Мақала / #студентСөзі
Періштелер қалғымасын...
Рашид Сүлейменовтың "Арман. Когда ангелы спят" фильміне студенттік көзқарас
Бөлім: Кино
Датасы: 31.10.2017
Авторы: Айжан Есенгелді
Мақала
Періштелер қалғымасын...
Рашид Сүлейменовтың "Арман. Когда ангелы спят" фильміне студенттік көзқарас
Бөлім: Кино
Датасы: 31.10.2017
Авторы: Айжан Есенгелді
Періштелер қалғымасын...

Қайрат Нұртас десе мұрнын аспанға шүйіретін «мінсіздер» көп-ақ... Әрине, талғамға талас жоқ. Алайда, ол талантсыз, бейбақ біреу болса, сахнадан әлдеқашан аластатылып, жұлдызы өшіп қалушы еді. Жоқ! Ол – өзін-өзі тапқан, бағыт-бағдар, арман-мақсаты айқын, өз тыңдармандары бар, үнемі ізденісте жүретін, тынымсыз, еңбекқор әнші. Жарайды. Туынды турасында...

Риясыз махаббат. Балғын болашақ. Бақытты отбасы. Тәтті бүлдіршіндер... Бірақ – мұның бәрі «Арман» ғана... Иә, кинокартинаның атауының өзі-ақ, фильмнің тақырыбын тарқатырып береді. «Арман. Періштелер ұйықтағанда». Бұл – қос жүректің арманға жету жолында кедергілерге кезігіп, қоғамда жәбірленушіні жақтайтын періштелердің қалғып кетуін астарлап тұр.

Оқиға желісі үй болуларына аз қалған екі жастың қатерге ұрынуынан басталып, қалыңдықтың арын аяққа таптаған бай балаларының өрескел әрекеттерімен шиеленісе түседі. Аяғы қарапайым мұғалім қыздың қылмыскерге айналауымен тәмәм.

Кинокартинаның жарық көргеніне бір айға жуық уақыт өтсе де, көрерменнің қарасы азаяр емес. Халықты елітіп тұрған басты фишка – Жұлдыздың «жұлдызды» дебюті. Иә, Жұлдыз Абдукаримованың алғашқы рөлі – өте сәтті шыққан. Дүйім жұрттан оң бағасын алып та үлгерді. Өйткені көрермен – кейіпкермен бірге қорқынышты сәттерді бастан өткеріп, эмоцияға беріліп, оқиғаны сезіне алды.

Аталмыш кинотуынды «Я плюю на ваши могилы», «Ружье», «Я есть гнев», «Смертельный приговор» фильмдеріне ұқсас деген айыппен, сыншылардың сын садағына ілікті. Дегенмен, зорлық құрбаны – қашан да қорғансыз. Бұрын да солай болған, қазір де сондай, кейін де осылай бола бермек. Мұндай оқиғалар заманның әр кезеңінде де кездесіп отырған. Бұған Әуезовтің бір ғана «Қорғансызы» үлкен дәлел.

Көпшілік көрермен – фильм желісін өмірдегі нақты қылмыстық істерге ұқсатты. Әсіресе қайбір жылдары жаңалықтардан түспей, жүйіткіген көлігімен адамды жан тәсілім етіп, жазаланбастан жер басып жүрген шенеуліктің балаларын, мүгедек қызды зорласа да, қылмысы жылы жабыла салған бизнесменді, аяусыз қорланып, ақырында өзіне қабір қазған бойжеткенді еске салды.

Иә, фильмде пафосты, шындыққа жанаспайтын тұстар жоқ емес. Алайда, режиссер қоғамдағы болып жатқан мәселені көтеріп, ортаға тастады, ой салды. Тіпті, бүгінгінің ұстаздарының да бейнесін көрсете алды десем жаңсақтық болмас.

Бір қуантқаны – фильмде бұрынғыша биязы, қазақы тәрбиеден аттай алмай, менталитеттен аса алмайтын, ішіндегісін бұғып, тағдырдың тауқыметіне оңай көндіге салатын емес, керсінше, ары үшін арпалысқа түсіп, қоғамнан әділдік ізейтін батыл қыздың бейнесін көреміз. Мұндай қайсар қазақ қыздарының бейнесі отандық кино өнері үшін жетіспей жүрген образдардың бірі дер едім.

Көпшілік коммерциялық киноларға келгенде көп шүйлігіп қалады. Титімдей туындыдан түйірдей қателік табуға құлшынып тұрады. Қаза берсең қателік деген көп-ақ. Алайда, қазақта «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер» деген қазыналы сөз бар. Сол себептен, бірнәрсе демес бұрын, сексен минуттық туындының соңында торығу мен күтуді есептемегеннің өзінде, қаншама еңбектің, техника мен шығармашылық топтың барын ескерген абзал. Жоғарыдан кеуде керіп қараудың қажеті жоқ. Бізсіз де биіктен бақылайтын бір құдіретті күштің бары баршамызға аян. Сондықтан, сынауға білек сыбана кіріспес бұрын, ерен еңбекті бағалай білуді үйренген абзал. Мұндай этаптан барлық елдің киносы өтті. Осылай, бірте-бірте біздің де кино өнеріміздің деңгейі көтеріліп, даңқы аспандайтын уақыт жетеді. Оған дәлел, фильмде оқиға желісінің түсінікті жеткізіліп, экшндық элементтердің аз да болса байқалуы мен кино тіліне мән берілуі.

Мәселен, фильм соңында бас кейіпкердің жәбірлеуші жігіттерді мерт қылатын сәті бар. Байқасаңыз, онда Арман аяқ киімсіз болады. Яғни, осы арқылы-ақ, ол өзінің заңның алдында дәрменсіз, қоғамның еш қауқарсыз, өзінің қорғансыз, «жалаң аяқ» екенін көрсетіп берді.

Ал, фильм барысында «Тұран» суының құтысы мен «Billion.co» дүкенін жарнамалап, әр кадрға кірістірді деп сөгуге, тек бір тілде түсірілмеді деп өкпелеуге хақымыз жоқ. Біріншіден, бізде арнайы бекітілген кино өнеріне қатысты заң жоқ, екіншіден бұл – коммерциялық негізде түсірілген туынды. Бастысы, діттеген ойын жеткізе алды. Соңын ұтымды аяқтады. Кейіпкер -қоғамның немқұрайлылығына ашынып, басқа жаққа бет алды. Оған іздеу салынған уақытта өзін қылмыскер санап, көпшіліктің алдында жүзін жасырып, айналасына қорқынышпен қарады. Поезд ішіндегі таңырқай қараған көпшіліктен тасалануға тырысты. (Осы кадр – Корей елінің «Поезд в Пусан» (2006 ж. реж. Ен Сан Хо) туындысын еске салады.) Алайда, олардың жатырқамай, жақын тартып, жанашырлық танытуы – қарапайым халық пен қорланған қыздың бір жақта екендігін аңғартты. Ал олардың бір бағытқа бет алуы - қайсар қыздың батыл әрекеті қоғамды дүр сілкіндіріп, әділетсіздікке көз жұма қараған жұртшылықтың оянғанын сездіргендей болды.

Тағы да бір айта кететін жайт, Қайраттың әртістігінен гөрі әншілігінің жоғары екеніне тағы бір мәрте куә болдық. Ал жұрттан жасырып келген жұбайына сөз жоқ. Он жыл камерадан таса жүрген талантқа мүлдем ұқсамайды. Шеберлігіне таңырқай қарадық. Сонымен қатар, төрт жауыз жігіттің ішіндегі дөкейі – Айдархан рөліндегі Елжас Рахымбеков те жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Ой салып, ми қозғайтын, қазақ кино өнерінің классикасына айналар айрықша туындылардың жасалатынынан «Үміт үзбейік».

Айтпағым, жігіттерден намыс кетпесе, қыздардың абыройы аяққа тапталмас еді. Мұндай әрбір қайғылы оқиғаның соңында зар жылап қалатын аналардың, қорғансыз қалатын қаракөз қарындастардың тұрғанын қаперде сақтаған жөн.