқығанда» автолитографиялар топтамасы үшін);

1966 жыл - Краков қаласында (Польша) өткен І Халықаралық графика биенналесінде 1 сыйақы және алтын медаль иегері;

1978 жыл - Баспа, полиграфия және кітап сауда ісі бойынша КСР Кеңес Мемлекеттік комитетінің «Баспа үздігі» төсбелгі иегері.