Мақала / #студентСөзі
Таңдау: тағдыр жолымыз дұрыс па, бұрыс па?
Бөлім: Кино
Датасы: 30.09.2024
Авторы: Айша Тельман
Мақала
Таңдау: тағдыр жолымыз дұрыс па, бұрыс па?
Бөлім: Кино
Датасы: 30.09.2024
Авторы: Айша Тельман
Таңдау: тағдыр жолымыз дұрыс па, бұрыс па?

Оңтүстік астанамыз Алматыда тоғызыншы жыл қатарынан үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан «BAIQONYR» кинофестивалі уақыт өткен сайын бағдарламасы, форматы жағынан ерекшеленіп, отандық  кинематографтың дамуына жаңа тыныс сыйлауда. Себебі, дәл осы кинофестивальде көрерменге дебюттік фильмдерін ұсынып, бақтарын сынаған жас режиссерлердің шығармашылықтары жандана түсуде. Бұл – үлкен жетістік, жастар үшін үміт алаңы.

Биылғы фестивальге қатысқан фильмдердің әрқайсысы қоғамда орын алып отырған өзекті тақырыпты қамтуға тырысқан. Әсіресе, отбасы ішіндегі кикілжің мен отбасы мүшелерінің өзара түсініспеушіліктері, бір-біріне жат адамдарша өмір сүрген жандардың ішкі айқайы ашық суреттелді. Солардың ішінде фестивальдегі ұлттық конкурста «Арнайы жүлдеге» ие болған «Таңдау» фильмін (режиссері: Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Гүлнұр Қалмұхамбетова) ерекше атап өткен жөн.

Адам өмірінде көп таңдау бар, десе де дүниеге келетін отбасың мен ата-анаңды таңдау ешкімге бұйырмаған. Дәл осындай ойдан туындаған «Таңдау» фильмі – екі отбасының тағдырын сипаттайды. Екі отбасы, екі түрлі таңдау… Алғашқы отбасы – мектеп бітіріп, оқуға келген тастанды студент қыз бен жеңіл жүрісті анасы болса, екіншісі көрші бөлмедегі отбасы. Алқаш күйеу мен сол күйеудің соққысына төзіп жүрген шарасыз әйел мен кішкентай бейкүнә бүлдіршін қыз. Бұл отбасындағы ең жанашырлық әрі төзгісіз жағдай – кішкентай қыздың жанұясында болып жатқан қиын сәттерді, әрі ата-анасының арасындағы ұрыс-керісті, соққыны қалыпты өмір сүру салты ретінде қабылдауында. Көрермен бұл жағдайды режиссер ұсынған фильмнің алғашқы кадрынан бірден байқайды.

Фильмді көре отырып, кейіпкерлер тағдырына таңдаудың түрлі жолдарын қарастыруға болады. Мәселен, бірінші отбасы бойынша Сараның анасы ауылда қалып, басқа өмір салтын ұстанған болса яки Сара анасын паналап келмеу. Екінші отбасы бойынша көрші еркек ащы суды доғарып, мәселелерді басқа жолмен шешсе немесе көрші әйел қызын алып үйінен кеткесін артына қайта оралмауы қажет еді. Бұл таңдаулар екі отбасының құндылықтарын сақтап қалуға белгілі бір ықпалын тигізе алар еді. Алайда, фильм кейіпкерлерінің өмір сүру ортасындағы қиындық пен қателікті көре тұра, қайтадан сол ортаға оралуы өз таңдаулары ретінде қабылданады. Яғни, бұл жатақханадағы оқиғалар циклдік әрекеттерге негізделеді, бірақ кейіпкерлердің ішінде бас кейіпкер Сара бұл циклден бас тартып, өз өмірі үшін дұрыс таңдау жасады.

Режиссер Гүлнұр Қалмұхамбетова бұл тақырыпты дипломдық жұмысына арқау еткен. Фильмдегі режиссерлік идеясы мен тақырып таңдаудағы себебін былай түсіндірді:

   Мен фильмнің негізгі идеясын он жылдай ойластырдым, себебі өзім де зорлық-зомбылық актісі жиі орын алатын қоғамда өсудемін. Өкінішке қарай, бұл тек мен көретін қоғамда емес, бүкіл әлемде орын алып жатқан өзекті проблема. Көптеген шарасыз балалар дәл осындай ортада өмір сүруге мәжбүр болғандықтан бұл тақырып мені әркез қызықтырды. Сол үшін осы тақырыпты дипломдық жұмыс ретінде қолға алдым. Бұл тақырыпты таңдау арқылы менің әлемге жеткізгім келетіні: «Әйел адам ешқашан қайыспай, мықты болуымыз қажет, ешқашан өзімізді «ұят» деген сөз үшін ұстамай, бұндай жағдайларға көз жұма қарамауымыз қажет. Біз өзіміз бен баланың болашағы үшін психикалық та, физикалық та күш көрсетушіден барынша аулақ жүруіміз қажет, бұл тозақ шеңбері өмір бойы күш көрсетушіге қайта оралған сайын жалғасын таба бермек.

Менің туындым адамдарға дұрыс жол көрсетуі арқылы моральдік көмек береді деген ойдамын.

Көрермен әйел адамның мықты болуы, абьюзер, тиран секілді психикалық тұрақты емес адамнан қашу үшін өзінен күш табуы қажеттігін аңғаруы тиіс. Бұл жағдайда әйел адам тек өзі мен өзінің баласын таңдауы және өткен өміріне қайта оралмауға тырысуы қажет. Қазіргі кезде оған көмек қолын созатын орталықтар қарастырылған. «Ұят» термині мен оның түсінігі, иә, бұл біздің қоғамымызда болуы қажет дегенмен, егер отбасы құндылығы жоқ орта болса бұл сөздің қолданылуы зая болады. Себебі, бұндай отбасында балалар бақытты өмір сүре алмайды.

Сондай-ақ, ер адам болсын, әйел адам болсын дәл осындай жағдай орын алған болса көз жұма қарамай, мүмкіндігінше көмек қолын созуы қажет, бірақ адамдардың көбі бұндай жағдайда өз алдына тыныш өмірлерін жалғастырғысы келгендіктен осындай «отбасынан» бас ала қашады. Және әділеттілік орнауы үшін әртүрлі құқық қорғау органдарына көмекке жүгінуі тиіс. Дәл осы тақырыпқа байланысты жақында Қызылорда қаласында бойжеткенмен бір оқиға орын алды, ең сорақысы оған көптеген адамдар көз жұмды. «Таңдау» фильмі арқылы мен адамдардың гуманист, мейірімді болғандандарын қалайтын едім. Себебі, бұл оқиға кімнің болсын басына келгенде адамдардың қол үшін беруге талпынбағаны, тіпті мән бермегені өте қорқынышты жайт.

Ата-ана өз балаларымен жиі сырласып тұруы қажет. Өйткені, бала өзін алаңдататын мәселелерді ата-анасына ашық айта алмаса, үлкен мәселенің басы болуы мүмкін. Ата-ана өз баласын көбірек түсінуге тырысса, балаларының кәмелеттік жасқа дейінгі жауапкершілігін өз мойындарына алса, тыңдаса, қамқорлық танытса, балаларына ғана сенсе, «ұят» деген терминді ысырып тастап, балаларын қорғауы керек деп ойлаймын. Ананың қатігездігі мен баланың өміріндегі ең жауапкершілікті көп талап ететін кезеңіндегі өзара түсініспеушілік менің фильмімде анық көрсетілген.