Италия киносының қалыптасу жылдары
Италияда кино өнерінің пайда болу кезеңін кәсіпкер Ф.Альберини есімімен байланыстыруға болады. Ол 1895 жылы алғашқылардың бірі болып түсіру аппаратын иеленеді. Осы жылы «Прибытие поезда на Миланский вокзал» (оператор-И.Паккьони), «Умберто и Маргерита на прогулке» (оператор-В.Кальчино) тағы басқа бірқатар хроникалық сюжеттер түсіріледі. 1901 жылы Флоренция және Рим қалаларында алғашқы кинотеатрлар ашылады. 1904 жылы Турин қаласында деректі-хроника фильмдер түсіретін киностудия негізі қаланады. Киностудияның шығармашылық құрамында режиссерлар А.Амброзио, Р.Оменья болды. 1905 жылы Рим қаласында да киностудия ашылады. Оның негізін қалаушылар Ф.Альберини, Д.Сантони. Бұдан былайғы екі жыл көлемінде Италияда тағы бірқатар ірілі-ұсақты киностудиялар құрыла бастайды: «Итала-фильм», «Аквила-фильм», «Амброзио и К» киностудиялары Турин қаласында, «Комерио» киностудиясы Милан қаласында және т.б. Бұл жылдарда түсірілген деректі-хроникалық фильмдердің басым көпшілігі пейзаждық фильмдер, сәулет өнері мұраларын, бейнелеу өнерінің туындыларын қамтыған, қарапайым халық тірішілігінен алынған табиғи көріністер болды. Италия киносының даму сатысының бастапқы кезеңі Италиядағы империалистік қоғам ықпалында болды. Соған қарамастан жәрмеңкелік кино өндірісіндегі бастапқы саты көркемсуретті өнер ағымына ұласа алды. 1905 жылдан бастап кәсіпкер Ф.Альберини негізін қалаған «Чинес» киностудиясында көркемсуретті фильмдер өндірісі іске қосылады. Киностудияның «Взятие Рима» атты алғашқы киношығармасынан кейін Италия мемлекетінің құрылу тарихына арналған бірнеше фильмдер сериясы түсіріледі. 1909-1910 жылдарда киностудиядан әртүрлі тақырыптағы «Катилина», «Макбет», «Анита Гарибальди», «Дон Карлос», «Отелло», «Беатриче Ченчи» тағы басқа фильмдер экранға шығады.
Италия дыбыссыз киносының тарихында сан жағынан шарықтау шегі 1913 жыл тұсына сәйкес келді. Бұл жылдағы түсірілген көркемсуретті фильмдер саны шамамен 500 – ге жетті. Ендігі жерде италия кинокәсіпкерлері шет елдік кинорыноктарды қамти бастайды. Бұл жылдары италия киносында М.Казерини, Э.Гуаццони, Л.Маджи тағы бірқатар режиссерлар жұмыс жасады.
Шетелдік прокатта, әсіресе, тарихи тақырыпта түсірілген «Последние дни Помпеи»(1908, реж. М.Казерини), «Камо грядеши»(1913, реж. Э.Гуаццони); «Кабирия»(1914, реж.Д.Пастроне) фильмдерінің жетістігі зор болды. Бұл фильмдердің түсірілу барысында кең құлашты декорация элементтері молынан пайдалынылды. Сонымен қатар, тұңғыш рет қозғалыстағы камераны декорацияға параллельді жағдайда пайдалану (тележка), қосалқы жарық түсіру сияқты техникалық жаңа тәсілдер жүзеге асырылды. Бұл кезеңде тарихи тақырыптан басқа мелодрама жанры да меңгеріле бастады. Әдеби шығарма негізінде түсірілген фильмдердің де саны өсті.
1-дүниежүзілік соғыс кезеңінен басталған ел экономикасындағы тоқырау италия кино өнерінің былайғы дамуына үлкен тежеу болды. 1918 жылы ұсақ киностудиялар орталықтандырылып, «ИКС» (итальянский кинематографический союз) кинофирмасы құрылады. Италия киносындағы тоқырау кезеңі 30-жылдар тұсына дейін созылды. 1930 жылы алғашқы дыбысты фильм жарық көреді. Музыкалық жанрда түсірілген алғашқы фильмге белгілі әншілер мен композиторлар шақырылды. 1932 жылдан бастап Халықаралық Венеция кинофестивалі жұмыс жасайды. 1935 жылы Италияда кино өндірісін мемлекеттендіру әрекеттері басталады. Рим қаласындағы жаңа құрылған Бас дирекция жанынан кино мамандарын даярлайтын арнайы курстар ұйымдастырылады.
Отызыншы жылдар соңындағы италия киносының сипаты қоғамдық қатынастар арқылы екі жақты бағытта айқындалды: біріншісі – мемлекет тарапынан қолдау тапқан, Бас Дирекцияның саясатын уағыздаушы фильмдер түсіруші режиссер шығармашылығының бағыты; екіншісі – екіншісі фашистік режимге қарсылық білдіруші, интеллектуальді кино шығармашылығының бағыты. Олар негізінен жас режиссерлар тобы болды. «Четыре шага в облаках» (1942, реж.Блазетти), «Дети смотрят на нас» (1943, реж.Витторио Де Сика), «Одержимость» (1942, реж.Л.Висконти).
Италия киносындағы неореализм
Неореализм ағымы Италия киносында 2- дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда көрініс алды. Режиссерлік ізденіс формалары тұрғысынан неореализм құбылысы жаңа реалистік ағымға жатады. 1940-50 жылдар тұсындағы әлемдік мәдениет ағымдары ішіндегі маңызды құбылыс ретінде неореализмнің аса айқын көрініс алғаны, әсіресе, кино саласы болды.
Италия киносындағы неореализм ағымының дамуына 20-30 жылдар тұсындағы америка киносындағы Ч.Чаплин шығармашылығы, француз киносының режиссерлары Рене Клер, Жан Ренуар, Марсель Карне шығармашылықтары үлкен әсерін тигізді. Неореализм киношығармаларында шындық өмір көріністері деректі жанрға мейлінше жақындастырылды. Басты тақырыптар қатарында қарапайым халық өкілдерінің ауыр тұрмысы, соғыстан кейінгі қоғамдағы әлеуметтік, саяси, экономикалық дағдарыстар, қоғам өкілдерінің арасындағы теңсіздік жағдайындағы қақтығыстар болды. Буржуазиялық қоғам өкілдерінің әділетсіздігін сынаумен қатар, халықтың болашаққа деген үміті де қамтылды. Өмір көріністерінің шынайылығын мейлінше дәлірек көрсетуге ұмтылған неореализм режиссерлары өз фильмдерін негізінен табиғи ортада түсіруге тырысты. Басты рольдерге типаж-актерлар қамтылды. Көп жағдайда фильмнің сюжетіне негіз ретінде баспасөз беттерінде жарияланған хроникалық материалдар алынып отырды.
Неореализм ағымының манифесі ретінде режиссер Роберто Росселинидің «Рим-открытый город» (1945) фильмі алынды. Фашистік режимге қарсы халықтың еңсесін көтеретін мәнерде тағы бірқатар фильмдер 40-жылдар соңында экранға шығады: «Пайза»(1946, реж.Р.Росселини), «Один день в жизни»(1946, реж.А.Блазетти).
Неореализм режиссерларының таңдаған тақырыптарының тағы бір бағыты – соғыстан кейінгі жылдардағы қоғамдағы экономикалық тоқыраулар, әлеуметтік қорғансыздықтан туындаған қиындықтар, халықтың ауыр тұрмысы. Бұл аталып отырған тақырыптарда «Бандит» (1946, реж. Паттуада), «Умберто Д»(1945, реж. Де Сика), «Трагическая охота»(1947, реж. Де Сантис) т.б.
Неореализм ағымының нағыз өрлеу тұсындағы киношығармаларда кең қамтылған басты тақырып – жұмыссыздық мәселесі болды. Осы жылдары экранға шыққан «Похитители велосипедов» (1948, реж. Де Сика) және «Земля дрожит» (1948, реж.Л.Висконти) фильмдері кино тілінің суреттеу тәсілдерін терең қолданған үздік кинотуындылар қатарында есептеледі. Қолтаңбалары әрқилы болғанымен де, бір ғана шындықты терең ашуға ұмтылған және оны кино тілінің суреттеу тәсілдері арқылы әр қырынан көрсете алған неореализм ағымының ерекшеліктерін жүйелеп, теориялық тұжырымдар жасаған Чезара Дзаваттини болды. Оның «Некоторые мысли о кино. Неореализм» атты кітабы 1979 жылы жарық көрді.
Неореализмнің философиялық негіздері:
- көркемдік суреттеу тәсілдері негізгі тақырыптың ашылу мәнеріне бағындырылады (белгілі бір тақырыпта, мысалы, соғыс тақырыбы, эпизод көрінісін тереңдетуде шындық өмір сипаты динамикасы гуманистік мағына тұрғысынан өрбітіледі);
- күнделікті өмір көрінісіндегі рухани әлем тереңдігіне бойлау монтаждық тәсілдердің мейлінше азайтылуы арқылы, кадр композициясының қарапайым жағдайда құрылуы арқылы жүзеге асырылады.
Италия киносының көрнекті қайраткерлері
Лукино Висконти (2.11.1906-17.3.1976) кинематографтағы шығармашылық жолын 1936 жылы бастады. Францияда режиссер Жан Ренуардың ассистенті ретінде «Загорадная прогулка» фильмінде жұмыс жасады. 1940 жылы «Тоска» фильмін түсіру процесіне араласады. Соғыстың басталған алғашқы жылында бұл фильмнің өндірісі тоқтатылады (соғыс аяқталған жылдары фильмді режиссер К.Кох бітіреді). Лукино Висконтидің 1942 жылы түсірген «Одержимость» (Дж.Кейннің «Почтольон звонит дважды» әдеби шығармасы негізінде) көркемсуретті фильмі осы жылдардағы Муссолино өкіметі саясатындағы мемлекеттік италия кинематографына қарсы бағыттағы батыл қадам болды және алдағы уақыттағы неореализм ағымының жаршысы ретінде бағаланады. Антифашистік қозғалыстың белсенді мүшесі ретінде Висконти қудаланады, гестапа құрсауынан әрең құтылады. Осы жылдар аралығында Висконтидің эстетикалық көзқарасы «Синема» журналының төңірегінде топтасқан әдебиетшілер мен озық ойлы кинематографистердің ұйымындағы отырыстарда қалыптаса бастайды. 1945 жылы «Дни славы» деректі фильмін түсіруге араласады.
Неорелаизм ағымының шарықтау шыңы ретінде қабылданған Висконтидің «Земля дрожит» (1948) Дж.Вергидің «Семья Малаволья» романы бойынша түсірілді. Фильмдегі оқиға өтетін орта Ачи Тресса балықшылар ауылынана алынған, кейіпкерлер жергілікті диалектіде сөйлейтін шын өмірден алынған адамдар. Күнделікті өмір көріністері, осы сәттік жағдайға байланысты құрастырылған диалогтар, шынайы өмірден алынған интерьерде және табиғи ортада түсірілген көріністер – осының бәрі фильмді деректілікке мейлінше жақындатып тұр. Осы фильмі арқылы және бұдан кейінгі жылдары экранға шыққан «Самая красивая» (1951), «Мы женщины» (1953) фильмдерінде режиссердің қолтаңбасына ғана тән ерекше бейнелік пластика қатары байқалады. Актриса Анна Маньянидің қатысуымен экранға шыққан режиссердың «Самая красивая», «Мы женщины» фильмдері соғыстан кейінгі шынайы өмірдің шындығын комедия элементтерін үйлестіру арқылы жүзеге асырған туындылар. Бұл фильмдерде Рим қаласының көшелері, орта деңгейдегі қала тұрғындарының күнделікті өмірі арқылы сипатталатын психологиялық портреттері терең ашылған. 1954 жылы режиссердың көркемдік ізденістері нәтижесінде қалыптасқан жаңа шығармашылық көзқарастағы «Чувство» фильмі экранға шығады. Бұл фильмдегі оқиғаның сюжеттік тармақтары адам бойындағы өзімшілдік қасиеттің жалпы гуманистік мораль нормаларымен «арпалысы» төңірегінде өрбітіледі. Ф.Достоевскийдің шығармасы бойынша экрандалған «Белые ночи» (1957) фильмінде режиссердың қолтаңбасы тағы бір қырынан көрініс алады. Бұл фильмдегі оқиғаның өрбітілуі қазіргі замандағы Ливорно өміріне ауыстырылған және режиссердың алғаш рет лирикалық сезімге берілген қолтаңбасы айқын байқалады. Висконти шығармашылық өсу жылдарында кинематографпен қатар музыкалық және драма театрында да қызмет жасайды. Сахналық қойылымдар мен экрандық шығармашылықты қатар алып жүреді. Театрда Шекспир, Чехов, Кокто, Ануя шығармаларын сахналады. Экран және сахна өнерінің суреттеу тәсілдерін тең дәрежеде толық меңгерген Л.Висконти өнердің екі түрін синтездік ортақ тәжірибе көзіне айналдырады.
Кинодағы шығармашылық өсу жылдарында Висконти үшін экран құрылымының маңызды элементі қашан да музыка болды. Дж.Верди, А.Брукнердің музыкаларынан үзінділерді пайдалану арқылы жекелеген эпизодтардың аралық байланысын қамтамасыз етеді және олардың өзара үйлесімдігі арқылы тұтас композиция құрылымын бір жүйеге келтіреді. Оның «Смерт в Венеции», «Леопард» фильмдерінде Вердидің жарық көрмеген, танымал емес музыкаларынан үзінділер пайдаланылған. Висконтидің аса күрделі туындыларының басым көпшілігі әдеби шығармалар негізіндегі фильмдер.
Режиссердың алпысыншы жылдар тұсындағы заман және замандас тақырыбындағы фильмдерінде әдеби нұсқалар көптеп кездеседі. Мысалы, «Рокко и его братья» фильмі Дж.Тесторидің «Мост Гизольфы» романы бойынша түсірілді. Фильмдегі қозғалатын бір ғана жанұяның басынан өткен оқиға арқылы Висконти сол кездегі Италия қоғамындағы аса шиеленіскен әлеуметтік мәселені – жергілікті халықтың шаруашылықпен айналысатын оңтүстік өңірден өндірістік қарқын ала бастаған солтүстік қала аймағына ауысу мәселелері - барлық қиындық, аурытпалықтарымен шынайы түрде көрсете білген. Фильм Венеция Халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.
Қоғамдық құлдырау процесінің күрделі сатыларын режиссер әр фильмінде түрлі-түрлі әдістермен терең дейгейде аша біледі. Оның 1969 жылы экранға шыққан «Гибель богов» кинороманы сюжетіне негіз болған бір ғана жанұяның (Мемлекеттің жоғарғы сатысындағы ірі кәсіпкер жанұясы) өз ішіндегі қарама-қайшылықтардың шиеленісуі жалпы қоғамның құлдырауына қалай әсер еткендігін ашып береді. Шынайы болған тарихи саяси оқиғалардың фильмдегі астарлы сипаты (Гитлердің өкімет басына келуіне қолдау көрсеткен кәсіпкерлердің сол Гитлердің қоластындағы эсэсшілердің қалай қатыгездікпен жазалауы) деректі құжаттар мәнерінде көркем фильм сюжетіне аса шеберлікпен өңделген.
Лукино Висконти шығармашылығында экрандық шығарманың күрделі құрылымдық формалары орын алған. Мысалы, бір фильм көлемінде бірнеше сюжеттік новеллалар біріктіріледі. Осындай тәжірибені оның «Боккаччо-70» (Г.Мопассанның «На постели» новелласы бойынша), «Колдуньи» фильмдерінен көруге болады.
Федерико Феллини (1920-2007) шығармашылық жолын 1936 жылдан журналист ретінде Флоренция және Рим қалаларында бастады. Кино саласында 1942 жылдан. Бастапқыда сценарий жазумен шұғылданды. Сценарист ретінде Р.Росселинидің «Рим – открытый город» (1945) фильмінің түсірілу процесіне араласты. Р.Росселинимен шығармашылық бірлестігі «Пайза» (1946), «Франциск, менестрель божий» (1950), «Европа-51» фильмдерінде жалғасты. Сонымен қатар, режиссер А.Латтуданың «Преступление Джованни Эпископо» (1947), «Без жалости» (1948), «Мельницы на По» (1949) фильмдерінде, режиссер П.Джермидің «Во имя закона» (1949), «Дорога надежды» (1950), «Город защищается» (1951) фильмдерінде жұмыс жасады. Италия киносындағы неореализм ағымы Феллинидің шығармашылық көзқарасының қалыптасуына өте көп ықпалын тигізді. Режиссердың алғашқы фильмінде-ақ («Огни варьете»,1950- реж.Латтудамен бірлестікте) неорелизм ықпалы айқын көрінді. Феллинидің келесі фильмдерінде де («Белый шейх» -1952, «Маменькины сынки»-1953) неорелизм ағымының белгілері көрнекті деңгейде байқалды. Бұл аталып отырған фильмдердің оқиғасы соғыстан кейінгі Италиядағы қоғамдық, әлеуметтік ауыр тұрмыс жағдайындағы қарапайым халық өкілдерінің тағдырлары, олардың күнделікті тірліктері шынайы суреттеледі. Кино тілінің суреттеу астарында поэтика элементтері неорелизмнің ащы шындық көріністерімен ұласып жатады. Кейіпкерлердің жан дүниесіндегі қорқыныш сезімдері болашаққа үміт жанарымен алмасып, фильмдердің соңғы финалына оптимистік сарын береді. 1954 жылы экранға шыққан «Дорога» фильмі режиссердың өзіндік қолтаңбасының алғашқы нәтижесі болды деуге болады. Бұл фильмде ешқандай еліктеу тәсілдері байқалмайды, керісінше, неорелизмнің негізгі принциптері толығымен қайта өңделіп, жаңа мағынаға ие болады. Фильмнің кейіпкерлері – дала кезіп өнер көрсететін цирк артистері, күн көріс әрекеттің соңында үнемі жол үстінде жүруге мәжбүр адамдар. Джельсомина (актриса Д.Мазина) – тағдыры ауыр қыз бала, үйінен де кеткісі жоқ, ақша табу үшін Дзампаномен жолға шығуға ауыр тұрмыс жағдайы мәжбүр етті. Жол үстінде кейіпкерлердің мінез ерекшеліктері терең ашылуға мүмкіндік алады. Бір ғана «Дорога» фильміндегі аса күрделі характерлердің тоғысуы арқылы Феллини тұтас қоғамдағы күрделі қарым-қатынас пен қоршаған ортадағы қатыгездік, адамдардың жалғыздық сезімдерін терең трагедиялық туынды ретінде бере алды. Режиссердың суреттеу тәсілдерінде кең қолданылған метафоралық теңеулер элементтері, орта сипатының қарапайым тәсілдер арқылы көркемдік тереңдікке ие болуы кино өнеріндегі суреттеу тәсілдеріне келген үлкен жаңалық болды. «Дорога» фильмінде басталған суреттеу тілінің тереңдігі режиссердың келесі «Мошенничество» (1955), «Ночи Кабирии» (1957, «Оскар» жүлдесі) фильмдерінде заңды жалғасын тапты. Қайырымдылық пен зұлымдықтың мәңгі арпалысы Феллини фильмдерінде әлеуметтік тартыстың көлеңкесінде қалып қоймай, керісінше, жаңа заман өміріндегі қиыншылықтар арасында жаңа қырынан айқындала түсті. Режиссердың шығармашылығында тек өзіне ғана тән режиссерлік ерекше стиль арқылы кино өнеріне жаңа кейіпкерлер келді.
Микеланджело Антониони ( 1912-2007) Болонье қаласында экономика жоғарғы мектебін бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша емес, журналистиканы қалап, біраз жыл баспасөз саласында қызмет жасайды. Кино сынымен айналысады. Рим қаласындағы эксперименттік кино орталығын бітіргеннен кейін 1942 жылы Францияда режиссурамен шұғылданады. Алғашқы тәжірибесін «Вечерние посетители» (реж.М.Карне) фильмінде ассистенттік қызметтен бастайды. Түсіру алаңынан «Марсель Карне - парижанин» атты репортаж-мақала жазады. «Синема» журналында жүрген уақытында неореализм режиссерларымен жақындасады. Сценарий жазумен де айналыса бастайды. Бұл саладағы алғашқы талпынысы – Роберт Росселинидің «Пилот возвращается», Де Сантистің «Трагическая охота», Федерико Феллинидің «Белый шейх» сценарийлерінің жазылуына ат салысады. 1943-50- жылдар аралығында бірнеше қысқаметражды деректі фильмдер түсіреді. Оның «Люди с реки По» (1947), «Служба чистки улиц» (1948), «Суеверие», «Семь тростей и один костюм», «Дом уродов» тағы басқа да фильмдері соғыстан кейінгі Италия қоғамындағы ауыр тұрмыс көріністерін ашық сипаттаған неорелизмнің деректі бағыты болып табылады. «Хроника одной любви» (1950) атты алғашқы көркемсуретті фильмінде Антониони адамның жалғыздық сезімін аса нақтылықпен суреттейді. 1952 жылы экранға шыққан «Побежденные» фильмінде соғыстан кейінгі өмірден өз орнын таба алмай адасып қалған жас ұрпақтың ауыр әлеуметтік, психологиялық жағдайларын сипаттайды. «Дама без камелии» (1953) фильмі рухани құлдыраудың көрінісін қамтиды. 1960-1964 жылдар аралығында режиссер шығармашылығында аса маңызды орын алған тетралогия құрамындағы «Приключение», «Ночь», «Затмение» фильмдері экранға келеді. Әр бөлімде сипатталатын оқиғалар жеке адам психологиясын зерттеуге бағытталған. Адам жалғыздығы тақырыбы режиссердың барлық дерлік фильмдерінде орталық мәселе ретінде қарастырылады. Осы жұмысынан кейін-ақ кинематографистер ортасында Антониони психолог-режиссер деген атаққа ие болады. Антониони кейіпкерлері қашан да жалғыздық құрсауындағы адамдар, қоршаған ортадан, айналасындағы басқа адамдардан қолдау таба алмайтын адасқан кейіпкерлер. Режиссерлік стиль ерекшелігі – ол кейіпкерлерінің жалғыздық сезім жағдайындағы мінез-қылықтарын өте мұқият бақылайды, үнсіздік пен үнемі адасу үстіндегі кейіпкерлердің жан дүниелері мейлінше терең ашылады.
Елуінші жылдар тұсындағы режиссердың фильмдері замандастары тұрғысынан дұрыс бағасын ала алмаған болса, алпысыншы жылдардағы Антониони фильмдері 20-ғасырдың кинематограф саласына салмақты үлес қосқан ірі құбылысқа айналды. 1960 жылы экранға шыққан «Приключение» фильмі Канн фестивалінің арнайы жүлдесін иеленді. «Ночь» (1961) фильмі Берлин фестивалінің бас жүлдесін, «Затмение» (1961) Канн фестивалінде арнайы жүлдені, «Красная пустыня» (1964) Венеция фестивалінде бас жүлдені иеленді.
Айналасындағы адамдармен ортақ тіл таба алмай қиналған қапалы адамдарды кейіпкер жасаған Антониони өз фильмдері арқылы француз сыншыларының бағасымен «жалғыздықты жырлаған» ақынжанды режиссер ретінде танылды. Басқа өмірді аңсаған ынтызарлық сезімдердің (көп фильмдерінде Моника Витти сомдаған кейіпкерлер арқылы) арман күйінде қалып қою қаупінен үрейленген тебіреніс жақтары өкінішке орай көп жағдайда еленбей қалып жатты.
1965 жылдан бастап Антониони шет елдерде фильмдер түсірумен айналысады. Ұлыбританияда түсірілген «Фотоувеличение» (1965) фильміндегі бас кейіпкер сәнді ательенің фотографы қызметінен гөрі ащы шындық өмірінен алынған репортаж тәсілін қалайды. Бірақ ол қанша тырысқанымен де фотокамера құбылыстың сырт көрінісін ғана қамти алады екен.
Антониони шығармашылығының келесі бір сатысы – режиссер қоғамдағы құбылыстардың саяси астарына назар аудара бастайды.
«Забриски Пойнт» (АҚШ) көркемсуретті және «Чунг Куо» (Қытай) деректі фильмдерінде режиссердың көзқарасымен бүгінгі күнгі АҚШ және Қытай қоғамындағы өмір сипаттары берілген. Көп жылға созылған ауру салдарынан кино түсіру процесінен біраз уақытқа қол үзіп қалады. 1995 жылы неміс режиссеры Вим Вендерспен бірлестікте «За облаками» фильмін түсіреді. Бұл фильм режиссердың «Тот кегельбан над Тибром» атты романының желісімен түсірілген. Антонионидың режиссерлық қолтаңбасына оқиғаның баяу сипатталуы тән болып келеді, қала көрінісінің сұрықсыз бейнесі арқылы ашылатын жеке көріністер астары, ретсіз келтірілетін интерьер сипаты сияқты бейнелік шешімдер орталық кейіпкер болып табылатын адам табиғатының оны қоршаған ортадан алшақ жатқандығын бейнелеуге бағытталған және жалғыздық сезімнің тереңділігін байқатады.
Пьер Паоло Пазолини (5.3.1922 – 2.11.1975) – кинорежиссер, сценарист, кинотеоретик. Болон университетін бітірген. Елуінші жылдар тұсында публицист және прогессивті жазушы ретінде танымал болды. 1942 жылы «Стихи в Казарсе» атты алғашқы әдеби жинағы жарық көреді. Елуінші жылдан Рим қаласында тұрады. Осы жылдар тұсында Пазолини әдебиет саласында аса белсенді жұмыс жасайды. Дін тақырыбындағы поэзия ерекшелігін зерттеумен шұғылданды. Осы бағытта «Мастерская» атты теориялық журналдың жұмысын ұйымдастырады. Пазолинидің әдеби шығармалары бойынша басқа режиссерлардың бірнеше фильмдері экранға шығады: «Лихие ребята» (1955), «Жестокая жизнь» (1959). Пазолини сценарист ретінде де өте көп жұмыс жасайды, ол 15 фильмге сценарий жазды. Алпысыншы жылдарда кинорежиссураға келеді. Оның алғашқы фильмі «Аккатоне» 1962 жылы экранға шықты. Дәл осы жылы тағы бір көркемсуретті фильм «Мама Рома» (1962) экранға шықты. Басты рольде актриса Анна Маньяни. Осы аталған фильмдерде және «Овечий сыр» (1963) атты сатиралық новеллада Пазолини өзінің әдеби шығармаларындағы мәселелері мен поэтикасын пайдаланады. Неореализм кезеңінен де элемент ұшқындары кездесіп қалады. Пазолини фильмдеріндегі кейіпкерлер буржуазиялық қоғамнан шеттеп қалған төменгі сатыдағы адамдар. Пазолини барлық дерлік фильмдеріне сценарийді өзі жазды, музыканы өзі таңдайтын, кей жағдайда өзі роль де ойнады. Неореализмге ұқсас суреттеу тәсілдерінің басым болғандығына қарамастан Пазолинидің фильмдеріндегі натуралистік элементтер арқылы берілетін бейнелік қатар және кейіпкерлерінің тығырыққа тірелген жағдайдағы характерлік ерекшеліктері (паталогиялық әрекеттер) италия веризм ағымынан да алынған тәсілдер деп қарастырылады. Оның «Евангелие от Матфея» (1964) фильмі Иисус Христостың өмірі мен қызметі қарапайым адам сипатында беріледі. Халық қамын ойлаған күрескер ретінде. Режиссер «Птицы большие и малые» (1965) фильмін философиялық аңыз формасында бүгінгі күн мен орта ғасыр арасындағы рухани байланысты сипаттайды. Классикалық әдеби нұсқалар негізінде «Царь Эдип» (1967) және «Медее» (1969) фильмдері түсірілді. 1968 жылы экранға шыққан «Теорема» Пазолинидің өз романы бойынша экрандалған және онда буржуазиялық қоғамның құлдырау сатысы көрсетіледі. «Свинарник» (1969) фильмінде фашизм мен неофашизм мәселелері қарастырылады. Суреткер ретінде Пазолини бүгінгі кино өндірісінің коммерцияға айналуына қарсы болды.
Бернардо Бертолуччи – кинорежиссер, жазушы, драматург. 1941 жылы өнер тарихының профессоры, кинотанушы Артилио Бертолуччидің жанұясында дүниеге келді. Бернардоның киноға деген қызығушылығын әкесі үнемі қолдап отырады, өзімен бірге түсіру алаңдарына жиі алып жүретін. 15 жасында Бернардо балалр өмірінен екі қысқаметражды фильм түсіріп үлгерді. Оның алғашқы кітабы «В поисках загадки» Италиядағы аса дәрежелі «Виарежжио» әдеби жүлдесін иеленді. Рим Университетінде оқып жүрген жылдарында (1958-1961) Бернардо Бертолуччи Пьер Паоло Пазолинидің көмекшісі ретінде кинодағы шығармашылық жолын бастайды. «Аккатоне» (реж.Пазолини) фильмін түсіру барысында Бертолуччи Университеттегі оқуын тоқтауға мәжбүр болады. Кино түсіру процесін терең меңгеруге тырысады. Бертолуччидің 1962 жылы экранға шыққан алғашқы «Костлявая кума» фильмінде Пазолинидің режиссерлік қолтаңбасының әсері болғандығы байқалады. Бас кейіпкерлерді кәсіби емес актерлар сомдайды. 1964 жылы экранға шыққан Бертолуччидің «Перед революцией» фильмінде де Пазолинидің қолтаңбасының әсері сақталған. Бұл фильмдегі оқиғаның өрбітілуі бас кейіпкер буржуазиялық ортадан шыққан жас жігіттің сыр шерту мәнерінде беріледі. Ол марксизм саясатын қабылдай алмаған жанұядан кетуге мәжбүр болады, жаңа өмір үшін күрескерлер қатарына қосылады. 1968 жылы Бертолуччидің «Партнер» (Ф.Достоевскийдің шығармасы желісімен) фильмі экранға шығады. Фильмдегі бас тақырып буржуазиялық қоғамдағы толқулардың астары, жастардың ескі ережелерге деген наразылығы ашық көрсетіледі. Режиссер ретінде әбден қалыптасып, кино әлеміне өз стилінің жаңалығымен келген суреткер ретінде танылған шағы Бертолуччидің «Конформист» (1970) фильмінің экранға шығуы болды. Бұл фильм арқылы жаңа кезеңдегі саяси кино ағымының белсенді өкілі және осы бағыттағы кино тілінің суреттеу тәсілдерін жетілдірген кәсіби маман ретінде танылды. Осы жылы режиссердың әлеуметтік күрделі тақырыпты қозғаған «Бедные умирают раньше» деректі фильмі де жарық көреді. Бертолуччидің әртүрлі тақырып төңірегіндегі ізденісі нәтижесінде 1972 жылы экранға жаңа бағыттағы – көпшілік фильмге эротикалық және фрейдизм элементтерін енгізген «Последнее танго в Париже» фильмі экранға шығады. Бас рольде Марлон Брандо. Осы фильмдегі суреттеу элементтері режиссердың 1979 жылы экранға шыққан «Луна» фильмінде жалғасын табады. Бертолуччидің толыққанды шығармашылық ізденісінің нәтижесі ретінде 1976 жылы экранға шыққан «Двадцатый век» фильмі саналады. Фильм оқиғасы режиссердың туған жерінде өтеді. Фильм сюжетіне негіз болған оқиға уақыт жағынан бірнеше тарихи кезеңдерді қамтиды. Бастпқы кезең – шаруалар өмірінен алынады, одан кейін социалистік және коммунистік қозғалыстың пайда болуы қамтылады, фашистік режимге қарсы партизан қозғалысының табиғаты зерттеледі. Фильмнің құрылымдық сипаты – классикалық эпопея формасында берілген.
Қолданылған материалдар:
- Ежи Теплиц. «История киноискусства». М, 1968
- Жорж Садуль. «История киноискусства». М, 1957.
- Чезаре Дзаваттини. «Дневники из жизни кино. Статьи.Интервью». М, 1982.
- И.Соловьева. «Кино Италии». М, 1982.
- Л.Муратов. «Итальянский экран». М, 1971.
- Ч.Дзаваттини. «Кино Италии. Неореализм». М, 1989.
- В.Шитова. «Лукино Висконти». М, 1965.
- Лукино Висконти. «Статьи. Свидетельства». М, 1986.
- Т.Багелис. «Феллини». М, 1972.
- В.Божович. «Современные западные кинорежиссеры», М. 1972.
- Антониони об Антониони.-М., 1986.
- Висконти о Висконти. М, 1990.
- Феллини о Феллини. М, 1988.
- Федерико Феллини. «Делать фильм», М, 1984.
- Федерико Феллини. «Статьи. ИНтервью. Свидетельства.». , М, 1968.
- А.Караганов. «Кинематографические встречи», М, 1969.
- Плахов А. Всего 33. Звезды мировой кинорежиссуры, Винница, 1999.