Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының магистранты
Амантай Дамир
Жаһандық бәсекелестікке қабілетті арттыру үшін бүгінгі күнде еліміздің азаматтарына ұлттық тіліміз қазақшамен қатар орыс және ағылшын тілдерін жақсы деңгейде білу керек. Бұл мемлекет басқарушылары мен көптеген жасөспірім дарындардың ұстанған негізгі қағидасы. Соған байланысты қазақ кино өнеріндегі фильмдерді орысша немесе ағылшынша атау тенденциясын байқауға болады. Бұл фильмнің негізгі аудиториясы ретінде шетелдіктер қарастырылған деген сөз бе? Әлде ағылшынша аталса престиж артады деген түсінік бе? Бұл жағы нақтылануы қажет. Қазіргі сәтте біз 2020 жылы жарыққа шыққан «Over the barriers» атты деректі фильм туралы сөз қозғаудамыз.
Аталмыш туынды «Қазақфильм» киностудиясында режиссер Бану Рамазанова жетекшілігімен «Бабалар мұрасы» циклі аясында түсірілген. Фильмнің сюжеті ат спорты конкур тақырыбы төңірегінде құрастырылған. Конкур – атқа мініп арнайы алаңда әртүрлі кедергілерден секіре шабу жарысы. Францияда қалыптасқан спорт түрі болса да, ежелгі сақтар мекендеген өңір елдеріне тән ерекшеліктері байқалады. Бір сағаттық фильм олимпиадалық ойынның Қазақстандағы жағдайына қатысты біршама ақпарат береді.
Техникалық тұрғыдан қарағанда, деректі фильм өте жоғарғы деңгейде түсірілген. Камераның да, квадрокоптердің де кәсіби қолданылғаны байқалады. Фильм бастала сала ат дүбірін естіп, режиссер дыбыс арқылы көрерменді жануарларды көруге дайындайды. Музыка құлаққа жағымды әрі әсерлі, кейбіреуі эпикалық көңіл күй тудыра алады. Бірақ фильмнің орта тұсынан бастап музыка темпоритмге кедергі келдіреді: кейіпкерлер сөзіне құлақ салғаннан гөрі әдемі әуен мен кадрлардың жалғаса беруіне қалау арта түседі. Түстер бір-бірімен үйлесімді әрі жарқын етіп өңделген. Әсіресе, назар аудартатын көк пен жасыл түс еліміздің туы және табиғатымен ассоциация береді. Ең алғашқы кадрда да желбіреген көк тудың көрсетілуі бекер емес.
Фильмдегі көтерілген бүгінгі таңдағы қажет ойлардың бірі – жан-жануарға деген құрмет мәселесі. Назарымызға ілінген жаралы жануарға ем шараларының қолданылу сахнасы бір жағынан реализмді арттырып, көрерменді уайымдатып, одан бетер қызықтыра түссе, екінші жағынан - мал емдеудің құрметті профессия екенін аңғартады. Қазіргі біздің қоғамда өте өзекті тақырыпқа айналған жануарларды қорғау, оларға қарсы қылмыстарды алдын-алу шараларының бірі деп солар туралы түсірілген фильмдерді, жазылған шығармаларды, салынған суреттерді атауға болады. Өнер арқылы адамдарға ой салып, жануарларға қастандық істеудің дұрыс емес екенін айта аламыз. «Кедергілерді жеңу» фильмінде осы идея айқын болмаса да, айтарлықтай жақсы көтеріледі.
Бұл туындыда өзге деректі фильмдерге тән кадр сыртындағы дауыс, яғни автор сөзі мүлде жоқ. Біз негізгі ақпаратты сұхбаттасушылар арқылы аламыз. Ал қосалқы тарихи мағлұмат визуалды түрде, яғни кеңес дәуірінде түсірілген деректі туындылардан үзінді көрсету арқылы беріледі. Пленкаға түсірілген ескі кадрлар өте жақсы өңделіп, заманауи кадрлармен әдемі үйлесіп, ретро атмосферасын сездірте білген. Аталмыш сахналарда кадр сыртындағы дауыс қолданылғанымен, фильмнің өзінде мүлде жоқ. Соның әсерінен мазмұн қарапайымдылығы сәл ақсаңдайды. Сұхбат берушілер конкур және ат спортының мамандары өз істерін өте жақсы біледі, бірақ түсіндіруге келгенде өздері үшін үйреншікті спецификалық терминдерді жиі қолданып, мағынасын ашпай кетеді. Әлбетте, фильм мазмұнын түсінуге бұл қатты кедергі келтірмейді. Бірақ кейбір сәттерге көрермен өзін надандай сезініп қалуы мүмкін. Бәлкім, кадр сыртындағы дауыс арқылы осындай спецификалық терминдерге кішігірім анықтама берілсе, немесе ондай түсіндірмелер кадр астында көрсетілсе, фильм қарапайымдылығы арта түсер ме еді? Себебі қарапайымдылық – көрермен назарының гаранты.
Тағы бір айтып өтетін мәселе сұхбат берушілерге қатысты. Олар кімдер? Не себепті олардың есімдері сұхбат басталған сәттерде көрсетілмейді? Көрермен бұлар кім деп ойлап қызығып отырсын деп әдейі солай шешілді ме екен, әлде мүлде қарастырылмай қалды ма, түсініксіз. Иә, фильмді біраз тамашалағаннан кейін Александр Тишков, Шыңғыс Маликаджар, Нұрила Тұрысбекова сынды есімдер жатталынады. Бірақ есімдерін бірден білмей сөздерін тыңдау біртүрлі.
Ат үстінде кедергіге қарамай шапқылай беретін, конкур сынды ерекше спортты кәсіп ретінде таңдаған мамандардың елімізде бар екені құрметке лайықты. Және конкур спортының бүгінгі күндегі қиыншылықтары аяныш тудырады. Қаражат жағынан да, жағдай жағынан жақсара түссе екен деген тілек те пайда болады. Мүмкін осы жолда деректі фильмнің көмегі болып қалар? Онымен қоса, жасөспірімдер ат спортына қызыға түссе, айналысуға көңілдері артса, оның несі жаман? Біздің ойымызша, «Кедергілерді жеңу» фильмін бірінші кезекте қазақстандықтар арасында таратып, көбірек көрсету керек. Елімізде осындай спорт бар екеніндігі, қызық екеніндігі, әлі де болашағы бар екеніндігі ең алдымен қазақстандықтарға бағытталған ой.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ІІІ курс студенті
Бақберген Сағыныш
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Бабалар мұрасы» топтамасынан алынған деректі фильм Кеңес Одағының ат спортының аңызы – 1952 жылы Жамбылға жақын Луговой ат зауытында дүниеге келген Ақалтеке айғыры «Абсент» туралы және Қазақстандағы конкурдың бүгінгі әлеуеті туралы баяндайды.
Кинокартинаның негізгі кейіпкері ең атақты қазақстандық спортшы-бәсекелестердің бірі Александр Тишков 35 жылдан астам ат спортымен айналысып келеді. Белгілі бір жағдайларға байланысты ол чемпионға бірнеше жеңіс әкелген атпен бөлісуге мәжбүр болды. Бірақ соған қарамастан, ол өз мамандығына берік және адал болды. Басқа да кейіпкерлер бұл спорт түрінің оңай емес екенін тілге тиек етеді. Бірі 5-6 жасында Тай бәйге, Аламан бәйгеде баса шапса, енді бірі 6 жастан атқа бейім болып, 9 жаста Аламан бәйгеде бақ сынаған. Спортшылардың айтуынша, елімізде ат спортына лайықты түрде көңіл бөлінбейді және қаржылай көмек көрсетілмейді. Қазақстан бірде-бір рет ат спортынан «Халықаралық олимпиадаларда» бақ сынамағаны, әрине, өкінішті. Іргелес жатқан Өзбекстан, Қырғызстан сынды мемлекеттерде атқа баулу мектептерінің бар екендігі айтылды. Ал біздің елде, өкінішке орай, ондай мектептер жоқтың қасы.
Фильмде жылқылардың шабысы, жалпы тұрмысы өте әдемі көрсетілген. Қазақтың төсбелгісіндей болған тұлпарды әдемі қазақтың күйімен әсемдеген. Талайдың ішінен оза шабар сұңқарға үлкен күтім керектігі жасырын емес. Оны күтіп- баптау, дәрігерге көрсетіп дұрыс қоректендіру өте маңызды рөл атқарады. Әрине оның барлығы қаржылай көмекті талап етеді. Кеңес одағының кезінде ат спортының өте танымал болған кезі еді. Қазір де бұл спортқа бейім жандар көп. Спортшылардың айтуынша,Қазақстанның атынан бәйгеге түсіп, Халықаралық деңгейде еліміздің туын көкке желбірету қай - қайсысының болмасын үлкен арманы. Сол үшін де олар бар күшін салуға ниетті.
Кино өнері арқылы көрермендер білімін толықтырып, эстетикалық ләззат алады, тәлім-тәрбие – жақсыдан өнеге, жаманнан сабақ алады. Келер ұрпаққа мұра болып қалатын да ол – кино өнері. Себебі онда сол заманның тұрмыс тіршілігі, діні мен тілі, көзқарасы көрініс табады. Сол себепті де көрерменге ұсынылатын өнердің сапасы да жоғары болу керек деп ойлаймын.
Елімізде ат спортына көп көңіл бөлінсе екен деген тілекте қалдым. Расында қазақ ертеден жылқыны ерекше құрметтеп баптаған. Сол дәстүрді жалғап, «Қазақстан» атын әлемге паш етер спортшыларымыз көбейе берсін.
Қазақ ұлттық өнер университетінің ІV курс студенті
Егеубаева Еңлік
Кез келген жобаны іске асырар кезде эксперттік комиссия ең әуелі сценарийге үлкен мән береді. Драматургия әлсіз болса, фильм сәтті шықпайды дейді. Б.Рамазанованың «Over the barriers» фильмінің ұтымды тұсы таңдалған тақырыпта (конкур спортының мәселесі) болса, ең осал тұсы – драматургияның әлсіздігі. Фильмде экспозиция да, оқиға өрбуі де, кульминация да, финал да бар. Бірақ, олардың берілу тәсілі нашар. Кіріспені экспозициямен бірге беріп, барлық кейіпкерлерді бір жіпке тізуге тырысады: белгілі спортшы Александр Тишков, бірнеше мәрте жеңімпаз атанған жас өрендер Маликаджар Шыңғыс пен Нұрила Тұрысбекова және тренер Әсет Толқымбеков. Спортшыларды біріктіретін – конкур (ат үстінде кедергілерден өту) спорты. Спорт біріктіргенімен, жас айырмашылық, ой дәрежесі, ауыл және қала шекаралары сезіледі. Бұл бөлікте спортшылардың неге бұл салада жүргені туралы аз-маз ақпарат беріледі де, одан кейін нағыз былық басталады. Себебі, мәселені қай тұрғыдан ашу керектігі туралы әу баста команда нақтыламаған.
Тишков 30 жыл бойы қазақ жерінде баптап өсірілген асыл тұқымды жылқы іздегенін айтады. Әсет Олимпиада чемпионын дайындайтын мекеме жоқ деп, Қостанай, Луговойдағы зауыттарды пайдасыз дейді. Жастардың мотивациясы – Қазақстанды әлемге таныту. Арасында «Абсент» фильмінен кадрлар беріліп, өткенге ностальгия жасалады. Бәйге және оның маңызы туралы Тишков, Әсет пен Шыңғыстың айтқандарын біріктіріп, режиссер фильмге қақтығыс (конфликт) әкелгісі келеді.
Фильм визуалды өнер болған соң, осы ерекшелікті естен шығармауы керек. Камераны алып, көзге көрінген дүниенің барлығын түсіргеннен, оның көркемдік дәрежесі өспейді, ешқандай драматургиялық қызмет атқармайтын аттардың тұяқтары ақталмаған кадрлардың баяу, ойлы музыканы әдемілік үшін қолдану фильмді құтқармайды.
Пафоспен басталып, пафоспен аяқталатын фильмде автор нені айтқысы келеді? Конкурдың қымбат спорт түрі екенін, онымен айналысатын кәсіби спортшылардың бар екенін бе, әлде қазақ жерінде асыл тұқымды бұрынғы Абсенттердің өсірілмейтіндігін, қаржылай көмектің жоқтығын жеткізгісі келеді ме. Әлде бұл қараусыз қалған конкурды кинематограф арқылы жариялау ма? Иә, диалог арасынан бірнеше мәселені естуге болады. Ал бұл ой соншалықты шашыраңқы берілсе кімге қызық?
Бізге ақпараттан гөрі көркем шешімдермен көрсетілген дүние қажет еді. Бірнеше кейіпкер айтатын проблеманы бір кейіпкердің (мысалы Тишков) өмірі арқылы бергенде айтылар ой тиянақты, нақты шығар ме еді. Қазақ киноөндірісінде тенденцияға айналған қазақ жерінде түсіріліп, ұлттық қор арқылы қаржыландырған фильмдерді қазақ үшін емес, экспортқа арналған тауарлар каталогын толықтырған фильмге жақсы идея, жақсы тақырып үшін рахмет айтып, бірақ сол идеяны керекті дәрежеде жеткізу керек екендігін еске салғымыз келеді.
Қазақ ұлттық өнер университетінің ІІ курс студенті
Абдыкаменов Ернар
Бану Рамазанқызының «Over the barriers» атты фильмінде Қазақстандағы жылқымен байланысты классикалық-олимпиадалық спорт жағдайымен жақынырақ танысуға болады. Фильмнен дәл осы спорт түрінен ішкі біріншілікте ұлттық құрама артынан өнер көрсеткен Александр Тишков, Асет Толқымбеков, Нурила Тұрысбекова, Шынғыс Маликаджар секілді кейіпкерлердің атпен секіру спортындағы қадамының қалай басталғанын, осы спорт түріне деген махаббаты қалай оянғанын, қандай арман-мақсаттары бар екенін білеміз.
Фильмді екі бөлімге бөліп қарастыруға болады. Бірінші бөлімінде барлық кейіпкерлер өздерінің кедергілерден атпен секіру секілді спорт түріне қалай келгенін баяндап берсе, екінші бөлімінде елдегі бұл спорт түрінің қиын жағдайын әңгіме етеді. Кейіпкерлердің айтуынша, Қазақстандағы ат спортының жағдайы мүшкіл, ал Еуропада кеңінен танымал спорт түрі екенін аңғаруға болады. Кейіпкерлер өз сөздерінде Қазақстанның алдағы уақытта Әлемдік кубокты қазақ жерінде өткізбесе, қауымдастықтан шеттетіліп қалуы туралы үрей-қорқыныштарын да жеткізді. Шынында да бұл спорт түрінің Қазақстанда қаржылай қолдауға ие болмауы, спортшылардың жеке кәсіпкерлерге және олардын таңдауларына тәуелді болуы алға қарай дамудын негізгі кедергісі болып тұр.
Туындыда Ораз Әбішевтің «Абсент» фильмінен үзінділер көрсетілген. «Абсент» фильмінде Кеңестер Одағы құрамында әлемдік олимпиаданың жеңімпазы атанған С. Филатовтың тұлпары Абсенттің қазақ даласынан шыққанын көрсетеді. Қазіргі кездегі қазақ даласынан шығып жатқан спортшылардың қаржылық қиындыққа ұшырауы, сәйгүлікті де таңдауға қауқарсыз екенін айтады. Аламан бәйге туралы да сөз қозғалып, ондағы басты ұтыс жүлдесі мен жылқының жай-күйі, оның аман-есен келуі де талқыға салынды. Осы тұста ескеретін бір жайтты керемет жеткізе білген деп ойлаймын. Алғашқы көріністерден конкур спортын тамашалауға келген көрерменнің аздығын және олардың негізінен славян халықтарының өкілдері екенін байқаймыз. Ал бәйге көріністерінде биіктен жалпы планмен алынған сахнада алты жасар баладан алпыстағы қарияға дейін көрермен болып келген қазақтарды аңғарамыз. Халқымыздың ұлттық спортқа аса қатты қызығушылық танытып, әлемдік-классикалық олимпиадалық спорт түрін елемейтінін жақсы жеткізсе, кейіпкерлер еуропалық әріптестерінің: «Ұлттық спорт мемлекет ішінде, классикалық спорт әлемдік деңгейде дамуы қажет» деген пікірін мысал етіп, жағдайды салыстырмалы түрде бағамдайды.
Фильм бойы көрермен кейіпкерлерімен бірге бірде толқып, енді бірде қуанып, қайғырады, тағы бірде олардың бірге арманы мен үмітін сезінеді. Фильмде О. Әбішевтің «Абсент» фильміндегі кадрларының қолданылуы өткен шақ пен осы шақты байланыстырған ұтымды тәсіл екенін айтуымыз керек. Фильмдегі операторлық және музыкалық жұмысқа көңілім ерекше толды. Фильм әр қазақтың жүрегінен керемет орын алады деген үміт бар, себебі көшпенділер ұрпағы сәйгүлігін жанындай көріп, жеті қазынасынын бірі санаған.
«Over the barriers», деректі фильм
Хронометраж: 60 мин
Сценарий авторлары: Бану Рамазанова, Диас Құлмақов
Қоюшы-режиссер: Бану Рамазанова
Қоюшы-оператор: Қуаныш Құрманбаев
Композитор: Әлім Заиров
Редактор: Әсия Байғожина
Картина директоры: Айнұр Ахметжанова
Көркемдік жетекші: Әсет Ерназаров