Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (V.I)
V. Қазақ ұлттық кино өнеріндегі жаңа ағымдар 5.1. Тарихи тақырыптағы фильмдердің мазмұндық сипаты
Бөлім: Кино
Датасы: 13.12.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (V.I)
V. Қазақ ұлттық кино өнеріндегі жаңа ағымдар 5.1. Тарихи тақырыптағы фильмдердің мазмұндық сипаты
Бөлім: Кино
Датасы: 13.12.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (V.I)

Гүлжан НАУРЫЗБЕКОВА

 Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы


Жетпісінші жылдардың соңы сексенінші жылдар басында қазақ кинорежиссурасында дағдарыс кезеңі туды.  Бұл кезеңде қазақ киносының ұлттық мектебін қалаған бірқатар қайраткерлер өздерінің соңғы фильмдерін түсіріп үлгеріп, дүниеден өтіп кетіп жатты. Шакен Айманов 1970 жылы «Атаманның ақыры» фильмін түсіріп, сол жылдың  желтоқсан айында қайтыс болады. Мәжит Бегалин 1975 жылы   «Отқа оранған Орал» фильмін түсіріп, 1978-жылы дүниеден өтті. Абдолла Қарсақбаевтың соңғы фильмі «Балалық шақтың кермек дәмі» 1983 жылы экранға шығады, режиссер осы жылдың  жазында қайтыс болады. Сұлтан Ходжиковтың соңғы фильмі «Күш атасын танымас» 1985 жылы экранға шығады, арада үш жыл салып, режиссер бұл дүниеден өтеді. Шәріп Бейсембевтың  ақырғы фильмі «Несібелі» 1986 жылы жарық көреді, режиссер 1989 жылы дүние салады. Міне, жетпісінші-сексенінші жылдар тұсында шығармашылық мүмкіншіліктері  нағыз дәуірлеп тұрған шақтарында қазақ киносының алыптары  бірінен соң бірі өмірден кетіп жатты. Ең өкінішітісі, олардың орнын толтырар, дәстүрлі ұлттық режиссура мектебін жалғастырар шәкірттері санаулы ғана еді. Осы кезеңдегі режиссурада пайда болған дағдарыс экрандық шығармалардың саны мен сапасына тікелей әсер етті.

Сексенінші жылдар тұсында тоқырау кезеңіндегі дағдарыстан шығудың жолдары қарастырыла бастайды. Тұйықтан шығудың бірден-бір амалы әдеби шығармаға бет бұру деп танылды. Театр және телевизия саласында қызмет істеп жүрген режиссерлар киноға шақырыла бастайды. Осы кезең кинотуындыларының негізгі бағыт-бағдарын айқындаған режиссерлар қатарында Виктор Пусурманов, Амангелді Тәжібаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Дәмір Манабаев, Болат Шәріп, Болат Омаров, Аманажол Айтуаровтың есімдерін атауға болады. Сексенінші жылдар киношығармаларында негізгі екпін  қазақ әдебиетінің классикалық туындыларын экрандау, оның ішінде, әсіресе, тарихи тақырыптарды меңгеру болса (Ә.Мәмбетов, А.Тәжібаев фильмдерінде), ал, бұған дейін  тамаша дәстүрге айналып үлгерген қазақ балалар киносына ертегі жанры қосылады (В.Пусурманов фильмдері).  Философиялық толғаулар және жаңа заман кейіпкерінің күрделі бейнесі кино тілінің суреттеу әдістерінде тосын жаңа қырымен ерекшеленді (Аманжол Айтуаровтың және Болат Омаров фильмдерінде).

Сексенінші жылдар тұсында «Қазақфильм» киностудиясына басқа студиялардан  шақырылған режиссерлар да сәтті шыққан туындыларымен ұлттық киномыз тарихына елеулі үлес қосады. Б.Мансуровтың («Құлагер»-1987, «Сұлтан Бейбарыс»-1989) және Б.Шамшиевтың («Мергендер»-1985) фильмдері  осының дәлелі. Осы жылдары экранға шыққан тарихи тақырыптағы фильмдерді өз ішінде бірнеше тармақтарға жіктеуге мүмкіншілік туды.

Революция және азамат соғысы тақырыбындағы тарихи фильмдер

Аталып отырған кезеңде қазақ киносында табысты деп табылған шығармалар аса көп болған жоқ. Аз да болса,  бір топ режиссерлар сексенінші жылдар киносында  өздерінің сәтті туындылары арқылы ұлттық кино өнерін  осы кезеңдегі құлдырауда болған аса қиын жағдайынан алып шықты деуге болады. Бір ерекшелік, осы кезең киносында еңбек еткен режиссерлардың алдына қойған мақсаттары, соны дүниелері арқылы жұртты дүр сілкіндіру емес, керісінше, шамалары келгенше, киношығармаға ұлттық таным белгілерін мейлінше тереңірек енгізу және сол арқылы дәстүр жалғастығын қамтамасыз ету еді. Сондай режиссерлардың қатарында Амангелді Тәжібаевтың есімін атауға болады.

Режиссер өзінің кинодағы шығармашылық жолының қалай басталғандығы туралы былай деп еске алады: «Мен «Қазақфильм» киностудиясына 1974 жылы  Қарағанды теледидарында  бас режиссер болып жүрген жерімнен шақырылдым. Бұл кино саласына жаңа кадрлар керек деп жатқан кез болатын. Сол уақытта  «Лениншіл жас» газетіне менің бір портретім шықты, жазған Ақселеу Сейдімбек болатын. «Әрі театр артисі, әрі журналист, әрі  теледидардың 1-категориялы режиссеры...» деп, мақтауымды әбден асырса керек, содан «мына жігіттің қолынан бірдеңе келеді екен» деп ойлаған шығар сол кездегі  кино басшылары. Келген бойда түсірген  алғашқы жұмысым- «Рядом с тобой» атты телевизиялық фильм болды».  («Жас алаш» газеті, 2000ж 18 наурыз).

1977 жылы «Казахфильм» киностудиясында жүзеге асырылған «Нан мен тұз» киноальманахында алғашқы  дебютін бастаған А.Тәжібаевтың түсірген екінші фильмі 1978 жылы Бейімбет Майлиннің әңгімесі желісімен экранға шыққан 4 бөлімді «Охрана бастығы» фильмі болды. Бұл кезде ол Москвада екі жылдық режиссер-сценаристер курсында оқып жүрген болатын. «Охрана бастығы» фильмі оның дипломдық жұмысы еді. Фильмнің қалай экранға шыққаны жайлы режиссер былай деп еске алады: «Бұл фильм біраз қулықпен түсірілді. Ол уақыт -идеялогиялық қысымның дәуірлеп тұрған тұсы еді. Сондықтан негізгі ойды ашық айтпай, шама келгенше бүркемелеу қажет болды. «Охрана бастығы» көркемсуретті фильміне Б.Майлиннің «Охрана бастығы», «Құрымбайдың жігітшілігі» әңгімелерінің тек басты желісі ғана алынған, сюжеттік таралымдардағы кейбір эпизодтар түсіру барысында қосымша ретінде толықтырылып отырды. Фильмге сценарийді Қалихан Ысқақ жазады. Операторы Әбілтай Кастеев.  Режиссер түсіру тобының өте ұйымшыл болғандығын айта келе, әсіресе, оператордың өз ісіне тиянақтылығына қоса, кейбір тұстарда режиссерға орынды кеңес беріп отыратындығын айтады: «Операторымыз Әбілтай Кастеев аз сөйлегенімен, кейбір тұстарда «былай істесек қайтеді?», - деп өте тауып кететін еді. Мысалы,  басты кейіпкердің бірі Омарды қабырғаға ілген шынжырға байлап қоятын эпизод... Мойнын қасиын дейді, қолы жетпейді. Содан шынжырды шегесімен жұлып алып, қасып, «Омар!» дегенде шошып кетіп, қайтадан кері сұғып қояды. Осы - Әбілтай марқұмның қосқан эпизоды еді. Негізі, мұндай нәрселер көп болды. Фильмге айтыс элементтерін де кіргіздік».

Шын мәнінде де, фильмнің басты тақырыбы Кеңес үкіметінің орнаған бастапқы жылдарынан алынғанмен, негізгі ой  жаңа үкімет идеологиясын насихаттаудан мүлдем аулақ, жеке кейіпкер мінезіндегі ерекшелікті табу әлдеқайда басымырақ орын алған. Бұл мақсатты  бірнеше  қосалқы эпизодтармен бүркемелеуге тырысқандықтан да, фильм комедиялық сипатта  тартымды  болып шығып,  көрермен  тарапынан  өте жылы қабылданды.

Амангелді Тәжібаевтың 1981 жылы экранға шыққан «Ақырғы аманат» фильмі  1926 жылдың оқиғасын баяндайды.

Жиырмасыншы-отызыншы жылдар тұсы - қазақ елінің тарихында тағы бір өтпелі кезең болды. Күштеп ұжымдастыру салдарынан екі топқа жарылған елдің арасында  бітпейтін ор орнағандай кезеңде, ақ-қарасын ажыратпай, оңды-солды қыспаққа  алынған ортан қолды сәл ауқатты адамдардың  көпшілігі  жазықсыз жалалы болудан қашып, «арғы бетке» ауып кетіп жатты.

«Ақырғы аманат» фильмінің кейіпкері  Оразмерген кешегі жаужүрек қазақ батырларының  соңғы тұяғы, бірақ ол осы тұста «банды» қатарына ілігіп қалды. Бай, шонжар атанған Досмұхамед те тағдырдың тәлкегімен қуғындалып барады. Әйтпесе, екеуі де мінез ерекшеліктеріне, іс-әрекеттеріне  орай бағалағанда, ел намысын қорғай алатын азаматтар еді. Жаңа үкімет саясатын жүзеге асырушы  қызыл әскер командирі (рольде - Ә.Боранбаев) халық өкілі ретінде қабылданып отыр. Тәжірибесіздігінен болар, басында қамауға алынған  «халық жауынан» аяқ асты айрылып қалған ол  ары шауып, бері шауып түк тындыра алмайды. Режиссер тарапынан астарлы ой тағы да жасырын түрде жанамалап қана көрсетіледі. Бір қарағанда, жаңа үкімет саясаты қолдау көргендей, қызыл әскер командирі жағымды кейіпкер қатарына жатқызылады, алайда, тереңірек үңілсек,  әр эпизодта жаңа саясатқа деген әжуа күлкі сыр беріп қалады. Басты рольдерді сомдаған актерлар Т.Жаманқұлов, К.Қожабеков, Ж.Құдайбергенов, Қ.Жәкібаев, А. Боранбаев.

1982 жылы экранға шыққан режиссер Қанымбек Қасымбековтың «Қызыл отау»  фильмі азамат соғысы және жаңа үкімет саясаты тақырыбын жалғастырады. Жиырмасыншы жылдар тұсындағы Қазақстандағы өте қатерлі саяси жағдай большевиктер тарапынан еңбекші бұқара мен ауыл тұрғындарын өз жағына тарту жұмыстарын күшейтуге мәжбүр етеді. Міне, осындай жағдайда Қазақстанның түкпір-түкпіріне жаңа үкімет  саясатын насихаттаушы  қызыл отау мүшелері жорыққа аттанады. Жаңа үкіметтің жергілікті өкілдері ауыл адамдарының «көзін ашып», большевиктер үкіметі туралы насихат жүргізеді. Лекциялар оқылады, сауатсыздықпен күрес басталады. Осы оқиғалар «Қызыл отау»  фильмінің мазмұнына негізгі арқау болып отыр.

Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы тарихи фильмдер

Сексенінші жылдар киносында қамтылған тарихи тақырыптардың тағы бір тармағы - Ұлы Отан соғысы тақырыбы. Осы тақырыпта түсірілген режиссер Амангелді Тәжібаевтың  «Ұзақ құс жолы» фильмі экранға 1983 жылы шығады. Фильмге сценарий жазғандар – Б.Ғабитов-Жансүгіров, С.Бодров. Операторы – Әнуар Дауылбаев.

Фильм негізіне  1944 жылғы оқиға қамтылған. Соғыс аяқталуға жақын. Неміс әскерлері шегініс жолдарында талай қалаларды, селоларды өртеп кетіп жатыр. Сондай азаптың астынан шыққан алыстағы Украина селоларына  достық көмек ретінде Қазақстаннан мал айдалып апарылған.  Міне, осы бір тарихта болған шын оқиға негізгі сюжеттік тармақты құрайды.  Фильмге сценарийдің жазылуының өз тарихы бар. Бұл жөнінде фильм режиссеры Амангелді Тәжібаев былай деп еске түсіреді: «Титрда сценарий авторлары Болат Ғабитов және Сергей Бодров деп жазылғанымен де, шын мәнісінде, сценарийдің басым бөлігін  жазған Олжас Сүлейменов еді. Бұл өзі шынайы  оқиғаға негізделген дүние. Әуелде «Правда»газетіне: «1944 жылы 5 адам Қазақстаннан Украинаға 12000 бас сиыр айдап апарды» деген мақала шығады. Сол бойынша сценарий жазылып, оны Москва бекітеді. Түсіру жұмыстарына кіріспес бұрын мен оның жөндейтін жерлері бар екендігін айттым. Мысалы, «Алпамыс болса да, 12000 сиырды 5 адам түгілі 500 адам апара алмайды. Сиырды үш жарым мың км-ге емес, 30 километрге айдап көрші, не болар екенсің! Ит-құс бар, жем-шөбі бар, ол деген оңай шаруа емес, ешкім сенбейді, босқа күлкі боламыз»- деймін ғой баяғы. Содан сиырлардың қалай айдалғандығы жөніндегі құжаттарды іздестірдік. Сөйтсек, мал айдайтын 647 адамды Қостанайда екі ай бойы арнайы оқытыпты...» («Жас алаш» газеті, №34, 2000ж, 18 наурыз).

Осындай деректермен қаруланған  болашақ фильмнің  авторлары сценарийді қайта қарауға мәжбүр болады.  Түсіру барысында жазылған сценарий вариантына көп өзгерістер енгізіледі. Соның бірі, Мәлік бейнесі болды. Бастапқыда эпизодтық роль болып қарастырылған Мәлік фильмді түсіру барысында бірте-бірте  бас кейіпкерге айналады. Режиссердың айтуынша Олжас Сүлейменов сценарийді өңдеу барысында аса белсенділік көрсеткен. Кейбір кейіпкерлердің характерлік сипатының біртіндеп күрделенуінде  фильм авторларының алдына қойған мақсаттары шешуші роль атқарады. Фильмдегі кейіпкерлік сипат мәнері жайында режиссер Амангелді Тәжібаев былай дейді: «Кеудесін амбразураға тосып жасаған батырлықтың тоқсан тоғызын көрдік қой, өйтіп ешкімді таң қалдыра алмайсың. Сондықтан Олжас Сүлейменовпен келісе отырып, біз «характерге барайық» деп ұйғардық. Солардың бәрі қарапайым қазақ, әрқайсысының өз мінезі, мақсат-мүддесі бар. Мысалы, өзім ойнаған  Тұраш...Бұл да бір бейне: «елім, жерім» деп жұлқынып тұрған адам, бірақ, сөзге бар да, қолынан келері жоқ, мал да айдай алмайды, соғысқа барайын десе, көзі көрмейді, аяғы да тобан-аяқ...Әйтеуір, жалп етіп, бәрінен құлап жүрген біреу. Сол сияқты, Мейірман ойнаған Мәлік...Көп балалы адам, өз құлығы өзінде. Сиырлардың ішінде жалғыз қашары бар. Ауылдан шыққанда соны сатып, бала-шағаға киім, келіншегіне алтын сырға әкелем деп кетті, жол бойы басқада шаруасы жоқ , сол қашарын бағып барады. Аш балаларды көрді де, ақырында жеке малын соларға өз қолымен беріп кетті».

Фильмнің оқиғасының өрбітілуі барысында кейіпкерлер талай сынақтан өтеді,  әркімнің бойындағы ерекшеліктері біресе дараланып, біресе көмескіленіп, аса күрделі өңдеуден өтеді. Сонысымен де бұл туынды қызықты болып отыр.

Басты рольдерді сомдаған актерлер: Ж.Құдайбергенов, М.Нүрекеев, А.Тәжібаев, Ж.Керимтаева, П.Солдатов, С.Қуанышбаев, Д.Медетбаев т.б.

«Ұзақ құс жолы» фильмі  1984 жылы Киев қаласында (Украина) өткен XVII – Бүкілодақтық кинофестивальда қазылар алқасының арнайы жүлдесін және  «Бауырлас елдердің достығы тақырыбын шынайы меңгергені үшін» Украина Жазушылар Одағының жүлдесін иеленеді.

Сексенінші жылдар тұсындағы  Ұлы Отан соғысы тақырыбында түсірілген «Мергендер» (1985, реж.Б.Шамшиев) фильмі  қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың өмірінен алынған оқиға желісіне негізделеді. Әлия Молдағұлованың ролін қырғыз актрисасы Айтұрған Темирова сомдайды. Батыр қыздың майдандас құрбыларының рольдеріне Марина Яковлева, Вера Глаголева сынды  көпшілік көрерменге танымал  ресейлік актрисалар  шақырылған. «Мергендер» фильмі 1986 жылы Алматыда өткен  XIX –Бүкілодақтық кинофестивальда соғыс тақырыбындағы ең үздік патриоттық фильм номинациясы бойынша жүлдені иеленеді.

Соғыс тақырыбының  жанамалай қамтылуының үздік мысалы ретінде Ермек Шынарбаевтың «Қарындасым Люся» (1985)  фильмін атауға болады. Естелік формасында түсірілген бұл фильмнің атмосферасы бас кейіпкерлердің шынайы сезімдері арқылы мейлінше терең ашылған. Оқиға соғыстың  соңғы жылдарында шалғай жатқан қазақ ауылында өтеді.  Соғыста күйеуі шейіт болған орыс әйелі Клава (О.Остроумова) 12 жасар қызы Люсямен және қазақ әйелі Айгүл (Қ.Адамбаева) жеті жасар ұлымен бәрі бір үйде тұрып жатыр... Осы ортада жас баланың қалыптасу кезеңі  күрделі жолдардан өтеді. Айналадағы қоршаған орта тәрбиесі, адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениеті-бәрі-бәрі баланың балғын санасына жатталып қалады. Арада көп жыл өтіп, есейген шағында ол сол күндердің көрінісін қаз қалпында көз алдынан тізбектеп өткізіп жатыр.

Сексенінші жылдардағы Ұлы Отан соғысы тақырыбында түсірілген Лейла Аранышеваның  «Тройной прыжок пантеры» (1986) фильмі  соғыс жылдарындағы Қазақстан территориясы арқылы өтуге тиіс  неміс диверсанттарының тобын  ұстауға бағытталған шағын отряд өмірінен алынған оқиғаны өрбітеді.  Құпия тапсырмамен Токиоға бет алған неміс самолеты Харвинге жетер алдында жанармай толтыруға Қазақстан жеріне аялдамақшы. Осы орайда диверсанттарды қолға түсіру үшін  азын-аулақ адамнан құралған шағын отряд жорыққа шығады. Отряд мүшелерінің көпшілігі тәжірибесіз, соғыс жағдайына икемделмеген. Небір шым-шытырық қиын жағдайлардан қол астындағы жауынгерлерін аса жауапкершілікпен олардың командирлері (А.Абдрахманов) алып шығады.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.