Қалықбек Салықовтың «Балкон» фильмі 1988 жылы жарыққа шықты. Сонымен бірге, параллель 1988 жылы Рашид Нұғмановтың «Ине» атты фильмі жарық көреді. Р.Нұғмановтың «Ине» фильмін қазақ жаңа толқынының манифесті ретінде қабылданды. Алайда, «Балкон» - қазақ киноөнерінде жаңашылдық пайда болғанының дәлелі еді.
Кинотанушы Баубек Нөгербек:
Расымен, «Балкон» фильмі «жаңа толқынның» алғышарты десек болады. Неге десеңіз, осыған дейін цензураның кесірінен айтылмай келген тақырып қозғалады: репрессия құрбандары, сол кездегі Сталин жүйесін сынға алып, нашақорлықты көрсетеді. Негізі «қазақ жаңа толқынын» «Ине» фильмімен байланыстырады. Расында, ол толығымен жаңа фильм болды. Ең қызығы, екеуі де бір жылда, яғни 1988 жылы шыққан фильм. Рашид Нұғманов «Инені» түсіре бастаған кезде, параллель «Балкон» фильмінің түсірілімі жүріп жатты, тиісінше, «Балкон» ертерек шықты. Алғашында «Ине» Бродвей деп аталатын (қазіргі Абай атындағы Опера және балет театрының маңы) аудан туралы түсірмек болады. «Балкон» фильмі түсіріліп жатқанын естіп, режиссер тақырыпты өзгертеді. Ал «Балкон» фильмі 1952-1953 жылдардағы «жылымық» кезеңінің алдындағы Алматыны сипаттайды. Байқасаңыз, фильмде Сталиндік культ бәсеңдеп жатыр және 1930-жылдардағы қызыл қуғын-сүргінді қатты сынға алады. Фильм 1980 жылдардың аяғында түсірілген. Ал, ол кезеңде қайта құру басталды. Қайта құру Хрущевтің «жылымығынан» да әлдеқайда көп мүмкіндіктер ашты. Сондықтан да, «жаңа толқын» пайда болды. Жалпы, әлемдегі «жаңа толқындарды» бақыласақ, олар әлеуметтік-саяси дағдарыстан кейін пайда болды. Бұл «жаңа толқын» бастауы 1984 жылдан бастап келген демократиялық жарияландырудан басталды.
Шалқар Нұрсейіт: «Киноның түсірілген уақыты және кинодағы уақыт өте маңызды кезеңдер. Егер бұл фильм 1988 жылы емес, 10 жыл ерте түсірілсе, оның контенті мүлде басқаша болар ма еді. Қайта құру жүріп жатқан кезде, Горбачевтің саяси реформалар лозунгы кең тараған уақытта түсірілген. Яғни, Мәскеу өз алдына, Одаққа мүше мемлекеттер өз алдына өзін қайта тану, демократияға ұмтылыс, национализмнің күшеюі, тәуелсіздік туралы әңгімелер айтыла бастаған кезең. Сондықтан, біз қазір Советтік идеологияға уланбаған барынша авторлық фильмнің көрермені боп отырмыз. Фильмдегі кезеңге, 1953 жылға ауыссақ, әлі күнге дейін Сталин культі бар кезең. Фильмнен Сталиннің бейнесінен-ақ әлеуметтік-саяси догмалар әлі де күшінде екенін білеміз. Өкінішке қарай, менің қатарластарымның арасында да, Сталиндік кезеңді романтизациялау бар: сталиндік дәуірде тәртіп болды, қазіргідей коррупция болған жоқ және бастысы мемлекеттік идеология болды деген жаңылыс түсініктер бар. Советтік Одақта ең маңызды адам және оның өмірі, құндылық деген болған жоқ. Адам саяси идеологияның материалы болды. Соғыстан кейінгі Кеңес Одағы еуропалық мемлекеттермен салыстырғанда идеология өзгермеген, мемлекеттік билік ауыспаған мемлекет болды. Бұл дегеніміз ІІ Дүниежүзілік Соғыстан кейін Италия, Германия демократияға көшті. Еуропадағы демократия әлсіреген мемлекеттерде демократия күшейді. Шығыс Еуропа демократиялық коммунизмге көшті. Ал Кеңес Одағы сол қалпында коммунистік режимді сақтап қалды. Репрессия тиімді тәсілдермен жүрді. 1937 жылы Ұлы террордың кезеңінде жаппай, массалық сипаттағы қуғындау, репрессия болса, соғыстан кейін Сталиннің режимі қулыққа, дәлдікке негізделген, селективті тәсіл арқылы қудалауға көшті. Бұл туралы көптеген зерттеу бар. Әрине, Кеңес Одағы басқа Еуропа мемлекеттері секілді экономиканы қалпына келтіруді қайта бастады. Кейбір саяси-экономисттердің зерттеуі бойынша 1948 жылы Кеңес Одағы соғысқа дейінгі экономикалық өсімге қол жеткізе алды. Бірақ, ол үлкен құнмен келді. Саяси репрессияның құралдарын баса айтқым келеді. Яғни, коммунистік партияның бақылау комиссиясы 1937 жылы Ұлы террор кезінде қалай жұмыс істесе, дәл солай жалғастыра берді, жұмысы әлсіреген жоқ. Керісінше, тиімді жұмыс істей бастады. Экономиканы қалпына келтіру үшін Сталинге экономистер, инженерлер, агрономдар т.б. мамандық иелері керек болды. Ал егер массалық сипаттағы репрессиямен айналысатын болса, керек кадрларды түрмеге тоғытатын еді, өлтіретін еді. Сондықтан, билік барынша тиімді тәсілдерді іздей бастады. Адамдарды саяси режимнің мүддесі құрбандыққа шалды.
Фильмде басты кейіпкер Айдардың әкесінің образы бар. Фильмде анасының ғана суреті бар, әкесінің суретін қиып алып тастаған. Яғни, «Халық жауы» деп қудаланып кеткен отбасының мүшелері. Олар әкеден ғана айырылған жоқ, оларда өшпейтін күйе тұр. Фильм 1988 жылы түсірілмесе бұл кадрды көрмес пе едік, цензурадан өтпей қалар ма еді. Осындай азаматтардың өмірі арқылы 1950-жылдардағы саяси-әлеуметтік, экономикалық контекстті өте жақсы берген. Мұндай материалды тарихшылар, зерттеушілер талай рет көрген шығар. Бірақ, 1988 жылы осындай фильм түсіру арқылы тарихты қайта қарауға бетбұрыс жасады.
Қарап отырсаңыз, жас балалардың өзінде шарасыздық, үмітсіздік байқалады. Мектепке барады, оқуға деген ұмтылысты көре алмаймыз. Аулада ойнайды, бірақ балалардың армандауын көрмейсіз. Күнделікті күйбің тірішілік, төбелес, кафені жағалап жүреді. ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропа елдері Маршалла жоспарын өте тиімді пайдаланды, экономиканы қайта қалпына келтірді. Ең басты адам капиталын білімге, денсаулыққа көптеп инвестиция салды. Ал бізде нашақорлық, кедейлік, шарасыздық, үмітсіздік биледі.
ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропа экономикасын қалпына келтіруді бастаса, АҚШ биполярлы әлем қалыптастырып, АҚШ пен КСРО-ның арасында әлемде бәсекелестік пайда болады. Фильмде геосаясаттың, коммунистік және капиталистік режим арасындағы талас-тартыстың ата-әжелеріміздің өміріне қалай әсер еткенін көреміз. Өкінішке қарай, біздеге тарихты жеткізу (historytelling) үрдісі үзіліп қалған. Ол кезеңде Айдар мен Жанна айтуға болмайды деген табумен өмір сүрді. Сол заманда өмір сүрген адамдардың ұрпағы ретінде бізге рефлексия жасау тұрғысынан бұл фильм өте маңызды деп есептеймін».
Әннәс Бағдат: Балалар тапанша тауып алғанда, Месқарын тапаншаны атып жіберетін эпизод бар. Келесі кадрде тапаншадан атылған оқ ғимарат қабырғасындағы Сталин портретінің көзін тесіп өткенін байқаймыз. Ал портрет тұрған алаңда, яғни қала ортасында бір қора қой жүр. Мұны монтаж арқылы кадрлар арасындағы қақтығыстан мағына тудырды десе, қандай ой айтқысы келді?
Баубек Нөгербек: Бірнеше мағынасы бар. Көзіне тиюі мемлекеттің көзі сенде деген метафора сияқты. Қайда барсаң да, Сталин артыңнан қалмайды. Қазақтың қой айдап жүргені шын болуы да мүмкін, себебі, әлі индустриализацияға түспеген кезең. Бәлкім, екі ауыл арасына айдап, қала арқылы өтіп жатқаны болуы мүмкін. Маңыздысы ол емес, маңыздысы режиссерлік шешім. Қойлардың маңырағанынан ешкім атысты да, Сталиннің көзіне оқ «тигенін» де түсінбей қалады. Екінші жағынан метафора. Сталиннің бейнесі бас шопан негізінде берген секілді. Халықты қайда айдаса да өз қалауы.
Шалқар Нұрсейіт: Қойларды қаланың дәл орталығына алып келуінің Сталинмен символикалық байланысы бар секілді. Режиссер әдейі қоймен байланыстырып отырған себебі - бәріміз білетіндей қазақтың тарихында отырықшылыққа көшу Сталиннің ұжымдастыру кезеңінде болды. Мәскеудің сауатсыз экономикалық саясатының нәтижесінен шыққан ашаршылық та дәл сол кезеңде болды. Сондай-ақ, қазақтың отырықшылыққа көшу кезеңі өте ауыр болды. Қой арқылы тарихымыздағы ең ауыр парақтар Сталинмен және ұжымдастырумен байланысты екенін режиссер осылай бергісі келген шығар.
Бұл фильм Кеңес кезінде түсірілген фильмдерден несімен ерекшеленеді?
Баубек Нөгербек: «Жаңа толқындық» «Ине», «Қиян», «Қайрат» фильмдерін алып қарастырсақ, бұл фильмдердің барлығы толығымен Кеңес киносындағы киноэстетикаға мүлде қарама-қайшы келеді. Барлық компонентті: актерлік ойын, фильмнің жалпы темпоритмі, сюжет баяндау барлығы басқаша. Ал «Балкон» фильмін неліктен алғышарты дейміз. Аталмыш фильм «жаңа толқын» деп айта алмаймыз, себебі, фильм үштен бір болсын Кеңес фильмдерінің дәстүрін жалғастырады. Оны кей жерлерде асыра сілтеп, таптаурын ойнайтын актерлік ойыннан байқауға болады. Тақырыптан бөлек жаңалығы кейіпкердің бейнесінде. Кеңестік кино заңдылықтары бойынша кез келген кейіпкер үлгі болу керек. Идеологиялық тұрғыдан алып қарасақ, оны байқай алмаймыз. «Алты жасар Алпамыстың» идеологиясы Ленинді жақтайтын болса, мәтіннің өзінде Ленинді пір тұтып, соны диалог ретінде айтады. Одан бөлек фильмде оның қаншама суреттері бар. Мында Сталиннің бейнесін контексте ғана көре аламыз. Оқ атылғанда және тунельге қарай жүгіріп бара жатқан финалда көреміз. Оны да үлкен символикалық мағына деп ойлаймын. Себебі, тунель – түнек. Ал әр түнектің артында жарық болады. Қаншалықты ұзын болса да ол бітеді және жарыққа шығады. Айдар бастаған топ өздері білмейтін, бірақ іштей сезетін жарқын болашаққа, бостандыққа ұмтылады.
Айдарды немесе басқа балаларды бүлкіші деп айта аламыз ба?
Баубек Нөгербек: Иә. Кейіпкерлер қоғамға, қоғамдағы ережелерге өзінің наразылығын тудырады. Сол кезде аудандарға бөліну Сталиндік кезеңмен тығыз байланысты. Себебі, 1930-жылдары қылмыскерлердің арасында жүйе болған: топтың көшбасшысы, топтағы әр адамның өз рөлі болады және ол қатты иерархияланған. Оны Сталиннің өзі енгізген, себебі биографиясында оның түрмеде біраз уақыт мерзімін өтеген, бірнеше рет Сібірден қашқан.
Кейіпкер тұрғысынан бір жағынан наразылық, екінші жағынан поэзия бар. Ал фильмдегі ақын – Олжас Сүлейменов. Өйткені, сценарий Сүлейменовтың «Қыш кітап» кітабының «Балкон» поэмасының негізінде жазылған болатын. Ол жартылай проза, жартылай поэма болып жазылған еді. Біраз нәрсе шығармадан фильмге ауысқан. Әсіресе, балконның өзі архитектуралық кейіпкер десек болады. Өйткені, оны көп көрсетеді және балкон кейіпкерлер үшін бостандыққа шығатын есік секілді: шу шыққанда, үйден кеткісі келгенде балкон арқылы қашады. Ал үй, отбасы фильмде жүйе ретінде берілген. Осындай үлкен символикалық мағына бар бұл фильмде. Айдар неге бүлікшіл? Өйткені оның әкесі репрессияланған. Бейсаналы тұрғыда болса да оның жүйеден өш алу қарсылығы бар.
Шалқар Нұрсейіт: Фильмде ең батыл адамдар – жастар. Боря ағайдың отбасынан басқалары қорқақ, жүйені қабылдаған, компромистік өмір сүру салтын қабылдаған адамдар. Айдар және оның досы Женя үшін балкон өзімен өзі болатын, өзін еркін сезінетін, күйбең тіршіліктен азат, оған биіктен қарайтын платформа десек болады. Осы жастар арқылы адамдардың жақсылыққа, өзгеріске деген ұмтылысын көрсеткісі келген секілді. Бұл фильмдегі жас кейіпкерлердің қалыптасқан ережелерді бұзуға тырысуы, мұғаліммен сабақ барысындағы қақтығысы, тәртіпке бағынбауға деген құлшынысы, балконға қашу, барлығы дерлік қатып қалған шаблондарды бұзуға деген ұмтылыс.
Фильмде ерекше назар аудартатын суретші бар. Ол тарихи кейіпкер, балалардың рухани ұстазы десек де болады.
Баубек Нөгербек: Сергей Калмыков бейнелеу өнерінде танымал Совет Авангарды деген ағымның өкілі. Сталиндік репрессия қуғын-сүргіннің құрбаны ретінде айдалып келген болатын және өмірінің соңына дейін Алматыда болды. Ол Абай атындағы Опера және балет театрында суретші қызметін атқарды. Байқасаңыздар, фильмде оның аты аталмайды. Күнұстар (Солнцелов) деп атап, мифологиялық кейіпкер ретінде берген сыңғайлы. Диалогта да «Күнді ұстаймын деп күйіп кетті» деген сөз айтылады. Ол қайтыс болған кезде оның үйінен басына шляпа, үстіне былғары жамылғы киген, түсі суық НКВД адамдары жүреді. Қайда жүрсең де, тіпті, өліп кетсең сені аңдиды деген мағынаға саяды. Өздерімен бірге картиналарын алып кетеді. Оның сурет салғанын бақыласақ авангардтық, абстракциялық, кейде примитивті десек де болады. Кейіпкер фильмде бірнеше рет қана пайда болады, бірақ әрдайым мағынаға ие: Айдарды тепкіден құтқарып қалады. Кейін қайтыс болғанда Айдардың өмірге деген көзқарасы өзгергенін байқаймыз. Осыған дейін ол мәселені күшпен шешуге тырысатын атаман болатын. Күнұстардың қайтыс болуы оған қатты әсер етеді де, өмірдің құндылығын, бағасын сезе бастайды. Сол себептен, нақты нені екенін білмесе де, бір дүниені өзгерту керек екендігін түсінеді. Досы Женя біледі, ол джазға кетіп, өмірін сонымен байланыстырады. Айдар білмейді, бірақ іштей сезім бар және жүгіру, ұмтылыс арқылы символикалық түрде фильмді аяқтайды.
Сценарий авторы Шахимарден Құсайыновпен сөйлескенде сценарий бойынша фильмнің финалында балалар тунельге кіріп, ар жағынан ересек адам болып шығу керек болатын дейді, режиссер соңын өзгертіп, ашық финал қалдырғысы келген екен.
1950-жылдарда джазға рұқсат етілген бе деген сұраққа Баубек Нөгербек:
«Джаз туралы «Бүгін сен джаз тыңдайсың, ертең отаныңды сатасың» дейтін сөз бар. Өйткені джаз Батыстан, Америкадан келгендіктен азғындайтын музыка болып саналатын. Афроамерикандықтардың Отанын аңсап, наразылықтан туған музыка еді. Классикалық музыкаға қарама-қайшы келеді. Көп жылдар бойы джазды әлемдік қауымдастық қабылдамаған болатын.
Фильмдегі кадр сыртындағы музыка туралы айтқым келіп тұр. Оны жазған София Губайдуллина және Альфред Шнитке деген атақты композиторлар. Олардың да музыкасы Советтік Авангард және наразылық музыкасы болып саналды. С.Губайдуллина, А. Шнитке және т.б. бейресми қара тізімге іліккен болатын. Жариялылық кезеңінде олардың музыкасын қолдануға мүмкіндік туады. Фильмнің соңында Губайдуллинаның «Джаз және оркестрге арналған» шығармасы ойналса, Күнұстардың қайтыс болар сахнасында «Pianissimo» шығармасы ойналады және екі жерде де музыка фильмді толықтырады. Осы ақпараттар үшін музыкатанушы, кинотанушы Мерей Сембаеваға алғыс айтқым келеді, себебі, іздесеңіз ақпарат көп емес. Титрде де жай ғана музыкалары қолданылған деп шығады, ал нақты қандай шығарма екенін табу қиын».
Шалқар Нұрсейіт: «1950-жылдары ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін Сталин көптеген диктаторлар секілді диктатор диллемасына тап болған. Диктатор диллемасы – диктатор неғұрлым күшті болған сайын, оның өз азаматтарына деген сенімі соғұрлым аз болады (R. Wintrobe). Сондықтан, Сталин репрессияны азайтудың орнына көбейтеді. Яғни, елді толықтай бақылауда ұстағанымен, онда үнемі үрей тұрады. Өз азаматтарының ішінде жау болады деп сенген. Террорды осы оймен жүргізген және соғыстан кейін дәл осы ойды ұстанған. Фильмнен НКВД-ның кейіпкерлерін көреміз, әсіресе, Жаннаның хатына қатысты оқиғада. Монтгомериге хат жазған кезде, хат НКВД адамының қолына түсіп, хатты оқиды. Совет Одағында Батыс әлемінен келген дүниенің барлығы коммуистік режимнің билігіне қауіп төндіретін сыртқы фактор ретінде қабылданған. Музыка болсын, әдебиет болсын, шетелдік дүниенің барлығы Совет Өкіметіне қарсы дүниелер боп есептелді. Ал бұл режимнің өзіне қауіп деп қарауы. Совет Одағын құлатқан рок, әсіресе хард-рок деген пікір бар. Квартирник болған, жастар жиналып еркіндікке ұмтылған деген секілді. Сол сияқты 1960-жылдардағы джаз қауіп ретінде қабылданған болуы мүмкін.
Біздің ойымызша ІІ Дүниежүзілік соғыс бітті, коммунистік режим әлсіреген сияқты әсер қалдыруы мүмкін. Шын мәнінде, Шығыс Еуропа 1989 жылы Берлин қабырғасы құлағанға дейін ГДР коммунистік режимнің қадағалауында болды. Шығыс Еуропаның қанша мемлекеттері коммунистік режимнің аясында өмір сүрді. Осындай факторларды біз кейіпкерлердің ойлау жүйесінен, олардың құндылықтарынан және азаматтардың теріс қылықтарынан көреміз. Жаннаның сөзінен ол кезеңдегі барлық адамдар сондай болды, уақыт әлі келмеді, өмір сондай деген секілді желеумен ақтауға тырысады. Бірақ Айдардың және оның кейбір достарынан көретініміз дұрыс құндылықтар барлық кезеңде де бірдей. Адамның тікелей іс-қимылына байланысты дүниелер. Яғни, белгілі бір кезеңге, контексе байланысты шешім қабылдауы мүмкін. Бірақ құндылықтар дегеніміз ол константа, тұрақты болып қалады. Біз құндылықтарды уақытпен, кезеңмен ақтауымыз керісінше адамдардың шарасыздығын, қорқақтығын ақтаумен тең. 1950-1960 жылдары Балтық елдерінде және Украинада қарқын алған национализмді жау ретінде көрген. Сондықтан, көздеп тұрып ұлтшылдық идеясын қолдайтындарды репрессиялаған».
Көрермен пікірі.
Арман Әділ: 1987 жылы Анна Ахматованың «Реквием» деген өлеңі шығады. Анна Ахматованың күйеуі де, баласы да репрессияланған. 1938-1940 жылдары жазылған шығарма 1960-жылдары демократияландыру кезеңінде жарыққа шығады. 1988 жылы шыққан бұл фильмді де мен Реквием деп ойладым. Басты көтеретін тақырыбы – репрессия. Және репрессияға кінәлі Сталиннен бұрын тобыр екендігін көрсетеді. Довлатовтың «Иә, Сталин жаман, бірақ 4 млн арызды кім жазды» деген сөзі бар ғой. Режиссердің айтпағы, менің ойымша, қоғам, тобырдың кінәлі болуы. Тобыр сөзі көпшіліктің негізгі линиясы боп өтуі осының көрсеткіші. Әсіресе, жатақхана коммуналкадағы көршісін барлығы Месқарын деп атайды, тек НКВД ғана оны тегімен атайды. Осылардың арызы негізінде қаншама миллион адам қудаланды. Тауықтар қырылып қалатын көріністе «Сенімен органдағылар айналысады» деп, артынан тауықтарды жоқтауы абсурд емес пе. Адамның өмірі ешқандай құнды болмауы деп түсіндім. Және біз бұдан арылуға мүмкіндігіміз бар екенін де көрсетті, өйткені Женяның әкесі ала киіммен отырады – ол да бір ішкі түрме секілді. Бірақ, Жаннаға көмек қолын созған кезде, НКВД-да дәл осылай жарықтың түсіп тұруы әппақ бейнеде болды. Артынан өз үйінде ақ костюммен жүрді. Кезінде көмек қолын созбаса да, балаларға көмектесу арқылы одан арылып жатыр. Тағы бір қызық жайт, Айдардың әкесінің есімі Әлихан болуы. «2+2=4» болуы математик болғанын емес, ақиқатты, шындықты үйреткенін көрсеткен болуы мүмкін. Сұрағым: Фильмнің соңында Женя мен Айдар айырылысады. Женя, Жын джаз ойнайды, ал джаз Совет Одағы кезіндегі бостандықтың, протесттің көрінісі. Неге Айдар протеске бармады? Ол жүгіргенде адам жүрмейтін жолмен емес, салып берген жолмен, рельспен жүгіреді және Сталиннің портреті тұрған тунельге, қараңғылыққа кіреді. Осы арқылы бүкіл мемлекетті, билікті тобырға айналдырып жіберді ме? Осы соңғы эпизодты айтып кетсеңіз.
Шалқар Нұрсейіт: Тобырға өте үлкен мән беруге болады. Күнұстардың «Тәнді де, рухты да жаралайтын тобыр» деген сөзі бар. Тобыр деген сөзді азаматтарды жамандау үшін емес, сол кезеңдегі азаматтардың конъектурамен дәл қазіргі осы кезеңмен өмір сүруі, флюгер болуы. Яғни, жел қай бағытқа соғады, соған қарай икемделуі. Оны өмірін сақтап қалу немесе т.б. деп ақтауға болады. Бірақ, екінші жағынан бұл фильмнен біздің қазіргі өмірімізбен де параллель жүргізуге болады. Билік ауысқан кезде бірінші президенттің кетуін күтіп, ішінде болып жатқан олқылықтарды айтуға қазір батылы жетіп отыр. Реваншист, «Ескі Қазақстан» деген шаблондарды тағу бар. Қарап тұрсақ, әр кезеңде де саяси конъектюра адамдардың іс-қимылына әсер ететін өте ықпалды күш. Сондықтан да, режиссер Суретші, Жаннаның сөзі және Айдардың іс-қимылы арқылы азаматтық қоғам репрессияның қарқынды жүруіне өзінің үнсіздігі арқылы, өзінің шарасыздығы арқылы үлес қосқанын жеткізгісі келген секілді.
Фильмде Алматының 1950 жылғы көп ұлтты тыныс-тіршілігін, жастардың рухани ізденісін ерекше ностальгиямен суреттеп шығады. Алматыға деген шынайы сүйіспеншілікті фильмнен көре аламыз. Көшедегі бұзақылар, жасөспірімдердің өзара қақтығыстары алыс Батыстан келген жаздың ғажайып әуендерін ести аламыз. Осының барлығы соғыстан кейінгі 1950 жылдардағы Алматының қайталанбас келбеті.
Эксперттер пікірі.
Кинотанушы Бауыржан Нөгербек: Бұл фильмнен есетін жаңа леп таңқаларлық. Қазақ киносының шебері Шәкен Айманов «Біздің сүйікті дәрігер» музыкалық кинокомедиясында республиканың шығармашылық зиялыларын фильмнің кейіпкерлері етіп, мәңгілікке есімізде қалдырса, Қалықбек Салықов «Балкон» рэтро-фильмінде соғыстан кейінгі Алматының поэтикалық бейнесін қайта жасап, оны фильмнің кейіпкерлерінің біріне айналдырды.
Фильм туралы дерек
Атауы: Балкон
Шыққан жылы: 1988
Мемлекет: КСРО
Жанр: авторлық, драма
Компания: Қазақфильм
Премьера: сәуір, 1989 жыл
Ұзақтығы: 84 мин.
Режиссер: Қалықбек Салықов
Сценарий: Шахимарден Құсайынов
Оператор: Әубәкір Сүлеев
Композитор: София Губайдуллина, Альфред Шнитке
Суретші: Борис Якуб
Монтаж: Р.Белякова
Фильм директоры: Мұрат Қайымбаев
Басты рөлдерде: Исмаил Игілманов, Юрий Горошевский, Райхан Айтқожина, Валентин Никулин, Владимир Толоконников, Қуаныш Сәрсенбеков, Ануар Шөжеғұлов, Зибагүл Карина.