«Сюрреализм» дегенде, бірден ХХ ғасыр бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі Сальвадор Далидің картиналары көз алдымызға келеді. Оның шығармашылығындағы түсініксіз бейнедегі көріністер қарапайым адамның ойына келмейтін құбылыстар сияқты көрінуі мүмкін, дегенмен де, сол картиналарды, жалпы «сюрреализмнің» табиғатына терең үңілген сәтте, адамның өмірімен тікелей байланыста екенін аңғарамыз. Қазіргі таңда, аталмыш бағытта қызмет еткен, осы бағытты өзінің шығармашылығының көк жалауы тұтқан өнер қайраткерлері мен олардың өзгелерден ерекшеленіп тұратын туындылары жайында ақпарат бере алатын әдебиеттер саны жетерлік. Алдымыздағы мақала жалпыға белгілі мағлұматты қайталап өтпей, нақты алынып отырған «сюрреализм» терминін жан-жақты қарастырып шығуды мақсат етеді.
Көптеген ғылыми әдебиеттерде «сюрреализм» терминіне «түс пен өңнің арасындағы санадан тыс көріністер» дегендей анықтама беріп жатады. Алайда, бұндай тұжырымдама «сюрреализмнің» негізін толықтай ашып беруге жеткіліксіз. Сюрреализм – жеке адамның ішкі сезім толқыны, ой өрісі, айналасындағы үйреншікті құбылыстарды басқаша қырынан көру қабілеті болып табылады. Сюрреалистік көріністерді көргенімізде, біз, негізгі ойды астарлы әрі нақты жеткізе алатын «метафора» және «символ» троптарымен байланыстырып жатамыз. Алайда, сюрреализмнің табиғаты бұндай байланыстыруға аса жақын емес. Мәселен, метафора – белгілі бір ойды әрдайым ауыспалы мағынада көрсетуге ұмтылыс жасайды. Сонымен қатар, метафора арқылы жеткізіліп отырған астарлы ойды оқырман не көрермен бірден ұғына алады. Тура сол секілді, символ да кез-келген шығармашылық туындыда астарлы ойын нақты жеткізе алады. Ал, таза сюрреалистік көріністер көрерменге не оқырманға әрқашан да түсінікті бола бермейді. Себебі, сюрреализм астарлы ой айтуды мақсат тұтпайды. Метафоралық не символдық көріністерді талдау үшін, зерттеуші, ең алдымен, мифологияны, тарихи кезеңдерді және жалпы философия ғылымдарын жақсы білуі шарт. Себебі, метафора мен символдың, яғни астарлы ұсынылып отырған ойды тек жоғарыда тізбектеліп өткен ғылымдар арқылы түсіне алады. Осы жөнінде қарапайым ғана мысал келтіре өтсек, бір фильмнен не болмаса картинада діңі қалың, бұтақтары мықты, алып ағаш суреттелетін болса, көрермен оны бірден түсіне алады. Алып ағаш – тарихы тереңде жатқан халықтың бейнесін не болмаса рухани бай адамның жан дүниесін астарлы байқатуы мүмкін. Бұл әрине, нақты бір туындының мазмұнына байланысты. Тура сол сияқты, кіршіксіз махаббаттың мөлдірлігін, адалдықтың биіктігін көрсету мақсатында белгілі бір туындыда аққу құсының бейнесі алынуы мүмкін. Бұл – символ болып есептеледі. Себебі, аққу құсы – махаббаттың бейнесі ретінде қабылдануы бағзы заманнан келе жатқан түсінік екені баршамызға белгілі дүние. Яғни, символ мен метафораның тарихы тереңде, олардың астарлап жасырған сырын ұғыну үшін тереңге үңілуге тура келеді. Ал, сюрреалистік көріністердің сырын ұғыну мүмкін емес деп айтсақ, қателеспеген болар едік. Метафора мен символ жалпы адамзатқа белгілі, түсінікті көрініс болатын болса, сюрреализм жеке адамның ой-өрісінде жасырынған әлем. Оны тек эмоцияналды түрде сезінуге болады.
ХХ ғасырдың басында жалпы өнер саласында «авангардизм» түсінігі орын ала бастады. Авангардизмнің басты мақсаты – жаңа көзқарастар мен көркем ізденістер еді. Авангардизмнің өзі үш тармаққа бөліп қарастырылады: импрессионизм, экспрессионизм және сюрреализм. Үш бағыт та сезім иірімдерін қозғайды. Импрессионизм – жанның тыныштығымен шабыттандырып, мол тыныс сыйлайды, экпрессионизм – ішкі қорқынышпен ұштастырады, ал сюрреализм – шабыттандыра отырып, түсініксіз көріністермен шошытады.
Тек кино емес, жалпы өнер тарихына көз жүгіртер болсақ, ХХ ғасырда экспериметтік, манифесттік бағыттардың көптеп кездескенін байқаймыз. Оларға тереңірек зерттеулер жүргізгенде, барлығы да адамның психологиясына әсер ететін көріністер қатарын біршама толықтырғанын байқаймыз. ХІХ ғасырда жаратылыстану ғылымы (химия, физика, математика және т.б) биік шыңдарды бағындырған болса, ХХ ғасырдың бас кезінде психологиялық құбылыстар, яғни адамды жеке әлем ретінде қарастыру, сонымен қатар, адамның ішкі түйсігі, сезімталдылығы, түстің көрінуі және оның адам өміріне әсері деген секілді сұрақтар ғылыми тұрғыда терең зерттеле бастады. «Өнер көрінісі заманына қарай ығысады» демекші, жалпы өнерге де психологиялық, таза эмоционалды көріністер пайда болды. Жоғарыда айтылып өткен метафора мен символ түсініктері математикалық, жалпы жаратылыстану ғылымдары дәуір құрып тұрған кезде жарыққа шыққан ұғымдар болатын. Сол себепті, метафор мен символдың табиғаты жаратылыстану ғылымдарына жақынырақ, дәлдік пен нақтылықты, тереңдікті, ойлы түсініктерді талап етеді. Ал, сюрреализм және онымен бірге қатарласа жүрген өзге де өнер бағыттары адам психологиясының тереңіне үңілуге мүмкіндік береді.
«Сюрреализм» біздің өмірімізге жаңалық болып ХХ ғасырда ғана келді деген тұжырымға толықтай келісуге бола ма? Әрине, жоқ! Аталмыш құбылыс ресми түрде «сюрреализм» деген атауға ие болды. Бұндай терминнің адамзат өміріне енгізілуі, әлбетте, ХХ ғасырдың әкелген жаңалығы болып табылады. Алайда, «сюрреализм» аталып кеткен негізгі ұғым – ежелден келе жатқан түсінік. Мәселен, алысқа кетпей-ақ, өзіміздің қазақ ертегілерінің көрнекісі болып табылатын – өтірік өлеңдер жинағын алып қарасақ, тұнып тұрған сюрреализм екенін байқамыз. Тұрмыс-салт жырларының бір тармағына енетін өнердің бұл түрі – негізінде жалпы түркі халқына тиесілі құнды жәдігер.
Шымшықтың шылым шектім қу басынан Атжалман арқан естім шудасынан Қырық қарға, отыз сона құда түсіп, Инелік киіт киді құдасынан
– деген «Қырық өтірік» ертегісінің үзіндісінің өзі мүмкін емес нәрсені мүмкін сияқты етіп суреттейді. Дала перзенттері өтірік өлең, әңгіме құрастыруды күнделікті тіршілікпен етене байланыстыра отырып, табиғат заңдылықтарына төңкеріс жасайды. Шын мәнінде, тіл өнерінің бұл саласы (өтірік әңгіме-өлең құрастыру) адамның санасын кеңейтіп, ойлау қабілетін арттырады. Сонымен қатар, санадан тыс жатқан түрлі көріністер мен құбылыстардың сыртқа шығуына мүмкіндік жасап, өнертапқыштық қасиетін жоғарлата түседі.