Халықаралық «BAIQONYR» фильмдер фестивалі – бүгінде Алматыдағы маңызды мәдени шаралардың бірі әрі киносүйер қауымның асыға күтетін өнер мерекесіне айналды. Аталмыш фестиваль биыл қыркүйек айының 3-8 күндері аралығында тоғызыншы рет ұйымдастырылды. Биылғы өнер додасының форматы жылдағыдан өзгерек. Олай дейтініміз, халықаралық және отандық қысқаметрлі фильмдерден тыс, алғаш рет толықметрлі фильмдер де көрермен назарына ұсынылып, өзара сайысқа түсті. Фестиваль шымылдығы 2023 жылы жарық көрген «Айқай» туындысымен ашылды.
«Айқай» фильмі – қазіргі таңда көптеген кинофестивальдердің көшін бастап жүрген режиссер Кенжебек Шайқақовтың туындысы. Фильм мазмұны Семей қаласында көп жылдар бойы сынақтан өткен ядролық жарылыстардың зардабын шеккен қарапайым халықтың өмірімен таныстырады. Әрине, кейбір адамдар фильмнің сипаттамасын оқыған сәтте бұндай ауыр, ауқымды тақырыпты көріп, сескенуі мүмкін. Себебі, осы сынды фильмдер әдетте деректілікке, шынайылық пен қатыгездікке негізделеді. Дегенмен, Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» фильмі бұл мәселеге мүлде басқа қырынан қарайды.
Фильм – поэтикалық, әрі баяу сахналарға толы. Объективтің басты кейіпкерлері – мүмкіндігі шектеулі әкесі мен оған қолғанат ұлы. Фильмнің алғашқы сахнасынан-ақ біз олардың қарым-қатынастарының куәгері боламыз. Меліс өзінің жарынан айырылып, денсаулығына байланысты жиі тексерістерден өту қажеттілігіне қарамастан ұлына қамқорлық танытуда. Ұлы да қолынан келгенше әкесіне қолғабыс болып, көмек көрсеткенімен, өзінің жасына байланысты түсініспеушілік танытатын сәттері де кездеседі.
Фильмнің алғашқы кадрларынан бейнелік шешімді ерекше атап өтуге болады. Ол туындыдағы орта пландағы статикалық кадрлар мен оқиғаны толық ашуға күш салатын мизансценалардан анық байқалады. Кей сәттері баяу, әуезді болса, енді бірінде ауылдық өмірдің динамикалық кадрлары көрермендердің назарын ұстаумен қатар, фильмнің жалпы ритмін сақтап отырады.
Сондай-ақ, түсірілім тобы фильмде түстік шешімге ерекше мән берген. Мәселен, туындыда қызыл түс басым. Ол киім болсын, КСРО байрағы болсын, одан да басқа элементтерде жиі кездеседі. Бұл техниканы көптеген режиссерлардың жұмыстарынан байқауға болады. Соның бірі авторлық кино бағытында жұмыс жасайтын Әділхан Ержановтың туындылары. Оның фильмдерінде кездесетін түстік шешімнің артықшылығы – белгілі бір түстерге басымдық берілуі. Сонымен қатар әлем киносындағы Стивен Спилберг өзінің «Шиндлер тізімі» фильмінде қызыл түске басымдық қою арқылы оны туындыдағы ерекше деталь ретінде ұтымды ойнатты. Сол секілді Жалғас пионерлік галстугін: «қып-қызыл... қан сияқты», - деп сипаттап, басында көрермендерге өзі-ақ мағынасын ашып бергендей. Мұнда да қызыл түс фильмді тек бейнелік тұрғыдан ғана емес, тақырыптық жағынан да аша түскенін аңғара аламыз.
Жалпы, фильм тұтастай жасыл реңге боялған. Оны біз фильмнің бастапқы кадрдан соңғы кадр аяқталғанша байқауымызға болады. Жасылға берілген басымдықтың қасында басқа түстер әлдеқайда солғын. Дегенмен, дәл осы жасыл, басында айтып кеткендей, бізді шынайылықтан алшақтатып, бұл оқиғаны «ертегі» іспетті етеді. Бірақ бұндай ауыр, халық трагедиясын ашатын тақырыпта ол қаншалықты орынды?
Бейнелік шешім туралы тағы айтып өтетін дүние, ол – графика. Фильмнің кейбір сәттерінде жаңа технологиялардың іздерін көреміз. Мысалы, ұшып бара жатқан қос тікұшақтар, фильмнің ең маңызды сахнасының бірі – жарылыс. Қазіргі уақытта әлі де қазақ киносында қаражаттың аздығынан ба, жаңа технологиялардың толық меңгерілмегенінен бе, бұндай эпизодтар орын алғанына қарамастан, олар әлсіз.
Фильнің монтажы туралы сөз қозғап отырған соң, оның дыбысы туралы да айтып кеткеніміз абзал. Фильм, әсіресе, дыбыс монтажынан қатты зардап шегеді. Дыбыстың бейнемен сәйкес келмейтін сәттері фильм бойына сюжетті қабылдауға кедергі келтіріп отырады. Жалғастың әкесімен «ыммен» сөйлесіп тұрғаны фильмнің дыбыстық шешіміне керағар. Наурыз айынан бастап, маусым айына дейін созылған монтаж процесі барысындағы осындай өрескел қателіктерді байқамай қалу мүмкін емес.
Актерлік жұмысқа келер болсақ, Меліс рөлін сомдаған Орынбек Шаймағанбетовтың актерлік ойыны көңіл көншітпейді. Актермен аз жұмыс жасалғандықтан, оның ойыны сенімсіз болып, фильмнің жалпы атмосферасына кері әсер етіп отырды. Ол кәсіпкер актер емес, сондықтан оның актерлік қабілеттерін сынау қиын, бірақ біз оның батылдығын бағалай аламыз. Кішкентай кейіпкерді сомдаған Арнұр Акрам режиссердің өзіне қойған міндеттерін сәтті орындады. Талантты жасөспірім баланың тілі жақсы қойылған, камераның алдында өзін еркін ұстап, көрерменді кейіпкердің оқиғасына сендіре алды. Тағы бір тамаша кейіпкер Жалғастың досы – Самат. Оқиғасы қайғылы үзілген (аяқталған) ұлдың рөлін сомдаған – Жандарбек Аюбай. Самат өзінің шынайылығымен, бала көңілімен бірден көрермен назарын жаулап алады. Егер фильмде актерлер өзіне «сендіре алатын» және «сендіре алмайтын» болып бөлінсе, ол міндетті түрде бірінші топқа жатар еді.
Режиссер осы екі кейіпкер арқылы кезекті өзекті мәселені көтерген. Ол – жарылыстардың зардабы. Жалғастың тәбетінің жоғалуы, мұрнынан қан кетуі, ақыр соңында оның ауруханаға түсуі – бұның барлығы радияцияның салдары. Саматтың қаза болуы да осымен байланысты. Бұл жас балалар үшін оның барлығы түсініксіз, қарапайым тәжірибелер. «О, вертолет, ученье болады ма? Ертең сабақ болмайды ма?» Ауылда мутацияға ұшыраған малдың туылуына қарамастан, ауыл жиналысында айтылған сөздерден халықтың билік арбауында екеніне көз жеткіземіз.
Фильмнің ең мықты тұсы ол – драматургиясы. Оқиғаның желісі КСРО кезеңінен бастау алып, полигонның жабылған кезеңіне дейінгі уақытты қамтиды. Бұл кезде полигон территориясында «мінсіз коммунисттік әлем» құрылған. Дегенмен ол, тіпті картаның бетінде көрсетілмеген. Сол арқылы фильмдегі адамдардың көп нәрсені аңғармауын, сенгіштігін, шектеулі көзқарасын түсіндіреді.
Кеңестік идеология. «Альбомыңды алып кел, қыртысталып қалмасын», - деп әкесі ұлын енді ғана үтіктелген жаңа галстугін тапсырып, ант беруге жібереді. Осы сахнадан-ақ адамдардың сол уақыттағы құндылықтарын білуімізге болады. Сонымен қатар, бұның жарқын дәлелі – Сайлау атты кейіпкеріміз. «Сіз кімсіз?» деген бір ғана сұрақ арқылы Кеңестік билікке жығылып, өзінің пайдасы үшін ұлтынан теріс айналуға дайын тұрған адамдар туралы ащы шындық ашылады.
Фильмді көру барысында ондағы орын алып жатқан барлық оқиғалар өте абсурд болып көрінуі мүмкін, алайда біз оқиғаны баланың, яғни Жалғастың көзімен көрер болсақ, туынды мүлде басқа қырынан ашыла түспек. Режиссердің өзі айтып кеткендей, фильмдегі оқиға толықтай кішкентай кейіпкердің көзқарасы арқылы суреттелген. Осы фактіні білгенде көп нәрсе өз орнына келеді. Диалогтар өте оңай, әрі түсінікті жазылған, олар балаша әзілдермен көмкерілген. Оларды сол кезеңді көрген үлкен жасты көрермендер де, жас буын да түсініп, бағасын бергені – фильмнің бірден бір міндетінің орындалғанының көрсеткіші.
Туынды тақырыбының өзектілігі жоғалмайды, себебі Семей полигоны қазақ халқы басынан өткізген өте ауыр кезең. Қырық жылда 473 жарылыс болып, 1,5 млн-нан астам адам зардап шеккен оқиғаның тарихы туралы баяндайтын «Айқай» фильмінің басты кейіпкері секілді жандардың оқиғасын қаншалықты көп адам білсе, бұндай жағдайдың қайталануының мүмкіндігі азаяр еді.