Мақала
Шалбарды ойлап тапқан кім?
Бұл мақаланың авторы – Адриенна Мейер, Стэнфорд университетінің Көне Заман факультетінің Ғылым мен Технология тарихы және философиясы атты бағдарламасының зерттеушісі. Мақала алғаш рет 2014-ші жылдың қазан айында Natural History журналында жарық көріп, кейін Адриенна Мейердің «Амазондар: көне замандағы жауынгер әйелдердің өмір салты және олар жайлы аңыздар» (Принстон Университетінің баспасы, 2014) кітабына енді. Мақала қазақ тіліне автордың өзінің жеке рұқсатымен аударылды
Бөлім: Мәдениет
Датасы: 23.02.2019
Авторы: Oner Portal
Мақала
Шалбарды ойлап тапқан кім?
Бұл мақаланың авторы – Адриенна Мейер, Стэнфорд университетінің Көне Заман факультетінің Ғылым мен Технология тарихы және философиясы атты бағдарламасының зерттеушісі. Мақала алғаш рет 2014-ші жылдың қазан айында Natural History журналында жарық көріп, кейін Адриенна Мейердің «Амазондар: көне замандағы жауынгер әйелдердің өмір салты және олар жайлы аңыздар» (Принстон Университетінің баспасы, 2014) кітабына енді. Мақала қазақ тіліне автордың өзінің жеке рұқсатымен аударылды
Бөлім: Мәдениет
Датасы: 23.02.2019
Авторы: Oner Portal
Шалбарды ойлап тапқан кім?

Гендерлік теңдік көптеген ғасырлар бұрын, кейбір мәдениет өкілдерінің ерлері мен әйелдері қатар шалбар киген заманда болған болуы ықтимал.

Амазондар, яғни Геркулес пен басқа грек мифологиялық батырларына қарсы соғысқан әйелдер, ұзақ уақыт бойы ойдан шығарылған, көркем әдебиет кейіпкерлері деп есептелді. Біздің уақытымызға дейін жеткен: «Амазондар садақ көздеуге ыңғайлы болу үшін бір омырауын кесіп алып тастаған», - деген аңыз бекер сөз болғанымен, амазон сияқты жауынгер әйелдердің болғаны шындық. 1980 жылдары археологиялық қазбалар кезінде табылған қарулы әйелдердің сүйектерінен шайқаста алған жарақат іздері анықталды және бұл Еуразияның скиф даласындағы көшпенділер арасында жауынгер әйелдер болған деген болжамды дәлелдеді.

Ежелгі гректер бұны қазіргі археология ғылымынан әлдеқашан бұрын білген: ежелгі грек вазаларындағы суреттерде мыңнан аса жауынгер әйел бейнеленген. Бұл өнер шығармаларындағы көзге түсетін нәрсе – ондағы әйелдердің көбі шалбар мен жейде (туника) немесе скиф ерлері сияқты леггинс киген. Ол кездегі грек ерлерінің дәстүрлі киімі төртбұрышты матадан түйреуіш және белдікпен бүрілген хитон еді, яғни, басқа да ежелгі мәдениет өкілдерінің киімдеріне ұқсас, мысалы, ежелгі римдіктердің тогасы, мысырлықтардың шхентиі немесе бүрілген белдемшесі мен азиялықтардың сароны сияқты. Ал шалбар технологиясы күрделірек болды.

Шалбар мен туника – тоқыма, былғары немесе мата қиықтарын мықты тігіспен біріктіре отырып, көбінде түрлі-түсті жіптермен безендірілген әрі дене сұлбасына қонымды етіп пішілген, күрделі киім түрі. Ерте замандағы мұндай шалбардың үлгісі Тарым ойпатынан табылған салт атты ерлер мен әйелдердің мәйітінен табылған-ды. Археологтар бұл жәдігерлерді біздің заманымызға дейінгі 1200-900 жылдарға жатқызады. Осы аймақтан соңғы жылдары табылған екі шалбар үлгісінің үш мың жыл бұрын тігілгені анықталды: тоқыма матаның үш қиығынан тұратын шалбарлар иіріле және торлана өрілген өрнектермен безендіріліп, қозғалысқа ыңғайлы болу үшін адым тігісіне сына салынып тігіліпті. Бұл шалбардың үлгісінің салт аттылар үшін оңтайландырып жасалғаны және өз заманында үлкен жаңалық болғаны анық. Қысқасы, шалбар – әлемдегі адам денесіне шақтап тігілген ең алғашқы киім түрі. Шалбар жайдан-жай пайда болмаған. Оның қолданысқа енуіне үлкен қажеттілік туындаса керек.

Бұл жайлы деректерді ежелгі гректерден іздесек, олардың жазбалары мен өнер туындылары шалбарды ойлап тапқан «жабайылардың өктем әйелдері» деген қағидаға саяды. Ежелгі грек ерлері қысқа, жеңсіз хитон кисе, әйелдері соған ұқсас, бірақ тілерсектен түсетін, бүрмеленген жабын жамылған. Олардың қолдары, ал ерлердің тіпті аяқтары да ашық болған. Жерорта аймағындағы жұмсақ қыста ежелгі гректер күләпаралы мантия жамылды. Керісінше, Қара теңіз аймағының тұрғындарынан бастап Қытайдың батыс шекарасындағы Хунну көшпенділері тар немесе кең шалбарларды, яғни, анаксирид және шарабара (парсы тілінен келген грек сөздері) мен ұзын жеңді киімді тәуір көрді. Біздің заманымызға дейінгі 600-ші жылдарға қарай Грек өнерінде шалбар жат елдік садақшылардың белгісі болып саналды. Көптеген Грек жазушылары скифтер, сақтар, сарматтар, дақтар, геттер, кельттер, мидиліктер, парсылар, фригиліктер, парфиліктер, гиркандықтар, бактриандықтар, армяндар мен амазондарды анаксирид киеді деп суреттеген.

Бұл шалбар киген халықтарға ортақ нәрсе не? Олар негізінен салт аттылар болды және ондай топтардың көбінің, мысалы, ежелгі гректермен салыстырғанда, гендерлік теңдігімен ерекшеленгені кездейсоқтық болмаса керек. Гиппократ көшпенділерді: «Әрқашан шалбар киеді және әрқашан ат үстінде жүреді»,- деп суреттеді. Аяғын қымтап, ер-тоқымын жұмсақтау – күн көріс үшін күні-түні ат үстінде жүретін салт атты үшін, яғни, оның жамбасы қажалмауы үшін, өте маңызды қажеттілік еді.

Кейінірек, Рим кезеңінде, Қара теңіздің солтүстік салқын жағалауын қоныстанған грек колонистерінің ұрпақтары скифтердің шалбарын, ал рим жауынгерлері солтүстік Еуропадағы «шалбарлы галлдардың» (Gallia Bracata) қысқа дамбалын киім ретінде қабылдады. Алайда, парсы салт аттыларының киімін мұқият зерттеген Ксенофонт өзінің атқа міну шеберлігі туралы нұсқаулығында гректерге шалбар кимеуге кеңес берді. Ксенофонт: «Шалбар киюдің орнына, атқа мінген салт атты белдемшесін немесе мантиясын бөксесінің астына жинап отырғаны дұрыс», - деп жазды. Ежелгі гректерге шалбар кию деген ойдың өзі күдікті көрінді және екі ойлылық туындатты: олар үшін шалбар тым «бөтен» нәрсе еді. Тіпті Ұлы Ескендірдің өзі үлкен жеңістерінен кейін парсы киімін құлшына киіп, жауынгерлерінің ызасына тигенімен, ешқашан шалбар киген емес. Гректер жабайылардың шалбарын нәзіктік пен әлсіздікке балап, сираққа арналған «түрлі-түсті оғаш дорбалар» (thulakoi) деп мазақтады. Дегенмен, көптеген ежелгі грек жазбаларында «былғары шалбарлы» жауынгерлердің қайсарлығы мен ерлігі мадақталады.

Бірнеше грек жазушылары Жерорта тұрғындары жылы климатқа қарай әдетте ашық қалдыратын қол мен аяқты қымтау дәстүрін ерсі деп сипаттады. Мәдениетті гректер тән сұлулығын бағалайды, ал жабайылар денесін тұмшалайды-мыс. Оның үстіне, амазондар мен скифтердің ала-құла, алабажақ өрнекті және текстурасы қатқылдау киімі сәндеп бүрмеленген грек киімінен мүлдем өзгеше еді. Бірақ, бұның барлығынан да гректердің зәресін ұшырған нәрсе – әйелдер мен ерлердің бірдей киімі: бас киім, жейде, белбеу, етік және шалбар. Бұл унисекс киімнің көптеген ерекшеліктері гректерді алаңдатты.

Біріншіден, бұл киім әйел мен еркектің ауыр физикалық әрекеттерге бірдей бейімділігін паш етті. Ат та, шалбар да әйелдердің еркін қозғалып, ерлермен қатар атлетикалық белсенділік көрсетуіне, сонымен қатар тәнін тұмшалап, әдеп сақтауына мүмкіндік беретін теңестіргіш еді: 19-шы ғасырда шаровар әйел велосипедшілеріне дәл сондай мүмкіндік берді. (Француздардың әйел велосипед немесе атқа мінбеген жағдайда, жұрт алдында шалбар киюіне тыйым салған 200 жылдық ескі заңы тек қана 2013-ші жылы күшінен айырылды.) Гректердің ерлері мен әйелдері киген белдемшемен салыстырсақ, шалбар жауынгерлерге жауға тәнін көрсетпей, зорлық қаупін азайту мүмкіндігін де ұсынды. Бұл – шалбардың азат әйелдердің көңілінен шығып, үстем ерлердің бұған қарсылығын тудырған себептердің бірі болуы мүмкін.

Бұған қоса, жейде мен шалбарды әйелдер ойлап тапты деген ойдың өзі бұл киімнің «нағыз» ерлерге (гректер) жарамсыздығын арттыра түсті. Грек ерлері денесінің төменгі жағын шалбармен тұмшалау қажет деген ойдың өзінен үзілді-кесілді бас тартты. Белдемшемен салыстырғанда, шалбар табиғи қозғалысты шектейді деп қабылдануы да ықтимал. Оған қоса, іш киім кимейтін грек ерлері күнделікті өмірде қысқа белдемшелі хитоннан жыныстық мүшелерінің аздап көрінуіне үйренген еді. Грек ерлерін састырған негізгі себеп – шалбардың андрогиндік ерекшелігі болуы да ықтимал. Шалбар киген салт аттының не ер екенін, не әйел екенін ажырату қиындық туындатса керек.

Бұның бәріне қарамастан, ваза суретшілері амазон киімін көп суреттеді. Амазон-скиф киім үлгілерінің мұқият суреттелуі гректердің бұл жат елдіктер жайлы хабардар болғанын және олар туралы көбірек білгісі келгенін көрсетеді. Ат құлағында ойнаған салт атты Амазондардың сұлу, кейде сексуалдық тартымдылығы ерекшеленген көріністер сипатталған вазалар әйел және ер тұтынушылардың екеуіне де ұнады. Екінші терісі сияқты, денесіне құйып қойғандай ықшам киімді айбынды әйелдердің сұлулығы мен қозғалысының еркіндігі, шалбардың атқа мінуге және соғыс әрекеттеріне қаншалықты бейімді екенін тамаша көрсетеді. Ежелгі грек әйелдерінің көптеген иіссу құтылары мен басқа бұйымдарының шалбарланған ержүрек амазондар бейнесімен безендірілгені таң қалдыратын жәйт.

Ежелгі скиф даласындағы зираттардан табылған салт атты әйелдердің киімдері тамаша сақталыпты және сол киімдер грек жазбалары, скиф және грек өнер туындыларында суреттелген киімдермен бірдей болып шықты. Жейде, шалбар және үшкір қалпақ киген көшпенділер бейнесі алтын заттардан, күйдірген сары балшықтан жасалған бұйымдардан, Қара теңіздің солтүстік аймақтарында жасалған вазалардан, скифтердің күнделікті өмірі мен жылқы мәдениеті суреттелген артифактілерден де көрініс тапқан. Скиф мәйіттерінен былғары, тоқыма, кендір, зығыр және жібектен тігілген шалбарлар мен жейделер табылды. Кейбірі былғары немесе аң терісінен жасалған ауырлау киім астынан жібек немесе тоқыма қабат киген екен. Бұл киімдер өлшемі мен қалыңдығы әртүрлі мата қиықтарынан құралып, сәнді тігіспен безендірілген.

Скиф даласындағы әйелдердің зиратынан ұзын және кең етекті белдемшелер де көптеп табылды. Көшпенді әйелдер ұзын белдемшені екі аяғының арасынан көтере түріп, оны белдікпен тартып, атқа міну үшін немесе басқа ширақ әрекеттер үшін шалбарға ұқсата ықшамдаған деп ұйғарым жасауымызға болады. Скиф мәйіттерінен табылған былғары белдіктер мен белдік тоғаларының алуан түрі грек вазаларындағы амазондардың белдік пен иық бауларының (портупея) дұрыс бейнеленгенін растайды.

Археологтар тоғалы, қысқышты және ілгекті жалпақ белдіктерді қару мен қорамсақ салуға, ал жіңішкелеу белдіктер пышақ пен қайрақ сияқты жеңілдеу заттарға арналған деп суреттейді. Қарулы әйелдердің мәйіттерінен сырға, білезік, алқа, моншақ, аң тістері мен тұяқтары, каури (Үнді мұхитынан) сияқты зергерлік бұйымдар және басқа да реликт бұйымдар, былғары және алтын бұйымдар да табылды. Назар аударатын жәйт – Грек ваза суретшілері амазондарды бейнелегенде, тіпті қызған шайқас үстіндегі сарбаздардың «әйелдік» бұйымдарын, яғни сырға, алқа және білезіктерін қоса суреттеген.

Вазаларда суреттелген жолбарыс және басқа аң терілері де нақты дәлел, себебі теңбіл мысық тектес, кәмшат және басқа аң терілері ежелгі скиф әйелдерінің (ерлердің де) мәйіттерінен табылды. Археологиялық және әдеби деректерге сүйене отырып, ежелгі гректердің Еуразияның шынайы жауынгер ерлері мен әйелдерінің өмір салты жайлы білімі артқан сайын, классикалық өнер туындыларындағы амазондардың киімі мен қару-жарақтарының сипаттамасы нақтылана түскенін байқаймыз. Бұл өзгерістер ежелгі грек суретшілері мен олардың аудиториясына көшпенділердің киімі жайлы ақпарат қолжетімді болғанын немесе бұл үлгілерді олардың өз көздерімен көргенін дәлелдейді. Көп ұзамай, өздері «амазон» деп атап жүрген мифологиялық кейіпкерлердің кәдімгі дала көшпенділері сияқты киініп, қаруланған салт атты садақшылар болғанына ежелгі гректердің көзі жете бастады.

Ежелгі гректердің шалбарды ойлап тапқан жауынгер әйелдер деген болжамы негізсіз емес еді. Шалбарды ойлап тапқан – жабайы дала жылқысын үйреткен ерлер мен әйелдер екендігі күмән туғызбайды, себебі шалбар атқа мінуге, салт аттылардың ұзақ сапарына арнайы оңтайландырылып пішілген киім екені анық. Жоғарыда атап өттік, ежелгі заманнан сақталған шалбар үлгілері Тарым ойпатынан (Қытайдың солтүстік батысы) табылған мумиялардың зиратынан шықты. Біздің заманымызға дейінгі 1200–900 жылдары жерленген мумиялар аң терісінен тігілген жағалы тон, ұзын белдемше мен түрлі-түсті жүннен тоқылған тар шалбар (гамаж) киген.

1984-ші жылы археологтар шабуыл кезінде қырылған 133 көшпенді ерлер мен әйелдер араласа жерленген Сампула (Шыңжаң) қорымы (б.з.д 3-1 ғасыр) қазбалары кезінде ерекше шалбар үлгілерін тауып алды. Мәйіттермен бірге көмілген киімдер, құралдар, айна және тарақ сияқты бұйымдар қашықтағы елдермен сауда байланысы және соғыс олжалары туралы көптеген деректер берді. Бір мәйіттің (жынысы анықталмады) шалбары гүлдер, құстар және басқа өрнектері бар өте жұқа тоқыма мата қиықтарынан құралып тігілген екен. Тағы бір мәйіттің шалбарының бір балағында соғыс кернейін тартып тұрған кентавр бейнеленген (бұл соғыс кернейлері ежелгі грек вазаларындағы скифтер мен амазондардың суреттерінде де кездеседі). Тағы бір шалбардың балағында қолына найза ұстаған, көк көзді көсе жауынгер бейнеленген. Археологтар бұл шалбар мекенді қоныстарға шабуыл жасағанда олжаға түскен алаша/түскиіз қиықтарынан тігілген деген болжамға келді.

Шалбардың тиімділігі 1587-ші жылы британдықтарға қарсы көтерілістің батыры - Джханси ханшайымы (рани) Лакшми Баи жайлы дереккөздерде тамаша сипатталған. Күйеуі қаза тапқан соң, рани сариінің алдыңғы етегін аяғының арасынан өткізіп жіберіп, артқы белдігіне түріп, кең дамбал жасап, дереу атқа қонған. Бұл стиль «veeragacche», яғни  «жауынгер бүрме» немесе «батыр белдігі» деп аталған. Махратти (Маратхи) руының және басқа рулардың әйелдері дәстүрлі сариді касата стилімен, яғни, артқы жағынан беліне түріп, ерлердің дхотиі сияқты дамбал жасап киген. Бұл стиль әйелдер ат құлағында ойнап, шайқасқа ерлермен қатар шапқан көне заманда пайда болған деген пікір бар. Дала көшпенділерінің әйелдері жерленген зираттан табылған кең етекті белдемшелер де дәл осылайша атқа мінуге жылдам бейімделеді.

Шалбардың әскери технологиялық маңызы Хандықтар соғысы (б.з.д 5-3 ғасыр) кезеңінде қытайлықтар Ішкі Азияның қайсар да күшті хунну тайпаларына төтеп бере алмай қиналған заманда айқындалды. Салт атты хун садақшылары (ерлер және әйелдер) шалбар киді, ол кезде қытайлықтар әлі белдемше киген заман болатын. Қытайдың «Хандықтар соғысы шежіресінде»: «Улин-ван әмірші өзінің жаяу әскерінің салт атты садақшыларына тең қарсылас емес екенін түсінді», - деп жазылған. Ол ұзын халаттың әскери қолбасшылардың атқа мінуіне кедергі келтіретінін көрді. Улин-ван әскеріне жабайылардың шалбар, етік және тері қалпақтан тұратын униформасын қабылдап, олардың атқа міну өнерін жетілдіруге бұйрық берді. Бірақ әскери қолбасшылар бұл бұйрыққа қарсы шықты. Қытай әскерлері «оғаш» киімге күлуін тоқтатып, оны қабылдағанша бірнеше ұрпақ қажет екенін түсінген Улин-ван әмірші реформасын жүзеге асыру үшін шалбарды өзі киіп, үлгі көрсетті. Ақырында, Цин мемлекеті (батыс Қытай) хундардың атты әскер өнері мен шалбарын қабылдап, көшпенділерді жаулап алып, өштескен хандықтардың басын қосты (б.з.д 221).

Уақыт өте атты әскердің соғыс шеберлігі үшін маңызы артып, шалбар Рим империясының бекзаттары мен Еуропа ақсүйектерінің салтанатты киіміне айналды. Шалбардың әлеуметтік мәртебесі жоғарылап, Батыс әлеміндегі басқа ерлер арасында кеңінен тарады. Алайда, бір кезде ежелгі гректер жете түсінген атқа міну салты мен көшпенділердің унисекс киімі арасындағы тарихи байланыс жайлы бірте-бірте ұмытылды.

Қолданылған материалдар:

  1. Adrienne Mayor. Who Invented Trousers? 2014.
  2. Adrienne Mayor. The Amazons: Lives and Legends of Warrior Women across the Ancient World, 2016.