Мақала / #студентСөзі
Малика Мұхамеджанның «Қарлығаш» фильміне жас сыншылардың пікірі
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кинотану» бөлімінің 2-курс студенттері «Қарлығаш» фильмі туралы ой бөліседі
Бөлім: Кино
Датасы: 23.02.2025
Авторы: Ғайша Аманжол
Мақала
Малика Мұхамеджанның «Қарлығаш» фильміне жас сыншылардың пікірі
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кинотану» бөлімінің 2-курс студенттері «Қарлығаш» фильмі туралы ой бөліседі
Бөлім: Кино
Датасы: 23.02.2025
Авторы: Ғайша Аманжол
Малика Мұхамеджанның «Қарлығаш» фильміне жас сыншылардың пікірі

2024 жыл – қазақ киносы үшін жемісті жылдардың бірі болды. Жыл бойында 100 жуық толықметражды көркемсуретті фильм түсіріліп, дебюттік туындылардың саны көңіл қуантты. Солардың бірі жас режиссер Малика Мұхамеджанның алғашқы толықметражды «Қарлығаш» фильмі. Фильм өзінің көркемдік шешімімен, терең философиясымен өзгелерден ерекшеленді.

«Қарлығаш» фильмі – жетім дала төсіндегі жүректі сыздатқан махаббат драмасы. Қаңыраған ауыл шетінде Қарлығаш (Зухара Сансызбай) күйеуі Ілияс (Елжас Рахим) және қайнағасымен бірге күн кешуде. Айналасындағы шексіз кеңістік әйелге еркіндіктен гөрі тұншықтырғыш тордай сезіледі. Бұл тыныштықты француз Луидің күтпеген келуі бұзып, оның бірсарынды өміріне өзгеріс әкеледі.

Фильмнің тұсаукесері 26-шы Шанхай халықаралық кинофестивалінде өтті. Италияда ұйымдастырылған 25-ші Лукания кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесін иеленіп, көркемдік сапасы мен мазмұндық тереңдігін мойындатты. Ресейдегі 32-ші «Еуропаға терезе» фестивалінде де тасада қалмай, қазылар алқасының «Арнайы жүлдесі» мен киносыншылардың «5 жұлдыз» марапатына лайық деп танылды. Санкт-Петербургте өткен 5-ші Lendoc кинофестивалінде «Үздік копродукциялық жоба» дипломымен марапатталуы – фильмнің халықаралық әріптестіктегі жетістігін айқындай түсті.

Қазақстандағы «QYZQARAS» және «Baiqonyr» кинофестивальдерінде талғампаз қауымды бейжай қалдырмады.

Әзиза Куандык: Бұл махаббат туралы фильм емес. Бұл – адам өз бақытын сырттан іздей ме, әлде өз ішінде таба ала ма деген сұрақ төңірегінде өрбитін психологиялық туынды. Луидің: «Адам өз-өзінен қашып құтыла алмайды» деген сөзі фильмнің философиялық өзегін айқындайды. Қарлығаш та, Ілияс та өз сезімдерінің тұтқынына айналып, бірақ онымен қалай күресерін білмей жүрген жандар.

Фильмде табиғат – тек фон емес, оқиғаның толыққанды кейіпкері. Кинотеоретик Ричотто Канудоның ойынша, кино кеңістік пен уақыттың үндестігінен туатын өнер, ал табиғат осы үндестіктің басты элементі болуы керек. Мұхамеджан дәл осы қағиданы ұстана отырып, кеңістікті кейіпкердің жан айнасына айналдырады. Кең дала – Қарлығаштың бостандығы мен шексіз мүмкіндіктерінің символы, бірақ оған жету үшін өз-өзімен күресу керек. Үнсіз өзен, самал желмен қозғалған шөптер – өзгерісті күтіп тұрған табиғаттың сыбдыры іспетті.

Камера табиғатты асықпай, баяу кадрлар арқылы көрсетеді. Осы арқылы режиссер көрерменді кейіпкердің ішкі әлеміне тереңірек үңілуге шақырады.

Арнұр Әуезханов: Бұл фильмнің жеке басыма ұнаған тұсы – режиссер ешкімді ақтамайды немесе кінәламайды, тек әр кейіпкердің өз шындығын көрсетеді. Қарлығаш – еркіндікті аңсайтын, бірақ өз өмірін өзгертуге батылы жете бермейтін кейіпкер. Ол сырт көзге сабырлы көрінгенімен, ішінде үлкен арпалыс бар. Оның күйеуі Ілияс – классикалық антагонист емес. Керісінше, ол да өз өмірінде адасып жүрген, өткеніне байланып қалған адам. Луи болса, Қарлығаш үшін жаңа мүмкіндіктердің символы. Бірақ ол жай ғана «құтқарушы» емес, Қарлығаштың өзі шешім қабылдауы керек екенін аңғартатын кейіпкер.

Ғайша Аманжол: «Қарлығаш» көркемдік әдістері мен баяндау стилі жағынан қазақ киносының кейбір классикалық туындыларымен үндес келеді, әрі қазақ киносының көркемдік дәстүрлерін жаңа қырынан жалғастырады. Мәжіт Бегалиннің «Тұлпардың ізі» (1965) және Аманжол Айтуаровтың «Дала экспресі» (2005) фильмдерімен ортақ ұқсастықтар жайлы сөз қозғайық. Бегалин шығармаларындағы уақыт пен кеңістіктен бөлектенген кейіпкерлердің психологиялық портреті «Қарлығаштағы» кейіпкерлердің болмысымен үндес. Бұл фильмдер өткен шақтың жүректе қалған бейнесін оятып, уақыт ағысындағы адам тағдырларын зерделейді.

Қарлығаштың басты кейіпкері Жаухазды (Тұлпардың ізі) еске салады: екеуінің мінезі мен тағдыры ұқсас, бір жанның қос бөлшегіндей әсер қалдырады. Ілияс пен Тұрар да жақын бейнелер, бірақ ұқсастықтары көмескі. Фильм соңында Ілияс Қарлығашты үнсіз босатса, Тұрар жоғалған жарының соңынан аласұра ұмтылады. Луи образы да маңызды. Егер «Дала экспресінде» француз жолаушысы қазақ мәдениетін тануға талпынса, Қарлығашта Луи үшін дала — сыртқы кеңістіктен гөрі махаббат пен жан толқынысының көрінісі. Мұхамеджан тұлғааралық байланыстарды, Айтуаров мәдениеттер түйісуін алға тартады. Бұл фильмдердегі басты ортақтық – ішкі қақтығыс пен жатсыну сезімі. Бегалин шығармалары уақыт пен кеңістік арасындағы байланыстарды еске салса, Мұхамеджан мен Айтуаров бұл тақырыпты жаңа қырынан қарастырады. Бірі – махаббаттың нәзік иірімдерін зерттесе, екіншісі – тұлғаның өз болмысын іздеуімен айналысады.

Ділнәз Төлеуханова: Қарлығаш – қоғамдағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесінің көрінісі. Басты кейіпкер – жас әйел, оның есімі фильм барысында көп мәнге ие болады. Себебі «Қарлығаш» еркіндік пен үміттің символына айналады. Фильмде кейіпкердің сыртқы жағдайлармен ғана емес, ішкі жан дүниесімен де күресуін айқындай түседі.

Малика Мұхамеджанның режиссерлік тәсілі ерекше сезімталдықпен ерекшеленеді. Ол мінез-құлықты ұсақ детальдар арқылы жеткізіп, кейіпкерлердің эмоциясын терең көрсетуге басымдық береді.

Басты рөлдегі актрисаның ойыны ерекше атап өтуге тұрарлық. Ол кейіпкердің күйзелісін, қорқынышын және еркіндікке ұмтылысын жеткізе алды. Эмоциялық шынайылық пен табиғилық көрерменді оқиғаға барынша еліктіріп, кейіпкердің жағдайын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар фильм әрбір жасалған шешімді өзгерту мүмкіндігі бар екенің көрсетеді. Қарлығашта өмірінің өзгеруіне әрекет жасады. «Қарлығаш» қоғамдағы өткір мәселелерді қозғай отырып, әйелдердің құқықтары, әлеуметтік теңдік және адамның өз құқығын қорғау мәселелерін ашық көрсетеді.

Рахат Тәңірберген: Неге тұтқын? Фильмде көрініс тапқан тұтқын – тек адам тағдырының бейнесі ғана емес, ол еркіндікті аңсаған рухтың символы. Режиссер қолданған образдар – жылқылар, аяққа түскен тұсау, қанатына құрық салынған Қарлығаш – бәрі де азаттықтың асқақ арманын астарлап жеткізеді. Жылқы – ежелден қазақ халқының еркіндік пен тәуелсіздіктің белгісі болса, тұсау – сол бостандықтың шектелуінің көрінісі.

Қарлығаштың кең даланың төсінде тыныштық пен еркіндік іздеуі – адамның мәңгілік еркіндікке ұмтылысының символы. Дала – еркіндікпен ұштасқан шексіздік, ал қанатына құрық салынған Қарлығаш – сол кеңдіктің шынжырланған бейнесі. Жазықтықтың өзі кейіпкердің жан дүниесіндегі азаттыққа деген сағынышын бейнелейді.

Сөз соңына келе, дебюттық картина қарапайым оқиғаның астарына терең мән сыйғызған туынды. Фильм кейіпкерлері сезімдерін ашық білдіруден гөрі, үнсіздік пен кішігірім әрекеттер арқылы жеткізеді. Алайда, мұндай баяндау стилі кей тұстарда оқиға динамикасын бәсеңдетіп, көрерменге белгілі бір қашықтық сезімін тудыруы мүмкін. Десе де, режиссердің басты жетістігі – кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін көркемдік құралдар арқылы ашуында. Фильм махаббат, еркіндік және тағдыр ұғымдарын жаңаша қырынан қарастыруға шақырады, ал оның қойылымы әр көрерменге өзінше ой түюге мүмкіндік береді.


Дайындаған:  Ғайша Аманжол