Мақала
Кинодағы сюрреализм ағымы
«Әлем киносының тарихы» пәні бойынша лекция тезистері. ЛЕКЦИЯ 8. Кинодағы сюрреализм ағымы
Бөлім: Кино
Датасы: 18.03.2017
Авторы: Gulzhan Nauruzbekova
Мақала
Кинодағы сюрреализм ағымы
«Әлем киносының тарихы» пәні бойынша лекция тезистері. ЛЕКЦИЯ 8. Кинодағы сюрреализм ағымы
Бөлім: Кино
Датасы: 18.03.2017
Авторы: Gulzhan Nauruzbekova
Кинодағы сюрреализм ағымы

Құрастырушы: Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы


Луис  Буньюэль және сюрреализм

Жиырмасыншы жылдар тұсындағы көркем мәдениет саласындағы авангардтық ағымның тағы бір тармағы «сюрреализм» принциптері испандық кинорежиссер Луис Буньюэльдің (1900-1983)  шығармашылығымен айқындалады. Сюрреализмнің теориялық негіздемелері  бастапқыда Францияда туындады («Манифест сюрреализма», А.Бретон, 1924). Сюрреализм терминін алғаш қолданған француз ақыны Г.Аполлинер болды. Адам санасынан тысқары жатқан    шындық көріністерін айқындауды мақсат еткен өнердің теориялық принциптері сюрреализнің негізгі бағыты болып табылады. Сюрреализм эстетикасының көркем шығармашылық заңдылықтары санадан тыс қабылдау жүйелеріне бағытталған.  Фрейдизмнің идеяларын негізге ала отырып, сюрреализм жақтаушылары нағыз шындық өмір көрінісі немесе адам мінезіндегі ерекшеліктер оның  еркінен тыс жағдайларда ғана (ұйқыда немесе есінен адасқан жағдайларда) толық ашыла алады дегенді ұстанады. Сюрреалистік киношығармалардағы  көркемдік эстетика  негізінен жүйелі ойға келмейтін элементтер жиынтығынан құралады және көркем шығарманың құрамдас бөлшегі болып табылатын  идея, сюжет, характерлік тартыс сияқты драматургиялық  байланыс элементтерін жоққа шығарады. Сюрреалистік фильмдердің басым көпшілігі адамның ұйқыдағы жағдайынан  алынған (түс көру), елестер немесе сағым болған сезімдер арқылы берілген көріністік қатарлардан жинақталады.

Кинодағы сюрреализм кезеңі француз авангардының тарихымен тұтастықта қарастырылады. «Андалузский пес» (1928, реж. Л.Буньюэль), «Раковина и священник» (1928, реж. Ж.Дюлак) сияқты сюрреализмнің көрнекті фильмдеріндегі сипат алатын оқиғалар жиынтығы түсініксіз кейіпкерлердің небір ой-түкпірлеріндегі қиялдары арқылы беріледі.

Сюрреализм ағымының режиссерлары өкімет тарапынан біраз қыспаққа алынды, олардың шығармашылық еркіндіктеріне тиым салынды деуге де болады.

1930 жылдың  қазан айынан бастап  Париж  қаласындағы «Студио-28» авангардтық фильмдер кинотеатрында  Луис Буньюэльдің  «Золотой век» фильмі көрсетіле бастайды. Бастапқыда  көрермендер тарапынан киношығарманың ерекшеленіп тұрған жаңа формасына деген көзқарастары  ешқандай белгі бермеді. Алайда, желтоқсан айының  басында жаңа фильмді көруге келген көрермендердің наразылығы арта бастайды. Жаңа режимнің принциптерін ұстанған «Жас патриоттар» ұйымы фильмді көрсетуге қарсы болады. Ызаланған жастар тобы фильм жүріп жатқан тұста экранға сия құмыраларын лақтырып, орындықтарды бет-алды бүлдіре бастайды, кинотетар фойесіндегі сюрреалистердің картиналарын, плакаттарды тілгілейді.  Ақыр соңында олар көздеген мақсаттарына жетіп, 1930 жылдың 11 желтоқсанында өкіметтің арнайы бұйрығымен  фильмнің барлық көшірмесі конфискацияланады және кинотеатрларда көрсетуге тиым салынады.   Бұған дейінгі сюрреалистік манифест тұжырымдарына  және Луис Буньюэль мен С.Далидың «Андалузский пес» фильмінің көрсетілуіне мұндай қарсылық бола қоймаған еді. «Золотой век» фильмінің көрермен арасында соншалықты дау тудырғандығының бірден-бір себебі – қоғамдағы тоқырау кезеңінің келіп жеткен тұсымен сәйкес болғандығында еді. Мемлекеттегі саяси жағдай да өзгере бастаған, осындай тұста экранға келген сюрреалистік фильмдер бірден оппозициялық өнер қатарына жатқызылып отырды. Бірнеше фильмдер бойында Луис Буньюэльмен шығармашылық бірлестікте болған Сальвадор Дали «Золотой век» фильмі аяқталмастан бұдан былайғы уақытта бірге жұмыс жасаудан бас тартады. Режиссер ретінде Л.Буньюэль фильмді өзі аяқтауға мәжбүр болады.

1940-жылдар тұсында экранға келген сюрреалистік фильмдердің көпшілігі американдық  өндірісте эксперименттік кино ретінде жүзеге асырылып жатты. Осы бағытта жұмыс жасаған М.Дерен, К.Харрингтон, К.Энгер сияқты режиссерлардың фильмдерінің басым көпшілігі жеке кейіпкер бойындағы  қиял-ой тереңдігінен гөрі, қоғамдағы болып жатқан әлеуметтік құбылыстарға байланысты түсіріліп отырды. Мұндағы  тақырыптардың  ішінде әлеуметтік теңсіздік өмір сипаты, соғыс болу қаупінің жақындығы сияқты мәселелер көтеріліп отырды.

Сюрреализм (француз тілінен аударғанда  Surrealisme — (сверхреализм) санадан тыс шындық) — жиырмасыншы ғасырдың бірінші онжылдығы кезеңінде Францияда қалыптасқан эстетикалық ағым. Сюрреализмнің  негізгі принциптері әсіресе,  бейнелеу өнерінде, әдебиетте және кино өнерінде кең тарады.  Сальвадор Дали, Хуан Миро, Макс Эрнст сынды танымал суретшілердің шығармашылығы сюрреализм ағымының айқын мысалы бола алады. Кино өнерінде сюрреализм негіздерін еркін пайдаланған режиссерлар Луис Бунюэль мен Жорж Садуль, әдебиетте Андре Бретон, Робер Деснос, Луи Арагон және Анри Мишо.

Сюрреалистік эстетиканың басты категориясы — санадан тыс дамыған шығармашылық құралдары. Өнердегі сюрреалистік ағымды зерттеуші теоретиктердің тұжырымдары француз философы Анри Бергсонның және психоаналитик Фрейд–Юнгтың ілімдеріне негізделген. Сюрреалистердің барлық дерлік шығармалары интерпретация түрінде, яғни, олар нақты бір затты немесе кейіпкерді сипаттамайды, олар тек образдар мен идеяларды беруге тырысады. Сюрреализмнің әдебиеттегі, бейнелеу өнеріндегі және кинодағы суреттеу тәсілдеріне ортақ қасиет - өз ойларын немесе әсерлерін санаға симайтын, мүмкін емес тәсілдермен, салыстырмалы болжамдар арқылы, тура емес мағынада сипаттайды. Сюрреалистік эстетиканың тағы бір маңызды принципі- айтылмақшы ой астарлы, әрі келемеж формасында да берілуі мүмкін. Бұл принцип кинодағы постмодернизмнің пайда болуына негіз болды. Сюрреалистік фильмдер – елестегі көріністер, түс арқылы берілетін немесе салыстырмалы көмескі элементтер арқылы берілетін бейнелік шешімдегі туындылар.

Сізге қызық болуы мүмкін: