2016 жылы 9-қырүйекте 73-Халықаралық Венеция кинофестивалі аясында режиссер Эмир Кустурицаның «Құс жолында» (On the Milky Road) фильмінің тұсауы кесілген болатын. Әзірге режиссер шығармаларының тізімінде соңғы болып тұрған осы фильм негізінде авторды өзгелерден ерекшелейтін қолтаңбасы ретінде қалыптасқан тақырыптық қамтуларына тоқталып өтейік.
Бірнеше халықаралық кинофестивалдердің жеңімпазы атанып жүрген бұл режиссердің кезекті туындысы бұған дейінгі қалыптасқан қолтаңбаның шеңберінен шықпаған. Кустурицаның қайбір фильмін алып қарасақ та өзгеріске ұшырамайтын басты тақырыптық қамтуларды байқаймыз. Бұл жолы да режиссердің ата жолынан таймағанына көзіміз жетіп отыр. «Құс жолында» қарапайым елді – мекеннің тұрмыс-тіршілігін тікелей алып, кейбір тұстарда көркемдік элементтерді қосып шығару. Тұрғындары айналысатын кәсіптер, қарапайым өмір көрінісі. Олардың өмірі біздің қабылдауымызға жат болғанымен осы тұста басты мәселе ретінде мәдениеттер аражігін ұмытпауымыз керек. Жоғарыда айтылған тұрмыс элементтеріне нақты мысал ретінде режиссердің бірқатар фильмдерін атап өтуімізге болады, олар: «Черная кошка, белый кот» (Crna mačka, beli mačor), «Жизнь как чудо» (Život je čudo) фильмдері. Осы көріністер өзге де астарлы тақырыптардың қатар жүруіне мүмкіндік береді. Тұрмыс элементтері Кустурица фильмдерінің басым көпшілігін құрайды. Және өз төңірегіне қалған құраушы тақырыпшаларды жинайды.
Дәл осы тұрмыс тақырыбын құраушы элементтер ретінде жекелеген тақырыпшаларды қарастыруымызға болады. Бұл қатарда соғыс мәселесіне ерекше көңіл бөлдік. «Құс жолында» фильмінде көрініс тапқан соғыс кадрлары режиссердің осы тақырыпқа деген өзіндік көзқарасының негізінде туындағаны көрінеді. Әйтсе де, соғыс кадрлары немесе соғыс тақырыбындағы фильм деп сенімді түрде айта алмаймыз, себебі ол фильмдерден көбіне соғысқа деген қарсылықты, соғыс кезінде адамдық қасиеттердің жоғалатыны жайындағы ойларды байқаймыз. Бұл төңіректе біз «Құс жолында», «Андерграунд» (Underground) фильмдерін атап өтуімізге болады. Режиссер шеберлігінің шыңы ретінде дәл осы соғыс тақырыбына деген өзіндік юморға құрылған ирония көрініс табады. Оны жекелеген күлкі тудыратын кадрлар мысалында атап өтуімізге болады. Мысалы: қанша оқ атылса да, есек мінген басты кейіпкерге ешқайсының дарымауын, түскі ас ішу үшін соғысушы екі жақтың үзіліс жариялауын «Құс жолында» фильмінің мысалында айтуымызға болады.
Бір көрінер көзге Кустурица көрерменге сыйлайтын махаббат оғаш көрінгенімен, бұл тұста біз жоғарыда атап өткен мәдениеттер аражігін ұмытпауымыз керек. Әр ел өкілі үшін махаббатқа деген шаблондар әртүрлі. Сондықтан, көрермен үшін тек қызықтап отыру керек. Бұл тақырыпты біз режиссердің барлық фильмдерінен байқаймыз. Нақтырақ айта кетсек, «Аризонская мечта» (Arizona Dream), «Құс жолында». Тек, бір айта кетерлігі, әр фильмде ерекшелейтін махаббат тақырыбын беру формасы басқаша. «Аризонская мечта» фильмі режиссердің Голливудта түсірген картинасы. Сондықтан да, бір қуантарлығы режиссер сол өңірдің мәдениетін ескере білген. Сол арқылы бұл фильм өзге картиналардан ерекше болып шықты. Ал қалған туындыларда Кустурицаның тәуелсіз қолтаңбасы мен ұлттық калорит байқалады. «Құс жолында» фильмі осы тұжырымды дәлелдейтіні анық. Бұл фильмде режиссер махаббат тақырыбын өзіне және көрерменге үйреншікті тұстан көрсетеді. Қарапайым елді – мекенде өмір сүретін үш адамның айналасында орын алатын махаббат оқиғасы. Бұл дегеніміз біз айтып жүрген «махаббат үштігі» деген ұғымға толығымен сайма сай. Екі бірдей тойды өткізуге бір күн қалғанда айқын болатын шынайы махаббаттың (бақытсыз) артынша: халықты мағынасыз қыру, тұрмыстық трагизм сынды символикаға толы сюжеттік желі соғыс тақырыбымен бірге ұштасып кетеді.
Отбасы тақырыбы жоғарыда айтқан тұрмыс тақырыбын құраушы негізгі элемент болып табылады. Себебі, отбасы күнделікті тіршіліктің басты ортасы. Ал, өз кезегінде режиссердің көтеретін мәселесі отбасындағы құндылықтар. Махаббат тақырыбынан бастау алатын ұрпақ жалғасы мәселесі, ата – ананың, баланың орнының сақталуы, отбасылық ауызбіршілік, ұйымшылдық сынды астарлы жәйттардың біразын байқаймыз. Бұл жөнінде нақты дәлелдерді «Құс жолында» фильмінен келтіре аламыз. Кез –келген фильм қарым – қатынасқа құрылады. Өйткені драматургияның бастауы осы. Сондықтан, бұл жолы да Кустурица таса қалған жоқ. Ата – ананың балаға деген, аталықтың аналыққа деген қатынасын көре аламыз. Бұдан шығатын қорытынды ретінде махаббат, отбасы, қарым-қатынас сынды тақырыптардың бір-бірімен тығыз байланыс жасау арқылы, толыққанды дүние беретінін көреміз. Және Кустурица фильмі осылардың бәрін жан-жақты қамтудың нәтижесінде нақты мысал бола алады.
Ендігі кезекте, «Құс жолында» фильмінің мысалында режиссер драматургиясының көзірі ретіндегі элементтерді атап өтсек. Юмор: бұл режиссердің басым көпшілік фильмдерінде кездеседі. Өзіндік ұлттық калоритті сақтаған, ешкімге ұқсамайтын юмор. Мысал ретінде: «Черная кошка, белый кот», «Андерграунд», «Жизнь как чудо», «Завет» (Zavet) фильмдерін айта аламыз. Комедия элементтеріне ұласып кететін біздің қабылдауымыздағы күлкілі кадрлар ол елдің тұрмысының айырылмас бөлшегі болып табылады. Абсурд элементтері: бұны да ерекшелеп алдық. Ақылға сиымсыз болып көрінетін дүниелер, көз алдымызда көрініс тауып, кейіннен юмор элементтерімен астасып кете барады. Нақты мысал ретінде: «Америкалық арман» түсінігінің тас талқанын шығарған «Аризонская мечта» фильміндегі ұшып жүретін балықтарды, «Құс жолында» фильміндегі аспанға ұшып кеткен ғашықтарды айта кетуімізге болады. Және жоғарыда айтып өткен иронияға құрылатын соғыс тақырыбы да кейбір тұстарда осы абсурд негізіне құрылып жатады.