Мақала
«Ай сәулесі» фильмінде көтерілген «өзгешелік» тақырыбы
"Ай сәулесі" фильміне студенттік көзқарас
Бөлім: Кино
Датасы: 12.05.2017
Авторы: Akmaral Nurlan
Мақала
«Ай сәулесі» фильмінде көтерілген «өзгешелік» тақырыбы
"Ай сәулесі" фильміне студенттік көзқарас
Бөлім: Кино
Датасы: 12.05.2017
Авторы: Akmaral Nurlan
«Ай сәулесі» фильмінде көтерілген «өзгешелік» тақырыбы

Қара нәсілді Американдықтардың қазіргі өміріндегі есірткі, гомосексуализм, ата-ананың жауапкершілігі мен тәрбиесі, адамның тұлға ретінде қалыптасуы, достық пен алауыздық секілді сан алуан мәселелер - режиссер Барри Дженкенстің алдында кәсіби тұрғыдан толыққанды ашылуы үшін көптеген мүмкіндіктерді берді. Бірақ, дәл осы кинотуынды өзінің ауыр салмағын көтере алмады. Қара нәсілді гетто мен гомосексуалды көзқарастың қосындысы – кем дегенде, шығармашылық эксперименттер мен ой толғаулар үшін жаңа, әрі қызық алаң. Алайда, фильмде идея мен сюжеттік желілер тым көп. Сол себепті, қозғалған тақырыптардың көбісі толыққанды ашылып, аяқталмаған.

Бұл автобиографиялық фильм бродуейлік драматург Тарелл Элвин МакКрейнидің жарияланбаған пьесасының желісімен түсірілген. «Ай сәулесі» (Moonlight) фильмінде көтерілген «өзгешелік» тақырыбы шағын, жан-жақты контексттерде түсінікті бола алады. «Өзгелерге» деген құрмет пен һиумәнизм (humanism) – шығарманың басты және маңызды идеясы.

Көрермен басты кейіпкердің өсіп, есейгенін фильмнің үш бөлімінен байқайды. Ал жеке тұлғаның өсіп, өзгергенін көрсетуге бағытталған әдістер көңілге қонымсыз келеді. Кейіпкердің ішкі күресі мен бірте-бірте дамуын бақылау әлде-қайда қызықты болар еді. Сюжеттік өзгерістердің барлығы да бірдей түсінікті, әрі ақталған деуге келмейді. Маңызды көріністер белгілі бір шаблонмен түсірілген секілді.

Техникалық тұрғыдан қарастырғанда, фильмнің бас жағындағы ірі пландар мен көлемді, ұзақ қозғалыс үстіндегі кадрлар көріністі шынайы етеді. Бірақ, фильм ортасына таман ірі пландар көрерменді жалықтыра бастайды, көріністер ұзарып, динамика мүлдем баяулап кетеді. Мүмкін, бұл кейіпкердің бала кезінен өзгермей, сол бетінше қалған мінез ерекшеліктерін көрсету жолы болған болар. Алайда, фильмнің басқа да кемшіліктерінің аясында дәл осы әдісті қолдану – қате шешім секілді.

«Ай сәулесі» - қазіргі уақытта әлемдегі қиын жағдайдың тұтқыны. «Ақ нәсілді» Оскар айналасындағы жанжал, Һолиудтің «антитрамптық» көзқарастары – осының бәрі фильмді әлеуметтік пікірге айналдырып жіберді. «Үздік фильм» номинациясын да көбінесе әлеуметтік пікір мен ойды көрсететін жұмыстарға береді: «Назарда» (Spotlight), «Арго операциясы» (Argo).

Қайталанушылық сезімі фильмнің осал жақтарының бірі. Тақырыптар мен ойлар бөлек-бөлек болсын, басқа фильмдерде қолданылған болатын. Оның үстіне бір-екі рет емес. «Ай сәулесі» - қойылған мақсаты мен идеясына жаңаша көзқарас емес. Ол Ричард Линклейтердің «Балалық шақ» (Boyhood) немесе Әң Лидің (Ang Lee) «Өркешті тау» (Brokeback Mountain) фильмдері де емес. Сондықтан, бұл фильм бұрын салынып қойған жолмен жүріп келді. Одан қалса, фильм стилистикасына Уаң Кар-Уай (Wang Kar-Wai) эстетикасының әсері байқалады.

Психологиялық тұрғыдан нәзік құрастырылған кейіпкерлер, соңына дейін айтылмай, ойналмай қалған сөздер – фильмге әсемдік беріп, сиқырлы етеді. Сондықтан, «Ай сәулесі» түстердің емес, реңктердің фильмі. Ол өзінде кемшіліктері мен құндылықтарын біріктіреді. Дәл қазіргі уақытта кемсітушілік пен саяси ұстамдылық аясындағы ұрыс-керіс фильмге тек зиянын келтіргенмен, көтерілген тақырыптар қоғамда шешілген кезде, бұл туынды әлемдік кинематографияда өз орнын табуы әбден мүмкін.