Мақала / #студентСөзі
«Көше ақыны» фильміне пікірнама
Бөлім: Кино
Датасы: 03.09.2022
Авторы: Ақерке Қамашбек
Мақала
«Көше ақыны» фильміне пікірнама
Бөлім: Кино
Датасы: 03.09.2022
Авторы: Ақерке Қамашбек
«Көше ақыны» фильміне пікірнама

Жаңа қазақ пен көне қазақ арасындағы рухани соғыс шеңберінде қоғам тынысын аңғарып, тамырын дөп басқан Самғар Рақымның «Көше ақыны» фильмі бүгінгінің өзекті тақырыбын толғайды. Соңғы уақытта, «жастардың үні» деп білетін қысқаметражды фильм өндірісінде, әке мен баланың өзара қарым-қатынасын өзек ету үрдісі байқалады. «Көше ақынында» бұл қарым-қатынастың дәстүрлі форматын көрсете отырып, әке мен баланың келбетінде замандар қақтығысын береді режиссер. Оқиға “артымнан ерер ер болар” деп ұлына домбыра ұстатқалы бел буған айтыскер ақын мен оның рэпер баласының төңірегінде өрбиді. Билік пен бизнестің «қамқорлығындағы» ақындар айтысы жабылып, ұлттық құндылыққа айналып үлгерген өнердің болашағы бұлыңғыр күйде.

Түйткілдің түйінін тарқатып, айтыстың мәселесі шешіліп, рэптің де заманының өтуі әбден мүмкін. Бірақ фильмнің ұтымды тұсы, конфликтті әке мен бала тұрғысынан қарастыру. Өйткені әкелі-бала қарым-қатынасы “өлмейтін”, адамзаттық тақырып. Фильмде әкелі-бала ақындыққа баулу үдерісінде ғана алғаш сырласады. Баласының ұйқастыратынынан, бала махаббатынан, шылым шегетінінен бейхабар ол. Бұл біздің дәстүрлі қоғам көрінісі, көбіне әкенің бала өміріне етене араласа бермейтінін екпіндейді автор. Біздің менталитет көрініс табатын тұс, Тұран айтыскер болуға емінте қоймаса да, әкесінің бір ауыз сөзіне қарсы шықпайды. Фильм ұлттық колоритке қаныққан, дөңгелек жер үстел басында жиналған ақын шаңырағында қазақи нақыш бар.

Сырттан келіп жатқан батыстың екпінін сүзгіден өткізіп, солшыл бағытты шетелдік ағынға тұсау салмақ аға буын, Тұранның және оның үзеңгілес жолдастарының қызығушылығына консервативті көзқараста. Жат құндылық жайлаған жаһандану белең алған тұста, ұлттық танымды жоғалтып алмау мәселесі шығады. Заманның жаңа ағымдарына бейім, жаңашылдыққа жақ бола отырып, оны өз менталитетіңнің призмасынан өткізе білу идеясын ұстанады автор.

Эпизодтық режиссерлік камео кейіпкері жарқын шыққан. Екі ұрпақ өкілдерін сомдаған актерлер сай іріктелген. «Жаңа қазақ» рөлінде Азат Жұмәділ, аудиториясының басым бөлігі жастардан тұратын «Sheker» веб-сериалымен аса танымал. «Көне қазақ» – «Тамаша» театрының актері Бауыржан Орда, кескін-келбеті әке бейнесімен ұтымды ұштасты. Дейтұрғанмен, басты рөлдегі актерлердің диалогтарында, орындаушылық тұрғыдан, фальш сезіледі. Кейіпкерлердің туыстығы байқалмайды, берілген текстті айтып шықса болғандай. Бұл режиссердің актермен жұмыс барысында дұрыс міндеттеме қойып бере алмауынан туындайтын түсініспеушілік, өйткені қос актерді тәжірибесіз деуге де келмейді. Монтаждық жұмыс болса, атап өтуге тұрарлық. Алғашқы сценадағы флешфорвард, флешбэктер, ақырғы сценадағы «жаңа қазақ» пен «көне қазақ» арасындағы жымдасу.

Бертін келе кино қауымдастық жанрлық кино мен авторлық киноны бір-біріне кереғар ұғым ретінде қарастыра бастады. Самғар Рақымның белгілі бір фестивальдік үлгідегі, клишеленген фильм жасауға тырбанбайтыны қуантады. Өз фильмдерінде авторлық позициясын ұстана отырып, бұқараға өтімді туындылар ұсынып келеді. Айтыс пен рэпті, арт-хаус пен жанрлық киноларды ұштастыра білген дәнекер-режиссердің аяқ алысы жаман емес.