Рас, адам баласы көбіне-көп қоғам таңған таптаурын көзқарастармен өмір сүреді. Дәстүр, дін, қоғам, араласатын ортаңыз, түрлі әдебиеттер мен медиа өнімдер, сонымен қатар бала кезімізден көріп өскен фильмдердің өзі көп жағдайға қатысты қалыптасқан ой-жүлгені санамызға сіңіріп тастаған. Сондықтан басымыздан өткеріп жатқан көп жағдаяттарға қатысты туындайтын эмоциямыз бен әрекетіміз таңылған, санамызға сіңірілген сенімдерден тамыр тартады.
Дегенмен өмірде қалыпты ой-жүлгесіне, ешқандай шекараларға сыймайтын жағдайлар болуы бек-мүмкін. Мәселен, Мопассанның кейбір әңгімелері және ағайынды Коэндердің фильмдері көрерменді (яки оқырман) қисынға келмейтін, қалыпты жол нұсқайтын жоралардың шеңберіне сыймайтын жағдаяттарға куә қылып, ойша «мен қайтер едім?» деген сауалдың жауабын іздеуге итермелейді. Ирандық режиссер Азгар Фархадидің фильмдері де көрерменді дәл осылай сұмдықтың ортасына тастап, тығырыққа тірейді. Оның фильмдерінде көтерілген оғаш та әрі ұятты оқиғалар құдды бір өз басыңнан өтіп жатқандай әсерде қалып, ақылыңыз ар мен әділдік, жақсы мен жаман ұғымдарына қатысты диалектиканың шеңберіне сыймайтын өлшемдерге қарай өтіп кеткенін аңғарасыз. Фархадидің фильмдері Бодрийярдың тілімен айтқанда, ұят пен арсыздықты қарсы қоймайды, арсыздықтан да өтіп кеткен сорақылықты ашып көрсетеді. Кешірім мен өкпені қарсы қоюдың орнына, кешірімнен де үлкен ізгілікті жарыққа шығарады.
Аталмыш «сынында» Бодриар диалектиканы жалған дүниетаным ретінде емес, модерн қоғамның қалдығы ретінде санайды. Дегенмен Бодриардың ойынша, мүлдем жаңа әлем туды. Аталған әлемге диалектиканың қағидалары мен заңдары әсер етпейді. Осылайша Бодриар бізге қарсы қою арқылы да айқындалмайтын дүниелердің бар екенін көрсетеді. Постиндустиалдық қоғам тудырған жаңалықтар, қарсы қою арқылы, тіптен логика арқылы қисынын табуға келмейтін дүниелерді ұсынып, жалған мен ақиқатты ажыратудан қалған әлем ұсынады. Бүгін сөз етпек болып отырған Азгар Фархадидің «Қаһарман» фильмінде де осы аталған қайшылықтың бәрі көрініс тапқан.
Оқиға желісі
Қарызыңыз бастан асады деп ойлайық. Жұрттың бәріне қарызсыз, несиеңіз де көп. Күндердің бір күні көшеден осы бір қарыздарыңыздың тең жартысын жабуға жететін бір қадақ алтын тауып алдыңыз дейік. Сомен келесі әрекетіңіз қандай болмақ? Ізгілікке бой түзеген адам ұқсап, алтынның иесін шарқ ұрып іздейсіз бе әлде алтынды қойныңызға тығып, қарызыңыздан құтылуға тырысасыз ба?
Азгар Фархадидің «Қаһарман» фильмінің басты кейіпкері Рақым дәл осындай жағдайға тап болып, қандай қадамға барамын деп әуре-сарсаңға түседі. Бір кездері қабырғаны әрлейтін суретші болған Рақым, несиесін жаба алмай сотталатын болған соң, саудагер қайын атасынан қарызға алып темір тордан құтылады. Алайда суретшінің тірлігі де өнбейді, отбасылық өмірінде де ұрыс-керіс көбейіп, ақыры жұбайымен ажырасып тынады. Осылайша қарыз алған қайын атасымен арасы бұзылып, ол кісі өз кезегінде арыз жазып, қайда барсаң Қорқыттың көрі көрінген қу тірлік шыр айналдырып Рақымды түрмеге тоғытады.
Сомен біршама уақыт өтіп, түрме берген демалыстар кезінде Рақым өмірлік серігі болар бір аруды кезіктіреді. Түрмеден шыққан соң, сол аруға үйленіп, шаңырақ көтермек те болады. Ол үшін Рақымға өкпесі қара қазандай болған бұрынғы қайын атасы болған сұсты кісінің рақымын алу қажет. Қайтпек керек деп бас қатырып жүргенде, Құдайдың өзі қарасып Рақымның ғашығы бір сөмке алтын тиын тауып алып, осы тиындармен бостандыққа шығуды ойлайды. Түрлі жағдаяттар орын алып, ақырында Рақым мен ғашығы бұл алтын тиындарды пайдасына жаратамыз деген ойынан айнып, қара сөмкені иесіне қайтарып беруді жөн көреді. Осы бір ізгі оқиғаны түрменің басшылығы естіп қалып, аяқ-асты Рақымды теледидардан көрсетіп нағыз «қаһарманға» айналып шыға келеді. Жергілікті жұлдызға айналған оған, түрмеден босап, армандап жүрген бақытты өмірге қол жеткізу қиял емес, нақты шындық секілді елестей бастайды. Алайда жұртқа баян еткен оқиғасында ол аз-маз жалған сөйлеп, сол үшін ар азабын арқалайды. Фархадидің стильіне сай, осы бір аз-маз өтіріктің өзі ақыр соңына оқиғаны 180 градусқа өзгертіп, жұрт мақтаған қаһарманымыз антиқаһарманға айналып шыға келеді.
Расында, Рақым қаһарман ба?
«Қаһарман» деген сөзді естігенде, санамызда, ең әуелі елін жаудан қорғаған я күнделікті күйбең тірліктен айрықшаланатын батыл әрекетке барған батыр адамның келбеті туындайды. Ал фильмдегі Рақымның әрекеті расында, осындай ерлікке жата ма? Бір сұхбатында саяси ойындар нәтижесінде айыпталып, 11 жыл түрмеде отырған Мұхтар Жәкішев: «Осы жұрт мені көшеде көріп қалса арқамнан қағып, «батырсың» деп мақтап жатады. Сонда, бізде өз қағидаттарыңнан аттамай, әділдіктен тайқымай, сөзіңде тұрғанның өзі батырлыққа баланатын болған ба?!» деген еді. Иә, бір қарағанда, Рақымның ісін ерлікке балап, оны қаһарман көрудің қажеті де жоқ секілді. Өйткені бала кезден әке-шешеміз берген тәрбие, қоғам таңған адалдық, әділдік қағидаттары бойынша, бәрімізде солай жасауға міндеттіміз. Адамдық парызымыз бізге соны үгіттейді. Бірақ, қым-қуыт тірліктің шырғалаңы солай жасауға мұрша бере ме? Басыңа түскен нәубеттен құтылдырар жол шыққанда, адамдық, ізгілік, парыз секілді асқақ ұғымдарды ойлап тұруға шама келе ме?! Мұның бәрі адам ішінде ғана бықсық жатар оғаш ойлар әрі басқа түспеген соң «мен қалай жасар едім?» деген сауалға жауап та беру оңай емес. Мен де алтынды иесіне қайтарар едім деген сөзді айта салу, әлбетте, тілге жеңіл. Бірақ адам психологиясының түрлі қатпарлары, түрлі жағдайда әралуан ойлар келетінін ескерсек, Рақымның әрекетін ерлікке балауға болады.
Айталық, әлемдік классикаға айналған Ф. Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романында адам психологиясын аша түсетін қызықты бір оқиға бар. Романда кемпірді өлтіріп, тонаймын дегенді ойлап жүргенде Раскольниковтың түсіне әкесі кіреді. Түсін жорыған ол, әкесі ойға алған ісін құптамайды деп тұжырады. Сомен, кедейліктің тауқыметін көрген, ақшасыз әбден арып-ашыған жас жігіт қылмыс жасаудан бас тартып, үйіне келе жатқанда, кенет жолдан сатушы әйелмен сөйлесіп тұрған әлгі кемпірдің сіңілсін көріп қалады. Ол сатушыға бүгін бір жерге қонаққа бара жатқанын, әпкесі үйде жалғыз қалғанын айтады. Сомен әкесі түсіне кіріп, қылмыс жасамайтын деп шешкен Раскольниковтың басына осы тұста «Кемпір бүгін үйінде жалғыз» деген ой сап етіп келе қалады. Сосын осы бір ой маза бермей, үйіне барып балтасын арқасына байлап, аталған қылмысты жасауға аттанады.
Адам баласының санасы тұрмысқа байланған. Асқақ ойлар, идеалды әлеміміз жөніндегі түсініктердің бәрі тұрмысыңызға байланысты қалыптасады. Сондықтан тағдыр тосқан мүмкіндіктер мен басқа түскен нәубеттің бәрін адам баласы сол сәттегі психологиялық күйіне байланысты өзінше тәпсірлеп алады. Түрмеден шығып, сүйіктісіне қосылып, тағдырын тәлкекке түсірген қарызынан құтылуды ғана ойлап жүрген Рақымның басына, алтынды қайтарып беру туралы ойдың бірден келмегені де сондықтан. Ішкі әлемі алай-дүлей болған ол, бірнеше күнгі арпалыстан кейін, ақыры алтынды қайтармаққа бекінеді. Ақырында осы бір әрекеті онсыз да қарызға батып, түрмеге тоғытылып бүлінген беделін одан әрмен бұлғай түседі.
Шиеленіс нүктесі
Фархадидің фильмдерінде классикалық түсініктегі жақсы және жаман кейіпкерлер жоқ. Онда тек өздерінің қоңыр тірлігін кешкен қарапайым адамдар бар. «Қаһарман» фильмінде де бинарлы оппозицияға құрылған қарсы қойылған түсініктер мен кейіпкерлер жоқтың-қасы. Фильмдегі қызының өмірін талқандап, өзін қарызға батырған бұрынғы күйеу баласын түрмеге тоғытқан қайын атасының да әрекеті сынауға келмейді. Иранда орнай бастаған Модерн заманның технологиялық игіліктері қолөнер шеберлерінің түбіне жетіп, кәсібі жүрмей қалған Рақымды да жаман адам дей алмайсыз. Беделін қалпына келтірмек болып, Рақымның ізгі әрекетін өз пайдасына асырмақ болған түрме басшыларын да айыптау дұрыс іс емес. Олай болса кикілжіңнің негізі болған жақсылық пен жамандықтың тайталасынсыз, қалайша шиеленіс тудыруға болады?
Азгар Фархадиді авторлық фильмнің жұлдызы еткен де осы бір ерекшелігі. Ол бір қарағанда, мүлдем қызықсыз оқиғаның өзін көрерменнің ішкі әлемін төңкеріп түсірер баян ретінде ұсынады. Иә, Фархадидің фильмдерінің сюжетін өз сөзіңізбен біреуге баян етер болсаңыз, қызықсыз әрі шырқау шегі жоқ, шиеленісі де күмәнді талқы ретінде көрінері анық. Бірақ, фильмдерін тамашаласаңыз болғаны, ар азабын арқалап, тіптен ара тұра, үзіліске басып, бөлмеден шығып кетіп тұрасыз. Өйткені Фархади ұсынған өмір шындығы тым ащы, тым сұрықсыз. Осындай нәтижеге автор ешқандай да жағымсыз кейіпкер, жан алғыш кісі өлтіруші я кісі сүйер қылығы жоқ оңбаған адам арқылы жетпейді. Таңғаларлығы да осы. Өзіндік құндылықтар жүйесі бар, өзіндік қағидаттардан тайқымайтын адал адамдардың да қақтығысы тым сұрқай болуы мүмкін екен. Өнер тілімен айтқанда «кішкентай адамдардың» да шындығы, өмір салты үлкен қақтығыстарды тудыруы ықтимал. Әркімнің өз шындығы бар әрі осы шындықтар бір көзқарас аясына тоқайласып, ұдайы келісімге келе бермейді. Кейде сіздің ақиқатыңыз үшін жүргізген күресіңіз, өз ақиқатын қорғамақ болған адал біреудің жанына жара салуы мүмкін. «Қаһарман» фильмінде осындай көзқарастар қақтығысы таласқа түседі.
Қорытынды сөз
Шетелге шығып, Испан әлемін бағындырғысы келіп «Өткеннің шытырмандары» деп аталатын фильмді таспалап, «сәтсіздікке» ұрынған соң, Фархади жетістікке жеткізген формуласын қайта оралды. «Қаһарман» эстетикасы және стильі жағынан алдыңғы фильмдердің жалғасы іспеттес. Бұл көрерменге түрлі эмоциялар сыйлап, шым-шытырық сюжетке елітіп әкететін ойын-сауыққа толы фильм емес, бұл – сізді терең ойға батыратын ойлы туынды.
Кейбір ұсақ-түйектер фильмде көрсетілмегендіктен (айталық, алтын тиындарын жоғалтқан әйелдің оқиғасы тарқатылмаған. Ол бір сәтке ғана тиынды алу үшін экраннан көрінеді де, сосын ізім-қайым жоғалып кетеді), көрермен оқиғаның бір қатысушысы, таластың ортасындағы бір тарап ретінде оғаш сезімді бастан кешіреді. Осындай әдістің арқасында өзіңізді оқиғаны тыстан отырып бақылаған жан ретінде емес, кішкентай өтірігі үшін ұяттан жерге кіріп кетуге тесік таппай қалған Рақым секілді сезінесіз. Барлық ұятты және оғаш сезімдері бастан кешіресіз. Өйткені қаһарманның «ерлігін» қалыпты өмірде біздің де қайталап жүргеніміз анық.