Белгілі театр режиссері, кинорежиссер, сценарист Талғат Теменовтің есімі көпке мәлім. Оның «Адамдар арасындағы бөлтірік» (1988), «Қызғыш құс» (1991), «Махаббат бекеті» (1993) т.б. фильмдері көрермендердің көзайымына айналып, халықаралық кинофестивальдердің лауреаты атанды. Бүгінде режиссердің жаңа «Қара қыз» атты туындысы көрерменге жол тартпақ.
«Қара қыз» драмалық жанрдағы туынды ретінде тек өткеннің көрінісін ғана емес, сонымен қатар қоғамға өзегі терең тарихи жараларды да бейнелейді. Бұл фильм өткеніміздің айнасы тәрізді, көрерменге тарихымызды көзбен көруге, оны сезінуге мүмкіндік беретін өнердің ерекше бір формасы. Алайда айнаны дұрыс қолдану қажет: егер айна таза болса, онда айна алдындағы бейне де шынайы әрі әсерлі болады. «Қара қыз» фильмінің авторлары осы қағиданы ұстана отырып, қазақ тарихының ауыр беттерін шынайы көрсетуге барынша тырысқан.
Фильмде Екінші дүниежүзілік соғыс бейнесі мен кеңестік саясаттың қазақ халқына жасаған қиянаттары көрініс табады. Бұл туындыда екі түрлі соғыстың ауыртпалығы көрсетіледі: майдандағы ерлердің азабы мен тылдағы әйелдер мен балалардың қайғы-қасіреті. Режиссер бір жағынан соғыс алаңындағы жауынгерлердің күресін суреттесе, екінші жағынан тылдағы қарапайым халықтың күнделікті арпалысын бейнелейді. Фильм көрерменге осы екі күресті – сыртқы және ішкі майданды – қатар көрсетіп, қазақ халқының тарихи қасіретіне назар аударады.
Фильмнің визуалдық шешімдерінде қызыл түстің қолданылуы ерекше мәнге ие. Бұл түс – қазақ халқының соғыстан шеккен азабын бейнелейтін символға айналады. Қызыл түсті элементтер фильмнің көркемдік құрылымын толықтырып қана қоймай, көрерменді тарихтың қанды іздерімен бетпе-бет кездестіреді. Сонымен бірге, режиссер тарихи шындықты күшейту үшін соғыс жылдарында түсірілген нақты хроникалық кадрларды да пайдаланады. Бұл әдіс фильмнің тақырыбын айқындай түсіп, көрерменді сол заманды көзімен көргендей күйге бөлейді.
Фильмнің атауы – «Қара қыз». Бұл атау тек басты кейіпкер Алмагүлдің лақап есімі ғана емес, сондай-ақ қазақ халқының қаралы күндерін білдіретін метафораға айналады. Алмагүл бейнесі арқылы фильм соғыс пен зұлмат жылдардың халыққа тигізген ауыртпалығын, қазақтың қасіретті тарихын меңзейді. «Қара қыз» – тек өткеннің ғана символы емес, бүгінгі қазақтың жадында сақталған сол жылдардың ауыр көрінісі.
Тарихи фильмдер жасау – үлкен жауапкершілікті талап ететін, күрделі өнер. Бұл жанрдағы туындылар тек тарихи оқиғаларды бейнелеумен шектелмей, көрерменнің тарихи сана-сезімін оятып, оған терең ой тастайды. «Қара қыз» фильмі осы мақсатқа жете білген.