Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (III.6)
3.6.Деректі кинодағы тақырыптық идея мен кейіпкер бейнесі
Бөлім: Кино
Датасы: 15.03.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (III.6)
3.6.Деректі кинодағы тақырыптық идея мен кейіпкер бейнесі
Бөлім: Кино
Датасы: 15.03.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (III.6)

 Назира МҰҚЫШЕВА

Өнертану кандидаты, ҚазҰӨУ доценті, кинотанушы


3.6. Деректі кинодағы тақырыптық идея мен кейіпкер бейнесі

1960-жылдары деректі кино өнерінде әдебиет пен  өнердің барлық салаларында пайда болған жалпы заңдылықтарға байланысты кейіпкер бейнесін жан-жақты терең зерттеу үрдісіне жол ашылады. Егер, елуінші жылдары кейіпкердің мінез-құлқын көрсету деректі кинода мүмкін емес, бұл тек көркемсуретті киноның еншісінде деген пікір басым болса, алпысыншы жылдары экранға шыққан деректі фильмдердің көпшілігі бұл пікірді жоққа шығарды. “Искусство кино” журналында режиссер Л.Варламов былай деп жазады: “Деректі фильмдердің көпшілігінде кейіпкерлер пайда болады да, соңынан із қалдырмай жоғалып кетіп отырады. Кейіпкердің бейнесінен гөрі техниканың маңызы басым болды. Оның ролі тек кадр сыртынан айтылған диктордың мәтінімен ғана шектелді. Ал қимыл-қозғалысы бірін-бірі қайталап отырады. Олардың тұла бойына “жан бітіру” мерекелік дастарханның басында немесе кітапханада отырғанын көрсетуден әрі аспайды. Бұл бір кездері деректі кинода үстем болған жеке адамның орнына алып өнеркәсіп орындары мен ауыл шаруашылығын, құрылыстарды, кең масштабтағы оқиғаларды көрсету керек деген пікірдің жемісі болса керек” (1954ж №9 “О некоторых наболевших вопросах документального кино”). Бұл елуінші жылдардағы бүкіл совет деректі киносына берілген жалпы сипаттама  болатын.

Деректі кино шеберлері документ пен оны поэтикалық деңгейде қорыта көрсету арасында  үйлесімділік табуға талпынды. Бұл ретте олар көрнекті совет кинорежиссерлары Дз.Вертов пен Э.Шубтың шығармаларына сүйенді. Алпысыншы жылдары Кеңес Одағы кеңістігіндегі барлық киностудиялардан деректі кино шеберлерінің жаңа принципі көрініс тапқан фильмдер экранға шыға бастайды.  В.Лисаковичтің “Катюша” фильмінде кейіпкердің көңіл-күйіне, жан-дүниесіне терең  назар аударылады. Басты кейіпкері Е.Деминаға майданда түсірілген    хроникалық кадрларды көрсете отырып, экраннан өзін, майдандас жолдастарын, алыста қалған отты жылдарды көрген сәттегі шынайы толғанысын жасырын камерамен түсіріп алады. “Гренада, Гренада, Гренада моя...”(реж.Р.Кармен, К.Симонов), “Люди голубого огня”(реж.Р.Григорьев), “Разум против безумия” (реж.А.Медведкин), “Удивительное рядом”(реж.С.Образцова, И.Грек), “Если дорог тебе твой дом”(реж.А.Ордынский, К.Симонов,Е.Воробьев), “Встреча с Францией”(реж.С.Юткевич) фильмдері бейнелеу мәнері мен көркемдік тәсілдері жаңарған тың деректі кино өнерінің дәлелі болды. Ал “Обыкновенный фашизм”  (реж.М.Ромм) соңғы жылдардағы сәттіліктерді дәлелдейді, әрі деректі кино өнерінің көркеюіне үлкен үлесін қосады. Деректі экранда әрқилы жастағы және мамандығы әртүрлі кейіпкерлер пайда болады.  «Маринино житье»(реж.Л.Квиникидзе) фильмінде Ленинград кафесінің даяшысы, «Взгляните на лицо»(реж.П.Коган, П.Мостовой) – эрмитаж көрермендері, «Манасшы»(реж.Б.Шәмшиев) – халық жыршысы, «До свидания, мама»(реж.М.Литвякова) фильмінде тағдыры қиын балалар сияқты кейіпкерлердің әрқайсысы қайталанбас мінез-құлқымен, тағдырымен қызықтырды.  Бұл шығармалар деректі кино өнеріне өзінің ерекше шығармашылық қолтаңбасы, айтар ойы бар суреткерлердің келгенін дәлелдеді. Олардың фильмдерінде өткен жылдардың деректі киносымен салыстырғанда кейіпкер бейнесін көрсетуде этикалық және эстетикалық тың заңдылықтарды, деректі кинематографтың көркемдік бейнелеу мүмкіндіктерін жаңаша қолдану көрініс табады. Болашақ фильмнің кейіпкерін таңдай алу, авторлық көзқарас пен деректі материалды толығымен қамту - шығарманың сәтті  шығуының кепілі болды.

Жекелеген кейіпкерлердің тағдырын, мінез-құлқын, ішкі жан-дүниесін зерттеу арқылы шынайы өнер туындысының деңгейіне көтерілген фильмдердің бірі - «Без легенд»(реж.Г.Франк, А.Сажин, А.Бренч). Фильмнің басты кейіпкері - Куйбышев ГЭС-інің құрылысшысы, атақты эксковаторшы, авиация апатында қайтыс болған Борис Коваленко. Жолдастарының, таныстарының Коваленконың бойындағы кемшіліктері мен жақсы қасиеттері туралы жасырмай ашық әңгімелеуі басты кейіпкердің экрандық бейнесін толық қамтиды. Коваленконың тағдыры туралы айтылған әңгімелер ол өмір сүрген уақыттың бейнесі, атмосферасы, тыныс-тіршілігі туралы хабар  береді, яғни кейіпкердің бейнесі мен уақыттың тынысы бірыңғай үндестікте қарастырылады.

Бас кейіпкерінің тағдыры туралы толғаныс жасай отырып, фильм авторлары аңыз бен шынайы өмір арасындағы байланыс мәселесін көтереді. «Без легенд» фильмінде деректі кино өнерінің кейіпкер өмірін бейнелеудегі көркемдік мүмкіндіктер барынша көрініс табады. Бұл жаңа принциптер Қазақстан деректі киносына біртіндеп ене бастайды.

Алпысыншы жылдардың басында «Қазақфильм» киностудиясында тәжірибелі деректі кино шеберлерінің тұрақты ұжымы қалыптасады. Олар-О.Әбішев, А.Кулаков, Я.Смирнов, Э.Файк, Ф.Фейнберг, О.Зекки, И.Верещагин, Г.Новожилов, М.Дулэпо, И.Чикноверов, Т.Дүйсебаев секілді режиссерлар, операторлар - М.Сағымбаев, И.Тынышбаев, Ян Вон Сик, А.Колесников. Алпысыншы жылдардың орта шеніне қарай Москвадағы Бүкілодақтық Кинематография институтын тәмәмдаған Ю.Пискунов, А.Машанов, Г.Емельянов, А.Нұғыманов, М.Ыбыраев, М.Смағұлов, операторлар - Б.Гутлин, Ю.Литвяков, Б.Дауылбаев, В.Осенников, Б.Қадырбеков, В.Беляловтар келіп қосылады.

Ұжымда жұмыс істеген сценаристер, операторлар мен режиссерлардың басты мақсаты - Қазақстан еңбеккерлерінің өмірінен үздіксіз киношежіре жүргізіп отыру болды.  Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі жетістіктер мен  жеңістер деректі кино өнерінің тақырыбына айналды.

Бұл кезеңде түсірілген көптеген деректі фильмдер Қазақстан деректі киносында әрқилы шығармашылық қолтаңбаның пайда болғанын дәлелдеді.

Режиссер Ораз Әбішевтың шығармашылығы

Қазақ деректі киносының дамуындағы айтулы ерекшеліктері мен  үрдістері ұлттық  деректі киносының негізін қалаушылардың бірі Қазақ ССР-нің Халық әртісі Ораз Әбішевтің  шығармашылығында айқын көрініс тапты. Ораз Әбішевтің фильмдеріне нақты уақыт атмосферасы мен халықтың салт-дәстүрін, тұрмысын экран арқылы шынайы бейнелеу тән. Халықтық дәстүр, салт-сана режиссер шығармашылығында беріліп отырған көрініспен үйлесіп, туындының эстетикалық көкжиегін кеңітіп жатады. Тұсау кесу, бәйге, асау үйрету, балалардың сасыр, шілікке мініп алып, жаяу көкпар тартуы, ата кәсібіне алғаш аяқ басып, теңізге шыққан жасұланды балықшылардың теңіз суына тоғытып алуы сияқты салттар фильмнің мазмұнын, ондағы адамдардың психологиялық күйін ашады.

Сонымен бірге, қандай тақырыпта фильм түсірілмесін, режиссер үшін ең бастысы – адам, оның тағдыры - жеке тұлғасы. Бұл оның кез-келген туындысының бірінші планында тұрады. О.Әбішев фильмдерінің тақырыбы да әр-алуан. “Біздің қалада”, ”Қазақ жерінде”, “Шахтерлар әулеті”, “Жұмысшы қыздар” фильмдері республикадағы өнеркәсіп пен алып құрылыстар жайлы болса, “Біздің колхоз Қызыл ту”(1946ж.), “Алыс жайлауда”(1950ж.), “Гүлденген дала”(1951ж.), “Арман аралы”(1970ж.), “Жетісу жұлдыздары”(1975ж.) – ауыл еңбеккерлеріне арналады. Ал, “Баянауыл”, “Денсаулық аралы”, “Бурабай”, “Алматы” фильмдері Қазақстан жерінің әсем, сұлу көріністерін әңгімелейді.

Деректі кино өнерінің артықшылығы – ұрпақтар байланысын, адамдардың өзара күрделі қарым-қатынасын деректі фактілер шындығы арқылы көрсете білу, сол арқылы қоғамдағы өзгерістерді бейнелеу, өмірлік құбылыстарға терең зер салу арқылы көрерменді ойға жетелеу. О.Әбішев шығармаларының да басты мақсаты осы. Режиссер фильмдерінің басты кейіпкерлері әртүрлі мамандық иелері: жұмысшылар, ауыл еңбеккерлері, өнер адамдары, халық батырлары...

“Менің фильмдерім - дейді режиссер - менің кейіпкерлерім... Жеке шығармашылық өмірбаяным олармен біте қайнасып кеткен. Ұлы Абай, аты аңызға айналған Қажымұқан, даңқты ұшқыш Т.Бигелдинов, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов, өнер дүлдүлдері Дина Нүрпейісова, Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев... Кино музасы қаншама адамдармен танысуыма, араласуыма көмектесті...”

Режиссер шығармашылығына тән бір ерекшелік – кейіпкерлерінің мінез-құлқын, ішкі жан-дүниесін ашуда жаттанды болған бір схеманы қолданбайды, жалған пафоспен сыртқы әдемілікке талпынбайды. Әрбір фильм ол үшін – шығармашылық ізденіс. О.Әбішев қандай көріністі, қандай кейіпкерді түсірсе де, сыр-сипаты өте биязы, сұлулықпен астасып, ажарланып жатады.

Нағыз кәсіби шеберлік деңгейіне жету Ораз Әбішевке бірден келген жоқ. Бұл жөнінде кинотанушы Қабыш Сиранов былай деп жазады: “Ораз Әбішевтің шығармашылық қолтаңбасы мен стилінің қалыптасу процессі қиын да күрделі жолдардан өтті. Оның алғашқы фильмдері мен киножурналдарында сыртқы әдемілік пен үгіттеу жұмыстарына талпыныс бар”(Сиранов К.“Киноисскусство Казахстана”, Алма-Ата, “Қазақстан”, 1966ж).

Режиссердің шығармашылық жолының алғашқы жылдарында кейіпкерді бейнелеу тәсілі сипаттау принципі бойынша құрылады. Экрандағы көріністер диктордың мәтініне сай тек иллюстрация ғана болып қалды. Мысалы, “Біздің колхоз “Қызыл ту” , “Алыс жайлауда”, “Біздің рапорт” фильмдерін атап өтуге болады. Алайда, әрбір фильм сайын О.Әбішевтің шығармашылығына тән өзіндік қолтаңбасы қалыптаса бастайды. Келесі туындыларында режиссер тек оқиғаның сыртқы көріністерімен шектеліп қалмай, кейіпкерлерінің өмірін жан-жақты зерттеп, ішкі жан-дүниесіне терең үңіліп, өмірінің күрделі жақтарын аша түседі.

Әсіресе, алпысыншы жылдардан бастап, О.Әбішев шығармашылығында елеулі өзгерістер басталады. Бұл ең алдымен тақырыптың күрделілігі мен көркемдік шешімін табудағы қолданған бейнелеу тәсілдерімен ерекшеленеді. Соның нәтижесінде “Бір жаздағы бес кездесу”(1965ж.), “Апа”(1968ж.), “Бір хаттың ізімен”(1969ж.), “Шахтерлар әулеті”(1971ж.), “Желден жүйрік”(1971ж.), “Абсент”(1974ж.), “Сын сағаты”(1974ж.), “Талғаттың биік аспаны”(1979ж.) секілді талантты туындылары дүниеге келеді.

Ораз Әбішевтің шығармашылығына тән  бір ерекшелік – қандай да бір фильм болмасын, алғы сөз немесе прологтан басталады. Бұл бір жағынан шығарманың айтар ойын, идеясын алдын-ала метафоралық түрде баяндайды. “Үнемі сапарда” фильмінің басында кең далада әңгіме-дүкен құрып отырған шопандар, жүктерін тиеп көшіп келе жатқан шопан от басын көрсетсе, күшік кезінен әдейі қой бағуға  үйретілген иттердің түрлі қызметі туралы әңгімелейтін “Шопанның досы”(1963ж) фильмінде пролог ретінде түн мезгілі, қасқыр, иттердің ұлығаны, атылған мылтықтың дауысын қолданады. Немесе, 1964 жылы түсірілген “Терең іздер” фильмі  де басталуымен қызықты. Таңертең ұйқыдан оянған бала, малды өріске айдап бара жатқан әйел,  ойнап жүрген жас балалар, адымдап басып бара жатқан аяқтар, соңында қалып жатқан іздер...Кадр сыртынан диктордың мәтіні: “Біздің әңгімелегіміз келіп отырған кейіпкеріміз де бір кездері осындай жалаң аяқ ойын баласы болды. Өмір жолы оңай болған жоқ. Бірақ, қандай жағдай болмасын, соңынан із қалдыруға тырысты”- деп жоғарыдағы көріністерге сипаттама береді.

Алайда, көптеген кемшіліктеріне қарамай, бұл айтылған фильмдердің барлығында автордың ыстық сезімі, оның ең алдымен адамды бағалай, құрметтей білу қасиеті көрінеді. Ең бастысы, бұл шығармаларда автордың жаны бар. Сондықтан олар көңілге қонымды, жаныңа жақын. Өйткені ол фильмдерде адами жылылық пен сүйіспеншілік үнемі бірінші планда жүреді.

Ораз Әбішевтің шығармашылығында еңбек адамын, жалпы кейіпкер бейнесінің көрсетілуімен алпысыншы жылдардың орта шенінде елеулі өзгеріс басталады.  Оның көш басы 1965-жылы түсірілген “Бір жаздағы бес кездесу” фильмімен тығыз байланысты. Себебі, дәл осы фильмнен режиссердің шығармашылығында жаңа бейнелеу сапасы басталады. Бұл алпысыншы жылдардағы сирек кездесетін құбылыс болатын. Фильм ең алдымен  композициясымен, сондай-ақ, драматургиялық шешімімен айрықша ерекшеленеді. Шығарма кішігірім бес новелладан тұрады. Автор өзінің қойын дәптерін парақтай отырып, бір жазда жүздескен бес кейіпкері туралы сыр шертеді. Фильмнің бейнелік жақтары дыбыстық қатармен толықтырылып, бірыңғай үндестік табады.

Бес кейіпкердің бірі - шопан Хамза Ақжолов. ...Кадр сыртында диктор мәтіні оқылуда. Кенет экранда тыныштық орнайды.  Бір кезде бұл тыныштықты  түсініксіз сықырлаған дыбыс бұзады.  Ауыр, ыңғайсыз жүріспен тастың үстіне келіп отырып, портсигарын асықпай ораған шопанның бейнесі экраннан үлкен планда көрінеді. Осы жерде кейіпкердің екі аяғының жоқ екендігі байқалынады.

Эпизодтың соңына дейін автор үнсіз. Ақжолов өзі туралы, екі аяғын беріп келген соғыс жайлы, күрделі шопан еңбегі туралы әңгімелейді. Кейіпкерге бұл әңгіменің соншалықты ауыр екендігін көреміз. Сырттай ұстамды, байсалды болып көрінгенмен, оның ішкі жан-дүниесінде күрделі арпалыстың болып жатқандығы сезіледі. Шопан бейнесі аз уақытта көрсетіліп өтсе де, көрермен жадында қалып қояды. Себебі, осы бір қысқа эпизодтың өзінде кейіпкер тұрпатының, мінез-құлқының өзіндік ерекшеліктері, белгілері бар. Оның бет қимылы, қимыл-қозғалыстары, камера алдында еркін ұстауы, тіпті ар жағында жайылып жүрген отар қойға айқайлап, ысқырғаны кейіпкер тұлғасының өзіндік қасиетін айғақтайды. Кейіпкердің тағдыры екінші планда ашылып жатқан сияқты болғанымен, шын мәнінде, ең маңызды ірі планда көрсетіледі.

Бұл фильмге дейін Әбішев шығармаларында шопан бейнесі өзгеше бейнеленіп келген болатын. Экраннан тек атқа мініп,  қой бағып жүрген  немесе достары, жанұясымен бірге отырған сәттерін, немесе съезд мінберінен сөйлеп тұрған сәтін көретінбіз. Бұл кадрларда шопан бейнесі көз алдыңнан жылдам өтеді де, есіңде  белгілі бір ерекшеліктері қалмайды, яғни камера кейіпкерін   “бақыламайды”.

Жалпы, репортаж тәсілімен түсірілген “Бір жаздағы бес кездесу” фильмі жиырма минуттың ішінде әртүрлі мамандық иелерінің: геолог, құрылысшы, күріш өсіруші, инженер, шопан бейнелерін, олардың еңбек үстіндегі сәттерін көрсетеді. Режиссер кейіпкерлерін тек жұмыс үстінде ғана емес, олардың жан дүниесіндегі қозғалысты көрсетуді алдына мақсат етіп қояды. Мысалы, бір нүктеден түсірілген күріш өсіруші Ыбырай Жақаевтың бейнесі көрініс тапқан кадрларда баяу қалыптағы ырғақ  пайда болады.  Егер бұған дейінгі шығармаларына жылдам ырғақты монтаж тән болса, “Бір жаздағы бес кездесу” фильмінде режиссер бұл әдеттен бойын аулақ салуға қорықпайды. Шығармада монтаж ырғағы баяулай түседі, есесіне, камера алдында тұрған кейіпкерін жіті “бақылайды”. Осының нәтижесінде Ы.Жақаевтың бейнесі ол туралы жазылған очерк, мақалалар мен кітаптардағыдан гөрі, өзге қырынан көрініс табады. Себебі, фильм авторы шаруашылық озаттарын көрсететін немесе ол туралы жазылған мақалаларда әбден жаттанды болған, көтермелей, әсірелей айтылған мадақтау сөздерінен гөрі, кейіпкерді күнделікті жұмысының бір сәтін шынайы, деректі түрде бейнелеуге тырысады. Экрандағы атын ерттеп жатқан 76 жастағы Жақаев, күріш даласын аралап келе жатқан, әсіресе, жұмыс үстіндегі көріністер кадрдың сыртынан айтылатын көп сөзден гөрі әсері анағұрлым көп. Әсіресе, кейіпкердің әрбір қимылын қалт жібермей, бақылаумен болатын еңбек ету сәттерінде деректілік нышан басым.  Кетпенін жоғары-төмен сілтеген қолдарының әрбір қимыл-қозғалысы, күнге күйген қоңырқай жүзі, маңдайдан аққан тер, бәрі-бәрі камера назарынан тыс қалмайды. Яғни, объектив алдындағы шынайылық абсолютті түрде көрініс табады.

Шығармада сөз және экрандағы көрініс бірін-бірі толықтырып, тұтас бір арнаға құйылып жатады. Режиссер фильмнің өне бойында сөзді аз қолданады. Кадр сыртынан айтылған сөз  экрандағы қимыл-қозғалыспен ұштасып жатпаса, бір-бірінің мән-мағынасын аша түспесе, бос сөз, бос көрініс болып қалатыны белгілі. Оның үстіне төпелей айтыла беретін көп сөз көрерменді мезі етіп жібереді. Сондықтан, автор сөзді аз қолданып, кейіпкерлерінің жұмыс сәтіндегі шынайы бейнесін жиірек көрсетеді. Мысалы, Маңғышлақтағы мұнайшылар еңбегін көрсететін кадрды алайық. Қызу жұмыс үстіндегі мұнайшылардың әбден шаршаған жүздері, шаңға көмілген қолдары, тұла бойы көп сөзді сұхбаттан гөрі мағлұматты анағұрлым молырақ жеткізеді. Яғни, режиссер фильмнің мазмұнын, айтар ойын кадрдың  өзінің ішінен ашуға тырысады. Камера кейіпкерлерінің  жұмыс сәтіндегі бейнесін бақылаудан жалықпайды. Олардың кейбір қимыл қозғалысы, ірі планмен алынған бет-жүзі арқылы мінез-құлқынан хабар беретін белгілерді көреміз.

Фильмдегі ұшқары көзге егжей-тегжейлі баяндаудай болып көрінетін байсалды монтаж, өмір көріністеріне ешқандай қосымша әр, үстеме бояу жағып жатпайтын бұл қарапайым кадрлардың  әсері мол. Фильмде баяндалатын бес кейіпкердің фотографиялары ең басында жеке-жеке көрсетілсе, ал соңында ондағы бейнелер қозғалысқа енеді. Яғни, фильм басындағы бізге беймәлім кейіпкерлердің әрқайсысы  өзіне тән ерекшелігімен, мінез-құлқымен көрермен жүрегіне жол табады.

Бұл туынды жайлы О.Әбішевтың өзі былай дейді: “Бір жаздағы бес кездесу”- ұжымдық портрет жасауға ұмтылған талпыныс еді. Бұл тек  бес кездесу ғана емес, бес түрлі тағдыр, мінез-құлық, бес түрлі адамның экран алдында ашылуы, сонымен бірге, адамдық қасиеті жағынан олардың бір-біріне ұқсауы.  Бұл кейіпкерлердің бәрі де өз еңбегін сүйеді. Сөзге сараң, ақылды Ы.Жақаев, жігерлі де қайырымды Х.Ақжолов, ғалым-инженер Тәкежанов- әртүрлі мамандық иелері, Қазақстанның әр түкпірінде еңбек етіп жүрген жандар. Бірақ, олардың барлығына тән ортақ бір қасиет  - өз мамандығына адал берілгендік.

Ал, өнертану ғылымының кандидаты, белгілі киносыншы К.С.Смаилов былай дейді: “Жалпы, Орекеңнің жақсы адамдармен кездесуде жолы болғыш. “Бір жаздағы бес кездесу” фильмінде сол жылдары есімі әлі белгілі бола қоймаған жастармен, әртүрлі мамандық иелерімен жүздеседі. Суреткерге тән сезімталдықпен бұл кейіпкерлердің әрқайсысының тағдыры мен өмір жолын алдын-ала болжағандай. О.Әбішев әрқашан өз уақытының кейіпкерлерін қателеспей, дәл тауып отырды”.

Ал, 1965 жылы түсірілген “Тың өлкесінде” фильмі кішігірім  үш новелладан тұрады. Фильмде көрсетілген оқиғалар Қазақстанның әрқилы жерінде өткенімен, жинақтай келе тың өлкесінің біртұтас бейнесі пайда болады. “Көктемді қарсы алу” атты бірінші бөлімінде Қостанай өңіріндегі қыс мезгілін, қар тоқтатып жатқан тракторлар, топырақ зерттеу лабораториясында эксперимент жүргізіп жатқан қызметкерлер, Көкшетаулық шопандардың еңбегін баяндайды. Ал, екінші бөлімі “Күн тәртібінде - тұрмыс” деп аталынады. Мұнда Целиноград облысындағы халықты күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз ету  қызметі бейнеленсе, “Кинорепортаждар” атты үшінші бөлімінде Екібастұздағы көмір өндіру, Көкшетаудағы орманшылар еңбегін көрсетеді. Бұл фильмдердің қайсысында болмасын бірінші планында кейіпкердің тұлғасы, оның қажырлы еңбегі тұрады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, кейіпкерлер фильмнің тақырыбын ашып көрсету үшін қажетті белгілер тізімінің құрамында көрсетілмейді. Кинообьективке ілінген кез-келген адам – мейлі ол құрылысшы, шопан, инженер, тың игеруші болсын немесе экранда жалт етіп пайда болып, қайта көрінбей кетсе де – ол кейіпкер әйтеуір бір ерекшелігімен көрерменнің есінде қалып қояды. Мысалы, “Тың өлкесінде” фильмінде киім дүкенінде костюм киіп көріп жатқан жас жігітті немесе музыка аспабында ойнап отырған студентті көрсететін кадрлар бар. Бұл – тізбектеліп өтіп жатқан көп көріністердің бірі. Алайда, түр-тұрпатымен, қимыл-қозғалысымен ол кейіпкерлер соңынан әйтеуір бір белгі қалдырады. Бұл – ең алдымен, режиссердың фильм тақырыбына, ондағы көріністерге жіті мән аударып, жауапкершілікпен қарауының нәтижесі.

Деректі киноның бір ерекшелігі - республика өмірінде болып жатқан елеулі оқиғалар мен халық арасынан шыққан көрнекті тұлғалар бейнесін экранда қалдыруы. О.Әбішев өз фильмдерінің кейіпкерлерін өте қатаң түрде таңдайды. Бұл кейіпкерлердің өмірбаяны мен портретін ақпараттық түрде баяндамай, бейнелік жүйеде көрсетеді. Сонымен бірге, бұл бейнелік жүйе әбден қалыптасқан жаттанды трафаретке айналмайды. Әрбір фильм, әрбір кейіпкер өзіндік ерекшелігімен көз тартады. Осындай шығармаларының бірі – “Шахтерлар әулеті”(1971ж.) фильмі.

Бұл фильм Қарағанды көмір бассейнінің негізін қалаушыларының бірі, сексен екі жастағы Б.Құндақбаев пен оның ісін жалғастырып келе жатқан ұрпағы жайлы, Қарағанды шахтасының кешегі мен бүгінгі күні туралы әңгімелейтін екі ұрпақтың өмірін жыр еткен эпикалық дастан деуге болады. Мұндағы барлық оқиға Б.Құндақбаев арқылы өрбіп отырады. Фильмді шартты түрде екі новеллаға бөліп, біріншісін - “Қарт шахтер”, екіншісін - “Ерліктің жалғасы ” деп атауға болады.

Фильмде Б.Құндақбаевтың өмірінен алынған оқиғаларды құрғақ баяндап қана қоймай, оның ішкі жан-дүниесіне барлау жасалады. Кейіпкер былай дейді: “Қарт адамдар - тірі архив қой. Өмірден  көргені, білгені, көкейге түйгені, істеген жұмыстары кейінгі ұрпақ үшін үлкен сабақ... ”

Б.Құндақбаевтың өмірі туралы жазылған “Өмір мектебі” романының авторы, белгілі жазушы С.Мұқанов: “Мен  Құндақбаевтар жанұясын өте жақсы білемін. Балабекпен 53 жыл бұрын кездесіп, достасып кеттік. Мінез-құлқының беріктігімен, жеке басының өзгелерге үлгі боларлықтай  көптеген қасиеттерімен маған рухани көмек берді. Балабек өзінің өнегелі өмірінде көп жақсы істер атқарды. Жалпы, бұл үлкен романның тақырыбы. Әке ісін жалғастырып, еңбек етіп жүрген тәрбиелі ұрпақ өсірді”-деп жалғастырады. Әрі қарай экраннан қарт шахтердың ұлдары Камал, Қуан, Рахметолла, қызы Розаның бейнелері көрініс табады.

Бір кездері Б.Құндақбаев дипломдық жұмысында көмір өндірудің жаңа тәсілін ұсынып, оны іс жүзінде қолдануға мүмкіндігі болмай, отыз бес жыл өткен соң, тұңғышы Камал жолдастарымен бірге бұл тәсілді іске асырып, өндіріске енгізді. “Балабектің бүкіл ғұмыры – тынбай ізденіспен  өтіп келеді. Бұл қасиеті ұлдарына да дарыды”-дейді автор. Режиссер Құндақбаевтар әулетінің өмірбаянын баяндаумен ғана шектеліп қалмай, сол арқылы алып шахтаның бүгінгі күнгі тынысын көрсетеді. “Әрбір өндіріс орнындағыдай біздің шахтаның да өз проблемалары  бар. Оның бірі - кіші механизацияның өндіріске енгізілуі...”-дейді Камал. Қызу еңбек үстіндегі шахтерларды, олардың арасындағы Қуан, Камал, Рахметолланы көреміз.

Ораз Әбішев кейіпкерлерінің бейнесін олардың өмірінен алынған оқиғалар мен еңбек көрсеткіштерін тізбектеп шықпай, құрғақ сөзді төпелемей, өзге тәсілмен ашады. Бұл тәсіл - фильмнің драматургиясы, тартысы. Мысалы, “Біздің қалада” фильмінде үлкен ұлы Серғазының орта мектептен соң Балхашта қалмай, өзге қалаға кеткісі келетініне қынжылатын Ә.Әлімжановтың ойы, ішкі жан-дүниесіндегі “қимыл-қозғалыс” арқылы өрбіте отырып, шығарма тақырыбын ашса,  “Шахтерлар әулетіндегі” негізгі тартыс - әке бастап, ұлдары жалғастырып келе жатқан кіші механизацияның өндіріске енгізілуі. Режиссер фильмнің  драматургиялық құрылымын осы конфликт негізінде құрайды. Бұл экрандағы кейіпкерлердің толыққанды ашылуына ықпал етеді.

“Қарағанды қаласында өткен еңбек адамдары туралы түсірілген фильмдердің 1-ші Бүкілодақтық кинофестивалінде “Шахтерлер әулетін” “Майқұдық” шахтасында көрсетуге тиісті болдық. Себебі, фильмнің көпшілік көріністерін осы “Майқұдықта” түсіргенбіз. Деректі әңгімемізді кейіпкерлер қалай қабылдар екен деп қатты толқыдым. Фильмнің соңғы кадрлары біткенде, залда шам жағылып, біраз уақытқа дейін тыныштық орнады. “Көңілдерінен шықпады ғой” деп ойладым. Бір уақытта: “Камал, кинода да тура өмірдегідей шығыпсың. Рахметолла, сен де! Бәрінен де бұрын ақсақалды айтсаңшы!”- деп жарыса сөйлеген қуанышты дауыстарды естігенімде ғана иығымнан ауыр жүк түскендей болды”,- деп режиссердің өзі еске алады.

1972 жылы Горький қаласында еңбек адамы жайлы түсірілген фильмдердің 2-ші Бүкілодақтық кинофестивалі болып өтті. Фестивальда 8 көркем суретті фильм және 26 деректі фильм көрсетілді. Б.Рычковтың “Жұмысшы тобы туралы поэма”, “Валмирлік қыздар” (сц.авт.А.Ленныш, реж. Семецкист), “Нарын күнделігі”(сц. авт. А.Видугирис), “Антрацит”(сй. Авт. Э. Володарский, реж. А. Сурин) тағы да басқа фильмдермен бірге О.Әбішевтің “Шахтерлар әулеті” де бар еді. Кинофестивальда әділқазылар алқасының мүшесі болған, белгілі актриса Инна Макарова былай деп жазады: “...Сәтті шыққан фильмдердің қатарына жас режиссер А. Суриннің “Антрацит” фильмін енгізуге болады. Бұл туынды өзінің рухани ерекшелігі жөнінен “Шахтер мінезі” (“Киевнаучфильм”) мен қазақ студиясы шығарған “Шахтерлар әулеті” фильмдеріне жақын. Бұл деректі шығармаларда тек комбайндар мен жаңа техника туралы емес, шахтерлардың өзара қарым-қатынасы, олардың өз еңбегін құрметтеп, мақтан тұтатыны жайлы баяндайды. Ең бастысы, мен үшін экраннан кейіпкерлер жүзін “ірі планда” көріп, олардың рухани ішкі дүниесіне үңіліп, әрбір ой “қозғалысын”сезіну қызықты болды...”

Аталмыш кинофестивальда О.Әбішевтің “Шахтерлар әулеті” бірінші жүлдеге ие болды. Сонымен бірге”Шахтерлар әулеті” - 1974 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болған О.Әбішевтің төрт фильмінің бірі. Мемлекеттік сыйлыққа ие болған шығармалардың бірі -1970-жылы түсірілген “Арман аралы” фильмі (опер. Ф.Абсалямов, В.Арыстанбеков) режиссердың шығармашылығында елеулі орын алады.

О.Әбішев шығармашылығының өзіндік ерекшелігі - оның ұлттық негізінде, халық даналығын, өмірін экранда көркемдік формада бейнелеуінде. Әрине, өнер жолында оңай келетін жеңістер болмайтыны белгілі. Әрбір фильм тынбай еткен еңбектің арқасында, күмән мен үміт, сәттілік пен жеңілістердің арпалысы негізінде пайда болған өмірлік тәжірибе арқылы дүниеге келеді.

О.Әбішевтің ауыл шаруашылығы, еңбек адамдары туралы түсірген барлық фильмдеріндегі негізгі тақырып - адам мен табиғат, ол екеуінің өзара байланысы туралы екендігіне куә боламыз. ”Арман аралы” да осындай шығармалардың бірі.

Фильм сусыған Қызылқұм шөлін ырыс мекенге айналдырып жатқан адамдардың ерлік еңбегі, олардың жан дүниесіндегі ақындық сезім мен арманшылдықты жеткізе білу арқылы қарапайым шешім табады. Режиссер қарапайым еңбек адамының үйреншікті еңбек тынысынан күнделікті көзіміз көріп жүрген байырғы детальдардан байыпты ой, шырайлы поэзия таба біледі. Әбішев әрбір фильмнің көркемдік шешімін әрқалайша табады, әртүрлі формадан іздейді. ”Арман аралы” фильмі де тек қарапайым еңбек адамдарының күнделікті ерен еңбегін көрсетіп қоймай, оған нәзік лиризм мен поэтикалық леп береді. Фильмнің басталуы-ақ осыған дәлел болады.             Экранда ақсақал немерелері арасында аңыз-әңгіме айтып отыр. ”Бұл өте ертеде болған екен. Құм суырылып тұрған шөлді далада бір атты адам келе жатады. Бұл жердің құмының ыстықтығы соншалық, құстар қанатын күйдіріп, жан шыдамас аптап ыстықтан жерге құлап жатады екен. Айнала шексіз жатқан құм дала. Бірақ, атты адам жолын жалғастыра береді. Бір кезде бетінде жазуы жылтыраған үлкен тасты көреді. Арам ниетті сиқыршы жер бетінің байлығын осы тастың астына тығып қойған болатын. Егер оны кімде-кім көтеріп, бетін ашса, халқына бақыт пен орасан зор байлық әкелетін көрінеді. Жаңағы жалғыз атты батыр өзге батырларды шақырып, бәрі бірігіп, халқына бақыт әкелген екен”, - деп ақсақал аузымен айтылған аңыз-әңгіме фильмнің болашақ айтар ойын белгілейді. ”Біздің Қызылқұм байлығы әлі де жер астында жасырулы жатыр. Бірақ, бүгінгі батырлар, сендердің әкелерің мен ағаларың табиғаттың қара күшімен арпалысып, жеңіп шығуы керек”, - деп аяқталған ақсақал әңгімесі арқылы бүгінгі күн көрінісіне ауысады. Әрі қарай фильм шопан Демеу Жайқыбаевтың бұл жердің қалай құтты мекенге айналғаны туралы еске алу әңгімесімен жалғасады. Экраннан бақшада жұмыс істеп жүрген ауыл ақсақалдарын, жайқала өскен ағаштар, сылдырап ағып жатқан арықтағы су, ағаш отырғызып жатқан мектеп оқушыларын көреміз.

“Ең бірінші болып бұл жерге ферма бастығы Қ.Құнанбаев келді. Ол шын мәніндегі арманшыл еді. Сол жылдары күріш совхозынан бөлініп, батпақдалаға келгенімізде, мынау ақшаңқан үйлер, аспанмен таласа бой көтеріп тұрған жасыл ағаштар туралы кім ойлапты. Содан бері бірнеше жыл өтті. Кәрі демей, жас демей бәрі де жалықпай еңбек етеді. Қойдан қолым босаса болды, туған жер топырағы өзіне тартады да тұрады”, - дейді шопан.

“Бұл - таңқаларлық ғажайып адамдар өлкесі. Олар тек күріш өсіруші немесе шопан ғана емес, сонымен бірге арманшыл да ақынжанды. Өз қолдарымен сусыған құм арасында үлкен арман аралын орнатты”, - деп аяқтайды режиссер.

Осылайша “Арман аралы” ғасырлар бойғы ата-баба арманының орындалып, шөлейт даланың жасыл өлкеге айналғанын көрсетеді. Бұл фильмнің өн бойындағы нәзік лиризм мен поэтикалық лепті О.Әбішевтің 1971 жылы түсірген “Желден де жүйрік” фильмінен де көреміз.

Фильм оқиғасы жас баланың әңгімесі, оның арманы, жақсылыққа ұмтылуы, еліктеуі ретінде түсірілген. Бауыржан өзінің достары және жылқы малына деген құштарлығы, ат үстіне отыра білуге баулыған озат шопан Бекбосын Хасенов туралы әңгімелейді. Фильм жас балалардың алғашқы есею жолы мен еңбекқорлығын, өмір мектебінің алғашқы баспалдақтарынан өтуі жайлы сыр шертеді.

Алғашқы кадрлерден “көкпар” тартысып жүрген балалардың у-шу даусын, жылап отырған кішкентай бала, атты ерттеп жатқан бозбала, бие мен құлын көріністерін көреміз. “Мен де кішкене кезімде мына балалар секілді көкпар тартысып, ер-тоқымымен бірге ат үстінен сыпырылып түскенде жәбірленгенім соншалық, көз жасыма ерік беретінмін”,- деп бастайды Бауыржан өз әнгімесін. Міне, Бауыржан француз пәні сабағында отыр. “Кім болғым келеді” деген тақырыпқа мазмұндама жазбақ. “Біреуі -механик, енді біреуі ұшқыш болам дейді. Ал, мен өзіміздің Бекбосын Хасенов секілді жылқышы болғым келеді деп жаздым... ”

Фильмде Бауыржан Бекбосын атасымен бірге Луговой жылқы заводына барып, савхоз үшін асыл тұқымды жылқы таңдағанын, сол сапарында әйгілі Абсентті көргенін айтады. Абсент жайлы кейін, 1974ж. режиссер өзінің атақты фильмін түсірді.

“Желден де жүйрік” фильмі ең алдымен автордың табиғатқа, шетсіз-шексіз жатқан қазақтың кең даласына, қоңыр салқын самал желіне, желден де жүйрік сәйгүлігіне деген сүйіспеншілігімен, ыстық махаббатымен ерекшеленеді. Кейіпкердің әңгімесі, ойлары, арманы фильм көріністерімен біте қайнасып, поэтикалық леп пен шынайылық сарын енгізеді.  Фильм Бауыржанның “Менің атам “жігіттің екі әкесі болады дейді, бірі - туған әкесі, екіншісі - ат үстіне отыруға үйреткен адам... ” - деген сөздерімен тәмамдалады.

“Арман аралы” фильміндегідей “Желден де жүйрік” фильмінің кейіпкерлері арманшыл, өмірдегі бар жақсылыққа ұмтылғыш. Ол ой-арман экранда шынайы, нанымды көрініс табады.

Жоғарыда айтып өткен “Шахтерлар әулеті”, “Арман аралы” фильмдерімен бірге “Желден де жүйрік”, “Мұқан Төлебаев”  фильдері 1974-жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

О. Әбішев шығармашылығына көз сала отырып, әсіресе 1960-шы жылдардың екінші жартысы мен 1970-ші жылдары нағыз шеберлік шыңына жетіп, қандай да бір тақырыпты ашуда болмасын, қандай да бір кейіпкердің ішкі жан-дүниесін, мінез-құлқын көрсетуде болмасын, нағыз жоғарғы кәсіби деңгейге жеткеніне куә боламыз. Бұл жылдары қазақ халқының алыс-алыс ғасырлардағы тас беттеріне қалдырған жазулары мен таңбаларынан бастап бүгінгі күнге дейінгі мәдениетінің өркендеуі жайлы түсірген “Ашық алақан сыры”(1969ж), “Тастағы таңбалар”(1968ж), “Тарихпен тілдесу”(1973ж), өнер тақырыбындағы “Мұқан Төлебаев”, “Кенен Әзірбаев”, философиялық ойларға толы “Абсент”, “Бір хаттың ізімен”, халық батырларына арналған “Талғаттың биік аспаны”, “Қажымұқан” сияқты деректі шығармалары дүниеге келді.

1974 жылы  бір бөлімді “Сапардың жалғасуы”(опер.В. Васильченко) фильмін түсіреді. Киноочеркте Семей облысындағы ”Қаракөл” совхозының шопандары Б.Жанасылов пен С.Жақсыбековтердің бейнесі көрініс табады.

Экраннан қыс пен көктем мезгілінде уілдей соққан қыстың қатыгез бораны мен үздіксіз жауған жаңбыр астындағы   шопанның қажырлы еңбегі бейнеленеді. Міне тағы да бір көктем келді. Жаңа туған қозыларды тамақтандырып, аяққа тұрғызу секілді шаруалар толып жатыр. Бұл - қысы-жазы қайталанып отыратын шопан еңбегі. Очерк өзара әңгімелесіп келе жатқан жас жігіттер мен қыздар,  жайылып жүрген отар көріністерімен аяқталады.

О.Әбішев 1977-жылы “Сапардың жалғасуы” фильмімен рухани үндес екі бөлімді “Сын сағаты” атты публицистикалық деректі фильмін түсіреді. 1976-1977 жылдары Қазақстанда бұрынды-соңды болып көрмеген,  әсіресе, мал шаруашылығына орасан зор тауқымет ала келген қатты қыс болды. Режиссер фильмнің түсірілу тарихы туралы былай дейді: “Мәдениет минстрі Ләйлә Ғалымжанова шақырады дегенге барсам, ”Ореке, қыс қатты болып жатыр. Шопандар ерлік еңбек етуде. Соған байланысты фильм түсіру керек болып отыр”, - деген емеурін білдірді. Бұл - ақпан айының басы болатын. Қыстың біраз бөлігі өтіп кеткен. ”Жастар бар емес пе? Соларды жіберіңізші”, - деп едім, ол кісі: ”Ореке, ол жастардың көпшілігі қойдан қорқады (әзілдейді). Тіл білмейді. Оның үстіне сіз адамдармен тіл табыса білесіз, экономикамен жақсы таныссыз”, - деп көнбеске қоймады. Содан бірнеше оператормен фильмді түсіріп шықтық.

...Экранда сақылдаған сары аяз. Бел омыртқадан келетін қалың қар. Алай-дүлей бұрқасын. Жол бойы жем-шөп тиеген машиналар легі. Ен далада сайысқа түскен екі мықты: боран мен адам. Боран екілене соқса, Адам бар қайратына мініп, өрлене, өршелене түседі...

Фильмнің  алғашқы кадрлары-ақ дүлей қыстың атмосферасын енгізеді. Экраннан естілетін машина, трактор моторының гүрілдеген дауысы, көліктерін жол үстіне қалдырып, таяу жердегі елді мекенге жылынуға жүгіре басып бара жатқан жүргізушілер,  алдында қар тазалап, жол ашып келе жатқан трактор, соңында шөп тиеген машиналар көріністері өзінің кең көлемділігімен әсер қалдырады. Келген шөпті түсіріп, қойларға жем-шөп салып жатқан шопандар еңбегін тәптіштеп, егжей-тегжейлі көрсетеді. Әрбір көрініске қолданатын музыка характері экрандағы көрініспен сай келіп, фильмнің әсерлілігін арттыра түседі. Камера қозғалысы мен монтаж ырғағы, экрандағы оқиға көрініс мазмұнынан туындап жатады.

Фильмнің өне бойы бірде қысып, бірде бос жіберетін “серіппедей” әсер қалдырды. Мысалы, экрандағы сақылдаған сары аяз, уілдей соққан боран көріністері ширата түссе, ал, жайма шуақ ашық күн кадрлары керісінше босаңсытады. Бұл - әрине, атмосфераны сәтті бере білген оператор жұмысының шеберлігінің нәтижесі. Осыған орай, фильм монтажының ырғағы бірде жылдам  болса, енді бірде баяулай түседі.Сонымен бірге, режиссер нақты бір адамдарға, шаруашылыққа акцент жасамай, Қазақстанның бүкіл облыстарын қамтып, шолу жүргізеді.

Экраннан көптеген шопандар ерте түсіп, ұзаққа созылған қыс айларында басынан өткерген қиындықтар туралы әңгімелейді. Мысалы, жас шопан Қ.Жылқыбаев  боранды түндердің бірінде отардың жәй-күйін білуге қораға кіріп, қайтадан шыға алмай, үш тәулік бойы қамалып қалғандығын баяндаса, Ф.Қадырбаев мұндай қысты 1969-жылдан бері көрмегендігі туралы айтады. Бұл айтылған сөздер экраннан бүкіл республика шопандарының атынан айтылып тұрған секілді әсер қалдырады.

“Тіпті, біздер де фильм түсірер алдында дәл осындай көрініске тап боламыз деп ойлаған жоқ едік. Түсіру жұмыстарын наурыз айында бастадық. Соның өзінде бүкіл Қазақстан жерінде алай-дүлей бұрқасын соғып, қатты аяз болып тұрды. Жүргізушілер машиналарын жол үстіне тастап, жақын жердегі елді мекендерге баруға мәжбүр болғанын, шопандардың тіпті қысқа уақыттың өзіне отардан көз жазбау керек екендіктеріне куә болдық. Қой қораларын қар басып қалып жатты. Кинокамераларымызды мұз қарып, пленкаларымыз кәдімгі шыны секілді сынып жатты. Ал, жігіттер қолдарын үсітіп алып, камера ұстауға мүмкіндігі болмай қалған кездер де болды. Алайда, түсіру тобы өз жұмыстарын жалғастыра берді, - деп О.Әбішев ұзаққа созылған қыстың әлегі туралы әңгімелейді.

Сол жылы “Вечерняя Алма-Ата” газеті былай деп жазды: “Қазақфильм” студиясына КСРО Мемлекеттік Кино комитетінің өткен жылғы қатал қыста Қазақстандағы мал шаруашылығымен айналысатын адамдардың ерен ерлігі туралы түсірген ”Сын сағаты” фильмінің түсіру тобына батылдығы мен шынайы репортажы үшін алғыс жариялаған телеграмма келді. Фильмді қоюшы режиссер Қазақ ССР-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері О.Әбішев және  операторлар ауа-райының күрделі жағдайында түсіріп шықты. Олардың кинокамералары, тіпті, қатты боран кезінде де  тынбай жұмыс істеді”

Осылайша О.Әбішевтің “Сын сағаты” қарапайым еңбек адамдарының табиғаттың дүлей күшімен арпалысып, жанкешті еңбегін, батылдығын  бейнелейді.

О.Әбішев деректі кинода еңбек еткен жарты ғасырлық ғұмырында қаншама кейіпкерлермен жүздесіп, қаншама фильмдер түсірді. Сондай кейіпкерлердің бірі - “Мәукеннің ата мекені” фильміндегі отыз жыл автодүкен жүргізушісі болып еңбек еткен Мәукен Анаев. Режиссер фильмнің тақырыптық шешімін  Мәукеннің әңгімесі  арқылы жүргізеді.

Режиссер бұл туындыда да жүргізуші Мәукен,  шопандар туралы құрғақ баяндамай, айтар ойын белгілі бір көркемдік жүйеге енгізеді. Экраннан  үнемі жол үстіндегі, шопандар арасындағы Мәукенді көреміз. Сол арқылы қазақтың кең даласына, ондағы қарапайым шаруа адамдарына, олардың еңбегіне панорама жасайды. ”Мәукен өзін өзі білгелі, мына дала аптап ыстықтан көз ашқан емес. Қой шаруашылығының еңбегі ешқашан да жеңіл болып көрген емес. Шопан – шаршау-шалдығу дегенді білмейтін, табиғаттың сұрапыл құбылыстары алдында айылын жимайтын батыл адамдар...” - деген сияқты сөздер фильм атмосферасын, мазмұнын, айтар ойын аша түседі.

О.Әбішев фильмдерінің бір ерекшелігі - бастауы мен аяқталуының толыққанды мағына беруі. Бұл ерекшелік 1975 жылы түсірген “Жетісу жұлдыздары” фильмінде  кездеседі (опер.Ян Вон-Сик). Шығарма Талдықорған облысындағы қой шаруашылығы, жастар бригадасы, шопан еңбегі туралы поэтикалық формада әңгімелейді.

Ал, екі бөлімді “Ысқақовтың он екінші биігі” (опер. В.Нусимбеков) фильмінде шопан бейнесін көрсету өзгеше екенін көреміз. Оның ауыр да күрделі жұмысы деректі түрде,  шынайы кейіпте бейнеленеді. Фильм Бетпақдала өңірінің қолайсыз жағдайында еңбек етіп жүрген Социалистік Еңбек Ері Сатан Ысқақовтың отбасы, еңбегі туралы әңгімелейді. Фильмнен бірде-бір инсценировкалық кадрларды кездестірмейміз. Шопан туралы түсірілген кейбір фильмдердегідей жадағай мағлұматтық мінездеме көрінбейді. О.Әбішевтің бұл шығармасында стилистикасы, бейнелеу тәсілдері, ракурс, монтаж ырғағы да өзгеше. Кадр сыртынан айтылған  шопанның өмірбаяны жөніндегі мағлұматтарынан өзге, жора-жолдастарының әңгімесінен кейіпкердің бітім-болмысы анықтала түседі. Олардың әрқайсысының камера алдында өзін ұстауы, сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, айтқан сөздері Ысқақов бейнесін ашуға қосымша көмек береді, әрі толықтырады.

Еңбек адамына арналған фильмдердің бірі – 1984-жылы оператор К.Аманбаевпен бірге түсірген “Қалыбай бағы” фильмінде Қызылорда облысының солтүстігінде пайда болған жап-жасыл оазис, оны өз қолымен тұрғызған шопан, бүгіндері көзі жоқ Қалыбай Бекмұрзаевтың ісін жалғастырып келе жатқан ұрпағы жайлы баяндайды. Құм суырылып тұратын шөл даланы адамның өз қолымен жап-жасыл аймаққа айналдыруы - жанкешті еңбектің нәтижесі ғана емес, сонымен бірге өмірге, адамға деген үлкен махаббаттың нышаны еді. Фильмнің ең басты ойы - адам мен оның ұлағатты ісі ғасырлар бойы ізін жоғалтпайды, әрқашан оны жалғастырушылар табылады.

“Жиырма жыл бойы халық бұл жерді “Қалыбайдың бағы” деп атап келеді. Бұрын шөл далада ағаш отырғызып, бау-бақша өсіру ғажайып ертегідей болып көрінетін... Майданнан оралған Қ.Бекмұрзаевтың басты арманы-бұлақ көздері орналасқан жерде бау-бақша өсіріп, жап-жасыл аймаққа айналдыру еді. Басында көршілері бұл ойына сеніңкіремей, келеке-мазаққа айналдырды. Алайда, алған бетінен қайтпай, он жыл бойы еткен еңбегінің арқасында, шөл далаға жан бітті”, - деп басталады фильм.

Экранда пайда болған Қалыбайдың фотографиядағы бейнесі  кейіпкердің тірі күніндегі бейнесі сияқты әсер қалдырады. Соңына дейін экрандағы оазиспен бірге Қалыбайдың өзін көріп, сезгендей боласың. Бұл -ең алдымен, көріністер мен диктор мәтінінің мазмұны ұштасып, бірыңғай болып кетуінің нәтижесі. Режиссер жасыл бақты бірде алыстан, бірде жақыннан, әртүрлі ракурспен көрсетеді. Енді бірде бақтың өзімен тікелей бетпе-бет кездесіп, әрбір ағашын, жеміс-жидегін көріп, куә боламыз. «Мынау қурап қалған жансыз ағаштар - немқұрайлылық пен салғырттықтың куәсі. Бұл адамдар менің көзіме қалай қарайды? Жолдасым әрбір ағашқа қаншама еңбегін, маңдай терін, қаншама жылдарын сарп етті. Енді, міне, салғырттықтың соңы не күйге әкелген?”-дейді Қалыбайдың әйелі Қамар апай. Себебі, бір кездері Қалыбай отырғызған ағаштары бар жер басқа совхозға берілген. Қамар олардың күтусіз қалған жайын көріп, күйіне әңгімелейді. Жолдасының көзі кетсе де, бастаған тамаша ісін өлтірмей, бағып-қағып, балаларымен бірге көзінің қарашығындай сақтауда. Фильмде бақта еңбек етіп жүрген Қамар мен балалары, немерелерінің әрбір қимылы тәптіштеп көрсетіледі. “Күз жақындаған сайын Қалыбай бағында сазды әуенді жиі естисің. Шөл дала үшін таңғажайып жемістерді жинап алу үйреншікті іс болса да, бұл уақыт Бекмұрзаевтар үшін ең бір қуанышты сәт”, - дейді автор. Экраннан кең дастархан басында мол жемістен дәм татып отырған көршілері мен немерелерін көреміз. Яғни, Қалыбайдың бір кездері  талай жыл маңдай терін төккен еңбегінің жемісін оның ұрпақтары, бүкіл ауыл көруде”, - дейді режиссер. Фильм соңында қураған шөл даланың қақ ортасында орналасқан жап-жасыл оазисті көреміз. Алыстан ол кішкене арал болып көрінеді. Ал, оның ішіне үңіле қалсаңыз, дархан жүректің, жанкешті еңбекқорлықтың белгісін көресіз. Желмен бірге сыңси ән салған ағаштар мен сылдырай аққан арықтағы сумен бірге Қалыбайдың жүрек соғысын сезгендей боласың.

Фильм ойға, сезімге бай. Артық айтылған сөз, көріністер кездеспейді. Диктор мәтіні мен экрандағы әрбір көрініс бірімен-бірі қабысып, бірыңғай үндестік тауып жатады. Режиссердің шығармашылығына тән әуендік қасиет бұл фильмде де кездеседі. Себебі, мұнда айтылған ән, төгілген күй болмаса да, фильмнің әрбір кадры, монтаж ырғағы бойынан әйтеуір бір саздылық байқалады. Осы қасиет О.Әбішев фильмдерінің бәрінде де кездеседі. Сондықтан, олар жаныңды баурап, көз тартады. Бұл - режиссердің ішкі жан-дүниесінен туындап жатқан - адамға, өмірге деген құрмет пен сүйіспеншіліктің нәтижесі.

Жарты ғасырлық шығармашылық ғұмырында О.Әбішев қаншама адаммен жүздесіп, қаншама адам тағдырын экранда бейнеледі. Әрбір фильм сайын кейіпкерлерінің бір-біріне ұқсамас өзіндік ерекшелігі, тағдыры, мінез-құлқы көрініс тапты. Режиссер әрбір шығармасының тақырыптық шешімін әрқалайша тауып, әртүрлі жанрда көрсетеді.

О.Әбішев шығармашылығының өте көп бөлігі еңбекке, қарапайым еңбек адамдарына арналғанын көреміз. Сыртқы әдемілікпен әуеленбей, еңбек адамдарының күрделі еңбегіне мән аударып, сабырлы, байсалды кейіпте көрсетеді. Бұл үшін әртүрлі кинематографиялық әдістерді қолданады. Тек бір фильмге қолданған әдіс штамп болып қала бермейді. Сондықтан,  әрбір фильм шығармашылық  ізденіске айналды.

О.Әбішевтің шығармашылығында өнер, соның ішінде қазақ халқының ардақты ұл-қыздары туралы фильмдер жиі орын алды. Бұл кездейсоқ емес еді. Себебі, О.Әбішевтың өзі жастайынан өлең-жырмен сусындап өсті. Өнердегі алғашқы жолын әнші болудан бастады. Сондықтан да болар, “Дина”, “Мұқан Төлебаев”, “Халық таланттары”, “Құрманғазы атындағы оркестр”, “Сәлем Москва”, “Ән мен жыр дүлділі”, “Қазақстан әндері” сияқты өнер тақырыбына түсірілген фильмдерде ғана емес, барлық шығармаларында  әнге, өлең-жырға кезек беру жиі кездеседі. Белгілі кинотанушы Қ.Сиранов былай дейді: “Ораздың режиссерлігін, қолтаңбалық ерекшелігін айтқанда, оның фильмдерінің әуендік қасиетін даралап көрсету орынды. Әсіресе, ән оның туындыларының қан тамырларында бірге ойнап, фильмнің сюжеттік жүйесімен бірігіп кетеді”.

Өнер адамдары туралы фильмдер сериясының көш бастауы Әбішев шығармашылығының алғашқы жылдарында-ақ, 1947 жылы қазақ халқының даңқты күйші қызы Дина Нүрпейісова туралы түсірілген "Дина"  фильмінен бастау алды. Фильмінің қандай жағдайда түсірілгені туралы режиссердің өзі былай деп еске алады: “Күйші анамызды қыс айында түсірдік. Үйлерде от жағылмайды. Қаңтардың қақаған аязының өнермен де, өмірмен де шаруасы жоқ. Қандай суық мезгіл болсын, Құрманғазы атындағы оркестр тынбай ойнауы шарт. Дирижер А.Жұбановтың да, домбыра тартып отырған Динаның да қолдары қайта-қайта тоңып, кезек-кезек олардын қолдарын уқалаймыз. Осындай қиындықтарға қарамай, 85-тегі қарт күйші бәріне шыдады”.

“Дина” фильмінде атақты күйшінің көзі тірісінде өзінің орындаушылық мәнерімен түсіріліп қалған бірнеше күйлер бар. Режиссер күйшінің бейнесін, тағдыры мен шығармашылық жолын ол өмір сүрген уақытпен тығыз байланыста көрсетуге,  әр күйдің туу тарихына мән аударуға талпынады. Мысалы, экранда "16-жыл" күйін тартып отырған Дина көрінісінде  “Амангелді” фильмінен алынған Амангелді сарбаздары көрінісін қолданады.   Фильмде Ж.Жабаев пен Динаның кездесу көріністері де бар. Экраннан басына мол шәлі ораған ұзын бойлы қарт ананың салалы саусақтары қоңыр домбырадан саз төгеді. "Ақсақ киік" кең далада сағымдай бұлдыраған табынына жете алмай шоқандап барады. Домбыра бірде өткенді айтып мұңайса, енді бірде Сарыарқаның самалындай шат өмірді шалқи жырлайды.  Режиссер фильмнің басынан-ақ күйші бейнесін жалқы түрде алмай, халықтың өткен тарихымен, болашақ ұрпақпен байланыстыра отырып, бейнелік жүйеде көрсетеді. Домбыраның ұрпақтан-ұрпаққа, дәуірден-дәуірге жетіп отырғанын баяндайды. Фильмнің бірінші бөлімі қысқа, әрі пролог ретінде қызмет атқарады. “Дина” фильміне диктор мәтінінің мазмұнына орай иллюстрациялық көріністер қолдану тән. Мысалы, экранда кең байтақ дала, құм арасында жылжып бара жатқан жылан, көне ескерткіш,  қаз-қатар тізіліп бара жатқан керуен, салт аттылар көрініс тапқан кадрлар: “Қазақтың мынау құмды даласында, мұнау көне ескерткіштер жанынан қанша қатігез ғасырлар керуені өткен. Әр ғасырдың өз жыршысы болған. Олар халықтың арманы мен қайғы мұңын домбыра арқылы жеткізеді”  - деген диктор мәтініне иллюстрация ретінде қолданылады. Фильмде А.Жұбановтың Дина шығармашылығын зерттеп, оны нотаға түсіру сәтін бейнелейтін  кадрлар бар. Фильмнің ең соңында сахнада оркестрмен бірге күй орындап отырған Дина мен көрермен залы көрсетіледі. Әуелей төгілген сазды күй біртіндеп барып тынады да, көрерменнің қошеметтей соққан ду қол шапалағымен ұласып кетеді. Фильмнің монтажы – сол жылдардың деректі киносына тән жылдам ырғақты.  Ораз Әбішев шығармашылығының бірден-бір ерекшелігі - әрбір фильм сайын жоғарғы кәсіби шеберлігінің арта түсуі, сонымен бірге айтар ойының тереңдеп, поэтикалық сарын, романтикаға толы, азаматтық пафос деңгейіне жетуі. Әсіресе, режиссердің 60-70-80 жылдары түсірген фильмдерінің көпшілігі ой- толғанысқа толы болуымен ерекшеленеді. Соның ішінде “Бір хаттың ізімен” (1969ж), “Абсент” (1974ж) фильмдері шоқтығы биік тұрған туындылар. Әр жылдары түсірілген бұл шығармаларға тән ортақ қасиет - автордың күнделікті өмір тынысы көріністерінен нәзік сезім иірімдері мен терең ойларға жетелейтін құнды шығармалар екендігі. О.Әбішев шығармашылығының тағы бір ерекшелігі - оның ұлттық негізінде, халық даналығы мен ақыл-ойын көркемдік формаға енгізе білгендігінде, халықтың өмірін экранда шынайы бейнелей алуында.  1969 жылы түсірген “Бір хаттың ізімен” атты фильмі (сцен.авт.О.Әбішев, М.Портной, опер. Е.Беспрозванных, Б.Гутлин) алғашқы кадрларынаан-ақ ойға жетелейтін философиялық ойларға толы, мазмұны терең шығарма. Теңіз суына жас баланы шомылдырып жатқан әйел. Үнсіз жатқан теңіз. Бұл көріністер кадр сыртынан оқылатын диктор мәтінімен ұласады: “Тұңғыш перзентін теңіз суына шомылдыру салты ежелден сақталынып келеді. Жас жеткіншек, ақыл-ойың теңіз суындай терең болсын. Теңіздей жаның кең болсын”. Одан кейінгі көріністерде құмды далада түйе үстінде келе жатқан балалар көрінеді. “Ата –бабамның бойына сіңген қадір-қасиетін табиғаттың өзі сыйға тартқан. Мынау көсіліп жатқан кең даладан - рухтың еркіндігін, ұйытқи соққан самал желден - құдіретті тынысын, мынау тегіс жазықтардан - бірқалыпты, салиқалы мінезін, суырылып жатқан құмнан - көшпендінің тұрмысын алған...”,- деп режиссер фильмнің ең басында-ақ шығарманың болашақ айтар ойынан мағлұмат береді. Сонымен бірге, жоғарыда келтірілген көріністер пролог қызметін атқарып, бірден-ақ шығармаға лирикалық және поэтикалық сарын енгізеді.  Фильм Арал теңізі мен ондағы балықшылар тағдыры жайлы сыр шертеді. Шығарманың тақырып аясы тек мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Көпшілік бұл фильмді Арал балықшыларынан Поволжьедегі аштыққа ұшыраған халыққа көмек беруін өтінген В.И.Лениннің хаты,  балықшылардың күндіз-түні аянбай еңбек етіп, қалай көмек бергені туралы деп жазады. Мысалы, кинотанушы К.Айнағұлова: “Бұл - Аралдық қарт балықшының өз жерлестерінің В.И.Ленин телеграммасына қалай жауап бергені, тыным таппай еңбек етіп, соңғы балыққа дейін, Поволжьедегі ашыққан адамдарға жібергені туралы әңгімесі” - дейді. Ал, белгілі деректі кино режиссері И.Верещагин: “Бір хаттың ізімен” фильмі - тақырыбы жағынан тарихи мазмұндағы шығарма. Ол В.И.Лениннің Арал балықшыларынан көмек сұрап жазған хаты жайлы баяндайды. Фильмде киношежіреден алынған тарихи деректер мен кадрлер жиі кездеседі. Бұл деректерде қымбатты Ильичтің үндеуіне балықшылардың қалай жауап бергені туралы айтылады”, - дей келе, фильмнің негізгі тақырыбын Лениннің хатына ғана әкеліп тірейді. Жоғарыда бұл шығарманың тақырып аясы кең, мазмұны терең деп айтып өттік. Фильмде К.Айнағұлова, И.Верешагин айтып өткен көріністер кең тақырыптың аясында ғана айтылады.  Фильмнің негізгі тақырыбы бірін-бірі толықтырып отыратын бірнеше кішігірім тақырыптардан тұрады. Ал, ең негізгісі - ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отыратын балықшылар туралы, олардың күнделікті еңбегі жайлы баяндайды. Бұл тақырыптың кілтін режиссер сәтті табады. Мұны ол кешегі ұрпақ пен бүгінгі жас ұрпақты көрсету, яғни кадр ішіндегі контраст арқылы баяндайды. Мысалы, экраннан түйе жетектеген жас баланы көреміз. Бұл - жақында сегізге келген Құттыбай. Осыған қарама-қарсы көрініс ретінде  сексен жастағы Сыдық Жайсанбаев ақсақалды көрсетеді. Немесе жақында құрметті демалысқа шығатын Жұмамбет пен теңізге тұңғыш балық аулауға шыққан Аманбайды бейнелейтін кадрлар арқылы режиссер бір ұрпақтың орнына жаңа ұрпақ келіп, алдыңғы аға буын еңбегін жалғастырып жатқандығын баяндайды. Фильм композициясы теңіз- ақсақал- жас ұрпақ қатынасы негізінде құрылған. Ақсақал бір кездері Ленин жолдаған хаттың куәсі болса, оның қиын да күрделі балық аулау ісін балалары мен немерелері, жас буын жалғастыруда. Фильмнің негізгі үш кейіпкері бар. Ол - теңіз, ақсақал, жасбуын. Теңіз мұнда кәдімгі жанды кейіпкерлердің бірі іспетті, сонымен бірге қаншама адам тағдырының куәсі болған, қаншама өмірдің ізі сайрап, талай ғасырдың құпиясын қойнында сақтап жатқан кәрі дана қызметін атқарады. Теңіз үнсіз. Алайда, бұл үнсіздіктің өзінде айтылатын көп сыр бар. Фильмдегі ақсақал да дәл осылай көрсетіледі. Теңіз бен ақсақал бейнесі бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл теңіздің сыры екеуіне ғана аян. Тек, ақсақалдың ғана емес, оның үрім-бұтағының, жақын- туыстарының,  ауыл- аймақтың тағдыры теңізбен біртұтас.  Сондықтан, режиссер бірде- бір көрінісін теңізсіз баяндамайды. Фильмде теңіз, кеме көріністері мен қайық үстіндегі балық аулаушылардың балық аулау сәттері қайталанып, жиі көрсетіліп отырады. Тек бұл ғана емес, теңіз жағасындағы ауыл өмірін бейнелейтін кадрлар да фильм атмосферасына шынайылық пен нанымдылық енгізеді. Яғни ,теңіздегі балықшылар жұмысы мен жағалаудағы тіршілік тынысы параллельді түрде көрсетіліп отырады. Фильмдегі балықшылар, ауыл адамдары өмірінен алынған әрбір  көрініс алғашында поэтикалық белгілерден тысқары сияқты көрінгенімен, олардың жиынтығы шын мәнінде поэтикалық мазмұнға ие болады. Себебі, поэтика белгілері әрбір көріністе, әрбір кадрдың өзінде жатыр. Сонымен бірге, әрбір көріністерде деректілік нышан бар, олар бейнебір жасырын камерамен түсірілгендей. Камера балықшылардың әртүрлі сәттегі қимыл-қозғалысын, бет жүзіндегі өзгерістерді, мінез- құлқындағы кейбір белгілерді бейнелейді. «Бір хаттың ізімен» фильмінің әсерлі болуының тағы бір себебі – сөздің аз қолданылып, экрандағы әрбір көріністің табиғи түрде шынайы берілуі, сонымен қоса дыбыстың сәтті қолданылуы. Мысалы, балықшының біркелкі емес, бай интонацияға толы дауыс ырғағы мен айтқан әңгімесі теңізбен, уілдей соққан желдің шуымен ұласып жатады. Мұндай көріністер фильмде көптеп кездеседі. Фильмде хаттың мазмұны мен Арал балықшыларының ерен еңбегі туралы ғана сөз болмайды. Бұл көріністер кешегі мен бүгінгі күнді салыстыру ретінде фильмнің айтар ойын аша түседі. Кешегі 1921 жылдың оқиғаларын өз көзімен көрген ақсақалдың жерлестері арасында отырып, хат тарихы жөнінде еске алу ретінде ғана фильм композициясына енеді. Экранда Поволжьедегі аштық туралы хроникалық көріністер: аштықтан әбден ісініп кеткен жас балалар, әр жерде жатқан өлі адамдардың денесі, сүйек теріп, кеміріп жүрген сәбилер...  Балықшылардың берген көмегін көрсету үшін теңіз, түйелердің күшімен балыққа толы ауды сүйреп шығарып жатқан көріністерін қолданады. Сонан кейін ғана бүкіл экранда хат мәтіні пайда болады. Келесі кадрлар ауды біріге тартып жатқан балықшыларға, олардың жауап хатына, аудандық комитет хатшысы Төлеген Медетбаевтың бөлмесіне ауысады. Фильмнің көріністері біртіндеп бүгінгі күнге қайта оралады. Осындай көріністер арқылы режиссер әке ісін бүгін баласы жалғастыруда деген ойға әкеліп тірейді. Фильмде өзгермейтін бір-ақ нәрсе бар. Ол - теңіз. Теңіз көрінісі экранда жиі қайталанып отырады. Бұл көріністер фильмге лирикалық нышан береді, мазмұнын тереңдете түседі. Егер, теңіз көрінісін сиретер болсақ, онда фильм тек балықшылар мен Лениннің хаты жөнінде ғана болып, тақырып аясы тарылған болар еді. Ал, бұл көріністердің (теңіз) жиі қайталануы шығармаға терең мазмұн мен философиялық ойлар енгізеді. Фильмде “Аралдың суы күннен-күнге таязданып, жағалаудан алыстап барады...” деген сөздер бар. 1968-1969 жылдары экраннан мұндай сөздерді тікелей айту үлкен ерлікпен бірдей еді Осы сөздер үшін фильмді ұзақ уақыт экранға шығаруға рұқсат берілмеді. Фильмнің соңғы кадрлары да поэтикалық сезімдерге толы. Экранда үйлену тойы өтіп жатыр. Кеме үстіндегі күйеу мен қалыңдық, теңіздің үстіндегі кеме, қайық, балықшы, қой- қозы айдап келе жатқан әйел... Бұл көріністердің бәрі де күнделікті өмірден алынған жәй ғана деректі көріністер сияқты көрінгенімен, фильмге поэтикалық нышан береді. “Бір хаттың ізімен”   -  теңіз балықшылары, олардың өмірі туралы жазылған поэзиялық немесе музыкалық шығарма ретінде әсер қалдырады. Режиссер мұндай нәтижеге әсерлі сөздер мен сазды музыка көмегінсіз, өмірдің өзінен алынған күнделікті көріністерді жіті бақылап, ассоциативті қорытынды жасау арқылы жетеді. Бұл көріністер фильмге лирикалық-поэтикалық леп береді. Лирикалық әңгімеге деген талпыныс операторлық ракурстардан, монтаждық ассоциалардан анық сезіледі. Фильмнің негізгі идеясы мен тақырыбы әрбір кейіпкерге, әрбір затқа үңіле, қадағалай қарап, олардың қақтығуысынан келіп туындайды. Бұл шығарманың ең басты ерекшелігі - оның фактуралығында. Фильмде өмірдің күнделікті прозасы мен одан алынған поэзия бір арнада тоғысады. Фильмнің ең соңғы кадры да ойға толы .Теңіздің үстіндегі қайықтағы жас балалар. Олардың алдында -  үлкен кеме. Фильм осы көрініс арқылы алдыңғы балықшылар буынының соңында ілесіп келе жатқан ізбасарлары бар деген оймен аяқталады. О.Әбішевтің ой-толғанысқа толы тағы бір туындысы - 1974 жылы түсірілген “Абсент - Араб пен Баққара ұрпағы” фильмі (сц.авторы О.Әбішев, А.Бекмұхамедова; опер. А.Байұзақов) кезінде дүние жүзі ипподромдарында талай жеңіске жетіп, “жұлдыз” атанған Абсент атты тұлпардың қартайған кезі туралы әңгімелейтін мұңды повесть. Бір кездері Англия, Жапония, тағы басқа елдерде өткен күрделі спорттық номірлерді орындауда алдына жан салмай, неше дүркін чемпион атанған кешегі сұлу Абсент бүгін әбден қартайған, Жамбыл облысындағы Луговой жылқы заводында құрметті демалыста. Фильм тек Кеңес Одағы бойынша бірінші болып ат спортынан Римде өткен олимпиадада алтын медальді жеңіп алған белгілі спортшы Сергей Филатов және бүкіл дүние жүзін таң қалдырған Абсенттің кешегі “жұлдызды” қалпын бүгіндері жоғалтқаны туралы мұңды әңгімемен шектеліп қойса оншалықты қызықты бола қоймаған болар еді. Автор шығарманың көркемдік шешімін табуда өзгеше тәсілді қолданады. Режиссер тұлпар тағдырын оны күтіп-бағушы қарт кісінің ішкі монологы, оның философиялық ой-толғаныстары арқылы жеткізеді. “Егер мен сиқыршы болсам, кәрілік дегенді болдырмас едім. Бұл әрине, тек өзім үшін емес. Күн өткен сайын жақын досыңның қартайғанын көру қиын екен. Көктем соңынан көктем, жыл соңынан жыл өтіп, еске алу мезгілінің қалай келгенін де байқамай қаласың. Енді, қарт Абсентке қараймын да, оның бір кездегі жұлдызды жастық шағы көз алдыма келеді”, - деп бастайды қарт күтуші өз ойларын. Ол тұлпардың жастық шағы мен бүгінгі мұңды кейпі туралы толғанады. Бұл ой–толғаныстар экрандағы бөренелерден оп-оңай қарғып өтіп жатқан жас тұлпарлар көрінісімен ұласып отырады. Келесі кадрда ат қорасынан сыртта өтіп жатқан көріністерге көз салып тұрған қарт Абсентті, оның мұңды көздерін көреміз. Режиссер күтуші ақсақалдың әңгімесінен өзге жаңағы айтылған көріністердің қақтығысы арқылы көрерменді терең, мұңды сезімдерге жетелейді. “Кім біледі, жылқы баласы түс көре ме, жоқ па? Меніңше олар түс көріп, хош иісті жасыл шөп пен анасының ақ сүтін еске алып отырады”, - деп жалғастырады өз ойын күтуші қарт. Фильмде спортшы С.Филатовтың синхронды түрде жазылған әңгімесі келтіріледі: “Иә, Абсент - есімі тарихта қалған тұлпар. Менің өмірімнің онымен көп байланысы бар. Ат спортында бұрынды-соңды  Кеңес Одағы спортшыларынан бірде-біреуі олимпиада ойындарында медальға ие болмаған еді. 1961 жылы Батыс Германияда өткен олимпиада кезінде Абсент туралы баспасөз беттерінде “корольдардың ішіндегі король” деп жазған болатын. Тек жарыс кезінде емес, жаттығу сәтінде де қасынан адам арылмайтын, бәрі оған қызыға қарайтын”, - деп атақты спортшы есіне алады. Фильмде бірнеше елдердің ипподромдарында өтіп жатқан жарыстар туралы хроникалық көріністер көрсетіледі. Алайда, бұл көріністер тек хроника қызметін ғана атқармай, Абсенттің биографиялық тарихы туралы баяндап, мағлұмат береді. “Абсент” фильмінің ең бір шырқау шегі - С.Филатов пен Абсенттің кездесу сәті... Кездесу кезіндегі спортшының да , Абсенттің де көздерінен мұңды көреміз. Бұл әсерлі көріністер олардың кездесу сәтін сырттай бақылап жүрген қарт күтушінің ой- толғаныстарымен ұштасып, тереңдей түседі. “Жылдар өткен сайын достарымыз да , өзіміз де өзгереміз. Адамнан гөрі жылқы баласы тез қартаятынына қолданар ешқандай шараң жоқ.  Уақыт жылжыған сайын Абсенттің орнын басар басқа тұлпар келеді, оның атақ-абыройын өзгелер жалғастырады. Бірі кетеді, бірі келеді... Өмір заңы осылай”, - дейді ол. Экраннан ат қорасының алдында отырған ақсақалды көреміз. Көздерінде, жүзінде мұң табы. Фильм осылайша Абсенттің тағдыры, қарт күтушінің өмір жайлы, кәрілік туралы толғаныстары туралы терең ой қозғап, сыр шертеді.             Бұл фильм жайында кинотанушы К.Айнағұлова былай деп жазады: “Абсент” деректі фильмі - терең психологизмге толы шығарма. Өмірде шын болған тұлпар кәріліктің аллегориясы іспеттес. Оның тағдыры өмірдің қас-қағым сәтінде өтіп кететіні, жасаған үлкен істерінің ізі ешқашан жоғалмайтыны туралы ой–толғанысқа жетелейді. Фильмнің нәзік лиризмге толы болуы деректі экранның көркемдік бейнелеу мүмкіндіктерінің бай екендігін дәлелдейді”.  Ал, Қ.Сиранов “Огни Алатау” газетінде жарияланған “Экран ардагері” атты мақаласында бұл фильмді жоғары бағалай келіп, “О.Әбішев Абсенттің бейнесін, оның тағдырын күтуші қазақ шалдың ішкі монологы арқылы берілген философиялық толғаныстардың объектісі ретінде алады...”, - деп жазды. Жоғары көркемдік деңгейде түсірілген “Абсент” лирикалық шығармасы кезінде спортқа арналған фильмдердің Бүкілодақтық кинофестивалінде дипломат атанды.  “Абсент” фильмі түсірілгеннен кейін  бірнеше жыл өткен соң, сценарий авторларының бірі А.Бекмұхамедова былай деп еске алады: “Мен алғаш кино саласына келгенімде Орекеңмен бірге атақты,  дүние жүзіне мәлім сәйгүлік Абсенттің өмір жолын баяндайтын фильм сценарийін жазғанда өзімнің әлсіздігімді сезіндім. Сол кезде, бұл жұмыста үлкен тәжірибелі Орекең көмек көрсетіп, жанашырлық жасады. Біз С.Филатовпен жүздесіп, әңгімелестік. Қарт күтушімен достасып та кеттік. Оның Абсентке деген шексіз махаббаты бізді өте таң қалдырды... Фильм дайын болғанда, қуанғаннан жылап жібердім. Бұл - фильм авторының бірі болып қатысу бақытын сезінген жас емес, шынайы өнер туындысын көру бақытынан туған жас болатын. Екіншіден, шынайы өнер иесі Ораз Әбішев секілді талантты режиссермен бір фильмде жұмыс істеп, көп нәрсені үйренгенімнің қуанышы, әрі Орекеңе деген рахметімнің ыстық жасы еді...” “Бір хаттың ізімен” фильмінде теңіз, қарт балықшының өмірі ұрпақ пен ұрпақтың алмасуы туралы ой-толғау жүргізуіне арқау болса, “Абсент” филімінде атақты сәйгүліктің өмірі қарт күтуші ойларының объектісіне айналады. О.Әбішев көптеген тамаша туындылар түсірді. Бірақ,  ең бастысы оның санында, тіпті сапасында да емес. Ең алдымен, бұл шығармалардың ұлттық нақышқа тұнып тұрғандығын, әрі уақыт белгісін көруге болады. Жоғарыда аталып өткен фильмдердің әрбір кадрында қазақ халқының ішкі жан-дүниесі, өзіндік дүние танымы бейнеленген.

Қазақстан деректі киношеберлерінің 1960-70 жылдардағы шығармашылығы

Деректі кино өнерінің жаңа принциптері көптеген аға буын қазақ кинематографистерінің шығармашылығында көрініс тапты. Солардың бірі И.Верещагин  былай дейді: «Мен кино өнеріндегі алғашқы қадамымды 1945 жылы бастадым. Ол кездегі деректі кино өнерінің бағыт-бағдары қандай күйде болғаны қазір бәріне белгілі. Ендігі жерде сыртқы әдемілік иллюстрациядан тұратын көріністердің орнына шынайы болмысты терең зерттеу кезеңі келді. Бұл үрдіс режиссерлардың әрқайсысынан шығармашылық ұстанымын қайта қарастыруын талап етті. Өз басым ұзақ  жылдар бойы қалыптасқан тәсілден арыла алмадым. Шынын айту керек, тығырыққа тіреліп, өзіме деген сенімімді жоғалта бастадым. Кейде «мүмкін режиссурамен қош айтысып, қолынан іс келетіндерге жол беру керек шығар» - деген ойлар мазалап жүрді. Көп ұзамай бүкіл  шығармашылық қолтаңбамның өзгеруіне себеп болған фильмді түсіруіме тура келді...» («Новый фильм»№1971 №13).

Бұл - революцияға дейін шетелдіктердің қолында болған Риддердің тарихы туралы әңгімелейтін «Кенді Алтай үстіндегі шұғыла» («Солнце над рудным Алтаем» - 1968ж, сц.авт.В.Абызов, опер.И.Антонов,О.Караваев, Н.Носов, Ю.Стебут) фильмі болатын.  «Кенді Алтай үстіндегі шұғыла» - архив құжаттарын, жүйеленген тарихи  деректерден тұратын фильм –зерттеу. И.Верещагин осы шығармасымен зерттеуші-документалист екендігін дәлелдейді.

Режиссердың құжаттармен жұмыс істеу барысында ерекше көркемдік шешімін таба білу қасиеті «Достоевский Қазақстанда» (1971ж, сц.авт.Н.Дунаева, опер.И.Васильченко, Н.Носов) фильмінде көрініс табады. Фильм жазушының Семей қаласында тұрған жылдарымен байланысты құжаттар, хаттар, фотографияларды қолдана отырып, жазушының сол кезеңдегі өмірін зерттейді. Түрмедегі ауыр күндері, сүйікті әйелі екеуі арасындағы күрделі қарым-қатынас, «Дядюшкин сон» және «Село Степанчиково и его обитатели» шығармалары жазылған кездегі тұрмыс-ахуалы, Шоқан Уәлиханов екеуі арасындағы достығы туралы жан-жақты зерттеу арқылы, Ф.Достоевский өмірінің белгілі бір кезеңін терең ашуға тырысады. Кадр сыртынан айтылатын диктор мәтіні хаттар мен құжаттардың негізіне құрылады. Бұл фильмнің бейнелік қатарын толықтырып, монтажды түрде байыта түседі. Диктор мәтіні мен экрандағы көріністер фильмнің негізіне алынған көркемдік тәсілге тұтасымен бағынады. Әсемдік пен көркемдікті кейіпкерді қоршаған адамдардың сұрғылт, тұрпайы қылықтарымен салыстыра отырып, мазмұндық тұрғыдан  қарама-қарсы қояды.

И.Верещагиннің фильмдері республикамыздың тарихы мен сол уақыттағы маңызды құбылыстарды қамтиды. 1975 жылы түсірген «Туған үй мен бөтен ел» («Родной дом и чужбина»-сц.авт.Л.Вайдман, опер.В.Васильченко) фильмінде Қазақстанда тұрып жатқан немістер өздерінің тарихи отаны ФРГ-ға көшіп кетіп, қайта оралуы көрсетіледі. Шығарманың ең ұтымды тұсы – көріністердің репортаж тәсілімен сәтті түсірілуінде болды.

Аға буын режиссерлардың бірі О.Зеккидің есімімен 1960-шы жылдардың басында түсірілген «Өз қалаңның абыройын сақта» («Береги честь своего города») деректі фильмдер сериясы мен «Дорога из мрака» (1960ж.сц.авт.В.Раппопорт, Л.Климов, Т.Жалмағамбетов, опер. О.Зекки,В.Шаталов), «С ножом за пазухой» (1966ж.сц.авт.В.Раппопорт, реж. О.Зекки, Г.Емельянов, опер.О.Караваев), «Прикрываясь религией» (1970 ж. сц.авт.В.Раппопорт, опер.В.Васильченко, Б.Сигов) фильмдерімен тығыз байланысты. Бұл шығармалардың әрқайсысы жанр ерекшелігіне, тақырыбына байланысты түсіру жұмысының спецификалық тәсілдерін қолдануды талап етті. Яғни, деректі кино өнерінде кеңінен орын алған негізгі түсіру тәсілдері – жасырын камера, синхронды жазу, кинобақылау... қолданылды. Бұл - Совет деректі киносында  қолданысқа жаңа ене бастаған тың тәсілдер болатын. О.Зекки шығармаларының ішіндегі ең  үздік публицистикалық фильмдерінің бірі ретінде «Мұнда мен өз үйімдемін»(«Здесь я дома»- 1974ж.сц.авт.Л.Толстой, А.Кудрявцев, опер. Б.Сигов, В.Васильченко) фильмі ФРГ-да  «Кильфсверк» ұйымының Қазақстанда тұратын неміс азаматтарын үгіттеу жұмысы туралы әңгімелейді. Шығармада М.Роммның «Обыкновенный фашизм» фильмінен алынған көріністер қолданылады. О.Зеккидің шығармашылығы – Қазақстан деректі киносы тарихында өзіндік алар орны бар ерекше құбылыс. Режиссер өз фильмдерінде 1960-70-ші жылдары совет деректі киноөнерінде талас-тартыс тудырған көркемдік бейнелеу мүмкіндіктерін сәтті және өз орнымен қолданады.

Режиссер М.Дулэпо – 1960-70-ші жылдары “Қазақфильм” киностудиясында жұмыс істеген, шығармашылық ерекшелігімен қызықты, өзіндік мәнері бар фильмдердің авторларының бірі. «Шопандар досы» («Друзья чабанов») фильмі шопандар алдында өнер көрсетіп жүрген автоклуб әртістерімен таныстырады. Шопандар жүрегін әдемі ән-күйімен тербеген жас әнші, күйші, бишілердің шығармашылығы туралы айтылатын бұл қысқа ғана әңгімеде қазақ халқының өнерге деген сүйіспеншілігі, кейіпкерлерінің рухани байлығы көрініс табады. Фильмге шынайы болмысты, көріністерді әдемілеу, әсірелеу қасиеті жат. Кейіпкерлерден алынған сұхбат немесе кадр сыртынан айтылатын толғаныстар кездеспейді. Шығарманың авторлары өмірден алынған күнделікті көріністерді нақты және ықшам түрде бейнелей отырып, малшылардың ерен еңбегі мен олардың достарының өнеріне сүйіспеншілікпен көз салып, құрметтеу сезімін бейнелейді.

Өмірдің шынайы болмысы мен оқиғаларына, көріністерге сенімділікпен көз салу, бақылау принципін негізге ала отырып түсірген тағы бір фильм – толықметражды «Маңғышлақтың аптап ыстығы» («Жаркое лето Мангышлака» -1969ж. сц.авт.В.Раппопорт, М.Дулэпо. опер. Ю.Литвяков).  Фильм   Маңғышлақ түбегіндегі мұнай мен газдың бай қоры, көне дүниенің көзі ретінде сақталып қалған тарихи ескерткіштер  туралы әңгімелейді. Маңғышлақ өлкесінің көркеюіне, өркендеуіне алғаш ат салысқан: бұрғышылар Ж.Тоғжанов пен В.Иванов, геолог М.Токарев, архитектор М.Левиндердің Маңғыстаудың  бүгінгі күнгі өзекті мәселелерін қозғайды. Фильм авторлары мұнайшылар мен құрылысшылардың күнделікті еңбек процессін бақылауға мүмкіндік береді және олардың мінез-құлқына назар аудартады. М.Дулэпо 1968-жылы «Түрксіб жер қазушылары» («Землекопы Турксиба», сц.авт.В.Рапопорт, опер.Ю.Гибов, Ян Вон Сик) фильмін түсіреді. Түркістан-Сібір темір жолының құрылысын салушылардың естелігіне сүйене отырып, басынан өткерген қиыншылықтар көрініс табады. Сол кейіпкерлердің бірі, қарт жол қараушы Мұхаммед Жарболов былай деп еске алады: «Ауылға Москвадан инженерлер мен зерттеушілер келді. Осы даладан сонау Сібірге дейін созылып жатқан темір жолдың өтетін жерлерін белгілей бастайды. Алып құрылысқа ауыл адамдары тайлы-таяғы қалмай аттанды». Түрксіб темір жол құрылысы жөнінде Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеев, инженер Мұстафа Қазыбеков, теміржолшы Ж.Омаровтардың әңгімесі арқылы, олардың ой-арманына, толғанысына, бүгінгі күнгі тыныс-тіршілігіне барлау жасайды.

М.Дулэпо «Болашаққа талпынған» («Устремленные в будущее»-1969ж), «Қазақстан - жерім менің»(«Казахстан - земля моя»-1970 ж), «Хлеб наш целинный» (1972ж), «Москва, сенімен бірге» («С тобою, Москва»-1973ж), «Чтобы небо было ясным»(1975ж) фильмдерін түсіреді.

Деректі кино өнеріндегі алғашқы жолын 1947 жылы түсірілген «Біздің рапорт» фильмінде оператор ретінде бастаған И.Чикноверов-«Қазақфильм» киностудиясының тәжірибелі операторлары мен режиссерларының бірі. Ол 1960-70 жылдары әрқилы тақырыпта, оның басым бөлігі ғылыми-көпшілік жанрында түсірілген, отыздан астам фильмнің авторы. Бұл шығармалар режиссердың биік деңгейдегі кәсіби  шеберлігін дәлелдейді. «Қазақстан құрылыстарында қамысты қолдану» («Применение камыша на стройках Казахстана»-1960ж,сц.авт.Г.Басенов, Т.Жүнісов, А.Долгих, опер. В.Васильченко) фильмінде құрылыстарға қамысты қалай дайындау және пайдалану тақырыбы көтеріледі. Қамысты плиталарды әзірлеудің түрлі әдістері, олардың сапасы туралы жан-жақты баяндайды. Ғылыми-көпшілік жанрында одан кейінгі түсірген «Борьба с ветровой эрозией почв»(1963ж), «Новое в обслуживании диспетчерской централизации»(1964ж), «Скоростная проходка горных выработок»(1965ж), «Легкая и пищевая промышленность Казахстана»(1967ж) фильмдерінде Қазақстанның  ауыл шаруашылығында маңызды болған ғылыми  мәселелерді қамтиды. Яғни, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптерде қолданылатын шикізаттар мен техникалық жетістіктер туралы баяндалады. И.Чикноверовтың  режиссерлық шеберлігі 1975-жылы түсірілген «На перекор засухе» фильмінде айқын көрінеді. Диқаншылырдың тек құрғақшылықпен күресіп қана қоймай, шаруашылықта етек алған маңызды мәселелерді тиянақты зерттеп, алдын-алу шараларын ұйымдастырудағы шеберлігі сәтті көрсетіледі.

Қазақстан деректі кино шеберлерінің басты кейіпкерлері -  жұмысшылар мен колхозшылар, ғылым мен өнер иелері, тарихи тұлғалар. Қазақ әдебиеті, өнері мен мәдениетіне қызмет еткен тұлғалардың  экранда көрінбей қалғаны кемде-кем болды. 1960-70 жылдары жекелеген кейіпкерлер туралы фильм-портреттер ұдайы түсіріліп отырды. Алайда, ол шығармалардың формасы ұзақ уақыт бойы бірін-бірі қайталап, басты кейіпкер болмысындағы тек жағымды қасиеттерін ғана көрсетіп, нәтижесінде бір жақтылыққа әкеліп соқты.  Мұндай фильмдердің басты мақсаты - кейіпкер туралы мағлұматты  басымырақ беру болды. Кейіпкердің өмірінен хабардар ететін құжаттар оның биографиясындағы нақты деректерді бірінен кейін бірін тізбектеп берумен ұласып жатты. Кейіпкердің туып-өскен жеріне саяхат жасау, өмір сүрген және қызмет еткен барлық қалаларын тізбектеп айтып шығу - фильм-портреттердің басым көпшілігіне тән құбылысқа айналды. Бұл шығармаларда кейіпкердің өмірбаяны туралы хабардар ететін диктордың мәтіні маңызды роль атқарды.

Режиссер Э.Файк Қазақстан деректі киносында белең алған бұл құбылысты, яғни биографиялық деректі фильмдердің үйреншікті схемасын бұзуға талпынды. Оның алғашқы нышаны 1972-жылы түсірілген «Ілияс Жансүгіров» фильмінде байқалады. Қазақ поэзиясына тың жаңалықтар әкеліп, жалынды жырларымен кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырған І.Жансүгіровтың бейнесін ашуда режиссер жоғарыда айтылған үйреншікті схемадан бас тартып, көркемдік бейнелеу жолының өзіндік әдісін табуға талпынады. Ақын жайлы оның туысқандары, белгілі сыншы Мұхамеджан Қаратаев өз ойларын ортаға салады. «Құлагер» поэмасы туралы айтылған әңгіме суретші Сахи Романовтың салған графикалық суреттерінің монтажына құрылады. Фильмде совет жазушыларының Москвада ашылған тұңғыш съезінен алынған хроникалық кадрлер қолданылады. Алайда, фильмнің өн бойында инсценировкалық кадрлар жиі ұшырасады. Мысалы, бастапқы көрінісінде бір топ жастар бақ арасында келе жатып, ақынның өлеңін дауыстап оқиды. Мұндай көріністер шығармада жиі кездеседі.

Э.Файк түсірген фильмдерінде қазақ өнері мен мәдениетінің белгілі тұлғаларының бейнесі көрініс тапты: «Ыбырай Алтынсарин»(1968ж), «Бибігүл ән салады»(«Поет Бибигуль»-1969ж), «Сұлтанмахмұт Торайғыров»(1969ж), «Махамбеттің ізімен» («По следам Махамбета»-1974ж), «Кененбайдың оралуы» («Возвращение Кененбая»-1975ж), «Мұхтар Әуезов туралы сөз» («Слово  о Мухтаре Ауэзове»-1975ж) шығармаларын айтуға болады.

1960-70 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында жемісті еңбек еткен режиссерлардың бірі – Тұрар Дүйсебаев түсірген фильмдер әртүрлі тақырыпты қамтиды. Шығармаларының көпшілігінде басты кейіпкерлері - әйел бейнесі. Мысалы, «Человек рядом» (1967ж, сц.авт.К.Колпакова, В.Лаврова,опер.С.Шәріпов) фильмінде ауылдағы емхана дәрігері Фаиза Ерболатованың,  «Замана үні» («Голоса времени»-1968ж,сц.авт.В.Лаврова, М.Набиева,опер.С.Шәріпов,Б.Сигов) фильмінде Қазақстандағы Кеңес үкіметінің орнауына белсене ат салысқан Алма Оразбаева, Сара Есова, Мадина Бегалиевалардың тағдыры баяндалады. Сондай-ақ, «В добрый час, Шайбола» (1971ж,сц.авт.И.Маляр, опер. О.Караваев) фильмі Талды-Қорған облысындағы Шабар ауыл Кеңесінің төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Шайбола Тергеуованың бейнесі оның көп салалы қызметі арқылы ашылады. Тұрар Дүйсебаевтың  көптеген фильмдері Қазақстанның тарихына арналады. Солардың бірі – «Колхозная быль» (1969ж,сц.авт.В.Лаврова, Ю.Симоранов, опер. О.Караваев, С.Шәріпов, Е.Беспрозванных) фильмі Қазақстандағы  алғашқы колхоздардың құрылу тарихына, ұжымдастыру науқанының бастапқы қадамдарына шолу жасайды. Сондай-ақ,  режиссердың шығармашылығында өнер тақырыбына да жиі орын беріледі. Мысалы, «Қазақ театрының пионерлері» («Пионеры казахского театра»-1964ж, сц.авт.Ф.Спивак, опер.Б.Сигов,С.Шәріпов) фильмі қазақ драма театрының алғашқы қарлығаштары С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, И.Байзақов, Қ.Жандарбеков, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыровтар туралы айтылса, «Біздің Күләш» (1969ж) фильмінде қазақтың «бұлбұлы» атанған Күләш Бәйсеиітованың бейнесі көрініс табады. Күләштің экрандық бейнесін қалыптастыруда архивтен алынған материалдар, таспаға жазылған әндері, замандастары атынан айтылған естеліктері қолданылады. Экрандағы көріністер қатары ән және музыкамен тығыз байланысып, бір-бірінің мазмұнын толықтырады. Әншінің шығармашылық жолын толық қамту үшін түсіру жұмыстары Алматы, Москва, Тбилиси қалаларында жүргізіледі. Бұл жұмысқа түсіру тобының үш жыл уақыты кетеді. Фильмде Қ.Жандарбеков былай деп еске алады: «1928-жылы драма театры үшінші маусымын ашты...Күләштің дауысын сол концертте тұңғыш рет естідік. Бәрімізді таң қалдырғаны соншалықты, сол күні-ақ 16 жастағы әншіге театрға келуіне ұсыныс жасадық...».

Т.Дүйсебаевтың шығармашылығында 1972-жылы түсірілген «Кербез даланың үш кейпі»(«Три цвета пустыни»-сц.авт.Э.Мацкевич, Б.Ысқақов, опер.Ян Вон Сик) фильмі маңызды орын алады. Шығарма Жамбыл облысы Талас  Қаракөл қой заводының шопандарының өмірін табиғаттың үш түрлі кезеңімен байланыстыра отырып көрсетеді. Фильм әуелі қызылды-жасылды гүлге оранған көктемді, кейіннен сарғайған сары даланың күзін, шөп шабу, қыстың қаһарлы күндеріне әзірлік сияқты шопан өмірінің белгілі бір кезеңдегі әрекеттері бейнеленеді. Шығармада Талас өңірінің ыстығы мен суығына, аптабы мен аязына төтеп беріп келе жатқан шопандардың қажырлы еңбегі мен табиғаттың ажырамас кейпі көрсетіледі.  Яғни, режиссердың басты мақсаты - адам өмірі мен табиғаттың  егіз ұғым екендігін жеткізу болды.

Қазақ деректі киносының ардагерлерінің бірі Г.Новожиловтың әртүрлі тақырып пен жанрда түсірген фильмдері Қазақстан өмірінің сан қырын қамтиды. «Ән қанатында» («На  крыльях песни»-1960ж) фильмі Қазақстанның жер-жерінен келген талантты өнерпаздардың өнері, «Қазақстандағы күріш өсіру мәдениеті» («Культура риса в Казахстане»-1964ж) – Қызылорда облысындағы атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың күріш өсірудегі тәжірибесі, «Рахмет саған, өзенім!» («Спасибо тебе,река»-1964ж) , «Көгілдір Алтай»(«Голубой Алтай»-1966ж) фильмдерінде Шу өзені мен таулы Алтайдың сұлу табиғат көріністері туралы баяндалады.

Г.Новожилов ақын Жамбыл Жабаев туралы ең көп түсірген режиссерлардың бірі. 1938-жылы Жамбылдың шығармашылығына 75 жыл толуына байланысты өткен мерекелік жиынды пленкада бейнелейді. «Мен Жамбылды 1944 жылы ақпан айында, Қазақстан комсомол ұйымының Совет Армиясы күнінің құрметіне Алматы мен Фрунзе қалалары арасында ұйымдастырған шаңғы жарысы кезінде түсірдім. Жамбыл өзі тұратын ауыл арқылы өткен  жарысқа қатысушыларды шығарып салып, қайтар жолында күтіп алды. Бұл менің Жамбылмен соңғы кездесуім еді» - дейді режиссер. Ол 1970-жылы «Жамбылдың музейі» («Музей Джамбула»), 1972-жылы «Ақын» фильмдерін түсіреді. Алғашқы шығармада ақынның көзі тірісінде түсірілген кадрлар кездеспейді, ал «Ақын» фильмі керісінше, тұтасымен Жамбылдың тірі күніндегі бейнесінен құралады. «Маған бұрын  түсірілген киноленталардың бәрін жиып-теріп, бір жүйеге келтіруіме тура келді. Осының өзі бірнеше жылға созылды. Қазақстанның Мемлекеттік архивінде Жамбыл туралы түсірілген біртұтас дүние жоқ: ылғи бөлшек-бөлшек үзінділер, қысқа-қысқа көріністер. Олардың барлығын жалғап, қосып біртұтас дүниеге айналдыру оңайға түскен жоқ» - дейді фильмнің түсірілу барысын әңгімелеген Г.Новожилов.

1960-жылдары «Қазақфильм» студиясына бір топ талантты деректі кино режиссерлары мен операторлар келеді. Олардың қатарында  А.Машанов, А.Нұғыманов, Ю.Мингазитинов, Ю.Пискунов,Г.Емельянов сияқты режиссерлар қазақ киносына жаңа шығармашылық принциптер ала келді.

Қазақстан деректі киносы тарихында өзіндік алар орны, өзіндік шығармашылық қолтаңбасы бар режиссерлардың бірі – Арарат Машанов. Кино өнеріне келген алғашқы 1966-жылы түсірген «Прикосновение к вечности» және «По закону сохранения дум» фильмдерінде деректі экранның бейнелеу мәнерінің ең озық тәсілдерін қолданады. Белгілі мүсінші Исаак Иткинд туралы әңгімелейтін «Прикосновение к вечности» фильмінде суретшінің ішкі рухани әлеміне тереңдей енуге талпынады. Фильм монтажының ырғағы талантты суретшінің шығармашылық шабыты мен қиял әлемінің байлығын нақтылай түседі. Иткинд өзі жайлы, өмір туралы сыр шертеді. Қарт суретшінің іс-қимылының шапшаңдығы соншалықты, фильм авторлары оның ойларының соңынан әрең үлгеріп жүргендей әсер қалдырады.  Режиссер суретшінің  бет-жүзіндегі әрбір қозғалыстан, түр-тұлғасынан, жүріс-тұрысынан оның мінез-құлқындағы белгілі бір сәттерді «ұстап қалуға»  тырысады. Автор Иткиндтің шығармашылығын зерттеуге талпынбайды, керісінше, оның қолынан шыққан әрбір мүсіннің бейнесі арқылы кейіпкердің  дүние-танымына барлау жасайды.  Бұл жерде оператор В.Осенниковтың суретші шығармаларының  тұнық сырын жеткізе білудегі шеберлігін айта кеткен жөн.  Форманың әдемілігі, жарық қою шешімі авторлар үшін басты мақсат емес. Бірақ, олар өзіндік қолтаңбасы бар суретшінің бейнесін, ішкі жан дүниесі мен сырт тұлғасының ерекшелігін, өмірге деген шексіз сүйіспеншілігін бейнелеуде қажетті кино тілі ретінде қызмет атқарады.

А.Машановтың шығармаларына тән қасиет - тақырыпты, кейіпкерлерді, оқиғаны таңдауда оларға деген нақты жеке авторлық қарым-қатынасын қолданады. Сондай шығармалардың қатарына «По закону сохранения дум»(1966 ж.), «Репетиция»(1967 ж.) фильмдерін жатқызуға болады. «Репетиция» фильмінде Болат Аюхановтың орындауындағы билер көрініс табады. Шығарма кейіпкердің репетицияға келе жатқан сәтінен басталып, қайтып бара жатқанымен аяқталады. Бұл дәстүрлі драматургиялық шешім фильм үшін ешқандай маңызды роль атқармайды. Биді дайындау және орындау сәттері – шығарманың драматургиялық серіппесін мығым ұстайды. Сондай-ақ, фильм талантты бишінің шығармашылық процесін көрсетуде өз уақытында «деректілендіру» қызметін атқарып, өнердің құдіреттілігі, қимыл-қозғалыстың әдемілігі мен нәзіктігі, пластика өнері туралы шебер әңгімелейді. Фильмде кадр сыртынан айтылатын мәтін немесе кейіпкердің сұхбаты кездеспейді. Сөздің орнына бишінің орындауындағы әрбір қимыл-қозғалыс жауап береді. А.Машанов “Репетиция” фильмінде терең пластикалық шешім арқылы  деректі киноның бейнелеу мүмкіндіктерін дәлелдеуге тырысады.

Қазақстан деректі кино тарихында режиссер А.Машанов пен оператор М.Дугановтың «По закону сохранения дум» фильмі маңызды құбылыс болып табылады. Бұл шығармада көрініс тапқан режиссерлік шешім өзіндік ерекшелігімен маңызды. Шығарманың жанры, монтаж ырғағы, бейнелік қатары Олжас Сүлейменовтың поэзиясымен астарласып, қабысып жатады. Режиссер ақынмен бірге өткен мен бүгінгі күн жайында философиялық толғаныстар деңгейіне дейін көтеріледі. «По закону сохранения дум» фильмі деректі кино тілі арқылы терең шығармашылық ойлар мен толғаныстарды жеткізу мүмкіндігі бар екендігін дәлелдеді. Режиссер осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақ халқының өткен тарихы туралы поэтикалық деңгейдегі шығарманы экранға алып келеді.

А.Машанов фильмдеріне ақындық қиял әлемінің басымдылығы  тән. Бұл поэзияға толы толғаныстар қазақ елінің көне тарихына   байланысты. Ол әрбір фильмінде халықтың рухани және материалдық игіліктерін жасап кеткен бабалардың өмірін көрсетеді. Режиссер көне тарих бейнесін біржақты немесе жалаң тарихшылдықпен бейнелеуден бас тартады. Керісінше, көне заман ғасырлар қырқасын аттап өте келіп,  қазіргі дәуірмен  ұштасып отырады. Яғни, ол кешегі күн тарихына бүгінгі күн көзімен қарайды.

1972-жылы оператор Р.Чикаевпен бірге түсірген «Әл Фараби» фильмі режиссердың әртүрлі жанрда, соның бірі ғылыми-көпшілік фильм жанрында жұмыс істей алатындығының кепілі болды. «Сан мен күй» фильмі Әл Фарабидің музыка тарихында бірінші ашқан жаңалығына, яғни, алғаш рет нотаның белгілерін  сан арқылы жүйеге келтіргеніне арналады.

Деректі кино өнерінің тарихы барысында кейіпкердің ішкі жан-дүниесін, шынайы өмір көріністерін бейнелеуде біржақты көзқарас болып келгені бізге мәлім. Деректі киноның міндеті - көріністерді нақты түсіріп қою деген пікір 1940-1950-жылдары басым болды. Ал, алпысыншы жылдары белгілі бір тақырыпты, кейіпкердің бейнесін көрсетуде деректі кино түсірушінің өзіндік авторлық көзқарасы қалыптасқан фильмдер экранға шыға бастайды. Қазақстан деректі киносында белгілі бір оқиға, құбылыс туралы тек  жалаң мағлұмат беріп қана қоймай, болмысты, шынайы өмірді тереңдетілген, күрделі зерттеулер елегінен өткізіп, адам мен қоғам арасындағы тығыз байланысты, қоғамдық-тарихи процестің маңызын жан-жақты ашып көрсететін деректі шығармалар дүниеге келді. Бұл үрдіс Арарат Машановтан өзге Ю.Пискунов, А.Нұғыманов, Г.Емельяновтардың шығармашылығымен тығыз байланысты.

1966-жылы Ю.Пискунов пен Г.Овчаренко бірігіп түсірген «Күзгі ырғақтар»(«Осенние ритмы») фильмі Машанов шығармаларында көрініс тапқан деректі кино өнерінің жаңа бейнелеу мүмкіндіктерін іздестіруімен ерекшеленеді. Алматы күзінің көріністері туралы түсірілген бұл поэтикалық  киноэтюд қызықты бақылауларымен, табиғаттың әдемі көріністерімен, қала көшелерінің  көріністерімен, адамдардың қайталанбас бейнесі арқылы оператор шеберлігін дәлелдейді. Сонымен бірге экрандағы көріністерге байланысты музыка тақырыбы да өзгеріп отырады. Бұл көрініс пен музыканың бірін-бірі толықтыруына көмектеседі.

Ю.Пискуновтың келесі түсірген «Осыншама қысқа ғұмыр»(«Такая короткая жизнь»-1968ж) фильмі Ғани Мұратбаевтың өміріне арналады. Сценарий авторы С.Асқаров, режиссер Ю.Пискунов, оператор В.Осенников Алматы, Москва, Ташкент архивтерінен алынған аз ғана материалды қолдана отырып, кейіпкердің толыққанды экрандық тұлғасын қалыптастырады. Фильмнің басында және соңында қолданылған кейіпкердің ірі пландағы фотографиясын  алдымен Мұратбаевтың  сыртқы келбеті туралы баяндайтын құжат ретінде, ал соңында суретке «жан бітіп», кейіпкердің тұлғалық болмысы жан-жақты ашылады. Замандастары бар болғаны 22 жаста көз жұмған Ғанидың мінез-құлқындағы ерекшеліктер, өзіне де, өзгеге де қатал, әрі талапшыл қасиеті туралы еске алады.  Үзеңгі жолдастары айтқан естеліктері Ғанидың өмірінен хабар беретін деректер, фотографиялар арқылы кейіпкердің қайталанбас тұлғасы, ол өмір сүрген кезеңнің бейнесі қалыптасады.  Фильм авторлары Ғ.Мұратбаевтың  мінез-құлқының ерекшеліктерін ашуға тырысып, зерттеу бағытындағы ұстанымы шығарманың деректі және көркемдік тұрғыдағы құндылығын айқын дәлелдеді. “Осыншама қысқа ғұмыр” шығармасы - Ғани Мұратбаевтың өмірбаянына арналған тұңғыш фильм.  Фильмде қолданылған құжаттар, фотосуреттер кейіпкер тағдырының шежіресі ролін атқарады.

Ю.Пискунов түсірген тағы бір «Әлия» (1970ж,сц.авт.С.Асқаров, опер.И.Гитлевич) фильмі кейіпкер бейнесін ашудағы үздік шығармалардың бірі болып табылады. Ұлы Отан соғысының батыры, мерген Әлия Молдағұлованың бітім-болмысы, бейнесі экранда еске алушылардың, жақын туыстары, жолдастарының  айтқан әңгімесі арқылы қалыптасады. Бұл әңгімелерден өзге фильмде қолданылған кинометафора маңызды роль атқарып, поэтикалық үн қосады, әрі мазмұнын толықтыра түседі. Режиссердың 1970-жылы түсірген «Болат және Гуля» (сц.авт.Р.Рахимов, опер.Е.Яковлев) фильмінің басты кейіпкерлері - Алматы үй құрылысы комбинатының жұмысшысы Болат Сұлтанбеков және оның сегіз жасар қызы Гуля. Болаттың өзі туралы, от басы, өмірі және жұмысы жайлы айтқан ашық-жарқын   әңгімесі кадр сыртындағы автор мәтінімен үндесіп, кейіпкер өмірбаянының кейбір тұстарын толықтырады.

1975-жылы Ю.Пискунов «Фотография қажет» («Необходима фото графия»- сц.авт.Ю.Пискунов, Л.Щеглов,опер.Э.Боярский) фильмін түсіреді. Балхаш кен металлургия комбинатының цехтарында жергілікті радио нүктеден «Ұлы Жеңістің 30-жылдығына байланысты «Олар Отан үшін соғысты» атты  қабырға газетінің шығарылуына байланысты  Ұлы Отан соғысының  барлық ардагерлері суретке түсуі қажет» деген хабар таратылады. Ю.Пискунов пен оператор Э.Боярский осы күні фотоательеге келгендердің бәрін жасырын камерамен түсіріп алады. Ардагерлердің соғыс жылдарындағы және бүгінгі күнгі суреттерінің негізінде олардың толыққанды болмысы мен кейпі ашылады. Фильмнің ырғағына фотосуреттерден, мазмұнды киноэтюдтерден, кинопотреттерден, Л.Щегловтың өлеңдері мен музыкасынан құралған монтаж түбегейлі тәуелді. Осы фильм жөнінде режиссер Ю.Пискуновтың өзі былай дейді: «Репортердың міндеті оқиғаны дер кезінде түсіре білу. Бұл «Фотография қажет» фильмін түсіруге ықпалын тигізді. Түсіру жұмысы бар болғаны үш-ақ сағатқа созылды. Кейіпкерлеріміз өздерін түсіріп жатқаны туралы білмей де қалды...» («Новый фильм», 1977ж,№19). «Фотография қажет» фильмі режиссер Ю.Пискунов шығармашылығының кемелденгенін, әрі шеберлігінің өскенін дәлелдеді.

Ю.Пискуновтың  барлық фильмдерінде музыкаға ерекше орын беріледі. Ол бірде кадрдағы көріністерді өзіне “бағындырады”, енді бірде монтаж архитектоникасына “бағына” отырып, көріністермен үйлесіп, “сіңіп” кетеді. Музыка мен көріністің үйлесімділігі, әсіресе, алғашқы фильмдерінде – “Күзгі ырғақтар” (“Осенние ритмы”), “Қысқы бояулар” (“Зимний экспромт”), “Көктем айы өткенде”(“Когда уходит весна”)  фильмдерінде маңызды орын алады.

Ю.Пискунов шығармашылығының даму эволюциясына назар аудара отырып, қай жанрдың ол үшін маңызды екендігін ажырату оңай емес. Өйткені, режиссердың “түрен салған”, қамтымаған жанры жоқтың қасы. “Шөл далаға тартылған теңіз”(“Море идет в пустыню”,1964ж), “Арыс – Орта Азия қақпасы”(“Арыс – ворота в Средней Азии”,1964ж), “Тұрар Рысқұлов” (“Революцией призванный”,1976ж),”Әңгіме жалғасуда” (“Разговор неокончен”, 1978ж),  “Өз еркіммен”(“По собственному желаню”, 1980ж), “Мен Солдатовтанмын” (“Я родом из Солдатова”,1987ж), “Бүгінгі Қазақстан” (“Казахстан сегодня”, 1986ж) - кинобақылау және репортаж, фильм-биография және ғылыми-көпшілік очерк, әлеуметтік кинопублицистика және көріністі (видовой) фильм жанрларында түсірілген шығармалар.

А.Машанов пен Ю.Пискуновтың фильмдерінде Қазақстан деректі кино шеберлерінің соңғы жылдардағы шығармашылық ізденістері кеңінен көрініс тапты. Бұл шығармалардың құндылығы - оқиғалар мен кейіпкерлерді пленкаға түсіріп қана қою позициясынан бас тартып, авторлық идея мен ойдың басым түсетін эстетиканы алға тарту болды.

1960-70 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында қызмет етіп, көптеген талантты деректі фильмдерді түсірген режиссерлардың бірі - Г.Емельянов. Ол деректі кино өнеріне келгенге дейін біраз уақыт КазТАГ-тың  Өскемендегі тілшісі болып қызмет атқарды. Сол кездің өзінде-ақ журналистке тән байқағыштық, көрегендік, ізденімпаздық қасиеттерімен ерекшеленеді. 1960-70 жылдары жиырмадан астам деректі фильм түсіреді. Г.Емельянов шығармашылығының басты ерекшелігі - қай фильмде болмасын, замандас келбетін бейнелеу. Режиссердың фильм-портреттер галереясы «Ыбырайдың күзі» («Осень Ибрая»-1968жыл, сц.авт.А.Аврутин, Г.Новожилов, опер.Г.Емельянов) фильмінен бастау алады. Атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың күріш өнімін алудағы ойлап тапқан тәсілі жер-жерде қолдау тауып, «Ыбырай мектебі» деген атпен бүкіл Қазақстанға аян болғаны белгілі. Авторлардың  фильм түсіру барысында алға қойған міндеті - атақты күрішшінің экрандық кейпін көрсетіп қоймай, өмір жолына барынша көңіл аудару болды. Олар «Ыбырай мектебінің» қайнар көзін, кейіпкердің рухани болмысын ашуға талпынды. Кадр сыртынан айтылған диктордың мәтіні, көріністердің эстетикалық әдемілігі фильмнің маңызды компоненттері ретінде құрылып, кейіпкердің бейнесі әрқилы қырынан көрінді.

“Ыбырайдың күзінен” кейін де Г.Емельнов фильм-портрет жанрында көптеген фильмдер түсіреді. “Хатшы жолдас” (“Товарищ, секретарь”), “Үтір”(“Запятая”), “Әпке”(“Старшая”), “Эстафета”, т.б. фильмдерінде   кинобақылау, синхронды жазу, сұхбат алу сияқты көркемдік бейнелеу тәсілдері қолданылып, әрқайсысы композициялық шешім тұрғысынан өте қызықты шығармаға айналады.

“Хатшы жолдас”(“Товарищ секретарь”-1971 ж.,сц.авт.Б.Гутлин, Г. Емельнов, опер.Б.Гутлин) атты  Тархан ауданының бірінші хатшысы В.В.Сидорова жайлы түсірілген ықшам кейіптегі деректі киноновеллада  кейіпкердің күнделікті тұрмыс-тіршілігі кинобақылау тәсілімен бейнеленіп, айналасындағылармен қарым-қатынасы көрініс табады. Сонымен бірге, кейіпкердің камера алдындағы еркіндігі ерекше көз тартады. Фильмде өзіне өзі сенімді, рухы мықты кейіпкердің бейнесі қалыптасады.  Авторлар кейіпкерлер болмысының  тамаша қасиеттерін үнемі бақылаумен болады.

Тағдыры, мінез-құлқы айрықша кейіпкерді таба білу және  оның өміріндегі ерекше оқиғаны көрсете білу “Үтір”(“Запятая”-1970ж, сц.авт.А.Розанов, реж.опер.Г.Емельянов) фильміне тән қасиет. Бұл шығарманың басты кейіпкері селекционер Ф.Маштаков басынан өткен бір оқиғаны әңгімелейді: “Корма” павильонына кірсем, “Костер Восточноказахстанский”, “Житняк” шөптеріне өнім көрсеткішінің нәтижесі жазылыпты. Байқап қарасам, мен алған өнімдердің көрсеткішіне 1,4 деп  көрсетіліпті. Ал, өзімде жазылған көрсеткіш бойынша 14 болатын. Әлдекім 1 мен 4-тің арасына үтір қойған. Кезекшіден бұл қалай деп сұрадым. Ол “ондай көрсеткіш еш жерде жоқ”, - деп жауап берді. Мен бір гектардан 140 центнер өнім алғанымды дәлелдедім. Әрине, оларға үтірді алып тастауға тура келді ” - дейді. Кейіпкердің камера алдындағы еркін әңгімесі фильмнің негізгі сюжетін құрайды. “Үтір” фильміндегі кейіпкердің әңгімесіне құру тәсілі 1974 жылы Б.Гутлинмен бірігіп түсірген “Әпке” (“Старшая”) фильмінде қолданылады.  Қостанай тоқыма комбинатының тігіншісі Әлия Бекеева сіңлілері үшін әке-шешесінің орнын басқаны туралы байсалды, салиқалы кейіппен әңгімелейді. Әңгіме барысында Әлияның мінез-құлқындағы мейірімді қасиеті көрінеді. Фильм кейіпкердің айналасына тек мейірім шашатын рухани болмысын, қарапайымдылығы мен еңбекқорлығын ашады.

Г.Емельяновтың шығармашылығында фильм-портреттерден өзге, Қазақстан өміріндегі кең масштабтағы өзекті тақырыптар да көрініс табады. Ертіс-Қарағанды каналының құрылысы туралы “Ертіс-Қарағанды”, тың жерлерді игерудің 20-жылдығына орай “Красная Пресня в степи журавлиной” фильмдері түсіріледі.  “Ертіс-Қарағанды” (1970ж, сц.авт. Қ.Исабаев, опер.Г.Емельянов)  фильмі кинобақылау тәсілімен алты жыл бойы түсіріледі. Бұл жанрдың ерекшелігіне, алып құрылыстың киношежіресі ретінде жазылған сценарийге байланысты болды. Фильм Орталық Қазақстанның тандыры кепкен сары даласына Ертіс суын “алып бара жатқан”  адамдарға арналады. Құрылыстың әрбір маңызды кезеңі авторлардың назарынан тыс қалмайды. Фильмде жеке-дара бөлініп алынған нақты кейіпкер жоқ. Есесіне, адамдардың көпшілігінің тағдырына арналған әңгіме ерекше әсер қалдырады. Мысалы, жүрек ауруына қарамай, құрылыс басынан кете алмаған бір жұмысшының қайғылы өлімі туралы айтылған хабар алып құрылысқа  өмірін арнаған адамдарға деген өзіндік реквиемге айналады. Фильмде айтылатын басты ой - алып құрылыстардың ар жағында адамдардың алуан тағдыры жатқандығын баяндайды.

Режиссер Г.Емельянов пен оператор Б.Гутлиннің 1972-жылы түсірген толықметражды  “Тырналы даладағы “Красная пресня”” фильмі “Краснопрессинский” совхозының тың игерушілері туралы әңгімелейді. Шығармада совхоздың негізін қалаушылар өз өмірі, тұрмыс-тіршілігі жайында баяндайды. Фильмнің бүкіл мәтіні кейіпкерлердің еркін әңгімесінен құрылады. Кейіпкерлердің тағдырына, мінез-құлқына аса назар аудару - 1969 жылы түсірілген “Волнующий цвет металла” фильміне де тән. Жас металлург Тоты Шағиеваның еңбектегі жетістіктерін  көрсете отырып, кейіпкердің ашық-жарқын, сүйкімді мінезі ашылады.

Г.Емельяновтың режиссерлік принципі тағы бір  “Көз көріп, көңіл тояттар” (“Удовольствие сполна”-1972ж,сц.авт.Б.Гутлин,Г.Емельянов, опер.Б.Гутлин) фильмінде де айқын көрінеді.  Фильм эксковаторшы Е.Антошкин туралы баяндайды. Комбинат парторгі және бригада мүшелерінің айтуы бойынша Антошкиннің бейнесі эксковаторшы ретінде және адами қасиеттері негізінде ашылады. Фильм жөнінде Г.Емельяновтың өзі былай дейді: “…Біз комбинаттағы еңбектес достарымен әңгімелестік. Байқасам, Рудный қаласында Антошкинді білмейтін адам жоқ десе де болғандай екен. Түсіру жұмысына кіріскенімізде қолғабыс тигізбеген мекеме атаулы қалған жоқ. Антошкин арқылы 70-жылдардағы жұмысшы замандасымыздың  бейнесін жасауды мақсат тұттық. Белгілі бригадирдің қол астындағы  жұмысшыларымен еңбекті  ұйымдастырудағы тәжірибесі, ол еңбек ететін ұжымның тыныс-тіршілігі, ыстық-суығы жайлы толық мағлұмат берсек деген ой болды… ”.

Режиссер Г.Емельянов шығармашылығындағы тақырыптық,  композициялық шешімін табудағы және кейіпкер бейнесін көрсетудегі қызықты фильмдерінің бірі – “Бал күймешігі”(“Медовая колесница”- 1971ж). Шығарма Шығыс Қазақстандағы бал өсірушілердің жұмыс тәсіліне арналады. Фильм 1971-жылы Москвада өткен  бал жинаушылардың Халықаралық конгресінде күміс медальға ие болады. Шығарма балшылардың күнделікті еңбегін  егжей-тегжейлі көрсетіп қана қоймай, жаңа тақырып, яғни, еңбекті ұйымдастырудағы жаңа тәсілдер көрсетіледі. Бүгінгі бал жинау жұмысында механикаландырылған кешен жұмысын пайдалану туралы жан-жақты айтылады.

Г.Емельяновтың  фильм-барлау жанрында түсірген бұл шығармасында өзіндік шығармашылық принциптерін ұстанады. Ол “Казахская Советская Социалистическая”(1972-жыл, сц.авт.Г.Емельянов, Ю.Симаранов, опер.А.Қадырбеков, С.Махмудов) фильміне де тән қасиет.  Шығарма композициялық шешімімен, драматургиясы мен мәтінінің өзіндік ерекшелігімен қызықты. Режиссердың тағы бір “Монументальное искусство Казахстана”(1976ж.сц.авт.Г.Емельянов,опер.А.Қадырбеков) фильмі формасымен, монтаж ырғағымен әсер қалдырады.

Г.Емельяновтың шығармашылығы деректі экран өнеріндегі басты мәселелердің  бірі – кейіпкер және ол өмір сүріп жатқан уақыт пен қоғам арасындағы тығыз байланысты терең әрі жан-жақты көрсету  қажеттілігін дәлелдеді. Ол түсірген фильмдерде көрініс тапқан  деректі киноның күрделі тәсілдерін кеңінен қолдану, шынайылыққа алып барар жолды тынбай іздеу, кадр мәселесіне қатысты берік ұстаным, композициялық шешімінің ерекше жолын табу, режиссерлық берік концепциясы -Г.Емельяновтың қазақ деректі киносына үлкен үлес қосқандығын дәлелдейді.

1960-70 жылдары “Қазақфильм” киностудиясында еңбек етіп, Қазақстан деректі киносының дамуына зор үлес қосқан режиссерлардың бірі – Асылбек Нұғыманов. Аталмыш кезеңде режиссердің түсірген отызға жуық деректі фильмдерінің тақырып аясы әрқилы. Москвадағы Бүкілодақтық Кинематография институтын тәмамдап, 1960-жылдардың басында “Қазақфильм” киностудиясына келген алғашқы жылдарында “Море идет в пустыню”(1964ж. сц.авт.К.Пинчуков,опер.Ю.Гибов), “Сәкен Сейфуллин”(1964ж.сц.авт.А.Нұғыманов,М.Портной,опер.В.Осенников,Л.Кокишвили,Б.Сигов), “По призыву Родины”(1965ж.сц.авт. А.Нұғыманов, С.Назарова, В.Раппопорт,опер. О.Зекки, В.Васильченко) т.б. фильмдерін түсіреді.

“Море идет в пустыню” фильмінде Оңтүстік Қазақстандағы Шардара су қоймасының құрылысы, “Сәкен Сейфуллинде” – қазақ халқының белгілі жазушысы, ақын С.Сейфуллиннің шығармашылық жолы, қоғам қайраткері ретіндегі бейнесі көрсетіледі. А.Нұғыманов шығармашылығында әскери-патриоттық тақырып жиі орын алады. Ұлы Жеңістің жиырма жылдығына арналған “Отан шақырады”(“По призыву Родины”), “Қазақстан -Ұлы Отан соғысында”(“Казахстан в Великой Отечественной”,1975ж.) фильмдері Ұлы Отан соғысы тақырыбын арқау етсе, “Артымызда Москва”(“За нами была Москва”-1966ж.сц.авт.Д.Снегин,опер.М.Сағымбаев) фильмі атақты панфиловшылардың ерлігіне, “Өлмес өмір туралы аңыз”(“Легенда о бессмертии”-1975ж.сц.авт.В.Цикалов, опер.Г.Папазов, А.Мищенко) шығармасы соғыс жылдарындағы партизан қозғалысының тарихына, “Медеу. Ерлікке толы күндер”(“Медео.Дни и ночи мужества”-1973ж. сц.авт.В.Мироглов, А.Нұғыманов, опер.А.Колесников, С.Шәріпов, А.Мищенко) –Медеу шатқалында болған селмен күрес туралы баяндайды. “По призыву Родины” фильмі Ұлы Отан соғысы жылдарын архивтен алынған кино және фотоматериалдардың көмегімен экранда бейнелейді. Сонымен бірге, соғыста түсірілген хроникалық бағалы кадрларға аса назар аударылады. Әрбір кадр, әрбір киноэпизод фильмнің идеясын, мазмұнын ашуда маңызды роль атқарады. Бұл шығарма режиссердің әрі қарайғы белгілі бір кезеңдегі шығармашылық бағытын айқындады. “Артымызда Москва”(“За нами была Москва”) фильмі “По призыву Родины” фильмінің тікелей жалғасы іспетті. Мұнда соғыс тақырыбы, Панфилов дивизиясының ерлігінің тарихы терең әрі жан-жақты зерттеледі. Режиссер келесі түсірген фильмдерінде соғыс тақырыбын кеңейтуге, материалдың ауқымын жаңартуға талпынады. Осы тұрғыдағы маңызды шығармаларының бірі ретінде “Өлмес өмір туралы аңыз” фильмін атауға болады. Соғыс жылдарындағы совет және болгар партизандарының достығы, Кеңес Одағының батыры Зиямат Хұсановтың өмірбаяны фильмнің негізгі әңгіме арқауына айналады. Болгария кинематографистерімен бірігіп түсірген бұл шығарма сонау алыста қалған отты жылдардан бастап, бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтиды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Курск иінінде болған ұрыстардың  бірінде пулеметші Зиямат Хұсанов шайқастың бір қызған тұсында немістің елуден астам солдатын қырып салады. Оғы таусылған ол қолындағы гранатасымен келе жатқан танкілерге қарсы шығады. Сол жердегі күшті жарылыстан соң, жауынгерлер Зияматты өлдіге санайды. Көп ұзамай, Зияматтың алыстағы туған үйіне З.Хұсановқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы хабарланған ҚСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығы  бар пакет келеді. Бірақ, Курскідегі ұрыста тірі қалған З.Хұсанов жаудың қолына түсіп, тұтқында болып, азап шеккен бір топ жауынгерлермен бірге лагерьден қашып шығады. Болгариядағы атақты генерал Боян Михневтың интернационалдық партизандар тобына келіп қосылады. Фильм авторлары З.Хұсановтың қиыншылық пен қайшылыққа толы күрделі тағдырын зерделей отырып, өткен күндер мен бүгінгі уақыт деректерін бейнелі түрде суреттеуге талпынады. Мысалы, фотомонтажға сүйене отырып көрсеткен кейіпкердің тұтқыннан қашып шығу эпизодын айтуға болады.

Режиссер А.Нұғымановтың соғыс тақырыбын арқау еткен фильмдерінің тағы бірі – 1975 жылы түсірген “Қазақстан – Ұлы Отан соғысы жылдарында” Жеңістің отыз жылдығына арналады. Бұл – қан майданда соғысқан қазақстандық жауынгерлердің ерлігі, қайрат-жігері,  өміріндегі үлгі аларлық қасиеті туралы айтылатын шығарма. Фильм соғыс жылдары түсірілген хроникалық кадрлар мен бүгінгі күнгі көріністердің өзара байланысына құрылған Екі мәрте Кеңес Одағының батырлары Т.Бигелдинов пен С.Луганскийдің, жауынгер-полковник Б.Момышұлының, Брест қамалын қорғаушы Ф.Базалиевтың соғыс жылдары туралы айтқан естеліктері хроникалық кадрлардың мазмұнымен қабысып, үндестік табады. Режиссер А.Нұғыманов “Қазақстан-Ұлы Отан соғысында” фильмінде майдан мен тылды салыстыра отырып, қазақстандықтардың ерлігін бейнелейді. Шығармада қолданылған материалдардың молдығымен, мазмұндылығымен, құндылығымен ерекше маңызды. Сондықтан, “Қазақстан-Ұлы Отан соғысы жылдарында” фильмі Қазақстан деректі киносының тарихында өзіндік алар орны бар  екені даусыз.

Әскери-патриоттық тақырыбынан өзге, режиссер А.Нұғыманов өз шығармаларына  республика өміріндегі басқа да өзекті мәселелерді арқау етіп алады. “Армысың, тың дала”(“Здравствуй, земля целинная”, 1974ж.сц.авт.И.Саввин,опер.А.Қадырбеков,Б.Гутлин,Г.Емельянов), “Медеу. Ерлікке толы күндер мен түндер” (1973ж.сц.авт.В.Мироглов,  А.Нұғыманов, опер.А.Колесников, С.Шәріпов, А.Мищенко) фильмдері халықтың бейбіт өмірдегі ерлігі туралы баяндайды. “Армысың, тың дала” фильмінде құлан жортқан құба жондарда, қараса көз талар, кең жатқан қазақ даласында дүбірлі еңбек дабылының үні естіліп, тың жерге түрен салынған алғашқы жылдар арқау етіп алынып, заман әуенімен үндесіп, астарласып жатады.

Ал, “Медеу. Ерлікке толы күндер мен түндер” фильмінде Алматыда болған сел тасқынымен күндіз-түні арпалысқан халықтың ерлігі туралы баяндалады. Шығармада қарбалас қимыл мен жұмыла кіріскен жұмыс сәттері айқын, әрі жүйелі көрсетіледі. Режиссер А.Нұғыманов басқа шығармаларындағы сияқты мұнда да материал ауқымын біркелкі, нақты  әрі ұтымды қолданады. Бұл кең ауқымды тақырып аясын жеңіл қабылдауға әсерін тигізеді.

1960-70-ші жылдарда түсірілген көптеген деректі фильмдер кинооператор В.Осенниковтың есімімен тығыз байланысты. “Мәңгілікпен қауышу”(“Прикосновение к вечности”), “Осыншама қысқа ғұмыр”(“Такая короткая жизнь”), ”Сиыр мүйізінің тарихы”(“История знака коровы”), “Дала бояулары”(“Краски степей”), “Бүркітші” сияқты т.б. талантты фильмдердің сәтті шығуына ықпал етті. Бұл шығармалардың әрқайсысы Қазақстан деректі киносында операторлық шешімінің мәнерлілігімен ерекше құбылысқа айналды. Ол түсірген әрбір фильм композиция, графика, бояулар түсі жағынан айрықша ерекшеленеді. В.Осенниковтың 1975 жылы әрі режиссер, әрі оператор ретінде түсірген “Айша Ғалымбаева” фильм-портреті белгілі қазақ суретшісі Айша Ғалымбаеваның шығармашылығындағы ерекше бояулар мен бейнелер әлеміне арналады.

Деректі кино режиссурасында шығармашылық мүмкіндіктерін сынға салып көрген операторлардың тағы бірі Б.Гутлин “Бір хаттың ізімен”, “Апа”, “Тырналы даладағы “Красная Прессня ”, “Жолдас секретарь”, “Көз тойып, көңіл тояттар”, т.б. фильмдерінің операторы ретінде белгілі. Б.Гутлиннің шығармашылық қолтаңбасына кейіпкердің бітім-болмысына, деректерге деген аса назар аудару тән құбылыс.

Қазақ деректі киносының даму тарихында Ян Вон Сиктің операторлық шеберлігі белгілі роль атқарды. Ол “Ашық алақан сыры”, “Мұнда менің Арктикам”, “Құрманғазы ойлары”, “Көгілдір аралдар” т.б. шығармаларының операторы болды. М.Дуганов, Б.Якупов сияқты операторлардың шығармашылық дарыны “По закону сохранения дум”, “Осенние ритмы” сияқты талантты фильмдердің сәтті шығуының кепілі болды.

Халықтың тарихына, ұлттық мәдениетіне, өнеріне деген қызығушылық кейбір жас суреткерлер шығармаларының тақырыбын, фабуласын, пішінін айқындады. Бұл үрдіс Б.Омаровтың “Шымкент” (1972ж.), “Менің ауылымның күзгі бояулары”(“Осенние краски моего аула”-1975ж. реж.Т.Бейсенов), М.Смағұловтың фильмдерінде көрініс табады. Әсіресе, С.Нарымбетовтың “Құрманғазы ойлары”(“Думы Курмангазы”-1972ж.) фильмінде қазақ кинематографистерінің рухани және эстетикалық ізденістері аңғарылады. Экранда жазушы, суретші және ақын халық композиторы Құрманғазы шығармашылығының құндылығы мен маңызы жөнінде әңгімелейді. Авторлар Құрманғазы бейнесін бүгінгі күн тұрғысынан талдауға талпыныс жасайды. Кейіпкердің өмірбаяны музыкамен, халықтың және суреткердің тағдыры туралы айтылған ойлармен үндесе, астарласа отырып көрініс табады. Фильмде Құрманғазы күйлерінің кинематографиялық эквивалентін табуға деген талпыныс бар. Мысалы, домбырадан төгілген күйдің әуені ат тұяғының дыбыстарымен ұштасады. Жау шапқыншылығынан кейінгі өртке оранған қазақ ауылы, жанып жатқан домбыра. “Құрманғазы ойлары” фильмін музыкадан, өлеңдерден, толғаныстардан, табиғат көрінісі мен метафорадан тұратын поэма деп айтуға болады. Фильм авторлары атақты күйші өмірінен алынған деректерді тізіп шықпай, күйші талантынан туған шығармалардың мәңгілік өміршеңдігін көркемдік бейнелер тілімен сөйлетеді. Экраннан Құрманғазы күйлерімен бірге гуілдеген жел мен сыңғырлаған кісеннің дыбысы, толғанысқа толы өлеңдер, еркіндік пен өмірдің маңызы туралы айтылған ойлар мен пікірлер қатар көрсетіліп отырады.

“Құрманғазы ойлары” фильмінде көрініс тапқан сәтті кинематографиялық тәсіл режиссер М.Смағұловтың шығармашылығында да орын алады. Олимпиадалық ойындар туралы түсірген алғашқы “13-ші юбилейлік” (“13-я юбилейная”-1970ж.) өзіндік композициялық құрылымы және монтаж ырғағымен назар аудартады. Бір бөлімді бұл фильм “Тыныс алу” және “Сұлулық” атты екі новелладан тұрады. Спартакиада туралы ақпарат кинематографиялық көріністермен орын алмасады. Музыка мен монтаж ырғағының өзара әрекет етуі және үндесуі фильмге толыққандылық пен эмоциялық әсер енгізеді. Кадр сыртынан айтылатын диктордың мәтіні кездеспейтін бұл фильмде оқиғалардың бейнесі көрініс табады. Режиссердың 1977-жылы түсірген “Все, чем живу” шығармасы Қазақ ССР-нің халық суретшісі Қанафия Телжановтың шығармашылығына арналады. Басты кейіпкер – суретшінің қылқаламынан туындаған картиналары. Бұл шығармалары арқылы автор уақыт тынысын көрсетуге талпынады. Суретшінің шығармашылығы, тұлғалық болмысы туралы толғаныстар жасайды. Кейінгі жылдары түсірілген “Әліби Жангелдин”(1973ж.), “Театр беттері”(“Театральные страницы”-1975ж.), “Мәңгіліктің қайнар көзі”(“Истоки вечности”-1975ж.), “Лазер сәулесі және тірі клетка”(“Луч лазера и живая клетка”-1975ж.), “Алтын жауынгердің күміс жазулары”(“Серебряные письмена золотого воина”-1978ж.) фильмдерінде режиссер М.Смағұлов деректі кино өнеріндегі жаңа ағымның үндестік табуына талпыныс жасайды. Бұл шығармалар қолданылған кинометафоралар, әуендік шешімінің ерекшелігі және мәдениеттілігімен, көріністердің поэзиямен қабысып, үндесуімен аса ерекшеленеді.

Қазақстан деректі кино шеберлерінің бірі - режиссер В.Татенконың фильмдері жинақталған замандас келбетін құрайды. Ол алғашқы “Сихымбаевтар фамилиясы”(“Фамилия - Сихымбаевы”,сц.авт.В.Татенко, опер. Ю.Литвяков) фильмін 1973-жылы түсіреді. Шығармада  Бекбосын Сихымбаев отбасының тарихы, нақтырақ айтқанда, олардың асырап алған орыс баласының өмірбаяны туралы әңгімелейді. Соғыс жылдары бейнеленген хроникалық кадрлар орыс баласының қазақ отбасында қалай пайда болып, Амангелді атануы жөніндегі тарихының мән-жайын түсіндіреді. Ол кезде жетпіс жаста болған Бекбосын ақсақалдың адамгершілігі мен рухани болмысының биіктігі туралы оның замандастары әңгімелейді. Олардың бірі Амангелдінің жастық шағы туралы былай дейді: “Ақсақал оны арқалап жүріп өсірді. Тек “жаным”, “жалғызым”, “қарағым”, “аман бол”  деген жылы сөздерін ғана айтатын. Өмір бойы оны бөтенсімей, туған баласындай жақсы көріп өтті”. Фильм Сиқымбаевтар отбасының тарихынан алынған деректерді ешқандай боямасыз, әсірелеусіз көрсетеді. Бұл шын мәнінде көрерменге әсер етіп, толғандырады. Дәл осындай сезім мен әсер “Донбасс-Қарағанды”(1974ж,сц.авт.В.Татенко, опер.Э.Лябох, Н.Митин) фильміне де тән қасиет. Шығарма ежелден келе жатқан Украин және Қазақстан шахтерларының достығы туралы баяндап, кейіпкерлер арасындағы өзара қарым-қатынасты бақылайды. Шахтерлар әңгімесіндегі шынайылық фильмнің өн-бойына ерекше ырғақ енгізеді. Ю.Литвяковпен бірігіп түсірген “Иван Иванович Иванов”(1975ж, сц.авт.В.Татенко, опер.Ю.Литвяков) фильмі алғашқы тың игерушілердің бірі, Қазақстанның белгілі механизаторы И.Ивановтың  қарама-қайшылыққа толы күрделі тағдырын баяндайды. Ұлы Отан соғысы жылдары өзінің туған Ленинград қаласын қорғай жүріп, аяғынан айрылған,  бірақ, басына түскен қайғыға берілмеген Иванов А.Маресьевтың ерлігін қайталайды. Кейіпкердің жұбайымен  танысуы және үйленуі туралы  айтқан әңгімелері фильмде шынайы, нанымды әсер қалдырады. Синхронды түсірілген бұл эпизодтар фильм кейіпкерлерінің адамдық болмысын, ішкі жан-дүниесін толыққанды ашады. Фильмнің өн бойында нан мен бала және мейірімділік тақырыптары бір-бірімен ұштасып отырады.

Режиссер В.Татенконың шеберлігі 1977 жылы түсірілген “Кузьмич, Адам және басқалар”(сц.авт.В.Татенко, опер.Л.Кузьминский) фильмінде кемелдене түседі. Ұлы Микеланджелоның  “Мен күйген отқа сен де күй…”- деген сөздері фильмнің эпиграфы қызметін атқарады. Басты кейіпкері - Қарағанды металлургия заводының болат балқытушылары Төлеген Адам- Жүсіповтың бригадасы және оның ұстазы Кузьма Петрович Геращенко-Кузьмич. Қазақ жігіті Төлегеннің жұмысшы ортасында қалай қалыптасуы, ұрпақтар мирасқорлығы, ұжымдағы бірлік пен еңбек зейнеті шығарма әңгімесінің негізгі арқауына айналады. Қазақстан Магниткасындағы домна пешінің  алғашқы  іргетасы қаланған кезінде келген Адам-Жүсіпов пен Қарағанды металлургия комбинатының барлық төрт домнасының “отын үрлеген “ Геращенко-Кузьмичтың әңгімелері өзара сабақтасып, бірін-бірі толықтырады. Бұл фильмде салмақты роль атқарады. Өйткені көрермен алдында өресі биік ой-дүниесі, мамандыққа, еңбекке деген берік сенім, сүйіспеншілік көрініс береді. Автор өз жанынан ештеңе айтпайды. В.Татенконың кеңінен қолданатын осы әдісі – кейіпкерлердің өзін-өзі танытуы  диктордың дауысынан гөрі күшті әсер қалдырады. Бұл жағдайда ешнәрсені қосудың да, шегерудің де қажеті жоқ. Кейіпкерлердің камера алдында өздерін ұялмай, еркін ұстауы, сөйлеуі өте маңызды. Бұл қасиет алдыңғы фильмдерімен бірге, “Кузьмич, Адам және басқаларға” да тән. Кейіпкерлерінің барлығы өздерін еркін сезінеді. Бұл әдіс В.Татенкаға  кейіпкерлерін ірі планда көрсету, бет-жүзіндегі әрбір қимыл-қозғалысты мұқият көрсетуге мүмкіндік береді.

Деректі фильмдердегі фактілер мен үзік-үзік жәйттерді бір-бірімен байланыстыру оңай емес.  Ондағы өмір  әдеби жанр немесе көркем суретті киноның заңдылықтарына бағынбайды. Ойыңа келгеніңше өзгертіп, қосып, қайта түсіру мүмкін емес. Дегенмен, “Кузьмич, Адам және басқалар” фильмі сюжетке құрылған: көзге көрінбейтін “желіні” отбасы жағдайымен жұмыстан кетіп жатқан Семен Онищенкодан бастап, Адам-Жүсіповке ГПТУ оқушыларының келгеніне дейін жетелеп отырады. Яғни, Онищенконың орнына балаң жігіт келді… Осылайша ұрпақтар мирасқорлығы жалғаса бермек. Осы бір айналып соғар шеңбер секілді сюжет желісінің тұйықталар тұсында фильм шешімі де айтылады. Адам Жүсіпов өзінің ұстазы Кузьмичпен, бригадасымен, отбасы мүшелерімен тығыз байланыста көрсетіледі. Фильмде артық бояусыз, нақты тұрмыс тіршілік ортасында бейнеленген жұмысшы бейнесі қалыптасады. Фильм Лейпциг қаласында өткен Халықаралық кинофестивальда арнайы дипломмен марапатталады. Ал, 1979 жылы ВЛКСМ-ның 60-жылдығына байланысты өткізілген Бүкілодақтық кинофестивальда үшінші жүлдеге ие болады. Сондай-ақ, 1977-жылы түсірген “Қарлығаш” (сц.авт. Л.Абдукаримова, опер.А.Мищенко) фильмі 1978 жылы Ташкент қаласында өткен Азия, Африка және Латын Америка елдерінің 6-Халықаралық кинофестивалінде дипломға ие болады. Шығармада Алматы үй құрылысы комбинатының  құрылысшысы Қарлығаш Әбдікәрімованың шынайы бейнесі көрініс табады.

В.Татенко түсірген “Донбасс-Қарағанды”, “Сиқымбаевтар фамилиясы”, “Иван Иванович Иванов”, “Қарлығаш”, “Наташа” фильмдері жекелеген кейіпкерлердің бейнесін көрсететін портреттер галереясы. Алматы үй құрылысының жұмысшысы Қарлығаш Әбдікәрімова, “Коммунизм” колхозының күріш өсірушісі Ұлбала Алтайбаева, механизатор Иван Иванович Иванов, металлург Адам  Жүсіпов…т.б. - режиссер В.Татенко кейіпкерлерінің қайсысын алып қарасаңыз да, камера көзіне сеніммен қарайды.  Алайда кейіпкер сенімін, оның камера алдында еркін сезінуін “жаулап” алу мүмкін емес екендігі белгілі. Мысалы, Төлеген Адам Жүсіпов режиссермен алғаш кездескенде камера алдында сөйлеуден үзілді-кесілді бас тартады. Өйткені, бұған дейінгі баспасөз беттерінде және телехабарларда бірін-бірі  қайталайтын жаттанды сөздерден әбден жалыққан болатын. Бірнеше күн түсіру тобымен кездесуден қашқақтаған кейіпкер, кезекті еңбек демалысына аттанып кетеді. Оның оралуын ерінбей-жалықпай табандылықпен күткен режиссер, ақыр соңы Төлегеннің сеніміне ие болады. Нәтижесінде кейіпкер бұған дейін ашпаған көп сырын “ақтарып” салады. Бұл фильм атмосферасының нанымды шынайы шығуының кепілі болды.

В.Татенконың барлық фильмдері – еңбек адамы туралы түсірген фильм-портреттер. Олардың әрқайсысы мінезі, ішкі жан-дүниесі, өмірбаяны бірін-бірі қайталамайтын, әрқайсысының өзіне ғана тән ерекшелігі бар кейіпкерлер. Оларды байланыстырушы - әрқайсысының ерекше тағдыры. Режиссердың әрбір шығармасы- адамның бір көргенде байқалына бермейтін ғажайып ішкі әлемі туралы шағын микро-әлем.  Алайда, ол шығармалардың алдыңғы планында үнемі кейіпкердің тұлғасы тұрады.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.