Отандық киноиндустрияға үлесін қосып қана қоймай, кассалық фильм жасау мақсатында түсірілген Қазақстандық фильмдер қатарынан табылатын «Оралман из Питера» атты кинокартинаны тамашалаған едік. Фильмнің алғашқы минуттарынан-ақ отырған орнымызда билетіп жіберді. Тойларда хит болып жүрген әндерді естігенде қай қазақтың болмасын арқасы қозып кетері анық. Фильмдегі шиеленістің басталған тұсында «Бастық боламын» атты сериалдың сюжеті есімізге түсті. Екі жақта да казиноға кіріп, жеңіл ақшаға құныққан кейіпкерлер, бір дөкейдің құзырында болады. Бір айырмашылығы, сериалда кейіпкер ауылға барған болса, ал бұл фильмде керісінше ауылдан қалаға жол тартады. Ауылдан келген адамдарды әлі күнге дүбәра етіп көрсететіні қынжылтады. Комедия жанры екен деп осындай жауыр болған ескі элементтерге неліктен ұрынамыз... Дей тұрғанмен, комедия жанрына тән барлық дерлік заңдылықтарды сақтаған. Қағытпа әзіл мен камера алдында өздерін еркін ұстайтын актерлердің ойыны бірінші кезекте. «Бас продакшнның» жетегімен түсірілген «Вузеры» атты ситкомдағы Габаның образын бұл кинокартинада Төремұрат ретінде актер Асан Мажит екінші рет өткізе алды. Олардың орыс тілінде акцентпен сөйлеуінің өзі еріксіз езуге күлкі үйіреді.
Тіл демекші, не орысша емес, не ана тілімізде емес екі ортадағы «шала қазақский» кинокартина болып шықты деп айтуымызға әбден болады. Тіпті, кей тұстарында фильмдегі диалогтар импровизациямен дәл сол жерде ойлап табылған ба деген ой келеді. Басты кейіпкерлердің бірі Қырғызбай айтпақшы, тілдің «быт-чытын» шығарды.
Фильм кейіпкерлерін жасауда барынша күлкілі етіп жасаған. Үшеуінің таңдалған сыртқы фактурасынан бөлек, есімдерінің өзі қызық таңдалған. Қырғызбай, Төремұрат, Абзал. Абзал демекші, негізгі фильмдегі басты кейіпкер осы. Бірақ, оны басты кейіпкер деп атау қиын. Себебі, мұнда басым көпшілік акцент Абзалға да емес, Төремұратқа да емес, Қырғызбайға берілген. Фильм атауы да Петербургтан көшіп келген Абзалға бағытталады. Кинокартинаны тамашалау барысында Абзалды бір-екі жерінде оралмансың деп бетіне басқаны болмаса, тақырыбын ашатын басқа элемент аңғармаймыз. Басты тақырып ақша және махаббат болып кеткен. Ақша сөзіне келгенде, әкім ауыл аппаратурасына осыншама ақша бөлмесі анық деп дөп басып айтамыз. Және басты кейіпкерлердің күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тек доллармен есептесетіні, теңгеміздің бірде-бір рет бой көрсетпеуі қызығушылық туғызды. Мүмкін ол да бір саясат болар... Фантастика жанры болмағаннан кейін, көрермен нанатын сюжеттік желі болмаса оны өткізу қиын. Фильмнің техникалық сапасына, декорация мен таңдалған фондарға мін таға алмаймыз. Сөзсіз жанарды жаулайтын кинокартина. Кассалық фильм элементтері деп осыны да айтуымызға болады. Көш жүре түзеледі демекші, бір сарындағы кинокомедиялардан бір саты жоғары тұрған фильм екендігін мойындай отырып, осы үшін жұмыс істеген барлық жандарға шығармашылық табыс тілейміз.