Мақала
«Отырардың күйреуі» - режиссер Ардақ Әмірқұловтың тарихқа философиялық көзқарасы
«Отырардың күйреуі» фильмі 2023 жылдың 21-ақпанында "QAZAQ KINOSY: TOP 10 FILM" жобасы аясында талқыланды.
Бөлім: Кино
Датасы: 27.02.2023
Авторы: Oner Portal
Мақала
«Отырардың күйреуі» - режиссер Ардақ Әмірқұловтың тарихқа философиялық көзқарасы
«Отырардың күйреуі» фильмі 2023 жылдың 21-ақпанында "QAZAQ KINOSY: TOP 10 FILM" жобасы аясында талқыланды.
Бөлім: Кино
Датасы: 27.02.2023
Авторы: Oner Portal
«Отырардың күйреуі» - режиссер Ардақ Әмірқұловтың тарихқа философиялық көзқарасы

Тарихи фильмдерді талқыламас бұрын жалпы тарих ұғымына көз салған жөн болар. Тарих (ежелгі грек тілінен ἱστορία) - өткенді, шынайы фактілерді және тарихи оқиғалардың алмасу заңдылығын, қоғам дамуының эвалюциясын және бірнеше буынның адами қызметтеріне байланысты қоғамның ішкі қарым-қатынастарын зерттейтін ғылым.

Қазақстан тарихын алатын болсақ, біз осыған дейін өз тарихымызды өзіміз жазбадық, өз тарихымызға өзіміз объективті түрде баға бермей келеміз. Әсіресе, совет режимінде тарихымыз советтік идеологияға сай бұрамаланды. Соңғы 30 жылдағы осы әлеуметтік-гуманитарлық ғылым алаңындағы тартыстарымыздың көбісі біздің елімізде болған оқиғаларды қалай танимыз, оған қалай баға береміз, қалай түсіндіреміз дегенге тіреледі.

Саясаттанушы Арман Әмір тарихты зерделегенде саяси факторлар әсер ететінін айтады. Мысалы осыдан отыз жыл бұрынырақ Алаш зиялыларына, соның ішінде Мұстафа Шоқайға қандай көзқарас болды? Дәл бүгінгідей дәріптелмеді. Тәуелсіздік алған соң саяси, экономикалық дағдарыстар болып жатты, тарихтың өзі екінші планда қалды. Әсресе кеңес одағы құлағаннан кейін « идеология» деген сөздің өзі бір қорқынышты нәрсе болды. Сондықтын, біз өз тарихымызға соңғы жылдары жағдай орныққаннан кейін қарай бастадық деп ойлаймын. Алайда саяси процестер, соның ішінде қоғамдағы әлеуметтік-мәдени факторлар да әсер етті. 1991 жылдан бастап елді отыз жылға жуық бастарған Назарбаев культы жасалды. Мемлекеттік қызметкерлер, интеллигенция өкілдері асыра мақтап, Қазақ елі тек тоқсаныншы жылдары ғана тәуелсіз болғандай әсер қалыптастырды. Нәтижесінде 2014 жылы Валдайда өтукен форумда РФ президенті В. Путин қазақтарда 90 жылдарға дейін мемлекет ұғымы болмаған дегенді айтты. Оған жауап ретінде біз Қазақ хандығының 550 жылдығын еске алып, тойлауды жоспарладық. Біз енді ғана тарихқа өзіміздің Қазақ мемлекеті тұрғысынан қарап, қайта қарастыра бастаған сияқтымыз.

Жалпы біздің тарихшылар, ғалымдар көптеген шешілмей жатқан мәселелерді ашық талқылап, жауабын табуы керек. «Отырардың күйреуі» фильміндегі тезистердің шынайылығы қаншалықты? Фильмде бейнеленген Отырардың образы бізге керек пе? Қайырханның осы образы керек па? Шыңғыс хан қандай еді? Қазақ тарихындағы Алтын Орда мұрагерлерінің алатын орны қандай? Әрине, біз тарихымызды мифологиялық тұрғыда жазбауымыз керек. Болашаққа бағдар жасау үшін өткеннен сабақ алуымыз керек, ал Шыңғыс хан кезеңінен қандай сабақ аламыз?

«Отырардың күйреуі» фильміндегі тарихқа қатысты бір деректі кинодраматург Зәуреш Ерғалиева айтады:

- Шамамен 6 сынып оқып жүрген кезім. Қолыма «Қазақ ССР тарихы» деген жұқа ғана кітапша түсті. Авторы репрессияланған тарихшы Ермұхан Бекмаханов екен. Мені Отырар қорғанысы сипатталған бөлімі қатты толқытты. Қаланың бүкіл тұрғындары қырылды, қираған қамал төбесінде қала әмірі Қайыр хан моңғол әскеріне тас атып тұр. Санаулы сәттерден соң жау қолына түсетінін біліп тұрса да берілмеген әмірші образы есімнен кетпеді. Көп жылдан соң редактор жоспарына «Отырардың күйреуін» енгіздім. Сол кездегі «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы Мұрат Әуезов осы эпизодты естіп, маған қолдау білдірді. Дәл сол кезде мықты кинематографистер Алексей Герман мен Светлана Кармалита қуынға ұшырап жүрген кезі, «Қазақфильмнен» жұмыс сұраған екен. Ал Мұрат Әуезов батыл тақырыпты көтеруден қашқан, қорқақтаған емес. Сөйтіп, «Отырардың күйреуі» өз сценаристін тапты.

Режиссер Ардақ Әмірқұловтың бір әңгімесінде осы фильмнің сценарийін жазған Алексей Герман мен Светлана Кармалита 1987 жылы Алматыға фестивальге келгенде айтады. Алексей Герман кеңес үкіметі кезінде цензураға көп түскен, қуғын көрген, орыс кинематографиясына сыймаған мықты кинематографист болған. Герман мен Кармалитаға да идея өте қызық болған. Сценарий үш жыл жазылыпты. Бұл бір мемлекеттік тарихқа қатысты тапсырыс емес, мұнда керемет кино эстетикасы, философиялық иірімдер, мәдениеттер қақтығысына деген көзқарас кино тілімен берілген.

Мұндағы тарих ХІІІ ғасырдағы кезең, қазақ даласын мекендеген халық тарихы деуге болады. Аумалы-төкпелі кезең, мәдениеттер, көзқарастар алмасып жатқан кез. Осы Отырардың күйреуінің өзі қазақ ақын жазушылар шығармасына арқау болған. Тіпті, тақырыптың өзі зиялы қауымды екіге бөлді. Екі Мұхтар арасындағы дау мерзімді басылымдарда жарияланып, көп дискуссия туғызды.

- Мен фильмнен екі ойшылды көрдім, тіпті үшеу деуге болар. Шыңғысханның бейнесін қанша жерден зұлым етіп көрсеткісі келгенімен меніңше ол нағыз ойшыл, ал екінші ойшыл тұлға Қайыр хан, үшінші Қыпшақ. Осы кейіпкерлер аузымен айтылатын идеомалар өте көп. Мәселен «дауыл тек қоқысты ғана көтереді», «торға түскен жолбарыс», «сасық күзеннің басын үйіттік, енді түтін құйрығынан шыққанын көрейік» дейді. Егер сөздерге мән берсек, қазірдің өзінде ой салар дүниелерді табуға болады. Фильмнің философиялық астары терең. Мысалы «күздің күні сарғайып жерге түскен жапырақтарды жек көруші едім, бірақ сол өзімнің басыма келді» дейді. Дүниенің жалғандығы, мәні осы бір фразада қалып қойған. Сонымен қоса, өркениеттер арасындағы, дән арасындағы тартыс та бар. Бір қызығы осы фильм авторларының көтерген тақырыбы біздің қазіргі қоғам мен әлеуметтік өмір үшін тіпті өзекті болғанын көреміз. Сондықтан фильм тек тарих туралы емес, оның арнасынан шығып, мәңгілік бір адамзаттық мәселелерді қаузағанын айтуға болады, дейді философ Әсет Құранбек.

Фильмдегі идемоаларға назар аударған филолог Назгүл Қожабек мынадай пікір айтты: «Фильмдегі идеомалар өте салмақты, терең. Соның ішінде «Сенің жотаңнан қамшының ізін көрген жоқпын, демек сен қожайыныңа бас көтермегенсің» дейді. Яғни құлдың да құлы бар, тұтқынның да тұтқыны бар. Я сен тағдырыңа көніп құлақкесті құл болып, еңкейіп жүре бересің, не сен басыңды көтеріп қарсы шығасың, бірақ таяқ жейсің. Азаттықққа, еркіндікке ұмтылудың белгісі сол қамшының ізі шығар. Осы құл болмау үшін не істеу керек сонда? Қазіргі болып жатқан геосаяси жағдайларға қарай отырып, бүкіл адамзат тарихы осы ойдың төңірегінде келе жатыр ма екен деймін».

Режиссер Ардақ Әмірқұловтың терең интеллектуал дүниені көрсете алу қабілетін кинотанушы Әсия Бағдәулетқызы оның ұстаздарымен байланыстырады:

Ардақ Әмірқұлов өте терең интеллектуал режиссерлердің бірі. Өзі сұхбатттасқанда Андрей Тарковскийден көп үйрендім деп айтатын, сонымен бірге Алексей Германмен де көп жұмыс істеп, оған көмекші болған. Жалпы А. Тарковский мен А.Герман орыс киносының өшпес данышпандары. Сонымен бірге осы фильмде Акира Куросаваның ықпалы өте көп деп санаймын. Бұл үш режиссерден не алды деген кезде, эстетикалық тұрғыдан, үш режиссер эстетикасын бір фильмде тоғыстырған дер едім. Интеллектуал режиссер ретінде Әмірқұлов «Кино деген не?» сұрағына қалай жауап берер еді. Ол сюжет, басқаны былай қойғанда, кино бізге не көрсетуі керек, оның мақсаты не дегенде, алдымен мынадай дүниені алға шығарады - Кино бізге сезіндіру керек. Бізге өзіміздің басымыздан өткен, бірақ сөзбен айтып жеткізе алмайтын біздің психикамызда, бойымызда бар сезіністерді оятуы керек. Мысалы, жалынды, отты, суды, желді пайдалануы бір жағынан Тарковскийдің поэтикалық стиліне ұқсас болса, бір жағы Куросаваның фильмдеріндегі атмосфераны, мысалы жауындардан көріп қаламыз. Екеуінен де элементаль, яғни табиғатты күштеп адам бағындырмайды, қайта адамның табиғаттың бір бөлшегі екенін сезіндіреді. Біз оны көрген кезде Тарковскийдің «Айнасын» немесе Куросаваның «Жеті самурайын» көрген сияқты өзіміздің де жел соққан сәтте ойланып қалған сәтімізде еске аламыз. Сондай бір сенсорлық элементаль сәті бар.

Отырардың күйреуі өте көп қырлы фильм, кино тілін талдайтын болсақ, оның әр қырының өзі терең талдауды қажет етеді. Кинодағы адам тәні өз алдына жеке әңгіме. Фильмде өте ауыр көріністер бар. Тіпті қарап отырғанда өз тәніңе қатігездікпен жара салып отырғандай сезінесіз. Айналып келгенде Ардақ Әмірқұловтың киноны не деп қабылдайды деген сұрағына қайта ораламыз. Алайда егер бұл қырын түсініп, ары үңілсек, адам сенімі, еркіндігі сияқты философиялық категорияларға жетеміз. Сондықтан, режиссер Ардақ Әмірқұловтың “Отырардың күйреуі” тек тарихты ғана емес, адамның ішкі жанын, сенім, көзқарас қайшылығын, қоғамдық сана мен мәдениет қақтығысын да көрсете алған фильм.

Марапаттар.

«Отырардың күйреуі» картинасы 1991 жылы Монреаль Халықаралық кинофестивалінде FIPRESCI жүлдесін алған.

Осы фильм үшін режиссер Ардақ Әмірқұлов 1992 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болды.


Фильм туралы дерек

Атауы: Отырардың күйреуі
Шыққан жылы: 1991
Мемлекет: КСРО
Жанр: тарихи, психологиялық драма
Компания: Ардфильм К, Қазақфильм, Әлем
Премьера: маусым, 1992
Ұзақтығы: 176 мин.
Режиссер: Ардақ Әмірқұлов
Сценарий: Алексей Герман, Светлана Кармалита
Оператор: Сапар Койчуманов, Әубәкір Сүлеев
Суретші: Александр Ророкин, Өмірзақ Шманов
Монтаж: Г.Қыстауова
Фильм директоры: Анатолий Брицов, Игорь Семенюра
Басты рөлдерде: Тұңғышбай Жаманқұлов, Дохдырбек Қыдыралиев, Болот Бейшеналиев, Абдурашид Махсудов, Заур Зехов, Қасым Жақыбаев, Сәбира Атаева, Петр Морозов, Ш. Хәкімжанов, Әли Тукхужев.