Жетекшілік орнынан сүрінбейтін «Байқоңыр» кинофестивалі биыл тоғызыншы, ал ТМД елдерінің кинотанушылары мен киносыншыларының форумы үшінші рет ұйымдастырылды. Осы жылы енгізілген өзгерістердің қатарына конкурстық негізге толықметражды фильмдер қосылғанын атап өтуге болады. Кинематографисттер қауымына берілген мүмкіндіктердің еселене түсуі фестивальге деген қызығушылықты көбейтпесе, азайтпас. Тағы айта кететін жайт, алғаш рет форум аясында кинотану саласындағы үздік жұмыс байқауы ұйымдастырылып, Гүлнәр Әбікеева "Кинотану саласына қосқан үлесі үшін", Камила Габдрашитова "Үздік мақала", Әсия Бағдәулетқызы "Үздік телебағдарлама" және Әзиза Қуандық "Үздік студенттік жұмыс" байқауында жеңімпаз атанды.
Іс-шараның аяқталуы қатысушыларды да, көрермендерді де толғаныс астында қалдырды деген ойдамын. Өзгерістер тек бағдарлама бейімінен емес, көрсетілген туындылар мен жүргізілген лекциялар сипатынан да байқалады. Авторлар эксперименталдық мәнерден таймағандай. Экранда тамашаланған бейнелер біркелділіктен тыс. Жұмыстардың стилистикасы, жанры және негізгі идеялары жан-жақтасқан.
Негізінен, кинотанушылар мен киносыншылардың аудитория алдында қозғаған сөздерінің маңыздылығын атап өткім келген еді. Осы уақытқа дейін атқарылған еңбектің нәтижесі мен жетілдірер жолы форум аясында тереңінен сипатталды. Инна Смаилова «Қазақ киносының жаңа тынысы» атты тақырып аясында қазіргі кездегі әйел адамның бейнесі мен рөлі қандай сипат алатыны мен фильмдерде батылдылық басым бола басталғаны жайлы сөз қозғады. Гендерлік теңдікке деген талпыныс өз жемістерін көрсетуде. Алдыңғы жылы заманауи тенденцияларға көңілін бөлген Адиля Хайбуллина да әйел бейнесі жетекші орынға ауысып, қосалқылықтан босағанын айтқан болатын. Осыдан кейіпкерлердің трансформациясы қалай жүзеге асып жатқанын түсінуге болады. Уақыт өткен сайын үйреншікті кейіпкерлердің өздері әр қырынан танылып күрделенеді. Сондықтан атаулы образдық өзгерістерді жекелендіріп өткен жөн.
Ортада отандық еңбекшілерден бөлек, өзге елдерден келгендер де таңдаулы тақырыпты өрбітті. Мәселен, жастардың киносы жайлы өткізілген панельдік сессияда өз елдерін таныстырған мамандар ақпаратты тыңдаушыларға тарихқа үңілту арқылы жеткізді. Көпшілік біле қоймайтын мәліметтер айтылып, танымдылық аумағын кеңейтуге ыңғайын тудырды. Кинотанушылар жас кинематографисттердің назар аударатын тақырыптарын атап қана қоймай, сала ішіндегі өзектілігі өсіп жатқан қиыншылықтармен де бөлісуден тайсалмады. Әр аумақтың (Қырғызстан, Әзірбайжан, Армения, Тәжікстан, Гүржістан, Беларусь, Ресей) өзіне тән әлеуметтік/саяси мәселелері кезекті көріністерін тапты. Перспективалардың жан-жақтылығы жалпылама түсінік жинау үшін тиісті бөлшектерді бір кеңістікке жинақтырды. Осының арқасында мемлекеттер арасында мәдени алмасу үрдісі жүргізіліп, шығып жатқан фильмдер арасындағы көзге көріне қоймайтын байланыс орнатылды.
Онымен қатар, Молдияр Ергебеков пен Султан Усувалиев сияқты құрметті тұлғалардың баяндамалары интерактивтілік мен ағартушылық мақсаттарын сабақтастыра алды. Әр кино мектептерінен келген студенттермен өз білімдерімен бөлісе отырып, маңызды сұрақтарға жауап қайырды. Султан Усувалиев "Деректі кинодағы реконструкция" деген ой бастауында өмір мен экран ортасындағы шекараның мәнін ашты. Ал Молдияр Ергебеков болса, заманауи кино сынының жағдайына жүгініп, келешекте қай бағытта жылжу керек екендігіне нұсқау берді. Шектеулерге ғана тіреліп қалмау керек дескен тұжырымдар да айтылып жатты. Әрі, заманның өзгеруімен адамдардың бойындағы ішкі қорқыныш та жеңіле бастағаны да ескерілді. Бұл расымен де ойды ашық және сауатты түрде жеткізудегі маңызды аспект болып табылады. Осылайша 3-8 қыркүйек аралығында өткізілген фестиваль көзді ашып жұмғанша тағы бір мәрте аяғына жетіп қалды.
Қорытынды ретінде форум мен фестивальдің өткізілуі өндірістен кейінгі нәтижені қайта қарастырып, толық баға беруге әсер етті дер едім. Бәрін біріктірген кино өнері этносаралық коммуникация құруға септігін тигізгендей. Артықшылықтар да, кемшіліктер де айтыла, көрермендерден бастап, әріптес болып жүрген жандарға дейін тиімді ақпараттар жеткізілді. Сол үшін де, аталмыш іс-шара аумақтық кеңістігі бойынша жалпы ТМД елдеріндегі кино саласын жаңа деңгейге көтеруде кілтті рөл ойнайды. Нүктені Армениялық кинотанушы Ани Григорян айтқандай Сергей Параджановтың: «Мен әлемнен кегімді махаббатпен аламын» (Я отомщу миру любовью) – деген сөздерімен қойғым келеді.