Мақала
«Алтын адам» мультфильмінің ізгілік туралы идеясы
2024 жылдың 29 қараша күні XVII «Еуразия» Халықаралық кинофестивалі аясында режиссер Тұрдыбек Майдан, Тілек Тілеуғазының «Алтын адам» толықметрлі мультипликациялық фильмі үлкен экранда көрсетілді. Көрермен фильмді жақсы қабылдап, әсерлі көріністерінде таңданысын жасырмады.
Бөлім: Кино
Датасы: 01.12.2024
Авторы: Нұргүл Сәрсенбайқызы
Мақала
«Алтын адам» мультфильмінің ізгілік туралы идеясы
2024 жылдың 29 қараша күні XVII «Еуразия» Халықаралық кинофестивалі аясында режиссер Тұрдыбек Майдан, Тілек Тілеуғазының «Алтын адам» толықметрлі мультипликациялық фильмі үлкен экранда көрсетілді. Көрермен фильмді жақсы қабылдап, әсерлі көріністерінде таңданысын жасырмады.
Бөлім: Кино
Датасы: 01.12.2024
Авторы: Нұргүл Сәрсенбайқызы
«Алтын адам» мультфильмінің ізгілік туралы идеясы

Фильмнің өң бойынан ұлттық бірегейлік, өзгеше режиссерлік стиль байқалады. Сонымен қатар, үлкеннің кішіге ізеттілік көрсетіп, кішінің үлкенге құрметпен қарауы сияқты сыйластық деңгейі бірден сезіледі. Жалпы, мультшығармадағы камера қозғалысы, суреттік сапасы, түстік-реңктік өзгешелігі, кейіпкерлердің қазақы болмысы, балалардың шынайылығы өзгеше әсер беретінін, кинозалда отырған мектеп жасындағы кішкентай көрерменнің эмоционалды қабылдауынан байқадық.

Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының шығармашылығына көз жүгіртер болсақ, қазақы  аңшылық мәдебиетін егжей-тегжейлі көрсететінін байқаймыз. Бұл жалпы көрерменге ұмыт болған немесе көпшілік біле бермейтін дәстүрдің сыр-құпиясын терең түсінуге мүмкіндік жасайды. Мәселен, 2013 жылғы «Тастүлек» және 2018 жылы жарыққа шыққан «Мұзбалақ» мультфильмдерінде бүркіт пен құсбегі арасындағы әсерлі байланысы арқылы құстың аңшылық алдындағы үйретілуі мен айрықша бапталуын көрсетеді. Тіпті, Тастүлек, Мұзбалақ атауы да аңшы құстың өсу деңгейіне байланысты берілген қазақы атау екенін жалпы жұртшылыққа ұтымды таныстыра алғандығына ерекше мән беруіміз керек. Сондай-ақ, «Алтын адам» фильміндегі Аңқылдың «жебем жерге түспей, садақ ата алмаймын» деген сөзінен біз ежелгі дала заңындағы аңшылық қағидаларын аңғарамыз. Осындай кейіпкерлер арасындағы қарапайым диалог немесе фильм атауы арқылы көрерменді қазақы мәдениетпен сусындатып жатқанын ерекше атап өтуіміз керек. Бұл, әрине, режиссерлік шешім мен алдын-ала ойластырылған шығармашылық талпыныс екені белгілі.

Фильм талдау барысында кинотуындының айтары ойы, қозғаған тақырыбы, қоғамдық маңыздылығы мен басты идеясын қарастыру – негізгі аспект болып табылады. Сондықтан, алдымен фильмді драматургиялық тұрғысынан талдап өтсек.

«Алтын адам» мультфильмінің басты идеясы – «Ізгілік зұлымдық атаулының барлығын жеңуге көмектеседі» деген ойды алға тартады. Сюжеттік байланысы достық, отбасылық құндылық, тылсым құпияның сырын ашу, батылдық, қорқынышқа қарсы тұра алу сияқты тақырыптарды қозғайды. Драматургияның басты қозғаушы күші – кейіпкер. Кейіпкер әрекеті, қабылдаған шешімі, эмоционалдық қабылдауы оқиғаның өріс алу жолын анықтайды. «Алтын адам» анимациялық фильмінде басты кейіпкерден өзге қосалқы бес кейіпкер және үш мифтік кейіпкер бар. Олардың барлығы Аңқылдың бойындағы ізгілік пен адамгершілік қасиетін ашуға айтарлықтай септігін тигізеді.

Басты кейіпкер Аңқыл дәстүр бойынша атадан балаға мұра болып қалатын Алтын сауыттың иесі болуы үшін аңшылыққа шығып, тау барысы терісін жамылып келуі қажет. Алайда тақ мұрагері асырсала ойнап жүрген барыстарға зияндық тигізгісі келмей, жебесін жоғарыға қарай атып жібереді. Осыдан баланың бойында табиғат пен тіршілік иелеріне деген құрмет бар екенін аңғарамыз. Дүйім жұрттың алдына барыспен ашық шайқасқа шығып, оны жеңген кезде де, қанжар қадағысы келмей, аңды аман алып қалады. Осындай көрініс арқылы режиссерлер Аңқылдың мейірімді әрі батыл, шымыр екенін көрсетеді. Нақтырақ айтқанда, басты кейіпкер көрерменге жақсы, ұтымды таныстырылған. Дегенмен, Жұпар, Тарғытай және Ақшолаң патшайым толықтай кейіпкер ретінде ашылды деп айта алмаймыз. Олардың мінез-құлық бейімділігін көрініс арқылы емес, диалогтың көптігімен берген. Және анасы мен қолбасшының іс-әрекеті оқиға барысында түсінікті болған күннің өзінде, көрерменді эмоционалды тұрғыда ұстап тұра алмайды. Яғни, аталған үш кейіпкер қиын жағдайға түскенде жанашырлық таныту, кейіпкерге болысу, оқиға ішіне еніп кету әсерін көрерменге толықтай сездіре алмауы – драматургиялық шиеленістің әлсіздігін байқатады. Сонымен қатар, адамша сөйлей алатын Барыс, алтын мүйізді Арқар, Мұзтау секілді мифтік кейіпкерлердің табиғаты мен өзіне ғана тән мінез ерекшелігі ашылмағаны фильм сюжетін қарабайырландырып жіберген. Себебі, барыстың адамша үн қатуы – баланың жасаған Ерлігін көрсетеді. Ханзаданың жорыққа шығуы – Әділдікті меңзесе, үңгір тауға барып, жұмбақтың шешімін табуы – Парасаттылығын білдіреді. Фильм басында Аңқыл Барысқа зақым келтірмес үшін жебесін жоғарыға атып жібергенін Тәңір Ізгілікке балап, балаға алтын жебені сыйға тартады. Сонымен, Мұзтаудың жұмбағындағы адамзаттың асыл қасиетін: Ерлік, Әділдік, Парасаттылық, Ізгілікті Аңқыл өз бойынан тауып, Алтын сауыттың нағыз Иегері атанады. Бастапқыда режиссерлер барлығын метафора, символ, аллегория арқылы бергісі келгенін байқауға болады, алайда әр сәтте нақ нүктесін қоятын әрекеттің жетіспеуінен фильм идеясы ашылмай қалған.

Мультшығармадағы алтын мүйізді Арқардың жайдан жай кездеспегеніне назар салуымыз керек. Түркілік ұғымда паң Арқар – аңдардың қорғаушысы, аңшылық Рух болып табылады. Бұл бейне алғаш рет Адай Әбілданың «Аңшы» қысқаметрлі мультфильмінде толықтай ашылған еді.

Жоғарыда айтқанымыздай, фильмнің басты идеясы «Ізгілік» – жамандыққа тойтарыс бере алатын қуатты күш екенін нақты көрсетеді. Алайда, Мұзтаудың жұмбағын шешкеннен кейін, Тәңірдің алтын жебе ұсынуын режиссерлер әсерлі жеткізуі қажет еді. Себебі, дәл сол сәтте ғасырлар бойы алтын сауытта жасырынған құпияның сыры ашылады. Осы ретте, Алтын сауыттың маңыздылығын арттыратын, оның қасиетті күшін көрсететін көріністің жетіспей тұрғанын айта кеткіміз келеді. Кейіпкерлердің жеткілікті түрде ашылмауы, идеяның айқындылығы мен жалпы көрерменге түсінкті әрі әсерлі жеткізілуіндегі емшін тұстары, сайып келгенде, драматургияның әлсіздігін аңғартатынын жасыра алмаймыз.

Аңқылдың құпия үңгірге барғандағы табиғат көрінісінің суреттелуі фильм атмосферасына өзгеше леп берген. Ханзада есінен танып қалғанда көрсетілген аяни түстің «Япурай» әуенінің сазды үнімен қатарласа бейнеленуі – көрерменге құпия есіктің сырлы кілтін тапқандай сездіретініне режиссерлік шешімнің ұтымды шыққаны деп баға беруге болады.

Музыка – анимациялық өнерде маңызды орынға ие драматургиялық және эмоционалды құрал екенін білеміз. Аталған фильмде барыстар мен табиғат көрінісі музыка ырғағымен біріге тігілгендей үйлесім тапқан. Алайда, «Алтын адам» мультфильміне арнайы жазылған әндер көріністі артқы планда қалдырып, клиптік дәрежеге түсіріп жібереді. Сондықтан, ән көрініске кедергі келтірмей, кейде баяу, кейде ырғақты, кейде рухты естілетіндей және фильм драматургиясына, кейіпкердің терең ашылуына септігін тигізетіндей етіп режиссерлер мен дыбыс режиссері қайта қарастырып шықса деген ұсыныс бар.

Фильм құрылымының көрнекі шығуы қоюшы-суретшіге байланысты. «Алтын адамның» басты суретшісі қырық жылдық тәжірибесі бар – Әміржан Қазиев. Оның кейіпкерді қазақы болмыспен бейнелеуі, түр-әлпетінің сүйкімді шығуы, тіпті құбыжықтың қазақ мифологиясындағы жалғыз көзді дәу, дю-перінің баласы Шойынқұлаққа ұқсата суреттелуі Ә. Қайдар мектебінен шыққанынан хабар береді. Білетініміздей, Әмен Қайдар өз шығармашылығында кейіпкердің барынша қазақы түр-әлбетте болуын қадағалаған және мифологиялық, фольклорлық кейіпкерлерге сілтеме беруді құп көргендіктен, оның шәкірттері де фильмдерін түсіру барысында сол қағиданы ұстанды. Сонымен қатар, суретші-аниматорлар Абзал Еңсебаев, Жанәділ Байдарбеков, Нұркен Қарабеков, Дәрия Искакова, Данияр Фабрика, Айдар Жұмажановтың қосқан үлесін ерекше атап өткеніміз жөн. Өйткені, кино саласында кейіпкерді сомдаушы – актер болса, анимация өнерінде кейіпкерге жан беруші – аниматор. Суретші-аниматорлардың біліктілігі мен шеберлігі қозғалыстың сенімді әрі шынайы шығуына мүмкіндік жасайды. Осыған қарап, отандық анимация саласында екі өлшемді техниканы жетік меңгерген мамандар бар екенін байқауға болады.

Ендігі кезекте, кейіпкерге дауыс беру, дыбысталу деңгейін айта кетсек. Кино өнеріне қарағанда анимация кейіпкердің барынша эмоционалды болуын талап етеді. Себебі кейіпкердің жай күйін нақты көрсету – оның дыбысталу деңгейіне тікелей байланысты екені айтпаса да, белгілі. «Алтын адам» фильмінде режиссерлер бала кейіпкердің дыбысталуына бала актерлерді қатыстырған. Тіпті, барыстың дауысын бала актер сомдап шықты. Бұл қаншалық сенімді болды? Әрине, режиссерлер бала кейіпкер бала дауысымен ғана шынайы болады деген ойды ұстанған болуы мүмкін. Алайда, кейіпкердің эмоционалды сезім бере алуына бала актерлердің сомдап шыққан рөлі көмектеспегені айқын байқалады. Барыс мифтік кейіпкер болғандықтан, оның дауыс ырғағы да мистикалық өзгеше болуы шарт еді. Кейде үрейлі, кейде қырылдаған, кейде айбынды ақыра дыбыстаған үні барыстың болмысын ашуға айтарлықтай әсер етеді. Дегенмен, бала актердің дыбыс сомдауы көрерменге эмоционалды қозғалыс бере алған жоқ. Алдағы уақытта, режиссерлер дыбысталу деңгейіне аса назар аударып, кәсіби актерлермен, әсіресе қуыршақ театрының актерлерімен жұмыс істесе дұрыс болады. Қуыршақ театры актерлері көбінесе балаларға арнап спекталь қоятындықтан олардың дауыс ырғағы балалық дауысты да, жануар дауысын да сенімді жасай алуға бейімделген. Жалпы отандық анимация режиссерлерінің құлақтарына алтын сырға: қуыршақ театры актерлерімен тығыз жұмыс істеу қажет.

«Сын түзелмей, мін түзелмес» дегендей, жоғарыда айтылған сыни пікір – режиссерлердің сағын сындыру үшін емес, керісінше, қанатын қатайтып, бағыт-бағдар беру үшін жасалған ұмтылыс. Өнер жасаушылары осы ескертулерді ескере отырып, алдағы шығармашылығына мұқият көңіл бөліп, сценарий, қозғалатын тақырыбы мен идеясына тереңінен бойлап, ұтымды шығатындай ойластырса деген ниет бар.