Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (II.2.2)
2.2.Қазақ киносы – соғыс жылдарында 2.2.1 Көркемсуретті кино
Бөлім: Кино
Датасы: 08.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (II.2.2)
2.2.Қазақ киносы – соғыс жылдарында 2.2.1 Көркемсуретті кино
Бөлім: Кино
Датасы: 08.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (II.2.2)

Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА

 Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы


2.2.1 Көркемсуретті кино

Ел өміріндегі басты-басты кезеңдерді, қоғамдағы болып жатқан өзгерістерді камера көзімен дер кезінде қамтып қалатын деректі кино жанрының  маңыздылығын мойындаймыз, алайда, ұлттық кинематографтың ерекшелігі мен негізгі сипатын айқындайтын шешуші фактор көркемсуретті кино тарихының даму сатылары болып табылады.  Қазақ көркем киносы тарихында 1940-жылдар тұсы аса елеулі кезең болды.

Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында совет кинематографистерінің достық байланыстары нығая түседі. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деген ұранмен өндірістік мүмкіншіліктердің барлығы дерлік соғыс жағдайына қайта құрылған тұста, кинематографистер де көп қиындыққа кездесіп жатты. Фильмдер өндірісі үгіт-насихат, патриоттық сезім тудыратын  кинорепортаж бағытына икемделіп, көркем кино өндірісі соғыс жылдары қысқаформатты фильмдер шығаруға мәжбүр болады. Новелла жинақтары мәнерінде түсіріле бастаған қысқаметражды фильмдер өндірісіне материалдық-техникалық база тұрғысында аса үлкен декорациялар мен  көпшілік көріністер түсірудегі  көлемді қаржылардың шектеулі болғандығы соғыс жағдайында өте ыңғайлы еді. 1941-жылдың күзінде  қазақстандықтар Алматыға көшіп келген «Мосфильм», «Ленфильм» студияларының ұжымдарын, Орталық деректі фильмдер студиясы мен Киевтің хроника студиясының қызметкерлерін, сонымен бірге, Бүкілодақтық Мемлекеттік Кинематография институтының ұстаздары мен студенттерін  шын пейілмен қарсы алады. 1941-жылдың 12 қыркүйегінде Алматы көркем фильмдер студиясы ұйымдастырылады. Ол 1941-жылдың 15-қарашасында  «Мосфильм» және «Ленфильм» студияларымен бірге қосылып,  Біріккен Киностудиялар Орталығының (ЦОКС) құрамына енеді. Осы жылдары Алматыда шоғырланған совет киносының белгілі қайраткерлерінің  қазақ киносының дамып өркендеуіне әсері мол болды. Біріккен Киностудиялар Орталығында (ЦОКС) С.Эйзенштейн, И.Пырьев, Г.Александров, Г.Рошаль, Вс.Пудовкин, Г.Козинцев, ағайынды Васильевтер, Л.Трауберг, Э.Тиссэ тағы басқа бірқатар белгілі кинематографистер жұмыс жасады.

Соғыс жылдары Бүкілодақтық сценарий студиясы да Алматыға көшіріледі. Студияның негізгі қызметкерлері сол кездің өзінде танымал болған кинодраматургтер еді: М.Блейман, С.Ермолинский, А.Каплер, Н.Эрдман. Кинодраматургтердің жазған әдеби сценарийлері көркемсуретті кино өндірісінің басты бағытын айқындап отырды. Шығармашылық топ-пен бірге Алматыда техникалық-инженер кадрлардан  аса білікті мамандар жиналды. Олар өздерінің негізгі жұмыстарының күрделілігіне қарамастан, жергілікті жастар арасынан кино саласына техникалық-инженер, өндіріс цехтары мен лабораториялардың мамандарын даярлау жұмысын да қолға алды. Кинематографистік күрделі процесстерді дұрыс ұйымдастырудың қыр-сырын меңгерген  техникалық бағыттағы кәсіби кинематографистердің үлесімен соғыстың аса қиын жылдарында бір уақыт ішінде кемінде 6-7 көркемсуретті фильмді өндіріске емін-еркін жіберуге мүмкін болды: бір фильмге әдеби сценарий жазылып жатса, сол уақыт ішінде екінші бір фильмге режиссерлық сценарий талқыланады, енді біріне костюмдік эскиз үлгілері дайындала бастайды. Бір фильмге шығын көлемі есептеліп жатқан тұста, екінші фильм түсіру процессіне дайындықтан өтіп жатады. Табиғи және кең көлемді студиялық түсіру павильондары  тәулікті тұтасымен пайдалануға мүмкіндік берді: әр түсіру күні үш ауысым бойынша жұмыс жасай алатын болды. Монтаждау цехтары мен пленкаларды өңдеу лабораторияларында  жұмыс күндіз-түні үзілмейтін. Осындай қайнаған шығармашылық ортада соғыс жылдарында кеңес киносының 80 пайызы түсіріледі. Орыс кинематографистері жергілікті ұлт мүддесіне орай қазақ киносының бастапқы қадамын батыл басуға көп көмектерін көрсетеді. Қазақ материалына бірқатар көркемсуретті фильмдер түсіріледі. Біріккен Киностудиялар Орталығы жанынан актерлер, операторлар және басқа да  аса қажетті деген кино саласындағы мамандар даярлайтын қысқамерзімдік курстар ашылады. Өндірістік цехтарда жергілікті қазақ жастарынан 300-ге жуық адам қызметке алынады. Біріккен Киностудиялар Орталығының қызметі совет халқының неміс басқынышылығына қарсы күрестегі ерлігін сипаттайтын, патриоттық сезім мәнеріндегі фильмдер жасауға негізделді. Сценарийлер студиясы  жанынан қазақ жазушылары және жалпы зиялы қауым үшін арнайы кинолекторийлар ұйымдастырылады. Онда киносценарийлер жазу, фильмдер өндірісі жайында мәліметтер үздіксіз  беріліп отырды.

Осы кезеңде Алматыда шоғырланған орыс драматургтері мен қазақ жазушыларының арасында тығыз шығармашылық байланыс орнайды. “Дала әндері” деп аталған киноновелланың экранға шығуы осы шығармашылық бірлестіктің алғашқы нәтижесі болды. Соғыс тақырыбына түсірілген бұл киноновелланың құрамына үш қысқаметражды фильм енгізілді. 1. «Сын бойца»,1941ж, режиссеры В.Строева; сц.авторлары: Ғабит Мүсірепов, Сергей Михалков, И.Прут 2. «Алыптың әні» – 1942ж, реж.В.Строева. көркемдік жетекшісі- Е.Арон; сц.авторлары: А.Тәжібаев, Л.Жежеленко. 3. «Ақ гүл» –1943ж, реж. Е.Арон; сц.авторлары: Қ.Сиранов, В.Морозов.

Бірінші  және  екінші новеллалар Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ жауынгерлерінің көрсеткен ерлігін суреттейді. Үшінші новелла «Ақ гүл» қазақ киносы тарихындағы алғашқы комедия ретінде бағаланады.

«Сын бойца» фильмінің негізгі мазмұны қазақ жауынгері Аймановтың  жас баланы соғыс алаңынан құтқарып шыққан ерлігі төңірегінде өрбітіледі. Жау қолында қалған селодағы әйелдер мен бала-шағаны неміс әскерлері алдарына айдап салып, біздің жауынгерлерге шабуылға шығуға тосқауыл жасайды. Қолында нәрестесі бар жас әйел топтың арасынан сытылып шығып  «Тарқатыла қашыңдар!»-, деп ауылдастарына айғай салады да, біздің жауынгерлерге «Атыңдар, жасқанбай!»-деп бұйырады. Сол екі ортада айнала астаң-кестең болып, екі жақтан да оқ атыла бастайды. Жұрттың біразы қашып құтылады. Зуылдаған оқ жауынының астында қалғандар да баршылық.  Оққа ұшып, құлап жатқан  жас әйелдің жанында шырылдап баласы жатыр. Сол баланы құтқармақшы болып біздің әскерлер әрекет жасайды.  Бірінші жауынгер оққа ұшады.  Ендігі кезек Аймановтікі. Ол баланы оттай қайнаған ұрыс даласынан аман-есен алып шығады. Өзі құтқарып қалған нәрестені Айманов асырап алуға ниет қылады. Жоғарғы басшылар оның бұл шешіміне қарсы болмайды, сөйтіп,  бала Аймановтың ауылдағы туыстарына  жіберіледі.  Бұл фильмді көрермендер өте жылы қабылдады.

«Алыптың әні» фильмінде салыстырмалық элементтер баршылық. Фильмнің басты кейіпкері Көреген (Қапан Бадыров) Ұлы Отан соғысының батыры Төлеген Тоқтаровтың экрандық  прототипі  деуге болады. Бастапқы кадрларда бірнеше күнгі  шабуылдан әбден қалжыраған Совет Армиясының бір бөлімшесі өзен жағасының тасалау жеріне жайғасып, дем алуға орналасады. Осындай  бір тыныштық сәттерінде Көреген қарулас  достарына қазақтың аңыз әңгімесін айта отырып, мыңжылдық ертегідегі Толағайдың ерліктерін тамсана еске алады. Жеріне, еліне деген сағынышын осылай баспақшы. Көркем фильм композициясына ертегі элементі  жігі білінбестей орынды қиюластырылған. Аңыз айтылып бітті, біздің жауынгерлер, ішінде Көреген де бар, өзеннің арғы бетіндегі жау ошағын талқандауға бұйрық алады. Соңғы эпизодтарда аңыз әңгімеде айтылып өткен Толағайдың жасаған ерлігін Көреген де қайталайды. Үздіксіз атылып жатқан пулемет ошағын Көреген өзінің кеудесімен «тұншықтырады».

Соғыстың ауыр жылдарында  елдің езілген еңсесін көтеру мақсатында комедиялық жанрда «Ақ гүл» фильмі түсіріледі. Әдемі ән, күлдіргі эпизодтар басым болғанымен де, бұл фильмде де соғыс тақырыбы  байқалады. Кейіпкерлер өзара қалжың күлкіге бөлене жүріп, соғыстағы жауынгерлерге сәлемдеме жинақтайды. Жәшіктерге колхоз бағының ең таңдаулы алмалары сұрыпталады, жауынгерлерге арналып жылы қолғап, шұлық, жағалы тон сияқты аса қажетті киім-кешектер жиналады. Госпитальда жаралы болып емделіп жатқан Жапардың бейнесі де соғыс тақырыбын тереңдете түседі.  Ауыл болып құрметпен Жапарды және басқа да жігіттерді соғысқа аттандырған ауыл адамдарының көксегені біреу- ол жеңіс күнін жақындату. Міне, осындай идеялық сарынмен өрнектелген көркем фильмдердің басты кейіпкерлері де экраннан батыр есебінде халықтық кейіпкерлерге айналады. Іс-әрекеттерімен, ой-толғаныстарымен киношығарманың  тәрбиелік мәнін басымырақ көрсетуге көмектеседі.


"Қазақ киносының тарихы" (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.

Сізге қызық болуы мүмкін: