Заманауи қазақ әдебиеті мен кино өнерінде бұрыннан қалыптасқан біртиптік образдар әлі де болса өз көрінісін табуда. Ауылдан қалаға келген қара бала, қосыла алмаған ғашықтар, теңдік жолында күрескен әйел, және шаңырақ тұтқасы болған батыр ана, осы бейнелер әркезде де кездеседі. Дәйекке М.Әуезов, Б.Майлин, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Б.Соқпақбаев шығармаларындағы, А.Ұзабаев, А.Сатаев, Н.Адамбаев фильмдеріндегі ауыл, теңсіздік, махаббат, ана сияқты тақырыптарды келтіре аламыз. Жоғарыдағы кейіпкерлер - қазақ қоғамындағы әлеуметтік проблемаларды кеңінен көрсетіп жүрген кейіпкерлер. Жалпы, сюжеттің отыздан астам түрі бар екеніне сүйенсек, персонаждардың да сол аядан аспайтыны шартты.
Өткенге көз жүгіртпеске болмас, себебі бүгінгі көркем туындылардың біршамасы бұрынғы шығармалардың ықпалымен пайда болған. Яғни түбірінде белгілі бір архитип жатыр. Мысалы Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатындағы» Беркенін, М.Әуезовтың «Көксерегіндегі» Көксерек пен Құрмаштың образы қазіргі «Аңшы бала», «Шал», «Жұт», және «Бақсы» сынды фильм кейіпкерлерімен ұқсас.
Осы бағытта кейіпкер бейнесін, оның қалай ашылатынын жүйелі түрде талдауға көшейік. Режиссер А.Сатаевтің «Анаға апарар жол» фильмі мен Т.Сәукетаевтың «Мен жындымын» романы кейіпкерлері қаншалықты жаңаша, тың немесе өткенмен байланысы қандай?! Сұраққа жауап іздейік.
«Анаға апарар жол» фильмі де бүгінде сан экрандалған тарихи оқиға желісіне, өткен ғасыр ғадауатының бір көрінісіне құрылған. Алайда, бұл фильмді бұған дейінгі кинотуындылардан даралап тұрған – кейіпкерлердің біршама жақсы ашылуында. Бас кейіпкерлер – ата жұрттан адасқан Ілияс, оның сүйгені Үміт және анасы.
Қуғын-сүргін құрбанына ұшыраған Ілияс бейнесі Әділ Ахмет ойынында барынша батыл, заманның илеуіне түссе де мойымаған қаhарман ретінде көріне білді. Тілін, дінін түсінбейтін өзге ұлт ортасында, сосын соғыста, артынан қиырдағы айдауда жүрсе де жігері мұқалмайды. Анаға апарар жолда өткен соқпақтарды жеңуі арқылы кейіпкердің өз анасына деген шексіз махаббаты, өжет мінезі байқалады.
Өкіл қыз Үміт пен ана образдары да сұрапыл соғыс жылдарында бір сәуледен үміт үзбей, азаптың айдауына шыдай білді. Нәтижесінде ана ұлымен, Үміт үмітмен қауышты. Осы әрекеттері жолында кейіпкерлер де ашыла түсті. Мән берсек, бұл фильмде де ержүрек қазақ ұлы мен дана әйелінің символдық жиынтығы жасалған. Дегенмен, кейіпкер тек актерлық ойын мен режиссерлік жұмысқа ғана бейнесі емес, сол заманнан сыр шертер актер келбетіне де тәуелді. Үміт образындағы Аружан Джазильбекова мен Ана - Алтынай Нөгербекке қаншама қатал тағдырдың қатқылын тартқан әйел әжімін түсірмеуі, яғни гримнің шала жасалуы - артқа тартып тұрған олқылықтардың бірі. Жалпы кино мен әдебиет кейіпкері автордың оны қаншалықты сан ситуацияға салуы арқасында соншалық өз сипатын табады.
Өткен жылдың «Жыл романы» айдары тағылған Тұрысбек Сәукетаевтың «Мен жындымын» романының бас кейіпкері – Жынды. Тақырыбының өзі оқырманды елең еткізіп, кейіпкері Жындыға назарын бірден аудартады. Жынды десе есінен адасқан ессіз елестесе, бұл шығармада өз ортасынан оқшау, оны көкірек көзімен көре алатын, қоғам шындығын әшкерелей білген нағыз интеллект, бухгалтер «жынды» көрініс тапқан. Расында да, біздің қоғам шындықты шымбайына жеткізе жазатындарды саясаттың орына өзін-өзі жығып берген ақмаққа балайды. Автор солақымақтың аузына оның өзі жазып қойған алты том романын сыйдырып, жынды арқылы айтқысы келген қазақ қоғамының қайшылықтары мен теңсіздіктерін астарлап жеткізеді. Өз «жындысымен» қазақ қоғамындағы ақын-жазушылардың прототипін жасап, олардың хәл-күйінен сыр шертеді. Иә, шығарма кейіпкерінің құдіреті осындай.
Жоғарыда келтіргендей бұл романнан да ежелгі әдебиетімізден архитиптер елестейді. «Аяз би» ертегісіндегі Жаман Т.Сәукетаевтың Жындысымен сайып келгенде, мұңдас, тағдырлас. Асылында, екеуі де заманынан оза туғандар. Шындықты көріп, әділдік іздеушілер, бірі өзін «жаманмын» десе, екіншісі «жындымын» дейді.
Заманауи көркем туындының жаңа кейіпкері келбеті осындай.Өткенмен сабақтаса, жаңаның заманында өмір сүреді.