Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (II.2.2)
2.2.Қазақ киносы – соғыс жылдарында 2.2.2 Деректі кино
Бөлім: Кино
Датасы: 08.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (II.2.2)
2.2.Қазақ киносы – соғыс жылдарында 2.2.2 Деректі кино
Бөлім: Кино
Датасы: 08.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (II.2.2)

Назира МҰҚЫШЕВА

Өнертану кандидаты, кинотанушы


2.2.2 Деректі кино

Соғыс жылдарындағы деректі кино шығармалардың басты міндеті мен маңызы

Кино өнерінің тарихына көз жүгірте отырып, қоғамда күрделі  саяси өзгерістер мен өтпелі кезең болған жағдайда деректі кино өнеріне деген сұраныстың күрт өсетіндігіне куә боламыз. Мұның бір көрінісі - Кеңес үкіметі орнатылып жатқан 1920-жылдары хроникалық және деректі фильмдердің маңызды орын алғандығынан көруге болады. Деректі кино өнерінің маңыздылығы және қажеттілігі Ұлы Отан соғысы жылдарында  (1941-1945жж) саяси  және рухани тұрғыда совет халқы үшін үлкен роль атқарды.

Соғыс жылдарында түсірілген деректі және хроникалық фильмдердің басты міндеті - халықтың рухын көтеру, жауға деген өшпенділік пен жеңіске деген табандылықты тәрбиелеу, Отан сүйгіштікке шақыру болды. Сондықтан, майдан даласындағы ұлы ерліктер мен тылдағы қарапайым халықтың ерен еңбегі бейнеленген әрбір хроникалық кадр, әрбір деректі фильм жауға атылған оқпен бірдей болды.

1942-жылдың 14-ақпанында “Правда” газетінде жарияланған “Өнер Қызыл Армияға еңбек етеді” деген мақалада былай деп жазылған: “Драматургтер, композиторлар, ақындар мен суретшілер, жазушылар мен кинематографистер Қызыл Армия мен Совет халқының ерлігін жырласын, мадақтасын. Өйткені, ол жауды таяу арада жеңуімізге көмек береді. Өнер шығармалары халықтың бойына рух беріп, жеңіске деген сенімді ұялататындай болсын...”

Әсіресе, өнердің барлық түрінің және әдеби шығармалардың үгіттеу формасы дамыды. Өйткені, уақыттың өзі тарихи маңызды оқиғалар туралы айтуда, көрсетуде, жазуда жылдамдықты талап етті.

Сондықтан, прозада очерк жанры, поэзияда - лирикалық, сатира және публицистика жанрлары, бейнелеу өнерінде - плакат және саяси карикатура, кинематографта - деректі публицистикалық фильмдер, қысқаметражды новеллалар, әскери драмалар маңызды орынға ие болды.

Совет халқының Германия басқыншыларына қарсы күрес жүргізген Ұлы Отан соғысы жылдары баспасөз орындары, радио, бейнелеу өнері, кинематографияның маңызы орасан зор болды. Майданның алғы шебінде түсірілген репортаждар мен соңғы жаңалықтар туралы радиодан үздіксіз хабарланып жатты. Жауынгерлер үшін арнайы “Тыңда, майдан!” хабары ұйымдастырылды. Барлық радио-баспасөз ұйымдары бірігіп, Кеңестік Ақпараттық болып қайта құрылды. Соғыстың алғашқы күнінен-ақ кеңес кинематографиясының жұмысы түбегейлі өзгертіледі. Уақыт тынысына байланысты экран шығармаларының тың формасы мен  жаңа бейнелеу әдісін табу қажеттілігі туындайды. Сонымен бірге, жаңа тақырыптарды игеру керек болды.

Майдан даласындағы қиян-кескі ұрыстар мен совет жауынгерлерінің ұлы ерлігін паш ететін жаңалықтарды шұғыл түрде жеткізіп отыру хроника мен деректі киноның үлесіне тиді. 250-ге жуық кинооператорлар мен режиссерлар майданда жұмыс істейді. Олардың ішінде кинохроника ардагерлері мен әскери репортаждың шеберлері, Қытай және Испаниядағы азамат соғыстарында жұмыс істеген және Бүкілодақтық Кинематграфия институтын жаңа ғана тәмәмдаған жастар, көркемсуретті киноның операторлары бар. Сондай-ақ, республикаларда, соның ішінде Қазақстанда жұмыс істейтін операторлар майдандағы түсіру жұмыстарына атсалысады.

Соғыс жылдары түсірілген деректі материалдың жалпы хронометражы 3,5 миллион метрды құрайды. Осы деректерді негізге ала отырып, 1941-1945 жылдардың аралығында 120 деректі фильм, киножурналдардың 500-ге жуық саны экранға шығады. Алғашқы кинорепортаждар соғыс басталғаннан кейін екі апта өтісімен-ақ көрсетіледі. Майданда түсірілген ең алғашқы сюжет “Союкиножурналдың” 63-санында көрініс табады.

Киноаппаратпен қаруланған операторлар жауынгерлермен бірге шабуылға аттанды, партизандармен иық тіресе жүріп, күрделі әскери шараларға қатысты. Ал, олардың тылда қалған әріптестері совет халқының “Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін”  ұранымен шахталар мен заводтарда, егіс даласында ерінбей еткен еңбегін кинопленкада бейнелейді.

Соғыс жылдары Орталық кинохроника студиясы уақытша үшке бөлініп, Москва, Алматы, Куйбышев қалаларында жұмыс істейді. Сондықтан, Алматы кинохроника студиясы “Советтік Қазақстан” киножурналымен бірге одақтық киножурналдарды шығарып отырды. Қазақстанда соғыс жылдарындағы халықтың тыныс-тіршілін бейнелейтін деректі материалдың 250-дей бөлімі түсіріледі.

Ұлы Отан соғысы басталысымен қазақстандық кинематографистер майданға аттанып жатты. Кәсіби деңгейдегі киномамандардың жеткіліксіз болуы студия жұмысын күрделендіре түсті. Соғысқа дейін Алматы кинохроника студиясында  бар-жоғы төрт оператор жұмыс істейді. Олар - Г.Новожилов, Я.Смирнов, Б.Маневич, Б.Пумпянский. Соңғы үшеуін майданға алып кетеді де, студияның барлық жұмысы Г.Новожиловқа жүктеледі.

Ұлы Отан соғысы жылдары майданда жұмыс істеген 246 кинооператордың 33-і қаза тауып, олардың есімдері Москвадағы Орталық деректі фильмдер студиясында орналасқан тақтада жазылады. Бұл тізімдердің ішінде Б.Пумпянскийдің де есімі бар. Ол 1944-жылдың тамыз айында төртінші Украин майданына аттанады. Венгрия мен Чехословакия елдерінің шекарасында орналасқан Чоп станциясы үшін жүргізілген қиян-кескі ұрысты пленкада бейнелейді. Бес сағатқа созылған бұл ұрысты Б.Пумпянскиймен бірге бірнеше оператор түсіреді. Материал Москваға жіберіліп, бірнеше күннен кейін “Фильмдер мен киножурналдарға енген ең үздік операторлық жұмысы үшін: Б.Пумпянский – бірінші жүлдемен марапатталады” деген хабар келеді. 1944-жылдың 18-желтоқсан күні кезекті тапсырмамен жол сапарға аттанған Б.Пумпянский самолет апатынан  зардап шегіп, 26-қараша күні госпитальда көз жұмады.

Қазақстаннан аттанған операторлар төрт жыл бойы совет жауынгерлерімен бірге  оқ пен оттың арасымен Ұлы Жеңіске дейінгі жолды бірге жүріп өтті. Я.Смирнов 1945-жылы 9-мамырда Берлиннің шығысында орналасқан Карлсхорст қалашығындағы инженерлер училищесінің залында өткен Германияның капитуляциясы туралы тарихи актіге қол қою процесін түсіреді. Я.Смирновтың өзі былай деп еске алады (“Казахстанская правда”, 1987ж,9-мамыр): “Бұл тарихи оқиғаны майдан операторлары тобына  Куйбышев студиясынан қосылған Саша Косицын екеуміз түсірдік. Әлі есімде, Совет Әскери Күштерінің  бас қолбасшысының орынбасары залға кірді де, төрағаның орнына барып отырды. Сәлден кейін, есік тағы ашылды. Басын салбыратып, төмен қараған күйі  фельдмаршал Кейтель залға енді. Жуков орнынан тұрып: “Қолыңыздағы капитуляция туралы актімен таныстыңыз ба? Оған қол қоюға дайынсыз ба?”-деп сұрады. Жуковтың    сұрағын Британ авиациясының Бас маршалы В.Теддер ағылшыын тіліне аударды. 11 минут өткен соң, құжаттардың бес данасына Кейтель кезегімен қол қоя бастады. Осы бір тарихи аса маңызды сәтте бүкіл совет халқы мен жауынгерлер куә болып тұрғандай сезіндім”. Оператор Я.Смирнов түсірген бұл тарихи көріністер лезде әлемнің түкпір-түкпірін аралап кетеді.

Ал, Қазақстан деректі  киносының тағы бір шебері Эмир Файк былай дейді (“Казахстанская правда”, 1987ж, 9-мамыр): “Менің өзіме түсіру жұмысын сирек жүргізуіме тура келді. Өйткені, Үшінші Украина майданындағы кинодокументалистер тобының түсіру бағытын реттеп отыру маған тапсырылған еді. Бірақ, өзім түсірген  жерлесім Жансеріков туралы бір эпизод есімде қалды. Осы бір батыл жігітті соғыстан кейін қанша іздестіргеніммен, кездестіре алмадым” .

Соғыс жылдары Орталық Киностудиялардың Алматыда жұмыс істеуі тек қазақ киносы ғана емес, бүкіл совет киносының тарихында орын алатын маңызды кезең болып табылады. 1942-жылдың басында Москва, Лениград киностудияларының Алматыға көшіп келіп, Алматы көркемсуретті фильмдер студиясымен бірігіп, Киностудиялардың  Бірлескен Орталығына айналады (ЦОКС). Сондай-ақ, Белоруссия мен Украина кинематографистерінің басым көпшілігі Алматыда өз шығармашылығын жалғастырады. Москва, Ленинград, Минск, Киев қалаларынан уақытша көшіп келген кинематографистердің саны үш мыңға жуық болды.

Сонымен бірге,  Алматыда москвалық және ленинградтық деректі кино өнерінің шеберлері өз шығармашылығын әрі қарай  жалғастырады. Олардың дені режиссерлар мен монтаждаушылар болды. Ал, операторлардың барлығы дерлік майдандағы кинотоптарда жұмыс істейді.  Ресейлік документалистер Алматы хроника студиясының ұжымымен біріге отырып, көптеген деректі фильмдерді және майданнан келген сюжеттерді қолдана отырып, “Союзкиножурнал” журналын шығаруға ат салысады.

Москва, Ленинград, Киевтен келген алдыңғы қатарлы деректі кино шеберлерінің соғыс жылдары Алматыда тұрып, еңбек етуі қазақстандық кинодокументалистер үшін үлкен тәжірибе алмасу болды. Бұл кезеңде кеңес деректі киносының негізін қалаушысы, “Шагай, Совет!”, “Шестая часть мира”, “Человек с киноаппаратом” фильмдерінің авторы Дз.Вертов; атақты “Түрксіб” фильмінің режиссеры В.Турин; “Челюскин-1”, “Папанинцы”, “Қазақстан” фильмдерінің режиссеры Я.Посельский; Украин деректі киносының дамуына үлкен үлес қосқан белгілі режиссер М.Слуцкий; “Пионерия” хроникалық киножурналының негізін қалаған А.Ованесова; аға буын режиссерларының бірі, “Ұлағатты үлгі”, “Жыл мезгілдері” сияқты талантты шығармалардың авторы И.Венжер Алматыкинохроника студиясында көптеген деректі фильмдерді түсіреді. Олар “Кеңестік Қазақстан” киножурналының әрбір санының тақырыптық жоспарын құру, деректі фильмдердің сценарийін талқылау жұмыстарына қатысады.

Соғыс жылдары экранға шыққан киножурналдардың барлығы Кеңес Одағы мен шет елдердегі маңызды  саяси оқиғалармен таныстырып майданда, тылдағы ерлігімен көзге түскен батырларды медаль, ордендермен марапаттау туралы хабар беріп отырды. Егер, “Союзкиножурнал” майданнан келген кинорепортаждардан өзге, бүкіл Кеңес Одағы кеңістігіндегі оқиғаларды көрсетіп отырса, “Кеңестік Қазақстан” киножурналы әрбір нөмерінде Қазақстанның тыныс-тіршілігін баяндады.

“Кеңестік Қазақстан” киножурналының әрбір саны республикамыздағы өнеркәсіп орындарының соғыс кезеңіне лайықталып құрылған жұмысын көрсетіп отырды. Хроника кадрлары майданға жіберу үшін арнайы өндірілген өнеркәсіп өнімдері, заводтар мен фабрикаларда, егіс далаларында күндіз-түні еңбек еткен ерлігі жөнінде үздіксіз көрсетілді. Қазақстанның Гитлер басқыншылығынан азат етілген қалалар мен селоларға көмек беруі туралы  “Кеңестік Қазақстан” киножурналының назарынан тыс қалған жоқ.

Соғыстың алғашқы жылдарында “Советтік Қазақстан” киножурналы үшін мынандай сюжеттер түсірілді: “Пионерлер колхозға көмектеседі”, “Жауынгерлерге арналған сыйлық”, “Жылы киімдер - майданға”, “Тау сағызын дайындау”, т.б. Г.Новожилов түсірген “Тау сағызын дайындау” сюжетінің кейіпкерлері - “Қызыл Ту” колхозының еңбекшілері Тағай Шегенов және  “Жаңа арық” колхозынан  Жалғас Битеновтар болды. Соғыс жүріп жатқан қалалар мен селолардан көшірілген әйелдер мен балаларды қазақ жерінің жатсынбай қарсы алуы көптеген хроникалық кадрлерде көрініс тапты. “Союзкиножурнал”, “Кеңестік Қазақстан” киножурналдарының экранға шыққан оннан астам санында көрсетілген соғыс жылдарындағы Қазақстан халқының  ерлігі бейнеленген бұл көріністер бүкіл Кеңес Одағы халықтарының, қазақ халқының басына түскен қатерлі жылдары туралы маңызды тарихи құжаттар болып табылады.

Соғыс жылдары Алматы кинохроника студиясының операторлары Қазақстанға көшіп келген, салынып біткен немесе құрылысы жүріп жатқан барлық заводтар мен өнеркәсіптерді аралай жүріп, “Кеңестік Қазақстан” киножурналы үшін сюжеттер түсірумен бірге, әр жексенбі сайын жұмысшылар және студенттермен бірге Үлкен Алматы өзеніндегі гидроэлектр станциясының құрылысына көмектеседі.

1942-43-жылдардың аралығында Алматыға соғыс жүріп жатқан аудандардан 19 жаңа өнеркәсіп орындары көшіп келіп, Қазақстанның әртүрлі қалаларына орналасады. Ақтөбеде Москвадан көшіп келген рентген аппаратурасын өндіретін завод пен Днепропетровск металл өңдеу артелі жұмысын бастайды. Ал, 1943-жылдың қаңтар айында Ақтөбе темір балқыту заводы алғашқы өнімін береді. Балхашта мыс балқыту цехтарының қатарында Кольчугиннен көшіп келген түрлі-түсті прокат заводының ғимараттары пайда болды. 1943-жылдың сәуір айында оператор Г.Новожилов аталмыш заводтар туралы алғашқы сюжеттерін түсіреді.

Сонымен, Ұлы Отан соғысы  жылдарында Қазақстанда түсірілген деректі фильмдер ел тағдырында шешуші роль атқарған тарихи құбылыстар мен оқиғаларды қамтиды. Халық жүрегінде жеңіске деген сенім мен асқақ рухты ұялатуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарының экранда көрініс тапқан нанымды атмосферасы мен тарихи шежіресі ретінде құндылығымен ерекшеленеді.

Ұлы Отан соғысы жылдары түсірілген деректі фильмдердің тақырыбы

Кеңес халқының, соның ішінде қазақстандықтардың майдандағы және тылдағы ұлы ерліктері үздіксіз шығып отырған  киножурналдардан бөлек, деректі фильмдерде де көрініс тапты.

Кеңес деректі киносында Ұлы Отан соғысы жылдары түсірілген деректі фильмдер тақырып тұрғысынан бірнеше топқа бөлінеді.  Олардың басым  бөлігі  Совет Армиясының неміс басқыншыларына  қарсы жүргізген күресінің шешуші оқиғаларына арналады. Бұл фильмдердің қатарында “Неміс әскерінің Москва түбіндегі жеңілісі” (1942ж.реж.Л.Варламов, И.Копалин), “Сталинград”(1943ж), “Орловтағы ұрыс”(1943ж), “Советтік Украина үшін күрес”(1943ж.реж.А.Довженко), “Берлин”(1945ж) шығармаларын атауға болады.

Деректі фильмдердің тағы бір тобы кеңес халқының  Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі туралы түсіріледі. Бұл топтағы фильмдердің қатарына ең алдымен “Ленинград блокадасы”(1942ж.реж.Р.Кармен), “Халық кегін алушылар”(1943ж.реж.В.Беляев), “Соғыс күні”(1942ж.реж.М.Слуцкий) түсірілді. “Соғыс күні” фильмін түсіру барысында М.Слуцкийдің басқаруымен 160-қа жуық оператор жұмыс істейді. Фильмге 1942-жылдың 13-маусымында майданның барлық шептерінде,  әскери өнеркәсіптер мен колхоздарда түсірілген көріністер енеді.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы совет халқының ерлігін бейнелейтін фильмдерден бөлек, Совет Армиясының күшімен неміс басқыншылығынан азат етілген өзге елдер туралы түсірілген фильмдер тобына “Азат етілген Чехословакия”(1945ж), “Югославия”(1946ж), “Висладан Одерге дейін”(1945ж.), “Будапешт”(1945ж), “Францияның азат етілуі”(1944ж) енеді.

Отты жылдар бейнесі көрініс тапқан фильмдердің тағы бір тобы -“Бәрі жеңіс үшін, бәрі майдан үшін!” ұранымен еңбек етіп, Ұлы Жеңіске шексіз үлесін қосқан, қиян кескі ұрыс даласынан алыста орналасқан тылдағы қарапайым халықтың бейнесін көрсетеді. Мұндай шығармалар көбіне соғыс жүріп жатқан жерлерден алыс республикаларда түсірілді. Соның бірі – Қазақстандағы деректі кино шеберлерінің шығармашылығын айтуға болады.

1942-1945 жылдар аралығында Алматы кинохроника студиясында он беске жуық деректі фильм түсіріледі. Олардың көпшілігіне тән ортақ тақырып - қазақстандықтардың еңбектегі ерлігі туралы болды. “Тыл гвардияшылары” (“Гвардейцы тыла”, 1942ж. реж. М.Шапсай, опер. Б.Пумпянский); “Патриоттар” (1942ж. реж.И.Венжер, опер.Б.Макасеев); “Сыйлық” (“Подарок”,1942ж. реж.Б.Ляховский, опер.Г.Новожилов); “Саған,майдан!” (“Тебе, фронт”, 1942ж. реж.Д.Вертов, опер.Б.Пумпянский) фильмдері түсіріледі.

“Тыл гвардияшылары” фильмінде Лениногорск шахтасында жұмыс істеп жүргендердің еңбегі жеке адамдардың  портреті арқылы бейнеленеді. “Патриоттар” фильмінде қызылша өнімін жинаудан биік көрсеткіштерге жеткен әйелдердің ерлігі, жанкештілігі әңгімеленеді. Ал, “Сыйлық” фильмі көмір тиеген эшалондарды Москваға жіберу жоспарын асыра орындаған Қарағанды шахтерлары туралы бейнелейді. Фильмнің басты кейіпкері - №31 шахтаның директоры, атақты шахтер Алексей Стаханов туралы оператор Г.Новожилов былай дейді: “...Қазір көпшілігі “Қалай? Стаханов Қазақстанда жұмыс істеді ме?”- деп таң қалады. Иә, ол Қарағандыдағы №31 шахтаның директоры болды. Мінезі өте сүйкімді,  әрі елгезек адам. Түсіру жұмысы барысында көп көмегін берді...” (“Новый фильм”,1975ж №13).

Совет деректі киносының классигі Дз.Вертовтың Алматыда тұрып жұмыс істеуі және бес бөлімді “Саған, майдан!” фильмін түсіруі Қазақстан деректі киносы тарихының маңызды беттері болып қалды. Алайда, “Саған, майдан!” фильмінде режиссер бірінші рет өзінің шығармашылық принципіне қарсы келіп, деректі киноның табиғатына жат актер ойынын қолданады. Бірақ, соғыс және тыл көріністері фильмде шынайы көрсетіледі.

Фильм белгілі халық ақыны, әнші Нүрпейіс Байғаниннің жүзі ірі планмен көрсетілген кадрдан басталады. Ол домбырасын шерте отырып, фильмнің болашақ кейіпкерлері Сәуле мен оның  соғысқа аттанған жары Жәміл туралы әңгімесін әндете отырып бастайды.

...Табиғаты әсем  қазақтың бір ауылында тұратын  Сәуле өзімен тағдыры бір мыңдаған әйелдермен бірге, соғысқа аттанған күйеуінің орнын жоқтатпай, шахтада еңбек етуде. Бір күні радиодан Жәмілдің ерлік жасап, мемлекеттік наградаға ұсынылғаны туралы қуанышты хабарды естиді. Радионы тыңдап тұрған Сәуле Жәмілдің бейнесін көз алдына елестетеді. Сол күні кешке Сәуле хат жазады. Соғыста жүрген Жәміл Сәуленің хатын оқи отырып, бүкіл Қазақстанның келбеті мен туған жерін еске ала отырып, шахтерлар мен балықшылар, мұнайшылар мен дихандардың, малшылардың еңбегі көз алдынан өтеді...

Фильмде дыбыс өте сәтті қолданылады. Домбыраның үні атылған оқ пен снарядтың үнін біртіндеп тұншықтырады. Яғни, қан майданның жүзі қаншалықты қатерлі болса да, халықтың биік рухы мен бостандық сүйгіш болмысын жеңе алмайды. Фильмнің бұл идеясының  ашылуында дыбыстық қатар ұтымды пайдаланылады.

“Саған, майдан!” фильмінің орталығында - ойдан алынған кейіпкерлер Сәуле мен Жәмілдің тағдыры. Олардың бейнесін актерлар ойнайды. Сәуле мен Жәмілдің хат алысуы әртүрлі мазмұндағы материалды байланыстырушы және майдан мен  алыстағы тылдың ажырамас бірлігін баяндаушы ретінде қолданылады.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанда түсірілген деректі фильмдер әрқилы тақырыпты қамтиды. Соның бірі – соғыс жүріп жатқан қалалар мен селолардан жетім қалған балалардың Қазақстанға көшіріліп әкелінуі туралы түсірілген  “Ең қымбатты” (“Самое дорогое”,1942ж.реж.А.Ованесова, опер.И.Касаткина) фильмінде Украина, Қырым, Белоруссиядан келген жетім балаларды өз отбасына қабылдап, бауырына басқан қазақ халқының мейірімділігі мен бауырмалдығы көрініс табады. Көп жылдар өткен соң сондай отбасылардың бірі - украин баласын асырап алған қазақ отбасы туралы деректі фильм түсірмек оймен келген түсіру тобына: “Бұл біздің өз баламыз. Басқа ата-анасы болғанын ешқашан білмеуі керек. Құпиямызды жария етпеңіздер. Баланың көңіліне қаяу түсірмеңіздер”- деп үзілді-кесілді қарсылық білдіреді.

Сондай-ақ, 1941-1945 жылдар аралығында қазақ мәдениеті мен өнерінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қызметін баяндайтын бірқатар фильмдер түсіріледі. 1943-жылғы “Айтыс” (реж.Б.Пумпянский, опер.Т.Попова,Н.Кононов) фильмінде қазақтың белгілі ақындары Жамбыл, Кенен Әзірбаев, Шашубай, тағы басқалары қатысқан ақындар айтысын, “Балалар олимпиадасы”(“Детская олимпиада”, 1943жреж. А.Ованесова, опер.А.Шнирман, Н.Кононов) фильмі Алматы, Қызылорда, Өскемен, Оңтүстік Қазақстан облыстарының мектеп оқушылары қатысқан көркемөнерпаздар олимпиадасы туралы баяндайды.

Деректі кино өнерінің назарынан қазақ театрының дамуы, жекелеген өнер иелерінің шығармашылығы тыс қалмайды. 1943-жылы Біріккен Киностудиялардың Орталығында (ЦОКС) “Қазақкиноконцерт” (реж.К.Гаккель,опер.Л.Косматов), “Домбыра үнімен”  (реж.А.Минкин,   С.Тимошенко, К.Гаккель, С.Сиделов, опер.Л.Косматов,   Н.Кононов) фильмдері түсіреледі. “Қазақкиноконцертте” Күләш және Қаныбек Байсеиітовтердің қатысуымен “Қыз-Жібек” операсынан үзінділер, ал “Домбыра үнімен” фильмінде соғыс жылдарындағы қазақ театры туралы баяндалады. “Қыз-Жібек”, “Ер Тарғын” операларынан үзінділер, Қазақстанның Халық артисі Шара Жиенқұлованың орындауындағы билер, Дина Нүрпейісованың шертуіндегі күйлер, қазақ театр сахнасында қойылып жүрген спектакльдерден үзінділер көрсетіп, қазақ сахнасының белгілі шеберлері Қ.Байсеитов, Қ.Қуанышпаев, Ж.Омарова, А.Үмбетбаев, С.Әбжанов, Ғ.Құрманғалиевтардың шығармашылығымен таныстырады. “Домбыра үнімен” фильмі қазақ театры өнерінің белгілі бір кезеңдегі даму кезеңін жекелеген тұлғалардың өнері арқылы көрсетеді.

Соғыс жылдары  Алматы кинохроника студиясында елеулі өзгерістер болады. 1944-жылы студияда 61 адам жұмыс істесе, оның 18-і көркемсуретті фильмдер өндірісінен келген еді. Киножурналдар мен деректі фильмдер түсірілгенімен, ұйымдастыру жұмысы мен  фильмдердің көркемдік сапасы айтарлықтай болмады. Студияның жұмысын жақсарту үшін тың шығармашылық күш қажет болды. Сол себептен, Біріккен Студиялар Орталығымен қосылу керек деген мазмұндағы хатты Москваға жолдайды.

ҚСРО Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Кинематографистер Комитеті Төрағасының орынбасары С.Герасимовтың  ұйымдастыруымен Алматы кинохроника студиясының жағдайын тексеру үшін арнайы комиссия ұйымдастырылады. Комиссияның мүшелері болып оператор  Э. Тиссе, жазушы Қ.Сатыбалдин және басқалары кіреді. Тексеру  барысында комиссия мүшелері студия жұмысын қанағаттандырарлықсыз деп тауып, Алматы көркемсуретті фильмдер студиясымен біріктіру туралы 1944-жылдың 9-қыркүйегінде мынандай бұйрық шығарады: “В соответствии с распоряжением СНК СССР №17813-Р от 3 сентября 1944 года Приказываю: Объядинить Алма-Атинскую студию хроникально-документальных фильмов с Алма-Атинской студией художественных фильмов по балансу на 1 сентября 1944 года. Организовать в составе Алма-Атинской  киностудии художественных фильмов сектор хроники...”  Осылайша, Қазақстан киношеберлерінің шығармашылығында жаңа кезең басталады. 1944 жылы Алматы кинохроника студиясы мен Алматы көркемсуретті студиялары бірігіп,  Алматы кинохроника және көркемсуретті фильмдер студиясы болып қайта құрылады. Жаңа құрылған студияда 1946-жылға дейін бар болғаны үш деректі фильм түсіріледі. Олар - “Ленинградтық - мақтанышым”(1944ж.реж.М.Гольденберг), “Халық ақыны Жамбыл Жабаевты еске алу”(1945ж), “Түрлі-түсті металдар” (“Цветные металлы”,1945ж,сц.авт.,опер.Г.Новожилов) шығармалары. Алғашқы екі фильмде Ж.Жабаевтың шығармашылығы көрініс табады.  “Ленинградтық - мақтанышым” фильмінің негізіне ақынның Ұлы Отан соғысы жылдары аңызға айналған “Ленинградтық - өренім менің” өлеңі алынады. Ал, “Түрлі-түсті металдар” фильмі Қазақ ССР-нің 25-жылдығына арналып, Балхаш, Лениногорск, Ащысай, Текелідегі металл өңдеу өнеркәсіптері мен шахталары, республикадағы пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу жұмысының даму барысы жөнінде әңгімелейді.

Ұлы Отан соғысы жылдары   Алматы студиясында түсірілген фильмдер ішінде “Сегізінші гвардиялықтар”(1943ж.реж.Я.Посельский, М.Слуцкий, опер.И.Авербах, И.Касаткина) фильмін ерекше атап өтуге болады.  Фильм атақты 8-гвардиялық дивизиясының жауынгерлері мен дивизияның алғашқы  командирі И.В.Панфиловтың ерлігіне арналып, Жауынгерлердің Москва түбінде жүргізген ұрысы мен алыстағы тылдағылардың дивизияға көмек беруі туралы кадрлар көрсетіледі. Панфиловшилардың Қазақстаннан келген делегациямен кездесуі, республика еңбеккерлерінің оларға жіберген арнайы сыйлықтарын қабылдауы көрініс табады. “8-гвардиялықтар” фильмінің негізгі тақырыбы - майдан мен тылдың ажырамас бірлігі. Фильмде майдандағы көріністермен байланыстырып тұрған кадр - қазақ радиосының студиясында Сегізінші гвардия дивизиясына арналған хабарға жиналған жауынгерлердің туған-туысқандарының жолдаған сәлемі. Олардың  әрқайсысының “Жауды аяма! Жеңіспен оралуыңды күтемін” деген жолдармен айтылатын сәлемі бірі – жарына, бірі-ағасына, енді бірі-інісіне, ұлына арналады.

Режиссердың қолында Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің Москва түбінде жүргізген ұрысы көрініс тапқан кадрлар өте аз болды. Ал, майдандағы операторлардың түсірген ең үздік көріністер И.Копалин мен Л.Варламовтың  “Неміс әскерінің Москва түбіндегі жеңілісі” фильмінде қолданылады. М.Слуцкий жеткіліксіз кадрларды Алматыда түсіруге шешім қабылдайды. Қала жанындағы тоғайда окоптар қазып, қажетті техникалық құрал-жабдықтарды орнатады. Қолдан жасалынған “атыс-шабыс” көріністері майданның шынайы көріністері мәнерінде түсірілгендіктен, байқалына бермейді.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.